Сушма Сварадж. Қазақстан мен Үндістан: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Аса Мәртебелі

Сушма СВАРАДЖ ханым,

Үндістанның

Сыртқы істер министрі

Қазақстан мен Үндістан: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модимен кездесуі.

Астана қ., 2017 жылғы 8 маусым (Akorda.kz)

Мен Астанаға тамыздағы жаймашуақ ауа райы кезінде келдім, мені Аса Мәртебелі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Аса Мәртебелі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жылы қарсы алды. Олармен кездесердің алдында мен осында тұратын үндістандық қауыммен кездестім, олардың өкілдерінің барлығы қазақстандықтардың жайлы мінезі мен қонақжайлығын ерекше мақтады. Мұндағы аз санды үндістандық қауым бақытты, Қазақстанда өздерін жатсынбайтынын сезінеді.

Үндістан мен Қазақстанның арасындағы достық та өзара түсіністік пен бауырластық ахуалында дамуда. Тарихи тұрғыдан Орталық Азия мен Үндістан 2000 жылдан астам уақыт қарым-қатынаста болды. Будда монахтары Қытайға Орталық Азия арқылы саяхат жасап, онда буддизмнің негізін қалады. Алматы облысындағы Тамғалы Тастағы Будданың, аса көрнекті будда ұстаздарының және санскриттік шлоктардың ойып салынған бейнелері екі ел арасында бай мәдени байланыстардың болғанын куәландырады. Сақтар мен кушандар Үндістанға осы өңірден келді. Моғолдар Орталық Азиямен тығыз байланыста болды, өзінің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегімен белгілі болған атақты қазақтардың бірі Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати Үндістанның Джамму және Кашмир штатының астанасы Сринагарде жерленді. Оның зиратына жақында Қазақстан Елшілігінің және Үндістан Археологиялық қызметінің жәрдемдесуімен реставрация жасалды.

Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін Үндістан мен Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатты. 2009 жылдан бастап біз стратегиялық әріптестерміз. Біздің өзара қарым-қатынастарымыз көп жақты және оның кейбір аспектілері сапар кезіндегі менің екі жақты кездесулерімнің барысында қамтылды. Соңғы уақытта Премьер-министр Нарендра Модидің екі сапарын – 2015 жылғы екі жақты сапары мен 2017 жылғы ШЫҰ саммитіне қатысуға арналған екінші сапарын қоса алғанда, таяудағы екі жақты іс-шаралардың нәтижесінде екі елдің арасындағы достық байланыстар күшейе түсті. Біз жақын уақытта Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға келеді деп тағатсыздана күтудеміз.

Біздің өзара іс-қимылымыздың елеулі аспектілерінің бірі қорғаныс саласындағы ынтымақтастық болып табылады. Қазіргі кезде ол әскери-техникалық ынтымақтастықты, әскери білім беру мен оқытуды, бірлескен оқу-жаттығуларын, екі жақты сапарларды, бірлескен спорт және ойын-сауық іс-шараларын, сондай-ақ Үндістанның Ұлттық кадет корпусы мен Қазақстанның Әскери кафедрасының (кадет корпусы) арасындағы жастардың тәжірибе алмасу бағдарламасын қамтиды. Екі жақ қарулы күштерінің бірлескен «Прабал Достық» контртеррористік оқу-жаттығулары 2016 жылы басталды. Биылғы жылы біз осы бірлескен оқу-жаттығуларды взвод деңгейінен бригада деңгейіне дейін дамыттық және оларды KAZIND деп қайта атадық.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштерінде (БҰҰЛУК) Қазақстан әскерінің персоналын Үндістан контингентімен тарихи тұрғыдан бірлесіп өрістету ниетіндеміз. Мемлекеттің негізін қалау басталған 1950-жылдарға жататын БҰҰ бітімгершілік қызметінің тарихын мақтан ете отырып, Үндістан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісінде БҰҰ-ға көмек көрсетуге аса бейілді. Үндістан оған қандай да бір елмен салыстырғанда барынша көп адам санын құрайтын 195 000 жуық әскери қызметшілер жіберді, 49 астам миссияға қатысты, ал Үндістанның 168 бітімгері БҰҰ миссияларындағы қызметі кезінде өз өмірлерін құрбан етті. Үндістан сондай-ақ БҰҰ күштері үшін аса көрнекті командирлер даярлады және алдағы уақытта да даярлай береді. Үндістан БҰҰ-ның 16 белсенді бітімгершілік миссияларының 10-на орналастырылған саны бойынша екінші орын алатын 7 676 қызметкер жіберді, олардың 760 адамы полиция қызметкерлері болып табылады. 2007 жылы БҰҰ-ның Либериядағы операциялары (БҰҰЛМ) шеңберінде Үндістанның полициялар тобынан қалыптастырылған бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияда алғашқы әйелдер контингенті жасақталды.

