Қайрат Умаровтың мақаласы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Төрағалығы: Елбасының жаһандық дипломатиясының жетістігі

Қайрат ОМАРОВ

Қазақстан Республикасының

Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Төрағалығы: Елбасының жаһандық дипломатиясының жетістігі

Орындалған міндеттер мен ортақ жетістік

2018 жылдың 31 қаңтарында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі аяқталды. 1 қаңтардан бастап, бір ай бойы біздің еліміз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауапты БҰҰ-ның басты органының жұмысын басқарған болатын.

Төрағалық әлемдік саяси процестерде жалғасып отырған шиеленіс жағдайларында өтті. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жетекші ойыншыларының арасындағы қарама-қайшылық, олардың арасындағы сенімнің төмен деңгейі Қазақстанның сыртқы саясат үлгісінің мызғымастығын елеулі сынаққа айналды және Қауіпсіздік кеңесінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі біздің міндетімізді күрделендіре түсті. Осы мән-жайларға қарамастан, Қазақстан жауапты миссияны лайықты орындады және төрағалықтың негізгі мақсаттарына қол жеткізді деп сеніммен айтуға болады.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, біз Қазақстан дипломатиясының тиімділігін растап және Қазақстанның жауапты әріптес әрі адал медиатор ретіндегі беделін көрсетіп, Қауіпсіздік кеңесінің қалыптасқан, транспаренттік жұмысын қамтамасыз ете алдық.

Біз өз жұмысымызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 1 қаңтарда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне Саяси мәлімдемесінде белгілеген біздің прагматикалық ұлттық мүдделеріміз бен негізгі ойыншылар мүдделерінің арасындағы басымдықтар мен өзара тығыз байланысты негізге алдық.

Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының 2045 жылғы жүз жылдығы қарсаңында ядролық қарусыз және қақтығыссыз әлемге қол жеткізу туралы идеяларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Н.Назарбаевтың БҰҰ ҚК төрағалық етуі. Нью-Йорк қ., 2018 ж. 18 қантар. (Akorda.kz)

Төрағалықтың басты назары: Сенім шаралары арқылы ядролық қаруды таратпау

Солтүстік Корея мен Иран ядролық бағдарламалары төңірегіндегі елеулі дағдарыстар жағдайында Президент Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты тақырыптық брифинг аса зор маңызға ие болды. Оның қорытындылары ядролық қаруға қарсы проблемалар мен осы сезімтал саладағы сенім шараларын нығайтудың маңыздылығын мейлінше терең түсінуге ықпал етті.

Отырысқа Польша Президенті Анджей Дуда, Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Шейх Сабах әл-Халед Әс-Сабах, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Ұлыбританияның Азия-Тынық мұхит елдерінің істері бойынша Мемлекеттік министрі Марк Филд, АҚШ Президенті Кабинетінің мүшесі Никки Хейли және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты өкілдері қатысты.

Қазақстан Президенті өзінің баяндамасында ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық күн тәртібінің ең өткір мәселелерін қозғап, оларды қазіргі жанжалдарды шешу және одан да қауіпсіз әлемді құру мақсатында сенім шараларын нығайтумен тығыз байланыстыру қажеттілігін атап өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі ең маңызды басымдықтарының бірі – ол, бұған дейін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі мен Елбасының Кеңеске арнаған Саяси жолдауында көрсетілгендей, ғаламдық соғыс қаупін жою және жергілікті қақтығыстарды реттеу болып табылады.

БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриш те өз сөзінде ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімділік пен ашықтықты нығайту бойынша пәрменді шараларды әзірлеу қажеттігіне ерекше көңіл бөлді және алдын алу дипломатиясының ғаламдағы берік бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі ретіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. БҰҰ басшысы Қазақстанның ғаламдық таратпау режимін сақтауда үлгі болып табылатынын мысал ете отырып, Қазақстан Президентінің ғаламдық ядролық қаруға қарсы күш-жігерлерді нығайтуға қосқан жеке үлесін де айрықша атап өтті.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктерін атап өтті және өздерінің осы салада көп жақты шешімдер іздестіруге деген бейілділіктерін растады. Сонымен бірге, Кеңеске мүше мемлекеттердің баяндамалары Сириядағы химия қаруын қолдану, Иран бойынша Жалпыға бірдей бірлескен іс-қимыл жоспарын (ЖБІЖ) сақтау, сондай-ақ ядролық қарудан бас тартудың мерзімі мен шарттары сияқты түйінді мәселелердің айналасында өткір қайшылықтардың бар екендігін тағы бір рет көрсетті.

