Талғат Жұмағұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстан сыртқы саясатының мәнмәтінінде

ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ПРОЦЕСТЕР

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстан сыртқы саясатының мәнмәтінінде

2017 жылғы сәуірде «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда рухани жаңғыру процестерін іске қосуға арналған алты нақты жобаны белгіледі. Сөз қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы болып отыр. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының тең жетекшілері болып табылады.

Президент алға қойған міндеттер Қазақстанның мәдени дипломатиясының негізіне айналды. Бағдарлама басымдықтарды нақты айқындауға және салалық ведомстволармен – Мәдениет және спорт министрлігімен және Ақпарат және коммуникация министрлігімен өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік берді.

«Рухани жаңғыру» Сыртқы істер министрлігінің өзінің институционалдық дамуына да айтарлықтай әсер етті. Қазақстандық дипломаттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ретке келтірілген және ашық кадр саясаты, дипломатияны цифрландыру, шешімдердегі прагматизм және рационализм, әлемдік тәжірибені тарту және озық дәстүрлерге адалдық, жұртшылық үшін СІМ-нің ашықтығы – міне осылардың барлығы «Рухани жаңғырудан» туындайтын жүйелі сипаттағы міндеттер.

Осы мақалада біз Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің Мемлекет басшысының бағдарламасын іске асырудағы жұмысының негізгі аспектілеріне тоқталатын боламыз.

Латын әліпбиі. Сыртқы істер министрлігі жақын арада тілді бір графикадан екіншісіне, ең алдымен латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асырған шет елдердің тәжірибесін зерделеді. Талдау кейбір елдердің басқа әліпбиге көшуінің жағымды жақтарының да, сонымен бірге теріс жақтарының да бар екендігін анықтады. Реформалар негізінен осы қадамның асығыстығына, қоғамның аса ауқымды шараға психологиялық және институционалдық жағынан дайын болмауына байланысты әрқашан сәтті жүзеге асырылды деп айтуға болмайды.

Қазақстан басшылығы реформаның қажеттілігін қоғамға тұрақты түрде түсіндіру жағдайында оны кезең-кезеңімен іске асыру туралы шешім қабылдады. Сыртқы істер министрлігі ел ішіндегі, сондай-ақ шет елдердегі түсіндіру жұмыстарына тікелей қатысады. Жаңа графика қазақ тілінің әлеуетін дамытуға арналған. Осы заманғы әлемде латын әліпбиі – ол компьютерлік кодтардың, қаржы және бизнес транзакцияларының қаріптері, клавиатураның әмбебап орналасуы және ғаламшар тұрғындарының көпшілігі үшін түсінікті графика. Қазақ тілін жаңғырту ғаламдық, өзара байланысты және бәсекелі әлемнің бір бөлігіне айналып отырған Қазақстан қоғамы дамуының практикалық қажеттіліктеріне жауап беретін болады. Шет елдердегі қазақ диаспорасының айтарлықтай бөлігі нақ осы латын әліпбиін пайдаланады.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан айтарлықтай назарға ие болды, сондай-ақ академиялық топтарда қызу талқылануда. Сарапшылар тіл реформасының ауқымдылығын және Қазақстанның алдында 2025 жылға дейін жаңа графиканы енгізу бойынша орасан жұмыс тұрғанын атап көрсетуде.

Қазіргі кезде Сыртқы істер министрлігі халықаралық мәселелер жөніндегі шарттық-құқықтық базаны латын әліпбиіне аудару бойынша дайындық жұмысын жүргізуде. Бұл мақсатта Түркияның, Әзірбайжанның және Өзбекстанның сарапшылар тобымен тәжірибе алмасу бойынша консультациялар өткізу жоспарланып отыр.

«Туған жер». Осы жоба бойынша Сыртқы істер министрлігі қызметінің негізгі қағидаты шет елдерде тұратын отандастардың тарихи Отанымен байланыстарын нығайту болып табылады, ондай отандастардың қатарында қазақ диаспорасының, қазақстандық жерлестер ұйымдарының өкілдері, студенттер, шетелдегі фирмалардың қызметкерлері, бүгінде шетелде тұратын Қазақстан тумалары бар. Осыған орай, әрбір елшілік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету бойынша өзінің жеке іс-шаралар жоспарын іске асыруда.

Шетелдегі мекемелер шетелде тұратын отандастармен бірлесіп жүргізіп жатқан тақырыптық конференциялардан бастап туған жер флешмобтарына және ағаш отырғызу жөніндегі акцияларға дейінгі жұмыстардан тұратын іс-шаралардың ауқымы аса кең және әр алуан. Қазақ диаспорасы және жерлестер ұйымдарымен өзара іс-қимылы алғаш рет жүйелілікке ие болды.

Осы жобадағы Сыртқы істер министрлігінің міндеті отандастардың туған жерімен, оның мәдениетімен, салттарымен, дәстүрлерімен байланысын нығайту болып табылады, ал бұл патриотизмнің аса маңызды белгісі – ұлттың мәдени-генетикалық кодының негізі болып табылады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Бұл жерде Сыртқы істер министрлігі жұмысының негізгі бағыты біздің еліміздің қасиетті орындары мен көрнекті жерлерінің тарихы туралы, оның ішінде шетелдік журналистер мен блогерлердің баспасөз турларын ұйымдастыру арқылы әлемдік қоғамдастыққа ақпарат беруге арналады.

