Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі

Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі

(мәтіннің түпнұсқасы)

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығы туралы айтылған 2017 жылғы 7 желтоқсандағы A/RES /72/123 және 2018 жылғы 26 маусымдағы A/RES/72/284 қарарларына сілтеме жасай отырып,

БІЗ, Біріккен Ұлттар ҰйымыНЫҢ МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРІ,

Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең ауыр қауіп-қатерлердің бірі болып табылатын және тұрақты даму мен гуманитарлық кеңістікке теріс әсер ететін терроризмнiң барлық түрлері мен көрiнiстерiн алдын алу және оларға қарсы тұру үшін жаһандық күш-жігерді нығайту мақсатында бір майданға бірігіп; Терроризмнiң барлық түрлері мен көрiнiстерi адам өмірін, мүлкін, құқықтарын, негізгі бостандықтарын және демократияны жоюға бағытталатынын, егемендікке, аумақтық тұтастыққа және мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін, дамуға кедергі жасайтынын, оған қоса инфрақұрылымды жойып, туризм индустриясына зиян келтіретінін, тікелей шетелдік инвестицияларға, экономикалық өсімге кедергі болатынын, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындарын арттыратынын және заңды үкіметтерді тұрақсыздандыратынын растай отырып, және сол себептен халықаралық қоғамдастық терроризммен күреске баса назар аударуды, соның ішінде үйлескен, толайымды және ашық түрде тайынбай әрекет етіп, терроризмді алдын алу және оған қарсы күресу ісінде ынтымақтастықты нығайтуға қажетті шараларды бірлесіп қабылдауды одан әрі жалғастыру керек екенін атай отырып;

Терроризмнің кез келген әрекеті оның уәждемесіне, қашан және кіммен іске асырылғанына қарамастан қылмыстық және негізсіз болып табылатынын растай отырып, сол себептен осы әрекеттердің барлығы терроризмнің әдістерімен және практикасымен қатар, оның ішінде әлемнің көптеген мемлекеттерінде әлі күнге дейін тұрақты қауіп төндіретін террористік актілерге итермелеуді сөзсіз айыптай отырып, және террористік актілерді одан әрі ұшықтыруы мүмкін террористік актілерді ақтау немесе мәшһүр ету әрекеттерден бас тарта отырып;

Сонымен қатар, терроризмнің таралуына оның ішінде, атап айтқанда ұзаққа созылып, әлі де өз шешімін таппаған қақтығыстарға, терроризмнің барлық түрлері мен көріністерінің құрбандарын азғындауға, құқықтық тәртіптің болмауына және адам құқықтарының бұзылуына, этникалық, ұлттық және діни кемсітушілікке, саяси оқшаулауға, әлеуметтік-экономикалық маргинализацияға және тиісті мемлекеттік басқарманың болмауына ықпал ететін жағдайларды жоюға бағытталған шараларды қабылдау ниетімізді табанды түрде растай отырып, және осы жағдайлардың бір де біреуі терроризм актілерін ақтауға және негіздеуге себеп бола алмайтынын мойындай отырып;

Қақтығыстарды реттеу, шетелдік басқыншылықты тоқтату, отаршылықпен күресу, кедейлікті жою, қарқынды экономикалық өсімге, орнықты дамуға, жаһандық өркендеуге, тиісті мемлекеттік басқаруға, барлығын адам құқықтарымен және заң үстемдігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, мәдениетаралық өзара түсіністікті жетілдіру және барлық діндерді, діни құндылықтарды, наным-сенімдерді және мәдениеттерді құрметтеуды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді жасау ниетімізді табанды түрде қайта растай отырып,

Сонымен қатар, терроризмнің барлық түрлері мен көріністері және оның идеологиясы қандай да бір дінмен, наныммен, өркениетпен, ұлтпен немесе этникалық топпен байланысы бола алмайтынын және болмауы тиіс екенін қайта мәлімдей отырып,

Жарғының мақсаттары мен қағидаттарын, атап айтқанда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне, терроризмнің барлық түрлері мен көріністерін алдын алу және қарсы тұру бойынша күш-жігерді жаһандық деңгейде үйлестіруге қатысты мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа алып, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) рөлін растай отырып;