Таяуда қалпына келтірілген екі Корея арасындағы келіссөздердің, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) еріктен тыс қолдану және оның мемлекеттік емес субъектілердің қолына түсуі сияқты қауіптерге ұжымдық алаңдаушылықтың оң бағалануын Қауіпсіздік Кеңесіндегі өзара түсіністіктің жалпы қорытындысына жатқызуға болады.

Отырыстың қорытындылары бойынша қабылданған Төрағаның S/PRST/2018/1 нөмірлі мәлімдемесі БҰҰ ҚК практикасында алғаш рет ЖҚҚ таратпау саласындағы сенімді нығайтуды алдын алу шараларына қосты, ол ядролық қаруы жоқ барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілдіктерін беруді және ядролық қарудан азат аймақтар режимін нығайтуды болжайды. ЖҚҚ таратпау саласындағы сенімді нығайтудың жоғарыда көрсетілген қағидаты өңірлік қақтығыстарды реттеу кезінде міндетті түрде пайдаланылуға тиіс.

Халықаралық сарапшылар, БҰҰ өкілдері, оның ішінде Бас хатшы А.Гутерриш Қазақстан таңдап алған іс-шара тақырыбының жоғары өзектілігі мен уақытылылығын атап өтіп, өткізілген іс-шараны жоғары бағалады.

Тақырыптық брифингтің қорытындылары Қауіпсіздік Кеңесінің S/2018/107 ресми құжатының шеңберінде жинақталды, онымен кез келген тілек білдіруші БҰҰ электрондық құжаттар жүйесінде онлайн режиммен www.ods.un.orgмекенжайы бойынша таныса алады.

Өткізілген іс-шара мен оның қорытынды құжаттары жанжалдарды болдырмаудың жан-жақты қамтыған стратегиясына маңызды үлесін қосты және оған Қазақстанның ұсынысы бойынша алғаш рет ЖҚҚ таратпау да оның құрамдас бөлігі ретінде енгізілді.

Серіктестікке көзделу: Орталық Азияның Ауғанстан үшін оң рөлі

19 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық әріптестік құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлер деңгейіндегі пікірталасы өтті (қорытынды құжат – S/PRST/2018/2 тіркеу нөмірлі Төраға мәлімдемесі). Отырысқа Кувейт, Ресей, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, Ұлыбритания, Нидерланды, АҚШ, Экваториалдық Гвинеяның және Ауғанстан елдерінің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ БҰҰ ҚК мүше мемлекеттері мен Еуропалық Одақ делегациялары қатысты.

Аталған іс-шараның мақсаты – Орталық Азия мен Ауғанстанда барлық мүдделі елдердің мүдделерінің үйлесімді ұштасуына негізделген бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және дамудың өңірлік аймағы моделін құру бойынша біздің Мемлекетіміздің басшысының басымдығын іске асыру болды.

Ауғаныстан және Орталық Азия жөніндегі кеңестің пікірталастары Орталық Азия өңірінде АИР-дағы қауіпсіздік проблемаларын шешуде тұрақтандырғыш факторға айналатын бірыңғай қоғамдастық қалыптастыру жөніндегі біздің күш-жігеріміздің маңыздылығын және оны халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажеттілігін көрсетті.

Осыған ұқсас месседж ағымдағы жылғы қаңтардың бірінші жартысында Қазақстанның басшылығымен ұйымдастырылған БҰҰ ҚК мүшелерінің соңғы жеті жыл ішіндегі Кабулға алғашқы сапарының барысында расталды.

Сапардың мақсаты Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін жергілікті жердегі жағдаймен, Ауғанстанның сауда-экономикалық және транзиттік әріптесі ретіндегі ОА елдерінің маңызды рөлімен, тұрақты дамуға және қауіпсіздікке қол жеткізудің шарты ретінде өзара іс-қимыл мен интеграцияның қажеттелігімен таныстыру, сондай-ақ Ауғанстан үкіметіне және халқына олардың терроризмге қарсы күресінде халықаралық қолдауды растау болды.

