Антверпен портының оқу орталығы Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіруде

Антверпен, 2019 жылғы 12 маусым – Фландрияның және Антверпен портының «АРЕС» теңіз оқу орталығы Қазақстан порттарымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіруде. Бұл туралы 2019 жылғы 12 маусымда Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспанның Порт халықаралық департаментінің директоры Том Монбайёмен және Нико Сайспен кездесу барысында белгілі болды.

А.Құспан Қазақстанның Батыс пен Шығысты қосатын транзиттік-көліктік көпір ретінде маңызды рөлін атап өтті. Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттары, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы айтып берді.

Елші «Құрық» портының құрылысына қатысқан «Jan de Nul» фламанд компаниясының қызметін қошеметтеді.

Бұдан басқа, бельгиялық тарап «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық даму мен көлік желілері туралы хабардар етілді.

Өз тарапынан, сұхбаттастар Бельгиядағы порт қызметінің қазіргі ахуалы туралы айтты. Атап айтқанда, Антверпен порты әлемдегі 20 ең ірі порттар қатарына кіреді және Еуропалық Одақта 2-ші порт болып табылады (Голландиядағы Роттердам портынан кейін). Қазіргі уақытта корпорация Greenfield port (Бразилия), Port of Cotonou (Бенин), San Pedro Manutention (Кот д'Ивуар) және Port of Duqm (Оман) сияқты инфрақұрылымды дамыту бойынша төрт жобаны жүзеге асыруда.

Портта шамамен 143,5 мың жұмыс орны құрылды, 900 компания жұмыс істейді, жыл сайынғы таза пайда 300 млн.евроға бағаланады, ал Бельгияның ЖІӨ-дегі үлес салмағы 7% - ды құрайды.

Бұдан басқа, порт аумағында білім беру орталығы (АРЕС) жұмыс істейді, ол Бельгияда де, шетелде де мамандандырылған курстар мен оқу сапарларын өткізеді.

Өзара тиімді ынтымақтастық үшін түйісудің ықтимал нүктелерін және перспективаларын талқылай отырып, бельгиялық тарап Қазақстанның порт қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді. Сұхбаттастардың айтуынша, Фландрияның және Антверпен портының «АРЕС» теңіз оқу орталығы 1977 жылдан бастап жұмыс істейді және барлық деңгейдегі порт қызметкерлері үшін кәсіби курстар өткізеді. Сондай-ақ, қазақстандық докер-механизаторлар үшін Антверпеннің «OCHA» оқу орталығының арнайы курстарын ұйымдастыру ұсынылады.

Қосылған : 13.06.2019, 18:05, Өзгертілген : 13.06.2019, 18:05