Қазақстандық көптеген әскери қызметшілер біздің Үндістан техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының (ІТЕС) шеңберінде өткізілетін әлеуетті нығайту жөніндегі курстарымыздан үлгі алады. 2018 жылы тараптар екі елдің қорғаныс тақырыбындағы көрмелеріне де қатысты. Үндістан сонымен бірге Орталық Азия елдерімен біздің іргелес өңірлерімізді қозғайтын екі ірі проблеманы – терроризм мен есірткінің заңсыз айналымы проблемаларын шешуде де белсенді түрде ынтымақтасатын болады.

1993 жылы құрылған және Үндістан тарапынан мұнай және табиғи газ министрі және Қазақстан тарапынан энергетика және минералдық ресурстар министрі басқаратын Қазақстан-Үндістан сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіп және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді және қазіргі сәтте 13 отырыс өткізілді. Комиссия шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты, байланыс жүйесін, ақпараттық технологияларды, ғарыш саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, әртүрлі салаларда бірқатар бірлескен жұмыс топтары құрылды. Соның нәтижесінде өткен жылы екі ел арасындағы сауда 1 млрд. АҚШ долларына жетті. Біз мұны одан әрі өсу үшін әлеует деп есептейміз. Қазіргі кезде тікелей құрлықтық байланыстың жоқтығы тауарлар қозғалысына әсер етеді, сондықтан екі ел де осы жағдайды жақсарту жолында жұмыс істеуде. Таяуда Үндістан Ашхабад келісіміне және ХЖТ («Халықаралық жол тасымалдары», Transports Internationaux Routiers) Конвенциясына қосылды және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін («Солтүстік-Оңтүстік» ХКД) ілгерілетуде. Осы жағдайда Қазақстанның қазақстандық тауарлар үшін Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның аса ауқымды және серпінді нарықтарына жол ашатын Үнді мұхитына қол жетімділік алғысы келеді, Орталық Азияға қол жетімділікті жақсарту да Үндістанның Ресейге және Еуропа елдеріне апаратын көлік маршруттарына қол жетімділік алуын білдіреді.

Үндістан үшін энергетика және минералдық ресурстар саласындағы қауіпсіздік тұрғысынан алғанда Орталық Азия елдері де маңызды. Қазақстан Үндістанға уран мен шикі мұнайды беріп жатыр, сондықтан біз Үндістанның жедел дамып келе жатқан экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін басқа да минералдық ресурстарды сатып алуға мүдделіміз. Орталық Азиядан Оңтүстік Азияға тартылатын мұнай-газ құбыры екі өңірдің қосымша интеграциясына ықпал ететін болады. ТАПИ құбыры жобасы Түркменстаннан Үндістанға табиғи газ беретін болады. Жобаға қосылуға қызығушылық танытқан Қазақстан да осы маршрутты Үндістанға өзінің табиғи газын тасымалдау үшін пайдалана алар еді. Үндістан Орталық Азия өңірінен келетін ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарлары үшін де ашық.

Мені Үндістан мен өңір арасында үнді фильмдері мен сериалдары арқылы қалыптасқан ұлы мәдени байланыстар таң қалдырды. Әрбір кездесу барысында Болливуд фильмдері еске алынды. Әр ұрпақтың өзінің сүйікті фильмі және актерлері бар. Өңірдің сүйікті фильмдері біздің фильмдерден ерекшеленбейді. Қазақстандықтар, меніңше, өңірдің дәстүрлері мен мәдениетін көрсететін отбасылық фильмдерді және драмаларды бағалайды. Болливуд фильмінің түсірілімдері, Алматыға жақын жерде өтуі мүмкін екендігі туралы хабарды адамдар қуана қарсы алды, олардың кейбіреулері болливудтық сүйікті актерлерін өз көздерімен көруді армандады! Осы мәдени ұқсастық Орталық Азия өңірі мен Үндістанның арасындағы көп ғасырлық өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылады. Үндістан мен Орталық Азияның арасындағы қатынастар нақ осы мәдени ұқсастық пен географиялық жақындық ортасында өркендеп, жаңа биіктерге қол жеткізетін болады.

Қазақстан 2014 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 21 маусымды Халықаралық йога күні деп жариялау жөніндегі қарарының тең авторларының бірі болды, сол уақыттан бастап йога күні Қазақстанның көптеген қалаларында аталып өтеді. Биылғы жылы Үндістан Елшілігі «Астана @20 және Үндістан @70» тақырыбының шеңберінде Астананың 20 жылдығын Үндістан тәуелсіздігінің 70 жылдығымен біріктіріп, апталық йога бағдарламасын өткізді. Биылғы жылы Шымкент жаңа қаласы елшіліктің йога күнтізбесіне қосылды, маған бағдарламаның оған қатысушылардың гулалды (түрлі-түсті ұнтақ) шашқанын, сол арқылы йоганы Холи атты үнді мерекесімен ұштастырғанын хабарлады.