Сапардың АҚШ Президенті Әкімшілігі Кабинетінің мүшесі Никки Хейлиді қоса алғанда, Кеңеске мүше мемлекет өкілдерінің жоғары деңгейімен ерекшеленді (15 тұрақты өкілдің 11-і). Кабулда болған бір жарым тәуліктің ішінде делегация Ауғанстан Президенті Ашраф Ганиден, Атқарушы биліктің басшысы Абдулла Абдулладан және басқа да күштік және экономикалық блоктардың бірқатар басшыларынан, парламентарийлерден және сайлау комиссиясының мүшелерінен бастап саяси партияларға, ҮЕҰ және құқық қорғау ұйымдарына дейінгі ауған қоғамының барлық топтарының өкілдерімен 15 кездесу өткізді. Ауған тарапы да БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясымен бірге осы сапарға мүдделі болды. Ауғанстан Ислам Республикасының (АИР) Президенті А.Ганимен екі сағатқа созылған кездесу осының дәлелі болды.

Өткізілген кездесулер Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты күрделі жағдайдың сақталып отырғанын көрсетті, ол елдегі тұрақтылыққа кедергі келтіреді. Елдегі ашық басқару мен реформаларды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігермен қатар жүріп жатқан бейбітшілік процесін ілгерілету үшін елеулі шаралар қажет. Халықаралық қолдау жанжалдасушы тараптарды бітістіру үшін қажетті шарт болып қала береді. Бұдан басқа, ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа экономикалық даму және Ауғанстанның өңір мемлекеттерімен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту арқылы қол жеткізілуі мүмкін. Бұл ретте халықаралық көмек, оның ішінде БҰҰ көмегі тек Ауғанстанға ғана емес, ол АИР+ОА жәрдемдесудің үйлестірілген өңірлік бағдарламасын да қамтуға тиіс, бұл бүкіл өңірде инфрақұрылымдық, транзит пен көліктік және экономикалық коммуникациялар құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ орнықты даму, тұрақтылық және қауіпсіздік үшін жұмыс орындарын да құруға көмектеседі. Бұл Қазақстанның қауіпсіздік пен дамудың «қоян-қолтық» бірге жүруі тиіс деген тезисін тағы да растайды.

Терроризмге қарсы күрес саласындағы жаңа бастама

Қауіпсіздік Кеңесіндегі тағы бір басымдықтарымыздың бірі –халықаралық терроризмге және зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күресті жүзеге асыру мақсатында, 18 қаңтарда БҰҰ штаб-пәтерінде ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановтың төрағалығымен жоғары деңгейдегі арнайы іс-шара өткізілді. Онда Қазақстанның бастамасымен ұсынылған терроризмге қарсы күрес саласында жаңашыл құжат – Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексінің алғашқы жобасы таныстырылды. Іс-шараға БҰҰ-ның 100-ден астам мүше-мемлекеттері қатысты. Жоғары деңгейлі қатысушылар арасында Кувейт Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Сабах Әс- Сабах пен Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Хикмет Карзай болды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков пен БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча баяндамаларын жасады. ИЫҰ (Ислам ынтымақтастығы ұйымы) контртерроризм жөніндегі тобының (БҰҰ Контртеррористік орталығының басшысы); БҰҰ ҚК Контртеррористік комитетінің (КТК); БҰҰ Бас Ассамблеясы VІ комитетінің төрағалары және БҰҰ Жаһандық Контртеррористік стратегия (ЖККС) VІ шолуының тең төрағасы, сондай-ақ бірқатар өңірлік топтардың өкілдері спикерлер болды. Сөз алған барлық елдер (30-ға жуық) 2018 жылдың аяғына дейін жетілдірілетін Қазақстан Республикасының бастамасына қолдауларын білдірді. Алда құжатты ресми қабылдау бойынша атқарылатын көп іс тұр, алайда БҰҰ аясында Жаһандық контртеррористік коалиция құру жөніндегі осы бастаманы одан әрі дамытуға арналған жақсы негіз қаланды.

Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде тұрған мәселелердің шамамен 70 пайызға жуығы Африкадағы шиеленістерге арналды. Қазақстан Африка Одағындағы бақылаушы мемлекет ретінде, сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Сомали және Эритрея бойынша санкциялық комитетінің төрағасы, әрі ең үлкен гуманитарлық апатты бастан кешіп жатқан Оңтүстік Судан бойынша комитет төрағасының орынбасары лауазымында Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті дәйекті түрде қалыптастыру бойынша басымдығын жүзеге асыруға күш жұмсауда.

Аталмыш міндетті жүзеге асыру үшін Қазақстан делегациясы өзінің төрағалық етуі кезеңінде БҰҰ-ның Африкадағы қақтығыстарды болдырмау және шешу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының рөлін күшейту және жоғарылату қажеттігі туралы постулаттарды БҰҰ ҚК қорытынды құжаттарына енгізе алды. Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі африкалық мәселелерді шешуге белсенді қатысуымыз Африканың даму саласында әлеуеті мен перспективасы зор құрлық ретінде халықаралық бейбітшілікті сақтаудағы және жаһандық дамудағы түйінді рөл ойнауымен түсіндіріледі.

Кеңеске мүшелік ету барысында Қазақстан делегациясы Африка мәселелеі бойынша жүзден аса кездесулер мен консультацияларға қатысты. Олардың қатарында Орталық Африка Республикасы, Демократиялық Конго Республикасы, Бурунди, Судан және Оңтүстік Судан, Мали, Ливия, Сомали және басқа елдерде ұзаққа созылған қақтығыстар ерекше орын алады. Африка мен дамушы әлемнің жекелеген проблемалары ғаламшардың өз жағымыздағы проблемалармен ұқсас келеді. Атап айтсақ, ол - халықаралық терроризммен күресу, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, гуманитарлық көмек көрсету, жұмыс орындарын құру, климаттың өзгеруімен күресу және тағы басқа да мәселелер.

Өңірде ұзақ мерзімді тұрақтылық пен бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында Қазақстан делегациясы қауіпсіздіктің орнықты дамудан ажырамастығы тұжырымдамасын, сондай-ақ өңірлік тәсілдемені қолдануды ұсынады. Шынымен де, көптеген проблемалар мен оларды шешу жолдары бір мемлекеттің шеңберінен шығып, бүкіл аймақтың күш-жігерін талап етеді емес пе. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның төрағалығымен Сомали және Эритрея бойынша Санкциялық комитеттің жұмысы айтарлықтай жандана түскенін мойындайды. Комитеттің басты назары, атап айтқанда, Африка мүйісі өңіріндегі ең елеулі қауіп-қатерлердің бірінен саналатын «Аль-Шабааб» және «ИГИЛ⁄ДАИШ» террористік ұйымдардың деструктивті қызметіне аударылып отыр. Бұған гуманитарлық дағдарыс (құрғақшылық пен ашаршылық), қарақшылық шабуыл мен контрабанда қосылуда. Қазақстанның төрағалығымен қаңтар айында Африка елдерінде, оның ішінде КДР, Судан, Оңтүстік Судан, Мали және Батыс Африка елдеріндегі шиеленіс мәселелері бойынша Кеңестің бірқатар кездесулері өткізілді. Бұдан басқа, төрағалық ету кезеңінде Орталық Африка Республикасы бойынша ҚК қарары және Кеңес төрағасының Батыс Африкадағы және Дарфур провинциясындағы (Судан) жағдай бойынша мәлімдемесі қабылданды.

Қорытынды

Тұтастай алғанда, Қазақстанның БҰҰ ҚК төрағалық етуі барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматындағы 30 жуық отырыстар өткізілді, олардың қорытындылары бойынша қарарлар, Төрағаның мәлімдемелері және баспасөзге арналған мәлімдемелер қабылданды, сонымен бірге, біздің еліміз бастамашылық жасаған және маңызды құжаттар қабылдаумен аяқталған екі аса маңызды іс-шара өтті.

Қазақстан төрағалығына Қауіпсіздік Кеңесінің күрделі мәселелері – қақтығыстарды болдырмау, өңірлік аспектіде алдын алу дипломатиясын іске қосу, сондай-ақ ОА елдерінің сындарлы рөлі арқылы Ауғанстан проблемаларын шешу бойынша саяси жағынан міндеттеуші халықаралық актілер қабылдауға алғаш рет қол жеткізілді. Бұл құжаттар практикалық шешімдер мен ұсынымдар ұсына отырып, осы заманғы халықаралық қатынастардың өзекті қақтығыстарды зерделеу тақырыбын қозғайды. Бұған дейінгі төрағалар таңдап алған Кеңеспен келісілген мәлімдемелердің жергілікті қақтығыстар проблемаларын шешуге бағыттылығы болған жоқ.