Осыған орай, халықаралық деңгейде, әсіресе Бас Ассамблеяда диалогқа және озық тәжірибемен алмасуға жәрдемдесу арқылы, оның ішінде осындай жағдайлардағы жан-жақты қамтыған және жүйелі әрі теңдестірілген ұлттық, өңірлік және халықаралық тәсілдерді пайдалану маңыздылығын назарға ала отырып, ынтымақтастықты нығайтуға бұлжымас адалдығымызды жандандыра отырып, және сол себептен қаржыландыру, техникалық көмек көрсету және жәрдемші елдер мен көмек алушы елдердің арасындағы үлкен үйлесімділікті нығайту арқылы БҰҰ-ның тиісті құрылымдарын, халықаралық және өңірлік ұйымдарды өздерінің мандаттарына және біздің ұлттық басымдықтарымызға сәйкес осы жолдағы әлеуетті күшейту үшін өзара іс-қимыл жасауға және қолдау көрсетуге ынталандыра отырып; осылайша, халықаралық міндеттемелерді ұлттық және өңірлік деңгейде үлкен жауапкершілікпен орындауға жәрдемдесе отырып;

Жарғыға және халықаралық құқықтың басқа да көздеріне, атап айтқанда, адам құқықтары саласындағы халықаралық құқыққа, халықаралық босқындар құқықтарына және халықаралық гуманитарлық құқыққа, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу сияқты шаралар арқылы терроризмді алдын алу және онымен күресуге бұлжымас аладығымызды сақтауға міндеттене отырып, және оны іске асыра алмау террористерді тартудың және террористік әрекетке итермелеудің күшеюіне әкелетінін мойындай отырып;

Диалогты жандандыру және өзара түсіністікті кеңейту мақсатында жалпы мемлекеттік және толыққанды қоғамдық көзқарастың және бұқаралық ақпарат құралдарымен, азаматтық және діни қоғаммен, жеке сектормен және оқу орындарымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атай отырып;

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын (ЖТҚС) іске асыруда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеті ретіндегі үлкен жауапкершілігімізді және жетекші рөлімізді мойындай отырып;

Халықаралық терроризм туралы жан-жақты қамтылған конвенция (ХТЖҚК) бойынша қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсау ниетімізді растай отырып,

Барлығымыздың кез-келген тиісті халықаралық құралға ерікті түрде қосылуымыз ынтымақтасуға және қабылдауға тиісті әрекеттерімізді жақындастыруға мүмкіндік беретінін мойындай отырып,

Тәртіп кодексін БҰҰ Жарғысының қағидаттарына негізінделген жеке және ұжымдық іс-әрекеттеріміздің нұсқаулығы ретінде және ынтымақтасу, егемендікті, аумақтық тұтастықты, сондай-ақ ұлттық тұрақтылық пен қауіпсіздікті құрметтеу арқылы құру қажет деп есептей отырып,

ОСЫ ТӘРТІП КОДЕКСІ негізінде ТӨМЕНДЕГІ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ӨЗІМІЗГЕ ЖҮКТЕЙМІЗ:

1.Біз осы ерікті және заңды түрде міндеттемейтін Тәртіп кодексінің қағидаттары мен ережелерін құқықтық міндеттерімізге нұқсан келтірмей, іске асыру ниітімізді білдіреміз. Біз барлық тиісті халықаралық міндеттемелерді қатысушысы болып табылатын БҰҰ-ның қолданыстағы халықаралық конвенциялары мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қарарларына сәйкес және қажетті саяси ерікті қалыптастыру, адами және материалдық ресурстарды бөлу, осыған орай, қажет болған жағдайда, оан әрі көмек көрсету арқылы орындауға міндеттенеміз. Осыны әлі күнге дейін іске асырмаған мемлекеттерді қолданыстағы халықаралық конвенциялар мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қарарларға қосылу мәселесін қарастыруға шақырамыз.

2.Біз террористік актілерді жоспарлаудан, ұйымдастырудан, ынталандырудан, іске асырудан, көмек көрсетуден, жәрдемдесуден және қаржыландырудан, оларға ынталандырудан немесе басқа да тікелей немесе жанама қолдау көрсетуден, сондай-ақ террористерді қаруландырудан және жасырудан тартыну міндеттемесін растаймыз. Сонымен қатар, біздің аумақтарымыз террористік актілерді жоспарлау, ынталандыру, ұйымдастыру, жүзеге асыру, батамашылық ету, көмек көрсету, қаржыландыру, жасыру үшін немесе басқа мемлекеттегі террористік актілерге қатысу үшін пайдаланылмауын қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндеттенеміз және осындай актілерді іске асыруға бағытталған әрекеттің біздің аумағымызда ұйымдастырылуына жол бермеуге міндеттенеміз. Біз барлық мемлекеттерді мақсаттары мен уәждемелеріне қарамастан терроризмге қатысты төзімділікке жол бермеуге шақырамыз және саяси немесе геосаяси мақсаттарға жету үшін террористік топтарға тікелеу немесе жанама қолдау көрсетуге жол бермеуді баса айтамыз.