Көптеген қазақстандықтар Үндістанның техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының шеңберінде бакалавриат, магистратура және біліктілігін арттыру курстары үшін Үндістанның мәдени байланыстар жөніндегі кеңесі ұсынатын стипендияларын пайдаланады. Мен осы курстардың жоғары бағаланғанын естідім, сондықтан Үндістан Қазақстанның талаптарына сәйкес көп орындар мен мамандандырылған курстар ұсына отырып, осы өзара іс-қимылды кеңейтетін болады. Жақында Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі мектептердің шет тілінен сабақ беретін 25 оқытушысы Хайдарабада ағылшын және шет тілдер университетінде оқыды. Бұл шара жоғары бағаланды және біз ағылшын тілі оқытушыларына арналған осы курсты алдағы бірнеше жыл бойында жалғастырамыз деп үміттенеміз. Сонымен бірге, біздің кейбір студенттеріміз үшін медициналық білім беру саласындағы Қазақстанның үлесін мойындаймыз. Қазіргі кезде олардың 3200 жуығы елдің әртүрлі университеттерінде білім алуда.

Елшіліктің мәдени қанаты болып табылатын Астанадағы Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық та үнді биі, музыкасы, йога және хинди бойынша сабақтар ұсынады. Үндістанның атақты Калакшетра би академиясында оқыған Ақмарал Қайназарова басшылық жасайтын Алматыдағы үндінің классикалық би орталығы классикалық және заманауи би, йога және хинди курстарын өткізеді. Осы сияқты индология кафедрасы жұмыс істейтін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үнді зерттеулеріне мамандануды және хинди бойынша сабақтар ұсынады. Алматыдағы Махатма Гандидің құрметіне аталған мектеп жыл сайын шахматтан Махатма Ганди атындағы турнир өткізеді. Биылғы жылдың 2 қазанынан бастап біз ұлтымыздың атасы және азаттық үшін күресіміздің көшбасшысы, бүкіл әлем үшін шабыттандырушы тұлға саналатын Махатма Гандидің 150 жылдығына арналған бірнеше бағдарламаны бастаймыз. Осы бағдарламалардың көпшілігі тең дәрежеде жоғары құрметті иеленетін Қазақстанда ұйымдастырылатын болады.

Екі жақты туристер ағыны бар. Қазақстандық туристер «алтын үшбұрышты» (Дели, Агра және Джайпур) аралап, мәңгі махаббат ескерткіші Тадж-Махалды, Гоа және Кералы жағажайларын тамашалап жатқан кезде, Үндістан туристері біздің Гималайды еске салатын, шыңдарын қар басқан Тянь-Шань тауларының көркіне сүйсініп, рахатқа бөленеді. Екі тараптан да визалық режимнің жұмсаруына байланысты, таяу жылдары туризмнің ұлғаюы мүмкін.

Қазақстан – жас мемлекет, соған қарамастан оның халықаралық аренада беделі бар және көптеген әлемдік процестер мен органдарда сындарлы рөл ойнайды. Үндістан Қазақстанның және Қазақстан Президенті Аса Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты ілгерілету жөніндегі пайымын біріктіретін ұйым Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨІСШК) негізін қалаушылардың бірі болып табылады. АӨІСШК құру идеясын 2002 жылы Алматыда өткен АӨІСШК бірінші Саммитіне қатысқан Үндістанның көреген тұлғасы марқұм Атал Бихари Ваджпаидың қолдағаны кездейсоқтық емес. Бұдан басқа, Шаңхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық еткен 2005 және 2017 жылдары Үндістан осы ұйымның бақылаушысы және мүшесі болуы да тегін емес. 2017-2018 жылдары Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қаупсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған Орталық Азия өңірі елдерінің арасынан шыққан бірінші ел болды, ондағы оның жұмысын бәрі және әрқайсысы бағалады.

20 жыл ішінде Қазақстан тамаша елорда – Астананы салды, онда бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі, Астана экономикалық форумы және Сирия бойынша Астана кездесулері сияқты әлемдік ірі оқиғалар мен бірқатар бастамалар өткізіледі. Үндістан ЭКСПО-2017-ге қатысқанына қуанышты. Қысқа уақыт аралығындағы барлық осы жетістіктерге Қазақстанның көреген басшылығының және талантты адамдарының арқасында қол жеткізілді. Үндістан алдағы жылдарда да Қазақстанмен қатынастарын одан әрі нығайта және тереңдете түсетін болады.


Қосылған : 21.12.2018, 11:05, Өзгертілген : 21.12.2018, 11:05