Осы заманғы саяси жағдайда сенім шаралары да маңызды. Сондықтан БҰҰ ҚК төрағалық ету барысында, әсіресе, Қазақстанның жоғарыда көрсетілген тетік арқылы Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін АӨСШК процесінің негізін қалаушы болып табылатындығын ескергенде, біздің еліміздің делегациясы осы тезисті белсенді түрде ілгерілетті. Осыған байланысты біз ашық диалог пен сенім шараларын құрудың оң тәжірибесін жалпы азиялық құрлықтық алаңнан жаһандық платформаға көшіру мәселесін пысықтадық. Қазақстан сондай-ақ БҰҰ мүше мемлекеттерін келешек ұрпақты соғыс зардаптарынан арылуға мүмкіндік беретін ортақ мақсаттардың айналасына біріктіру жолымен сенімді қалпына келтіру шараларын енгізу талабын қойды, сондай-ақ Елбасы 2015 жылы ұсынғандай, зорлық-зомбылықты қақтығыстарсыз әлем құру туралы постулатты ҚК құжатына енгізді.

Өзара қолайлы шешімдер іздестірудегі, елдердің позицияларын жақындастырудағы біздің теңгерімді және сындарлы рөліміз Ирандағы жаппай қарсылық акцияларын және Корей түбегіндегі жағдайды талқылау жөніндегі ҚК шұғыл отырыстарының барысында көрнекі түрде көрсетілді.

БҰҰ мүше мемлекеттер, сараптамалық қоғамдастық және БАҚ Қазақстан төрағалығының біздің еліміздің іс-қимылының ашықтығы мен дәйектілігін, ұлттық мүдделерге нұқсан келтірместен ымыраға келуге қол жеткізу қабілетін оң бағалауда бірауызды болды.

Өкінішке қарай, ҚК тұрақты мүшелерінің арасында бірліктің болмауы Сирия дағдарысын реттеуде кедергі факторына айналып отыр. Дегенмен де ҚК-нің Сирия мәселесі бойынша келісілген саяси шешім қабылдауға қабілетсіздігіне қарамастан, сарапшылар сирияаралық реттеудің ажырамас элементі болып табылатын Астана процесі арқылы проблеманы реттеуге жәрдемдесудегі Қазақстанның және біздің Мемлекет басшымыздың сындарлы рөлін атап көрсетуде.

Халықаралық қоғамдастықта БҰҰ әрекетіне немесе әрекетсіздігіне орай оқтын-оқтын туындайтын сыни пікірлерге қарамастан, осы дүниежүзілік ұйым бұрынғысынша бірегей заңдылықты иеленеді және өкілділігі мен әмбебаптығы бойынша теңдесі жоқ құрылым болып қала береді. Осы түсінікті басшылыққа ала отырып, Қазақстан БҰҰ ҚК-ге екінші жыл мүшелігі шеңберінде біздің Мемлекетіміздің басшысы белгілеген саяси міндеттерді негізге ала отырып, аса прагматикалық және реалистік тұрғыдағы жұмысын жалғастырады.


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының мәлімдемесі

Қауіпсіздік Кеңесінің 2018 жылғы 18 қаңтарда өткен 8161 отырысында Кеңестің «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау» тақырыбындағы тармақты қарауына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Кеңестің атынан мынадай мәлімдеме жасады:

