Тәуелсіз Қазақстан шежіресі: 2009 жыл

6 қаңтар
Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банктің 2008 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары туралы есебін және елдің 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері туралы мәліметін тыңдады.
Кеңесте Премьер-министр К.Мәсімов Мемлекет басшысына елдің 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Алдын ала божамдар бойынша, ІЖӨ өсімі 3 пайыздан асқан. Инфляция 9,5% құрады. Республикалық және жергілікті бюджеттер табыс бойынша 99,5%, ал шығыстар бойынша 99 пайызға атқарылған. Былтырғы жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толығымен орындалды.
Мемлекет басшысы Үкіметке халықты жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік аз қорғалған топтарын қорғау, үлескерлердің проблемаларын шешу, «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасын жедел іске асыру, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өндіріс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша қосымша кең ауқымды шаралар кешенін қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Үкіметке сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жүйесі бойынша отандық тауар өндірушілерге, оның ішінде орта және шағын бизнеске бағыттау жүктелді.

6 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы «Ақпараттық технологиялар паркінде» болып, «Ғылым мен инновация» көрмесінің экспонаттарымен танысты.
Көрмеде отандық және шетелдік компаниялар, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік технопарктері іске асырып жатқан инновациялық жобалар ұсынылды.
Тың жобалармен танысып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев көрме Қазақстанның зор ғылыми және инновациялық әлеуетін айқындап отырғанын атап өтті.

7 қаңтар
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады.

9 қаңтар
Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа №178 орта мектептің құрылысы барысымен танысты.
Мұнда сондай-ақ Мемлекет басшысына «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласында салынатын жаңа мектептердің макеттері таныстырылды.

9 қаңтар
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Астана және Алматы митрополиті Мефодийді қабылдады.
Кездесу барысында митрополит барлық діни жамағаттың атынан Мемлекет басшысына Православ шіркеуіне көңіл бөліп отырғаны, Рождество жарқын мейрамымен құттықтағаны үшін алғысын білдірді. Митрополиттік округ басшысы Президентке өзінің әр жылдары Қазақстанға қоныстанған адамдардың тағдыры туралы баяндайтын кітабын табыс етті.

12 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бірінші интеллектуалдық мектебін ашты.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Президент мектептің ұстаздар және оқушылар қауымымен әңгімелесіп, оқу сыныптарын аралап көрді.

13 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты қабылдады.
Министр Президентке министрліктің өткен жылғы жұмысы туралы баяндады, былтырғы жылы қарашада өткен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарына берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде хабардар етті. Атап айтқанда, әңгіме қоғамдық тәртіпті нығайту мен қылмысқа қарсы күресті күшейту жөнінде болды.

13қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновты қабылдады.
Сағынбек Тұрсынов Елбасын Комиссияның 2008 жылғы жұмысы туралы есебімен таныстырды.

13 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевты қабылдады.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясының елдің саяси және экономикалық өміріне белсенді қатысуы мәселелері талқыланды.

14 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы Дэвид Петрэусті қабылдады.
Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздік, лаңкестікпен күрес мәселелері, Ирактағы және Ауғанстандағы ахуал талқыланды.
Д.Петрэус «Қазбат» бітімгершілік батальонының Ирактағы жемісті қызметі үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
Сондай-ақ ол Ауғанстан экономикасын қалпына келтірудегі Қазақстанның айрықша рөлін атап өтті.

14 қаңтар
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовты қабылдады.
Н.Ысқақов Президентке министрліктің 2008 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары мен ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Ол сондай-ақ 2009-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы салалық бағдарлама әзірленгенін хабарлады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық іс-шараларды атқаруынан ел экономикасына шамамен 2 миллиард доллар қаржының түсуін қамтамасыз етеді.

15 қаңтар
Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық блогы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшыларының қатысуымен кеңес өткізіп, онда дағдарысқа қарсы бағдарламаның орындалу барысы туралы есепті тыңдады. Президент бағдарламаны іске асыруды жеделдету, атап айтқанда шағын және орта бизнесті қолдауға, несие беру және тұрғын үй секторын дамытуға және басқа да басым бағыттарға қаражат бөлу міндетін алға қойды.

16 қаңтар
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

16 қаңтар
Мемлекет басшысының Өкімімен Александр Михайлович Саванков Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

19 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті және Қаржылық қадағалау агенттігі мен бірқатар банктердің басшылығын қабылдады.
Кездесуде Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру барысы әңгіме болды.
- Бүгін мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету үшін бөлініп отырған қаражаттың мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізу мен бақылауды жүзеге асыру бойынша жұмыс тобын құру туралы тиісті өкімге қол қойдым. Топты Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы Елена Бахмутова басқарады, оның құрамына Құқық қорғау органдарының басшылары кіреді. Қаржыны пайдалану халық үшін ашық әрі айқын болуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында.

20 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрі Марат Тәжинді қабылдады.
Министр Президентке Мемлекет басшысының алдағы уақытта Үндістанға, Швейцарияға, Германияға және Ресейге жасайтын сапарларына дайындық барысы туралы баяндады.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының өзекті мәселелері талқыланды.
20 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Франция Парламентінің сенаторы, «Франция-Қазақстан» парламенттік достық тобының төрағасы Эмери де Монтескьюді қабылдады.
Кездесу барысында Э.де Монтескью Франция Президенті Н.Саркозидің ауызша жолдауын жеткізді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынас, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелері, атап айтқанда Ауғанстандағы ахуал талқыланды.
Журналистерге арналған брифингте Эмир де Монтескью Франция Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту, өңірлік қауіпсіздікті нығайту салаларындағы бастамаларын жоғары бағалайтынын атап өтті.

