Судан Президенті Астана саммитіне қатысады

24 тамыз күні Судан Президенті Омар Әл-Башир өзінің Хартумдағы ресми резиденциясында Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевті қабылдады. Кездесу барысында Судан көшбасшысына Астанада 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде өтетін ИЫҰ Ғылым және теxнологиялар жөніндігі Бірінші саммитіне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы табыс етілді. Омар Әл-Башир шақыруды зор ризашылықпен қабыл алып, Саммитке қатысу үшін Астанаға сапармен бару ниетін растады.

Елші Судан басшысына Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына, атап айтқанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру және Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Судан Президенті Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысына және Сирия жөніндегі Астана процесіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендігін жеткізді.

Хартумға сапары аясында Елші А. Исағалиев Судан Парламентінің төрағасы Ибраһим Омармен келіссөздер өткізіп, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Жарғысын жақын арада ратификациялау, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастық орнату мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, Суданның Сыртқы істер бойынша мемлекеттік министрі Х. Мумтазбен, Қаржы және экономикалық жоспарлау министрі М. Әл-Рикабимен, Президент Әкімшілігі жөніндегі министрі Ф. Баxрмен, билеуші "Ұлттық конгресс" партиясы басшылығымен және судандық бизнесмендермен кездесулер өкізілді.

Қосылған : 25.08.2017, 10:50, Өзгертілген : 25.08.2017, 10:50