«Қауіпсіздік Кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін өзінің басты жауапкершілігін, сондай-ақ барлық мемлекеттердің саяси тәуелсіздігіне, егемендік теңдігіне және аумақтық тұтастығына өзінің бейілдігін және мемлекеттердің өздерінің халықаралық құқық жөніндегі міндеттемелерін сақтауы қажеттілігін қоса алғанда, Жарғының мақсаттары мен қағидаттарын сақтау ісіне өзінің бейілдігін растайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі өзінің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға берілген мандатының шеңберінде тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылуды жалғастырудың және Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығы қарсаңында зорлық-зомбылық қақтығыстарынан азат әлемге қол жеткізудің, сондай-ақ осы жолдағы ортақ проблемалар мен мүмкіндіктерді басқарудың маңыздылығын атап өтеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі бүкіл әлемнің әртүрлі географиялық аудандарында қақтығыстардың өсіп отырған санына алаңдаушылығын білдіреді және қақтығыстардың өңірлік аспектілеріне ерекше назар аудара отырып, өңірлік дипломатия мен уағдаластыққа ерекше маңыз бере отырып, олардың алдын алу және шешу бойынша еселенген күш-жігердің аса қажеттігін атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі жалғасуы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға қауіп төндіруі мүмкін кез келген дауға қатысушы тараптардың, ең алдымен, дауды келіссөздер, зерттеулер, араағайындылық, татуласу, арбитраж, сот талқылауы, өңірлік органдарға немесе келісімдерге жүгіну арқылы немесе өзінің таңдауы бойынша өзге де бейбіт құралдармен шешуге тырысуы тиістігін еске салады және мұндай тараптарды өздерінің дауларын осындай құралдардың көмегімен шешуге табанды түрде шақырады.

«Қауіпсіздік Кеңесі алдын алу дипломатиясы, қарулы қақтығыстардың алдын алу, бейбітшілік орнату және бейбітшілікті қолдау, сондай-ақ араағайындық және дауларды бейбіт түрде реттеу мәселелеріне қатысты өзінің тиісті қарарлары мен Төрағаның мәлімдемелеріне сілтеме жасайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі дамудың, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің және адам құқықтарының өзара байланыстылығын және бірін-бірі толықтыратындығын мойындайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі терроризмді, қарулы топтардың қызметін, ЖҚҚ таратуды, ұйымдасқан қылмысты, әдеттегі қару-жарақпен, әсіресе атыс қаруымен және жеңіл қару-жарақпен заңсыз сауда жасауды қоса алғанда, қақтығыстарға ықпал ететін, барған сайын трансұлттық сипатқа ие болып бара жатқан себептерге, салдарлар мен факторларға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының келешек ұрпақты соғыс зардаптарынан арылту және қақтығыстардың алдын алуға, алдын алу дипломатиясына, бейбітшілік орнатуға және бейбітшілікті қолдауға, озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ олар бойынша перспективалық ұсынымдар мен стратегиялар қалыптастыруға назар аудару сияқты өзінің фундаменталдық міндетін орындауы қабілетін көтермелеудің маңыздылығын атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі сондай-ақ қақтығыстарды шешу оның қай жерде және қашан қажет болатынын, келешек ұрпақты соғыс зардаптарынан арылту үшін мүше мемлекеттерді ортақ мақсаттардың айналасына біріктіру жолымен сенімді қалпына келтіру шараларын қамтуы мүмкін екендігін де атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі қақтығыстардың түпкі себептерін жою қажеттігін атап көрсетеді және оның қашан қажет болатынын, өңірлік перспективада халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін олардың салдарларын зерттеу жөніндегі ұсыныстарды назарға алады.