3.Біз Бас Ассамблеяның және Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмді алдын алу және оған қарсы тұруға бағытталған іс-әрекеттерін қолдауға міндеттенеміз. Бас хатшыны халықаралық құқыққа сәйкес ЖТҚС-де көрсетілгендей, үйлестірілген негізде ішкі және сыртқы лаңкестікке ықпал ететін барлық күштерді реттеуге бағытталған шараларды қабылдауға шақырамыз және Бас хатшының тиісті ұсынымдарын ескеруге ниет білдіреміз. Халықаралық құқық жөніндегі міндеттемелерімізге сәйкес терроризм мен террористтік әрекеттердің алдын алу бойынша терроризмге қарсы кешенді шаралар мен жүйелі қадамдарды қабылдауға міндеттенеміз:

а) террористерді тартуды тоқтату;

б) шетелдiк террорист жауынгерлердiң, соның iшiнде қақтығыс аймағынан өз елiне немесе азаматтығы тиесілі немесе үшiншi елдерге қайтып оралатын тұлғалар төндіретін қауiптердi жою;

с) кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында қылмыскерлерді беру және қылмыстық қудалауды жақсарту жөніндегі шараларды қоса алғанда, заңнамалық базаны нығайту;

d) құқықтық тәртіп және қылмыстық әділеттілікке жауап қайтару саласындағы мүмкіндіктерімізді күшейту;

e) терроризмді қаржыландыруға жол бермеу;

f) шекараларды террористердің енуінен қорғау;

g) заңның үстемділігін сақтай отырып, қадағалау мен бақылау бойынша күштерді атап айтқанда, жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (АКТ) жандандыру;

h) қылмыстық қудалау, оңалту, қалпына келтіру, сондай-ақ дерадикализациялау бағдарламаларын дамыту;

i) маңызды инфрақұрылымдар және мәдени мұраны террористтік шабуылдардан қорғауды қамтамасыз ету;

j) террористердің атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақтарды, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын сатып алуына және пайдалануына жол бермеу;

k) террористік идеологияның таралуына және оны насихаттауға қарсы тұру.

4. Кешенді тәсілдерді қабылдауға міндеттенеміз, атап айтқанда:

а) кез-келген мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидасын ұстануға;

б) жанжалдардың алдын алу және оларды шешудің табысты болуына жәрдемдесуге;

(с) кедейлікті жою, жалпы экономикалық өсім мен орнықты дамуды қамтамасыз етуге;

d) террористік тұрғыда осал болуы мүмкін маргинализация мен кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі тиісті әрі тиімді шаралар ретінде лайықты басқаруға, адам құқықтарын құрметтеуге және заңның ұлықтылығын қамтамасыз етуге;

е) тиісті жағдайларда мәнмәтінге байланысты осал топтардың бірі ретінде жастардың проблемаларын ескере отырып, терроризммен күрес бойынша қарсы жалпыға бірдей және кешенді стратегияларды әзірлеуге;

f) барлық кезеңдерде әйелдер мен әйел ұйымдарының қатысуы мен басшылығын қамтамасыз етіп, терроризмге қарсы күресте гендерлік аспекті ескеруге;

g) барлық этникалық топтар, діндер, діни құндылықтар, наным-сенімдер мен мәдениеттер арасындағы мәдениетаралық түсіністік пен құрмет үшін диалогқа жәрдемдесуге;

h) мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы күресте барлық нысандар мен көріністерде негізгі жауапкершілігін қамтамасыз ету, қоғамның сегменттерімен, атап айтқанда, азаматтық және діни, жеке меншік сектор, бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру мекемелері, қауымдастықтар, әйелдер мен жастар топтарымен диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға;

i) терроризм құрбандарына қолдау көрсетуде ынтымақтастықты нығайту және олардың қадір-қасиетін құрметтеуге міндеттенеміз.

5. Терроризмге қарсы тұру мен оның алдын алу үшін аймақтық және халықаралық деңгейде ұжымдық күшті жандандыру қажет екендігін растаймыз. Сондықтан халықаралық құқық бойынша міндеттемелерімізге сәйкес, атап айтқанда, мәлімет пен ақпарат алмасу, өзара құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді қудалау немесе оларды тиісті елдерге немесе терроризм актісі орын алған мемлекетке беру арқылы ішкі заңдар, көпжақты келісімдер мен уағдаластықтарға сәйкес террористік актілердің орындаушылары, ұйымдастырушылары немесе көмекшілерінің босқын мәртебесін теріс пайдаланбауын қамтамасыз ететін жағдайда экстрадициялау немесе қылмыстық қудалау қағидаты негізінде терроризммен күресте өзара толық көлемде ынтымақтасуға міндеттенеміз. Осындай қабылданған кез-келген шаралардың БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, сондай-ақ халықаралық құқық бойынша міндеттемелерімізге атап айтқанда, адам құқықтары туралы халықаралық заңға, халықаралық босқындарға қатысты заңға және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес келетінін мойындаймыз.