2017 жылғы 15-21 қараша аралығындағы кезеңде Сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ-тардың мәдениет пен өнер мәселелеріне маманданған өкілдерінің турын ұйымдастырды. Сапарға 14 елден келген 21 журналист пен блогерлер қатысты, олар Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының көрнекті мәдени орындарын аралады. Осындай іс-шаралардың қазақстандық және шетелдік БАҚ-тарда кең жағымды резонанс тудыруына байланысты, оларды шетелдік тілшілер үшін ұйымдастыру практикасы одан әрі жалғасатын болады. Шетелдік журналистерге Ұлытау маңындағы ескерткіштер кешенін және Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін, Тараздың көне ескерткіштері мен Бекет ата мешітін, Отырар қалашығы мен Таңбалы петроглифтерін, Шығыс Қазақстанның сакралды орындарын және көптеген басқа да объектілерді көрсету жоспарда бар. Жалпы ұлттық қасиетті жерлерге туристер ағынының ұлғаюы жарияланған мақалалар мен блогтардың күтілетін қорытындысы болып табылады, ол біздің еліміздің жаһандық деңгейде танымдылығын арттыруға ықпал ететін болады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі». Сыртқы істер министрлігінің міндеті – нақты адамдардың тағдырлары арқылы әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан дамуының қазіргі деңгейін көрсету. Тиісті мақалалар ағылшын тілінде шығатын «Astana Times» газетінде тұрақты түрде жарияланады. Белгілі қазақстандықтардың шетелдік журналистерге сұхбаттарын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Белсенді отандастарды «people-to-people diplomacy» деп аталатын гуманитарлық дипломатия желісі бойынша сыртқы саясат қызметіне, шетелдегі мекемелердің іс-шаралары мен жобаларына тарту, сондай-ақ олардың Сыртқы істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырыстарына қатысуы маңызды болып көрінеді, бұл, сөзсіз, Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасын іске асыруға қосымша да елеулі үлес қосады.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет». Жоба 2018-2020 жылдарға арнап тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз ынтымақтастықта іске асырылады. Әлемнің басты-басты концерт алаңдарында қазақстандық «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры әртістерінің, «Қазақконцерт» концерт ұйымының, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының», «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының» және басқа да шығармашылық ұжымдарының гастролдері жоспарланған. Сыртқы істер министрлігі, өз кезегінде, мәдени іс-шараларға ұйымдастыру және ақпараттық қолдау көрсетеді. Біздің елшіліктер әлемдегі аса ірі кітапханалардың, мұрағаттардың, мұражайлардың, галереялардың, концерт залдарының, театрлардың және мәдени қызметтер көрсететін басқа да мекемелердің басшылығымен мазмұнды байланыстарды жолға қойды, ал олар Қазақстан үшін маңызды жобаларды іске асыруға мүдделілігін білдірді.

Қазақстанның осы заманғы мәдениетінің (бейнелеу өнері, әдебиет, классикалық және дәстүрлі музыка, театр, кино, хореография) туындыларын ілгерілету бірінші кезеңде мәдени өнімді тұтынушылардың және БҰҰ тілдерін пайдаланушылардың көп саны бар дамыған елдердің нарықтарында жүзеге асырылатын болады.

Сыртқы саясат ведомствосы тағы бірқатар жобаларға бастамашылық жасады. Мысалы, қазақстандық авторлардың шет тілдеріне аударылған әдеби шығармаларын цифрлау жөніндегі жұмыс басталды. Бұл жұмысқа «Ұлттық аударма бюросы» және Қазақстанның шет елдердегі барлық елшіліктері тартылды. Тәуелсіздік жылдары ішінде аударылған шығармалардың айтарлықтай саны жиналды. Олардың онлайн-кеңістікке шығуы қазақстандық мәдениетке қызығушылықты арттыруға үлкен демеу болады. Бірнеше кітап цифрланып та үлгірді. Бұл, айтарлықтай, күрделі жоба, ол автор және баспа құқықтары, сканерлеу, редакциялау, дизайн мәселелерін және тағы басқа аспектілерді шешуді талап етеді. Олардың барлығы мақсатты түрде шешімін табуда.

Бірқатар әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен мәдениеттану және өнертану салаларында маманданатын қазақстандық ғалымдар үшін стипендиялар тағайындау мәселелері пысықталуда.

Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған шетелдік журналистерге арналған баспасөз турлары да еліміздің заманауи мәдениеті мен өнерінің ең үздік үлгілерін көрсетуге бағдарланған. Бағдарламада «Астана Операның», «Астана Балеттің», Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының спектакльдері мен көрсетілімдері, сондай-ақ Ұлттық мұражайға, ЭКСПО-2017 кешеніндегі «Нұр-Әлем» павильонына сапар, жазушылармен және ақындармен шығармашылық кездесулер, өнертанушылармен, мәдениеттанушылармен, тіл мамандарымен, сарапшылармен кездесулер, «Қазақфильмге» сапар қамтылған.

Біз өзіміздің мәдениетімізді көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге шетелдік қоғамдастықтың бай мәдениетіміздің қазіргі жағдайын қалай бағалайтынын түсінуді де қалаймыз. Шынында да, шетелде қандай бағыт сұранысқа ие және қандай бағыт қызығушылық туғызады? Мәдениетімізді халықаралық аренада таныстыра отырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оған жаңа мүмкіндіктер ашу басты міндетіміз болып табылады.

Сонымен қатар, қазақстандық мәдениетті әлемдік аренада таныту оның өз елімізде де қабылдануын және оған деген көзқарасты жақсартуға ықпал етеді.

Осы заманғы мәдени әлеуеттің тарихы мен жоғары деңгейі Қазақстанның оң имиджін қалыптастырудағы негізгі факторлардың біріне айналуы мүмкін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру ХХІ ғасырда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын кешенді әрі қызғылықты жұмыс болып табылады.



Қосылған : 12.04.2018, 19:50, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:50