Тендерлер

Конкурс пен тендерлерге қатысушылар үшін жалпы ережелер
Мемлекеттік сатып алу туралы
Қазақстан Республикасының Заңы
2002 жылғы 16 мамыр N 321-ІІ

Осы Заң мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілi мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаны тиімді пайдалану мақсатында өнім берушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейдi.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың аффилиирленген тұлғалары - акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың шешімдерiн тура және (немесе) жанама түрде белгілеуге және (немесе) олар қабылдайтын шешiмдерге, оның ішiнде негiзгі ұйымның акцияларын (үлестерiн) иелену құқықтарын жүзеге асыруға байланысты шешiмдерге, шарттарға ықпал етуге мүмкiндiгi бар тұлғалар (акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың қызметін реттеуді өздеріне берiлген өкілеттік шеңберінде жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың өзiне қатысты осындай құқығы болатын кез келген тұлға;
2) ықтимал өнім берушінің аффилиирленген тұлғасы - осы ықтимал өнім беруші қабылдайтын шешімді анықтауға және (немесе) шешімге, оның ішінде шарттың немесе өзге де мәміленің күшіне қарай ықпал етуге тікелей және (немесе) жанама құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзі жөнінде сол ықтимал өнім берушінің осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
2-1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік монополия - шаруашылық жүргізудi тек қана мемлекеттiк органдар және (немесе) мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының заң актiлерi негiзiнде жүзеге асыратын, сондай-ақ бәсекелестікті енгізу ұлттық қауіпсiздiк, құқық тәртiбi, мемлекеттің жоғары лауазымды адамдарының қауіпсiздігі, қорғаныс және қорғаныс-өнеркәсіптiк кешен мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысынан мақсатқа сай болмайтын жағдайларда жүзеге асырылатын қызмет саласы. Мемлекеттiк монополия субъектілерінің және осы субъектілер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды;
3) мемлекеттiк сатып алу - мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаның есебінен, осы Заңның 27-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
3-1) конкурстық өтiнiмнiң демпингтік бағасы - тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтер белгілі бір тауар рыногында қалыптасқан бағалар деңгейiнен едәуір төмен бағамен ұсынылатын, ықтимал өнім берушінің конкурстық өтінімінің бағасы; <*>
4) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлеріне сәйкес тапсырыс берушi мен өнім беруші арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт;
5) тапсырыс беруші - мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар. Тапсырыс беруші конкурстың бастамашысы болып табылады;
6) конкурс - тапсырыс берушінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуына бағытталған және ықтимал өнiм берушiлер арасында ашық та адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін мемлекеттiк сатып алуды жүргізу әдiсi;
7) конкурстық құжаттама - конкурсты өткізу талаптары мен тәртібі қамтылатын, конкурстық өтінімді дайындау үшін ықтимал өнiм берушiге табыс етілетін құжаттама;
8) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету - конкурсқа қатысуға тілек білдірген ықтимал өнiм берушi табыс ететін ақша кепiлi немесе банк кепілдігі;
9) біртекті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
10) конкурсты ұйымдастырушы - тапсырыс беруші немесе осы Заңға сәйкес конкурсты ұйымдастыру және өткiзу үшін тапсырыс беруші белгілеген адам;
11) мерзiмдi баспасөз - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайтын, өткізілуге дайындалып жатқан және өткiзілген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер жарияланатын мерзiмдi баспасөз басылымдары;
12) өнiм берушi - тапсырыс берушімен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта келісім-шарт жасасушы агент ретiнде әрекет ететін жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға;
13) ықтимал өнiм берушi - мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мақсатымен мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға;
14) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, мемлекеттiк сатып алу процесiн реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік сатып алу процесін құқықтық реттеу принциптері
Мемлекеттiк сатып алу процесін құқықтық реттеу:
1) сатып алу үшiн пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық ықтимал өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуына тең мүмкiндiк беру;
3) ықтимал өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестiк;
4) мемлекеттiк сатып алу процесiнiң жариялылығы принциптеріне негiзделедi.
4-бап. Мемлекеттік сатып алу процесi
Мемлекеттік сатып алу процесi:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiн қалыптастыруды;
2) өнiм берушiнi таңдауды, онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды.