«Қауіпсіздік Кеңесі қақтығыстардың алдын алудың бұрынғысынша мемлекеттердің басты жауапкершілігі болып қала беретінін еске салады және олардың тиісті халықаралық құқықта көзделгендей, азаматтық тұлғаларды қорғау және өздерінің аумақтарындағы және өздерінің юрисдикциясындағы барлық адамдарды құрметтеуі және адам құқықтарын қамтамасыз етуі үшін басты жауапкершілігіне сілтеме жасай отырып, әрбір жеке мемлекеттің өз халқын геноцидтен, әскери қылмыстардан, нәсілдік тазартулардан және адамзатқа қарсы бағытталған қылмыстардан қорғаудағы жауапкершілігін тағы да растайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі одан әрі қақтығыстардың алдын алудың жан-жақты стратегиясының өзіне, атап айтқанда, ерте ескертуді, ескертпелі өрістетуді, араағайындылықты, бейбітшілікті қолдауды, ядролық қаруды таратпауды, есеп беру шараларын, сондай-ақ қақтығыстан кейінгі бейбітшілікті орнықтыруды қамтуға тиістігін еске салады және осы компоненттердің өзара байланысты, бірін-бірі толықтыратын және жарыспалы болып табылатындығын мойындайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі ұлттық үкіметтер мен билік органдарының бейбітшілік орнату және бейбітшілікті қолдау саласындағы басымдықтарды, стратегиялар мен іс-шараларды анықтау, басқару және оларға басшылық жасау үшін басты жауапкершілігін растайды, бейбітшілікті қолдау – бұл Үкімет және басқа да барлық ұлттық мүдделі тараптар орындауға тиіс ортақ міндет және жауапкершілік екенін атап өтеді және осыған байланысты инклюзивтіліктің қоғамның барлық топтарының қажеттіліктерін есепке алу үшін қажетті ұлттық процестер мен бейбітшілік орнату мақсаттарын ілгерілетуге арналған шешуші элемент болып табылатындығына назар аударады және азаматтық қоғамның бейбітшілікті қолдау жөніндегі күш-жігерді ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшының қақтығыстарды болдырмау және алдын алу дипломатиясы туралы баяндамаларын назарға алады және Бас хатшының өзінің S/RES/2282 қарарының жүзеге асырылуы туралы баяндамасын тағатсыздана күтеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшыны өзінің ізгі қызметтерін пайдалануды кеңейтуді жалғастыруға, ұзақ мерзімді, инклюзивтік және жан-жақты реттеулерді қамтамасыз етуге жәрдем көрсету үшін өкілдерін, арнайы елшілері мен араағайындарын жіберуге шақырады және одан әрі Бас хатшыны ықтимал қақтығыстардың алдын алуға оның ерте қатысуын жалғастыруға шақырады.

«Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшыға оның Хатшылықтың бейбітшілік және қауіпсіздік саласындағы жұмысының тиімділігін арттыру бойынша жұмсаған күш-жігері үшін алғысын білдіреді, үш саладағы (бейбітшілік және қауіпсіздік, даму және басқару) реформалар бойынша ағымдағы күш-жігерін назарға алады және осындай шолулардың нәтижелерін тағатсыздана күтеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшыны:

- Біріккен Ұлттар Ұйымын барынша дәйекті, интеграцияланған және тиімді құрылымға айналдыру;

- Ұйымның мүше мемлекеттердің дауларды бейбіт жолмен реттеуі және олардың қазіргі әлем тап болып отырған күрделі проблемаларға жауаптарын дәйекті түрде қолдауы қабілетін арттыру;

- мандатқа сәйкес өңірлік және субөңірлік ұйымдармен және басқа да тиісті субъектілермен ынтымақтаса отырып, қақтығыстардың алдын алу құралдарын және алдын алу дипломатиясын олар қажет болған кезде неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі оның күш-жігерін жалғастыруға шақырады.

«Қауіпсіздік Кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен қақтығыстардың алдын алуда маңызды рөл атқаруы мүмкін өңірлік және субөңірлік ұйымдардың арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен үйлесімді нығайту жөніндегі шешімді жұмысты мойындайды және осыған байланысты:

- ұлттық үкіметтерді және мандат болған жағдайда, басқа да тиісті мүдделі тараптарды тұрақты қолдау;

- Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VІІІ тарауына сәйкес өңірлік келісімдер немесе өңірлік мекемелер арқылы жергілікті деңгейдегі даулардың бейбіт жолмен реттелуін қолдау;

- алдын алу дипломатиясының құралдарына қатысты ұлттық және өңірлік әлеует жасау үшін жұмыс деңгейіндегі стратегиялық диалогты, әріптестік қатынастарды нығайтуды, неғұрлым тұрақты түрде пікір алмасуды, талдаулар мен ақпарат беруді жалғастыру;

- ықтимал және қолда бар мүмкіндіктер мен қабілетті әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы өңірлік саяси мекемелері арқылы жандандыру және іске қосу;

- қақтығыстардың ерте алдын алу мен оларды болдырмау және алдын алу дипломатиясы жөніндегі олардың күш-жігерінің келісімділігі мен интеграциясына, атап айтқанда, жағдайға қарай Бас хатшының араағайындығы мен ізгі қызметтері арқылы ықпал ету қажеттігін қарауға шақырды.