20 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «БТА банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбіләзовті қабылдады.
Кездесуде әңгіме Қазақстанның банк секторының ахуалы мен келешегі және мемлекеттің дағдарысқа қарсы қабылдап жатқан шаралары жөнінде болды.

21 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті қабылдады.
И.Тасмағамбетов Президентке Елбасының Астананы әлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде, атап айтқанда тұрғын үй құрылысы мен қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру салаларына қатысты тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы елордада әлеуметтік-мәдени мақсаттағы жаңа нысандар салу қажеттігін айрықша атап өтті.

21 қаңтар
Мемлекет басшысының Жарлығымен Григорий Александрович Марченко Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болып тағайындалды.

***
Мемлекет басшысының Жарлығымен Әнуар Ғалимолдаұлы Сәйденов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы қызметінен босатылды.

22 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Григорий Марченконы қабылдады.
Кездесу барысында Ұлттық Банктің макроэкономикалық және ақша-несие саясатының келешек бағыттары талқыланды.
Президент Ұлттық Банк басшылығының алдына әлемдік дағдарыстың Қазақстанның қаржы жүйесіне тигізетін кері әсерін алдын алуға бағытталған нақты міндеттер жүктеді.

24 қаңтар
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үндістан Республикасына Мемлекеттік сапары басталды.
Үндістан Президентінің «Раштрапати Бхаван» сарайына келісімен Мемлекет басшысы «Раджгат» Махатма Ганди мемориалына гүлтәж қойды. Ондағы Құрметті қонақтар кітабына Нұрсұлтан Назарбаев «Оның озбырлық көрсетпеу және бейбіт қатар өмір сүру туралы ескірмейтін идеясы барша адамзаттың жүрегінде мәңгі жаңғырып тұрады. Бұл қағиданы Қазақстан да әрдайым қолдап, жүзеге асырып келеді», деп қолтаңба қалдырды.
Содан кейін Мемлекет басшысы Үндістан Президенті Пратибха Девисингпен және Сыртқы істер министрі Пранаб Мукхерджимен келіссөздер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасында бірқатар құжаттарға, атап айтқанда Бірлескен Декларацияға, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі жөніндегі хаттамаға, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Үндістанның ONGC Mittal Energy Ltd. компаниясы арасындағы келісімге, «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен Үндістанның Nuclear Power Corporation of India Ltd. корпорациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
25 қаңтар
Бүгін Мемлекет басшысы әлемдегі ең үлкен «Акшардам» индуистік храмы мен ұлы моғолдық билеуші Хумаюнның кесенесінде болып, бұл елде көптеген ғасырлар бойы орын алып келе жатқан конфессияаралық бейбітшілікке лайықты баға берді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев үндінің танымал ғалымы, Энергетика және ресурстар институтының директоры Раджендра Пачауримен кездесті. Доктор Пачаури қазіргі уақытта Климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық комиссияға жетекшілік етеді. Үнді ғалымы бұрынғы вице-президент Альберт Гормен бірге 2007 жылы аталмыш ұйымның атынан Нобельдік әлем сыйлығын алған болатын.

26 қаңтар
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның ұлттық мерекесі – Республика күніне орай Делиде өткен салтанатты рәсімге қатысты.
Үндістан бұл мерекені осымен 60-шы рет атап өтуде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған салтанатқа Құрметті қонақ ретінде қатысушы он екінші шет мемлекеттің басшысы болып отыр. Елбасының құрметіне 21 дүркін артиллерия салюты атылды.
Түстен кейін Қазақстан мен Үндістан президенттерінің Мемлекеттік сапар аясындағы соңғы кездесуі болып, онда мемлекет басшылары екі ел арасындағы экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестікті арттыруға деген өзара ниеттерін тағы бір қуаттады.
Сапар қорытындысына арналған брифингте Нұрсұлтан Назарбаев оның нәтижесіне қанағаттанғандық сезім білдірді және барлық алға қойған мақсаттарға қол жеткенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатында азиялық бағыттың басымдыққа ие екендігін атап көрсетті.

27 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді.
Отырыста әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында қазақстандық экономиканы тұрақтандыруға 10 млрд. АҚШ долларын бөлу туралы мәселе қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын капиталдандыруға алғашқы 5 млрд. доллар бағытталғанын атап өтті. Үкімет тағы 5 млрд. долларды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына (480 млрд. теңге) және «ҚазАгро» ұлттық холдингіне (120 млрд. теңге) инвестициялауды ұсынып отыр.
- Шешім қабылданды, енді біз ақшаны экономикаға көмекке және оны нақты жандандыруға жөнелтуіміз қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев отырыс барысында.

28 қаңтар
Мемлекет басшысының Өкімімен Константин Васильевич Жигалов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші қызметіне тағайындалды.

***
Мемлекет басшысының Жарлығымен Константин Васильевич Жигалов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы міндетін қоса атқарушы қызметінен босатылды.

28 қаңтар
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу және бүкіл Русьтің Патриархы Кирилге оның Орыс Православие шіркеуінің дінбасы болып сайлануына байланысты құттықтау жолдады.
«Православтық епархияның таңдауы Сіздің Шіркеу мен қоғам алдындағы зор үлесіңізге және діндарлардың игілігі жолындағы, соның ішінде әлемдік діндер арасындағы диалогты орнықтырудағы қажырлы еңбегіңізге берілген жоғары бағаның айғағы екеніне сенімдімін», - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Мәскеу және бүкіл Русьтің Мәртебелі Патриархы Кирилді 2009 жылдың 1-2 шілдесінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті ІІІ съезіне қатысуға шақырды.

28 қаңтар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Давос қаласына (Швейцария) келді

Қосылған : 20.11.2013, 12:44, Өзгертілген : 20.11.2013, 12:44