5-бап. Уәкiлеттi органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) мемлекеттiк сатып алу саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк сатып алу мәселелері бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды қорытады және әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
3) мемлекеттiк сатып алу процесiн үйлестiрілуi мен мониторингiн жүзеге асырады;
3-1) тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билігіндегі ақша есебінен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті субъектiлердiң Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады; <*>
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi жөнiндегi есептiлiктiң нысанын, оны жасау мен табыс етудің тәртiбiн әзірлейді;
6) әдiстемелiк материалдарды, үлгілік конкурстық құжаттаманы әзiрлейдi және бекiтедi, мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша конкурстарды ұйымдастырушыларға консультациялық көмек көрсетедi;
7) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін конкурстарды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушiлер мен конкурс комиссияларының Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарын бұза отырып қабылдаған шешімдерін қайта қарау немесе олардың күшін жою жөнінде шешімдер қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары бұзыла отырып жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде соттарға талап қою ісін жүргізеді;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкімшілік жазалар қолданылады;
9-1) тапсырыс берушiлерге және конкурсты ұйымдастырушыларға, сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысына өз құзыретiндегі мәселелер бойынша орындалуға мiндеттi ұйғарымдар енгізедi;
9-2) конкурстық комиссияның, конкурсты ұйымдастырушының немесе тапсырыс берушiнiң іс-әрекеттеріне шағым жасалған жағдайда мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасуды тиiстi тексеру жүргізу кезеңiне, бірақ күнтiзбелік отыз күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы;
9-3) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiне талдау жасайды;
9-4) тапсырыс берушiлерден қажеттi есептiлiктi, ақпараттар мен материалдарды сұратады және алады;
9-5) ұсынылған есептiлiк деректердің дұрыстығын тексередi;
9-6) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзу мәселелері бойынша тапсырыс берушілер орындауға мiндеттi шешiмдер қабылдайды;
9-7) мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн бақылайды;
9-8) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс өткiзiлген кезде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берiлiп, ол конкурс қорытындысына ықпалын тигiзген жағдайда және егер өткiзілген конкурс конкурстың жеңiмпазын айқындауға және шарт жасасуға алып келмесе - конкурсты жарамсыз деп тану туралы шешiмдер қабылдайды;
9-9) сараптамалар мен консультациялар өткізуге мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Уәкiлеттi органның ұйғарымдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
6-бап. Мемлекеттiк сатып алуға байланысты қызметтегi жариялылық
1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, өткiзiлуге дайындалып жатқан және өткізілген мемлекеттік сатып алу туралы мәлiметтердi конкурсты ұйымдастырушы мерзiмдi баспасөзде жариялайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысандар мен мерзiмдерде уәкілетті органға табыс етеді.
2. Уәкілетті орган ықтимал өнiм берушiнің мемлекеттiк сатып алу процесіне өзiнiң қатысуын жоспарлауы үшiн мемлекеттiк сатып алу туралы ақпаратты мерзімді баспасөзде ұдайы жариялап отырады және (немесе) жалпыға жететін телекоммуникациялық желілерге (Интернет және басқалар) орналастырады.
6-1-бап. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билігіндегi ақша есебiнен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға міндеттi субъектiлердің мемлекеттiк тiзiлiмi
Мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерді өз билiгiндегi ақша есебінен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi Субъектiлердiң мемлекеттік тiзілімiне енгiзiлуге тиiс.
Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билiгiндегi ақша есебiнен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi Субъектілердiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзудің және одан шығарудың тәртібiн уәкiлеттi орган белгілейдi.
Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
7-бап. Мемлекеттiк сатып алу процесiне байланысты шектеулер
1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын ықтимал өнiм берушiнiң лауазымды немесе сенiм бiлдiрген адамының жақын туыстарының (ата-анасы, ерлi-зайыптылар, аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, балалары) немесе жекжаттарының (ерлi-зайыптылардың аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ата-анасы және балалары) мемлекеттiк сатып алу процесіне байланысты тапсырыс берушiнiң мүдделерiн бiлдiруге құқығы жоқ.
2. Ықтимал өнiм берушiнің және (немесе) оның конкурстық құжаттаманы дайындау бойынша тапсырыс берушiге консультациялық қызметтер көрсеткен қызметкерiнің көрсетiлген консультациялық қызметтерге байланысты тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысуға құқығы жоқ.
3. Ықтимал өнiм берушi мен оның аффилиирленген тұлғасының бір конкурсқа (лотқа) қатысуға құқығы жоқ.
