Душанбеде Қазақстан Президентінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өтті

2018 жылғы 6 наурызда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғандығына 25 жыл толуына орай «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, оның барысында Қазақстан Президентінің Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесерін өткізді.

Өз сөзінде Елші Нұрлан Сейтімов қатысушыларды тарихи публицистика жанрында жазылған кітаптың негізгі мазмұнымен таныстырып, онда егемен Қазақстанның құрылған сәтінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі құрылысының негізгі кезеңдері баяндалғандығын атап өтті.

Н.Сейтімов «дөңгелек үстелге» қатысушылардың назарын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға алдағы ресми сапары қарсаңында кітаптың Қазақстанның Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Тәжікстанмен екіжақты қарым-қатынастарына арналған бөлімдеріне және олардың өзектілігіне аударды.

Қатысушылар заманауи саясаттанудағы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының рөлі мен орнын жоғары бағалады.

Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Худоберди Холикназар Президент Н. Назарбаевтың тәжікаралық жанжалды реттеудегі үлкен рөлін атап өтіп, билік пен оппозиция арасындағы келіссөздер раундының бірі Алматы қаласында өткендігін мәлімдеді.

ТР Ғылым Академиясының Экономика және демография институтының меңгерушісі, Тәжікстанның еңбек сіңірген экономисі, профессор Ходжимухаммад Умаров Н. Назарбаевтың кітабының уақтылы жариялануын атап өтіп, 1990 жылдардағы Қазақстанның экономикалық даму моделі жөнінде әңгімеледі.

Х.Умаров Қазақстанға және оның Президентіне Тәжікстанның Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықтарға тап болған кезінде экономикалық қолдауына алғысын білдірді.

Қазақстандағы Тәжікстанның бұрынғы елшісі Акбаршо Искандаров екінші жаңғыру кезеңімен сәйкес келген өзінің Қазақстандағы жұмысы туралы айтып берді.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық мысалында ол Қазақстан басшылығының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа сындарлы көзқарастарын көрсете отырып, Қазақстанның өңірлік ынтымақтастыққа деген ұстанымын жеткізді.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар «Тәуелсіздік дәуірі» кітабымен танысуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді және Қазақстанның одан әрі гүлденуін тіледі.

«Дөңгелек үстел» жұмысына сарапшы қоғамдастықтың, ғылыми және мәдени топтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, Тәжікстан Президенті Әкімшілігінің, іскер орталар, студенттер және Тәжікстандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қосылған : 6.03.2018, 10:00, Өзгертілген : 6.03.2018, 17:00