«Қауіпсіздік Кеңесі Комиссияның бейбітшілік орнату жөніндегі ұсынымдары бойынша саясатпен және нақты елдермен байланысты мәселелерге өңірлік субъектілердің тартылуының және олармен ынтымақтастықтың қажеттігін көрсете отырып, бейбітшілік орнықтырудың маңыздылығын атап өтеді және Комиссияның және Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік орнықтыру жөніндегі Кешенді басқармаларының маңызды рөлін, атап айтқанда, бейбітшілік орнықтыру және оны сақтау, сондай-ақ қолда бар мандаттарға сәйкес трансшекаралық қауіптерді шешу бойынша ұлттық күш-жігерді қолдаудағы рөлін мойындайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік орнықтырудағы әйелдердің маңызды рөлін растайды, әйелдердің қақтығыстың алдын алу, оны реттеу және оның салдарларын қалпына келтіру жөніндегі күштерге толық және елеулі түрде қатысуының, сондай-ақ осы күштердің тиімділігі және ұзақ мерзімді тұрақтылығының арасындағы маңызды байланысты атап өтеді, және осыған байланысты шешімдер қабылдау процесінде және қақтығыстардың алдын алуға және бейбітшілік орнатуды реттеуге, оның ішінде қақтығыстардың алдын алу және реттеу жөніндегі ұлттық, өңірлік және халықаралық институттар мен механизмдерде әйелдердің рөлі мен басшылығын арттыру қажеттігі сияқты, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау және нығайту жөніндегі барлық күштерге, бейбітшілікті қолдауға қатысы бар барлық талқылауларда гендерлік мәселелерді қарауға тең қатысуын қамтамасыз ету жағдайында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау және нығайту жөніндегі күштердегі жастардың маңызды және оң үлесін мойындайды және одан әрі жастардың қақтығыстардың алдын алуда және оларды шешуде және бейбітшілік пен бейбітшілік орнықтыруды қолдау жөніндегі күштердің табысында орнықтылықтың, инклюзивтіліктің негізгі аспектілерінің бірі ретінде атқаруы мүмкін маңызды рөлін растайды.

«Қауіпсіздік Кеңесі балаларды қорғау қақтығыстардың алдын алу мен реттеудің, сондай-ақ бейбітшілікті нығайту мен қолдаудың кез келген жан-жақты стратегиясының маңызды аспектісі болуға тиістігіне бұрынғысынша сенімді және балаларды ұзақ мерзімді негізде қорғауды арттыру мақсатында қарулы қақтығыстың түпкі себептерін кең қамтылған түрде шеше алатын қақтығыстардың алдын алудың кеңейтілген стратегиясын қабылдаудың маңыздылығын да атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін, атап айтқанда:

- қақтығыстарды болдырмау және алдын алу дипломатиясы жөніндегі құралдарды, әдістерді және күш-жігерді ілгерілетуге және олардың барынша тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

- алдын алу мәселелерін Кеңестің қарауына жәрдемдесуге;

- қызметті оңтайландыруға, Африкадағы қақтығыстардың алдын алу және оларды шешу жөніндегі өзінің Арнайы жұмыс тобының рөлін арттыруға және күшейтуге шоғырландырудың аса қажеттігін атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VІІІ тарауына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік және субөңірлік ұйымдармен ынтымақтастығының қақтығыстың тұтануының, эскалациясының, жалғасуының және қайта туындауының алдын алуға жәрдемдесуде шешуші маңызы бар екендігі туралы тағы да мәлімдейді.

«Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін, оның ішінде қақтығыстардың алдын алуға және бейбітшілік орнықтыруға тартылу арқылы қол жеткізу үшін, атап айтқанда:

- қауіпсіздік пен дамудың күрделі, көп жақты және нақты жағдайға тәуелді болатын өзара байланысты ол қажет болған жерде мұқият зерттеу үшін әлеует құрудың;

- қажет болған кезде инновациялық өңірлік тәсілдемені пайдаланудың;

- жергілікті жерлерде көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру және барынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін БҰҰ шеңберіндегі үйлестіруді күшейтудің маңыздылығын атап көрсетеді.

«Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшының қақтығыстарды болдырмау және алдын алу дипломатиясы жөніндегі күштердің жай-күйі туралы мерзімді жедел ақпаратты Кеңеске ұсынуын көтермелейді».


Қосылған : 12.04.2018, 18:35, Өзгертілген : 12.04.2018, 18:35