4. Осы бапта көрсетiлген негiздер бойынша конкурстық өтiнiм қабылданбай тасталған кезде конкурстың қорытындылары туралы хаттамада оның қабылданбау негiздемелерi көрсетiледi, олар осы конкурстық өтiнiмдi табыс еткен ықтимал өнiм берушiге хабарланады.
8-бап. Ықтимал өнiм берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптары
1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысу үшiн ықтимал өнiм берушi, осы Заңның 20-бабында және 21-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мынадай бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге:
1) кәсіптiк бiлiктiлiгi, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетiн қызметтердiң тиiстi рыногында кемінде бір жыл жұмыс тәжiрибесі болуға;
2) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындауға қажеттi қаржы, материалдық және еңбек ресурстары болуға;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу үшін азаматтық құқық қабілеттiлiгі болуға;
4) төлем қабiлетi болуға, таратылуға жатпауға, оның мүлкiне тыйым салынбаған болуға тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатылып қоймаған болуға тиіс;
5) мемлекеттiк сатып алу туралы соңғы екi жыл iшiнде жасалған шарттардағы өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негізiнде жауапқа тартылмаған болуға тиiс.
Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер рыногындағы жұмыс тәжірибесі болуының қажеттігі туралы талаптар осы Заңның 27-бабына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектілерiне және ықтимал өнiм берушілер болып табылатын жағдайларда мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдарына қолданылмайды.
1-1. Мемлекеттік сатып алу жөнiндегi конкурстарға кәсіпкерлiк қызметпен айналыспайтын ықтимал өнiм беруші - жеке тұлғалар өздері осындай ықтимал өнім берушi - жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесiлі тауарларды тапсырыс берушіге сату мақсатында қатысқан кезде, осы баптың 1-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көзделген талаптарды қоспағанда, олардың білiктiлiк талаптарына сай болуы талап етiлмейдi.
2. Ықтимал өнiм берушi өзінің осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетінін растау үшін конкурсты ұйымдастырушыға аттестаттардың, куәлiктердiң, патенттердiң, лицензиялардың, сертификаттардың, дипломдардың және анықтамалардың көшiрмелерiн табыс етеді.
Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылы үшiн аудиторлық есептi де табыс етеді.
3. Ықтимал өнiм берушi, оған бiлiктiлiк талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берілген жағдайда, осындай факт анықталған кезден бастап бiр жыл ішінде мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысуға жiберiлмейдi.
Табыс етілетін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы конкурстық комиссияның ықтимал өнім берушiнiң бiлiктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарын қарауы кезiнде анықталады.
Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ықтимал өнiм берушiлердің дәйектемесiз ақпарат ұсынған анықталған барлық фактiлерi туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар өнiм берушiлердiң мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны туралы сотқа талап-арыздар ұсынған кезде олардың талап-арыздары қанағаттандырылған жағдайда, олар сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн үш жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органның мекен-жайына белгiленген тәртiппен расталған сот шешiмiнің көшiрмесiн жiбере отырып, оны хабардар етуге мiндеттi.
Бiлiктiлiк талаптары бойынша дәйектемесiз ақпарат ұсынған ықтимал өнiм берушiлер туралы, сондай-ақ соңғы екi жыл iшiнде мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн соттың заңды күшiне енген шешiмi негiзiнде жауапқа тартылған ықтимал өнiм берушiлер туралы ақпарат уәкiлеттi органның WEB-сайтына орналастырылады.
4. Конкурсты ұйымдастырушының ықтимал өнiм берушiге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Ықтимал өнiм берушi өзіне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына жатпайтын ақпаратты табыс етпеуге құқылы.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
9-бап. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Мемлекеттiк сатып алу мына тәсiлдердiң бiрiмен:
1) ашық конкурс;
2) жабық конкурс;
3) баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып, өнiм берушiнi таңдау;
4) бiр көзден сатып алу;
5) ашық тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
2. Ашық және жабық конкурстар екi кезеңдi рәсiм пайдаланыла отырып өткiзiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк сатып алуды осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында аталған тәсілдермен жүзеге асыру үшiн конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссия құрады.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу, конкурстық комиссияны құру мен оның қызметінің тәртібін, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың салалық ерекшеліктерін және солар бойынша шарттар жасасу мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсiпорындар қаржы жоспарын бекiткен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарын бекiтедi, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар жыл сайын, бiрiншi сәуірден кешіктірмей, бюджеттердің (бизнес-жоспарлардың) негізінде, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледі.
