​Бішкекте Еуропалық Одақ – Орталық Азия форматында саясат және қауіпсіздік саласындағы мәселелер талқыланды

2017 жылдың 8 маусымында Бішкекте Еуропалық Одақ-Орталық Азия нысанында саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі Диалогының төртінші отырысы болып өтті.

Құрамында СІМ, ІІМ және ҰҚК өкілдері бар Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастап барды. Орталық Азия елдері де жоғары деңгейінде қатысты. Еуропалық делегацияны Еуропаның сыртқы іс-қимылдар қызметі Бас хатшысының орынбасары Жан-Кристоф Бейяр бастап келді. Алдыңғы отырыстардың тәжірибесін жалғастыра отырып, Диалогқа қонақтар ретінде Ауғанстанның ресми өкілдері шақырылды.

Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Э.Абдылдаев кездесу қатысушыларына іс-шара тақырыбы бойынша өз елінің ұстанымдарын жеткізді.

Іс-шараның қатысушылары өңірлік және жаһандық күн тәртібі бойынша пікірлер алмасты, 2016 жылдың мамыр айында Брюссельде өткен алдыңғы кездесуде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысын, сондай-ақ радикалдану және лаңкестік секілді қауіпсіздік саласындағы сын-тегеуріндерді қарастырды.

Шекараларды тиімді басқару және есірткілермен күрес саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы шекараларды басқару бағдарламасын (БОМКА) және Орталық Азияда есірткілердің таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылдар Жоспарын (КАДАП) іске асыру мерзімдерін 2019 жылғы дейін ұзарту және оларға Еуропалық Одақ тарапынан қосымша қаржы бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Атап айтқанда Қазақстан Республикасы үшін БОМКА бағдарламасының 9-ші кезеңі іске асырылған екі жыл ішінде шекара қауіпсіздігі жөніндегі семинарларды, оқыту сапарларын, кездесулер мен конференцияларды қоса алағанда 36 іс-шара өткізілгенін, оларға ҚР құзырлы мемлекеттік органдарының 200-ге жуық өкілі қатысқаны атап көрсетілді.

Кездесуге Ауғанстан өкілдерінің қатысуы өңірдегі жағдайды кеңірек ауқымда қарастыруға, сондай-ақ ауған үкіметінің саяси реттеуге қол жеткізу және елдің ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі күш-жігерін қолдауға бағытталған өзара іс-қимылдың түрлі нысандарын талқылауға мүмкіндік берді.

Р.Василенко өзінің сөзінде «Қазақстан бүкіл халықаралық қоғамдастық секілді Ауғанстанның экономикалық тұрғыда орнықты дамуын және қауіпсіз дамуын ұстанады» деп атап көрсетті. Оның пікірінше, «бұл елдің гүлденген мемлекет және тату көрші ретінде өркендеуі біздің өңіріміздің амандығына үлкен жағымды әсерін тигізеді».

Диалогқа қатысушылар өңірдің транзиттік-тасымалдау мүмкіндіктерін дамыту мәселелеріне, оларды іске асырған жағдайда Орталық Азияны жаһандық экономикалық байланыстардың маңызды буыны етуге болатынына бөлек назар аударды.

Қатысушылар сондай-ақ осы жылдың мамыр айында 10 жыл толған ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі Стратегиясы аясындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ оның қолдауымен жүргізіліп жатқан шараларды талқылады.

Өткен отырыс өңір мемлекеттерінің және Еуропалық Одақтың Үнқатысуды нығайтуға және осы диалог алаңын өңіраралық ынтымақтастықтың нақты тиімді құралы етіп қайта құруға жәрдемдесуге деген арта түскен талпынысын көрсетті.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ делегациялары басшыларының екіжақты кездесуі өткізілді. Сұхбаттасушылар 2016 жылғы 1 наурыздағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге өткен сапары барысында және 2016 жылдың 1 мамырынан бастап жартылай қолданысқа енген ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімі (КӘЫК) шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта КӘЫК-ке сәйкес екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретін ынтымақтастықтың жаңа тетіктері іске қосылғаны атап өтілді.

Сондай-ақ Р.Василенко мен Ж.-К.Бейяр білім, шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы осындай ынтымақтастықтың келешегін талқылап, атап айтқанда Орталық Азия елдерімен соның ішінде Қазақстанмен іске асырылып келе жатқан ЕО ынтымақтастық платформаларының практикалық тұрғыда іске асыру мәселелері қарастырылды.

Қосылған : 8.06.2017, 13:35, Өзгертілген : 8.06.2017, 13:35