6. Барлау мәліметтері мен ақпараттарымен алмасу, шекаралық қауіпсіздікті нығайту, құқық және қылмыстық сот төрелігі саласындағы шараларды күшейту, өзара құқықтық көмек көрсету, өзара алмасуды қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда қолдау көрсету, сондай-ақ үздік тәжірибемен алмасу салаларында аймақтық ынтымақтастық пен үйлестірудің маңыздылығын атап өтеміз.

7. Лаңкестік актілерді жасау, арандату, жалдау, қаржыландыру және жоспарлау мақсатында террористтер мен олардың жақтаушыларының АКТ-ны, оның ішінде ғаламторды пайдаланудың алдын-алу және оған қарсы тұру үшін шараларды қабылдауға міндеттіміз. Сондай-ақ лаңкестік, өшпенділік пен терроризмнің барлық түрлерін және террористтік насихаттың таралуын болдырмау үшін сондай-ақ бейбітшілікті, төзімділікті, бейбіт қатар өмір сүруді және құрметтеуді ілгерілету мақсатында террористтік насихаттарға қарсы тиімді стратегияларды әзірлеу және іске асыру үшін ынтымақтасуға міндеттенеміз.

Сондай-ақ аймақтық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға және террористік мақсаттар үшін АКТ-ны, оның ішінде жаңа технологияларды, сондай-ақ аталған қауіптердің таралуына қарсы күрес үшін олардың әлеуетін түсіндіру және ақпараттандыру деңгейін көтеру мақсатында жекеменшік сектормен және азаматтық қоғаммен серіктестікті нығайтуға міндеттенеміз. Сонымен қатар, қабылданатын кез-келген шаралардың БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, сондай-ақ халықаралық құқық бойынша міндеттемелерімізге, атап айтқанда халықаралық адам құқықтары туралы заңға және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес келетінін мәлімдейміз.

8. Халықаралық қоғамдастықтың терроризммен күрес және оның таралуына қолайлы жағдайларды шешу жөніндегі келісілген іс-қимылдардың өзектілігін атап өтеміз және БҰҰ-ны батыл, біріңғай, үйлестірілген, толық, есепті, транспаренттілік тәсілді қолданатын халықаралық құқыққа сәйкес жұмыс атқаратын терроризмге қарсы бірыңғай бағыт құру бойынша күштерге басшылық етуге шақырамыз. Өз кезегінде:

а) Стратегияның барлық төрт бағытын кешенді және теңдестірілген түрде белсендіру мақсатында ЖТҚС-ты жүзеге асыруға, сондай-ақ Стратегия шолуы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарының нәтижесінде қол жеткізілген аймақтық және ұлттық жоспарларды әзірлеу және іске асыру жолымен алынған ұсыныстарды қарастыруға;

b) қажет болған жағдайда, қолданыстағы мандаттарға сәйкес терроризмге қарсы күрес пен дамудың өзара байланысының кешенді, көп жақты және нақты жағдайларды нығайту үшін әлеует құруға; қажет болған жағдайда, инновациялық аймақтық тәсілдерді пайдалану; сондай-ақ ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету мен тиімділікті арттыру мақсатында БҰҰ шеңберіндегі үйлестіруді, соның ішінде штаб-пәтері мен аумақтағы жұмысының тәсілін күшейтуге;

с) БҰҰ-мен және оның тиісті құрылымдарымен атап айтқанда, БҰҰ Терроризмге қарсы күрес басқармасымен және БҰҰ-ның Терроризмге қарсы орталығымен олардың мандаттарын жүзеге асыруда толықтай ынтымақтасып, серіктестік пен үйлестіруді одан әрі нығайтуға;

d) маңызды сұхбат пен кез келген шешілмеген мәселелерді реттеу жөніндегі күштерімізді ескере отырып, жақын, ыңғайлы және практикалық тұрғыда орынды уақытта ХТЖҚК-ны жасасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында ортақ шешімдерді қабылдауға ұмтылуға;

9. Осы Кодекс арқылы терроризмсіз әлемге ұмтылатын серіктестердің коалициясын құрамыз; БҰҰ-ның 100 жылдығына орай терроризмсіз әлемге ұмтылуға міндеттенеміз;

10. Барлық мүдделі тараптарды ынтымақтастықты жандандыруға және міндеттемелерімізді орындауға бағытталған күштерді қолдауға шақырамыз. Сондай-ақ БҰҰ-ның басқа мүше мемлекеттерін осы Кодекске адалдығын білдіруге шақырамыз.

Нью-Йорк, 2018 жылғы 28 қыркүйек


Қосылған : 21.12.2018, 11:30, Өзгертілген : 21.12.2018, 11:30