Тапсырыс берушi мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары бекiтiлгеннен кейiн оны жеті жұмыс күні ішінде уәкiлеттi органға табыс етеді.
Мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарының нысанын уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Мемлекеттiк органдардың, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс беруші, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген мерзімде республикалық бюджет туралы заң немесе мәслихаттың тиісті жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешімі қабылданбаса, Қазақстан Республикасының Үкіметі келесі жылдың бірінші тоқсанына белгілейтін тізбе бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сатып алу көлемінен осы шарт бойынша аспайтын көлемде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданылуын ұзартуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер олардың үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында, егер жаңа қаржы жылының басына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетi бекiтiлмеген болса, осы баптың 5-тармағының бiрiншi бөлiгiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тiзбе бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданылуын ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында осы шарт бойынша мемлекеттiк сатып алу көлемiнен аспайтын көлемде келесi жылдың бiрiншi тоқсанына ұзартуға да құқылы.
Құрылыстағы ұзақ мерзiмдi мердiгерлiк жұмыстарға және оларға iлеспе тауарларға және (немесе) көрсетiлетiн қызметтерге жасалған шарттар, сондай-ақ әзiрленуiнiң технологиялық мерзiмi бiр жылдан асатын тауарларды сатып алу туралы шарттар бiр жылдан асатын мерзiмге жасалуы мүмкiн. Мұндай шарттар жасасудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi.
6. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес тапсырыс беруші таңдайды.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК САТЫП АЛУДЫ АШЫҚ КОНКУРС ТӘСIЛIМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
10-бап. Ашық конкурсты ұйымдастыру
1. Осы Заңда сатып алуды жүзеге асырудың өзгеше тәсiлi көзделген жағдайларды қоспағанда, ашық конкурс мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың негiзгі тәсiлi болып табылады.
2. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсты ұйымдастырады және өткiзедi.
Тапсырыс берушi бюджет (бизнес-жоспар) бекiтiлгеннен кейiн келесi жылға қажеттi және бекiтiлген бюджетте (бизнес-жоспарда) көзделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiнде конкурс өткiзу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
3. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi өзіне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны анықтауға құқылы.
Тапсырыс беруші мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме болған жағдайда, басқа мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің конкурсты ұйымдастырушы болып белгіленуі мүмкін.
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөліністің әкiмi жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi үшiн олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы.
Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс әкiмiнiң бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуін қоспағанда, тиiстi бюджеттердiң деңгейлерi бойынша өзiне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілей алады.
Мемлекеттік кәсіпорындар мен акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар өздерінің аффилиирленген заңды тұлғалары үшін бірыңғай конкурсты ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік кәсіпорындар және өзі құрылтайшысы (уәкілетті орган) болып табылатын заңды тұлғалар үшін конкурсты ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.
4. Мемлекеттiк органдарға бағынысты мемлекеттiк мекемелерден басқа, бiрнеше тапсырыс берушi біртекті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттiк сатып алу жөнiнде бiрыңғай конкурс өткiзе алады. Бұл орайда бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
11-бап. Конкурсты өткiзу туралы хабарландыру (хабарлама)
1. Конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда (хабарлама) мынадай мәлiметтер:
1) конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;
2) жорамалданып отырған мемлекеттік сатып алудың көлемi, атауы және тауарлардың жеткiзілу, жұмыстардың орындалу және қызметтердiң көрсетілу орны;
3) тауарлар жеткiзудiң, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етiлетiн мерзiмдерi;
4) конкурстық құжаттама алу орны мен тәсiлдерi, сондай-ақ оған төлем жасаудың реквизиттерi;
5) конкурстық өтiнiмдер табыс етілетін орын мен соңғы мерзiмi, сондай-ақ конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күнi мен уақыты;
6) конкурсты ұйымдастырушы белгілейтін басқа да қажетті ақпарат болуға тиіс.
2. Ашық конкурсты өткiзу туралы хабарландыру конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталған күнге дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірмей мерзімді баспасөзде мемлекеттік тілде және орыс тiлiнде жариялануға тиiс.
Хабарландырулар бiр мезгiлде уәкiлеттi органның WEB-сайтында жариялануы мүмкiн.
Конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда қайтадан ашық конкурс өткiзу туралы хабарландыру конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталатын күнге дейiн күнтізбелік он бес күннен кешiктiрілмей мерзiмдi баспасөзде жариялануға тиiс.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
12-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны
1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал өнiм берушiге мынадай ақпарат:
1) ықтимал өнiм берушi өзінің қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растау үшін табыс етуге тиісті құжаттарға қойылатын талаптар;
2) техникалық ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, ал қажет болған жағдайда нормативтiк-техникалық құжаттама көрсетiле отырып, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер сипатталған жазбалар мен олардың талап етілетін техникалық және сапалық сипаттамалары;
3) сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң көлемi;
4) тауарлардың жеткізілу, жұмыстардың орындалу немесе қызметтердiң көрсетілу орны;
5) тауарлар жеткiзудің, жұмыстар орындаудың немесе қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзiмдерi;
6) төлем талаптары және мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарт;
7) жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтау негiзделетiн бағадан басқа, барлық өлшемдердің сипаттамасы, соның ішінде мұндай әрбiр өлшемдердің салыстырмалы мәнi, конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру тәсiлiнің сипаттамасы;
8) егер тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң балама сипаттамаларына жол берiлсе, баламалы конкурстық өтiнiмдерге баға беру мен салыстыру тәсілінің тиiстi нұсқамасы мен сипаттамасы, шарттың ережелерi немесе конкурстық құжаттамада айтылған басқа да талаптар;
9) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің өз құнынан басқа, бағаның басқа элементтердi (тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтар мен алымдарды және т.б. төлеуге арналған шығыстарды) қамтуға тиiс екендігіне не тиiс еместiгiне нұсқамаларды қоса алғанда, конкурстық өтінімнiң бағасын есептеу әдістемесі;
10) конкурстық өтiнiмнiң бағасы көрсетiлуге тиiсті валютаны немесе валюталарды және конкурстық өтiнiмдердiң бағасын салыстыру мен бағалау мақсатында бiрыңғай валютаға келтiру үшiн қолданылатын бағам;
11) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарына сәйкес конкурстық өтiнiмдердi, мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасау мен табыс етудің тiлiне қойылатын талаптар;
12) конкурстық өтiнiмдi енгiзу талаптары, мазмұны мен қамтамасыз ету нысаны;
13) ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiм берудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқама;
14) конкурстық өтiнiмдер беру тәсiлi, орны және соңғы мерзiмi (бiрақ жұмыс күніндегi жергiлiктi уақыт бойынша он бес сағаттан кешіктірмей) және олардың қолданылу мерзiмi;
15) ықтимал өнiм берушiнің конкурстық өтінімнің бір бөлігін ұсыну құқығына тиісті нұсқау, онда конкурстық өтінім бар конверттерді тікелей ашу сәтінде сатып алынатын тауарлардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасы көрсетіледі;
16) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал өнім берушілердің солардың көмегімен түсіндірме сұрата алатын тәсілдері және конкурсты ұйымдастырушының сол кезеңде ықтимал өнім берушілермен ашық нысанда өткізілетін және хаттамаланатын кездесу өткізу ниеті туралы хабарламасы;
17) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күн және уақыт (бірақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткен кезден бастап екі сағаттан кешіктірмей);
18) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу және конкурстық өтінімдерді қарау үшін пайдаланылатын рәсімдер;
19) конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушының өкілдік етуге ол уәкiлеттiк берген лауазымды адамдары туралы мәліметтер;
20) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудi енгiзу талаптары, оның нысаны, көлемi мен тәсiлi;
21) отандық тауар өндірушіге - ықтимал өнiм берушiлерге басымдық беру талаптары мен тәртiбi көрсетілген конкурстық құжаттаманы табыс етуге мiндетті.
2. Бiртектi тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi сатып алу жөнінде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi оларды жеткiзіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бiртектi тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң бірнеше түрін сатып алу жөнінде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi олардың бiртекті түрлерi бойынша және (немесе) жеткiзіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бұл орайда конкурс жеңімпазы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң әрбiр лоты бойынша анықталады.
3. Құрылыс мерзiмi алты айдан асатын құрылыс объектiлерiне мердiгерлiк жұмыстарды мемлекеттік сатып алу өткізілген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада сатып алу үшiн көзделген ең жоғары соманы көрсетуге құқылы.
4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткені үшiн конкурстық құжаттаманың көшірмесіне нақты жұмсалған шығындардан аспайтын, ал жабық конкурс өткізілген жағдайда оны жіберу үшін де Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейтiн тәртiп пен талаптар бойынша ақы алуға құқылы.
