Қазақстан мен Аргентина арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары Буэнос-Айреста талқыланды

2017 жылғы 4 мамырда Буэнос-Айрес қаласында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев басқарған Қазақстанның делегациясы қазақстандық-аргентиналық сімаралық консультациялардың кезекті раундын өткізді. Іс-шараға аргентиналық тараптан Сыртқы істер министрінің орынбасары Педро Виллагра Дельгадо басқарған CІМ-нің тиісті бөлімшелерінің басшылығы қатысты.

Тараптар екіжақты қатынастардың даму күйі мен келешегін талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық қатынастарды нығайту бағытында өзара қызығушылық таңытылып, екі елдің іскерлік қауымдастықтар өкілдері арасындағы байланыстарға қолғабыс көрсету қажеттілігі атап өтілді. Қазақстандық тарап экспорттық потенциалы анағұрылым жоғары өнімдердің тізімін құрып, оны Қазақстан мен Аргентинаның бизнес орталары арасында таратуды ұсынды. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен Аргентина арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың аэроғарыштық саласындағы әлеуетін қозғады.

Осы күні Е. Ашықбаев Аргентина Министрлер кабинетінің бірқатар өкілдерімен кездесті.

Аргентина Сыртқы істер министрі Сусана Малькоррамен орын алған кездесу барысында саяси ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Аргентина СІМ-інің басшысы Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымындағы басымдылықтары туралы хабардар етілді. Қазақстандық дипломат қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру мәселелерін алға жылжыту шеңберінде Аргентинамен қалыптасқан өзара тиімді әріптестікті жалғастыруға үміт білдірді.

Аргентинаның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Комиссары болып табылатын Аргентинаның БАҚ және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбардимен Аргентинаның көрмеге қатысу мәселелері талқыланды. Министрдің айтуынша, Аргентинаның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы қазақстандық-аргентиналық қатынастардың іскерлік ынтықмақтастық, энергетикалық диалог, мәдени алмасу және т.б. кең ауқымды мәселелер бағытында дамуына жағымды әсер ету қажет.

Аргентинаның Энергетика министрінің орынбасарымен орын алған кездесу барысында тараптар жаңғырмалы энергияның дамуы мен осы саладағы ұлттық жоспарлар бойынша пікірлер алмасты. Е. Ашықбаев атом энергиясын бейбіт мақсаттарда қолдану саласындағы ынтымақтастық перспективаларын атап өтіп, аргентиналық тарап қолдана алатын қазақстандық атом индустриясының кең зерттеушілік әлеуетіне назар аударды. Д. Редондо, өз кезегінде, Астанада ЭКСПО шеңберінде өткізілуі жоспарланған Министрлік конференция мен 8-ші Тұрақты даму энергетикасы мәселелері жөніндегі халықаралық форумға деген қызығушылығын білдірді.

Жалпы, Аргентинада орын алған келіссөздер мен сімаралық консультациялар қазақстандық-аргентиналық әріптестіктің одан әрі өсуіне едәуір әлеуеттің бар екендігін көрсетті.

Қосылған : 5.05.2017, 11:45, Өзгертілген : 5.05.2017, 11:45