Егер конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттiк мекеме болса, мұндай ақы тиiстi бюджет кiрiсiнің есебіне аударылады.
5. Ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттама ережелерiне түсiндiрме беру туралы сұрау салып жүгінуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмді табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiнгі күнтізбелік он күннен кешiктiрiлмеуi керек. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген кезден бастап үш күн мерзім ішінде оған жауап қайтаруға және сұрау салудың кімнен түскенін көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнім берушіге осындай түсіндірмені хабарлауға міндетті.
6. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмді табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн күнтізбелік бес күннен кешiктiрмей өз бастамасымен немесе ықтимал өнiм берушiнiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресімдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізуге құқылы. <*>
Енгізілген өзгерістердің міндетті күші болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы берген барлық ықтимал өнiм берушiлерге олар туралы дереу хабарлайды. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнiм берушiлердің бұл өзгерістерді конкурстық өтiнiмдерде есепке алуы үшін конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмiн кемiнде күнтізбелік он күн мерзiмге ұзартады.
7. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiне түсiндiрме беру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта ықтимал өнiм берушілермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы осы кездесу барысында табыс етілген конкурстық құжаттамаға түсiндiрме беру туралы сауал салу көздері көрсетілмеген сауалдарды, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптарды қамтитын хаттама жасайды. Хаттама конкурстық комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнім берушілерге дереу жiберiледi.
8. Конкурстық құжаттама уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгi негізінде жасалады.
Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569 Заңымен.
13-бап. Конкурстық өтiнiмдердің қолданылу, табыс етілу, өзгертiлу және кері қайтарып алыну мерзiмi
1. Конкурсқа қатысуға тілек білдiрген ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн конкурстық құжаттамаға сәйкес конкурстық өтiнiмдi желiмделген конвертке салып конкурсты ұйымдастырушыға табыс етуге мiндеттi.
Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiн дайындауға және беруге, сондай-ақ өзінің осы Заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы өткiзетiн кездесуге қатысуына байланысты барлық шығыстарды көтередi. Конкурсты ұйымдастырушы, тапсырыс берушi және конкурстық комиссия конкурстың нәтижелерiне қарамастан, осы шығыстарды өтеу жөнiнде мiндеттеме алмайды.
2. Конкурстық өтiнiмдер конкурстық құжаттамаға сәйкес онда көрсетiлген мерзiм ішінде күшiнде қалады.
3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердiң қолданылу мерзiмi өткенге дейiнгі күнтізбелік он күннен кешiктiрмей ықтимал өнiм берушiлерден осы мерзiмдi нақты уақыт кезеңiне ұзартуды өтiнуге құқылы. Ықтимал өнiм берушi өзi берген конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi қайтып алу құқығын жоғалтпай, мұндай сауалды қабылдамауға құқылы және оның конкурстық өтiнiмiнің мерзiмi ұзартылмаған қолданылу мерзiмi біткен соң аяқталады.
4. Ықтимал өнiм берушi өзi берген конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi қайтарып алу құқығын жоғалтпай, конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгертуге немесе кері қайтарып алуға құқылы. Мұндай өзгерiс немесе кері қайтарып алу туралы хабарлама, егер оны конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн алса, жарамды болып табылады.
5. Конкурстық өтінім берудің ең соңғы мерзімі өтіп кеткеннен кейін берілген конкурстық өтінім ашылмайды және ол ықтимал өнім берушіге қайтарылады.
14-бап. Конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету
1. Конкурсқа қатысуға тiлек білдiрген ықтимал өнiм берушi, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамада көзделген, конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткеннен кейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн кері қайтарып алмайтынына немесе өзгертпейтiнiне кепiлдiк беретiн нысанда, тәсіл мен жағдайларда мәлімделген жалпы соманың бiр процентiнен үш процентiне дейінгі мөлшерде конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi енгiзуге, сондай-ақ оның конкурстық өтінімі жеңіп шықты деп танылған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға мiндеттi. Бұл ретте конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету мөлшерi барлық конкурсқа қатысушылар үшiн бiрдей болуға тиiс.
2. Ықтимал өнiм берушiлер, егер:
1) олар шағын кәсіпкерлік субъектілерi болып табылатын және тұтас алғанда конкурс бойынша олар ұсынатын тауар

Қосылған : 18.11.2013, 22:46, Өзгертілген : 8.05.2014, 23:01