Стаффан де Мистура. «Елдер емшісі»

Стаффан де Мистура,

«Елдер емшісі»

Қазақстанның «Дипломатия жаршысы» редакциясы БҰҰ Бас хатшысының Сирия, Ирак және Ауғанстан жөніндегі бұрынғы Арнайы уәкілі Стаффан де Мистураның бітімгершілік, Сирия дағдарысы және Астана процесі туралы беделді пікірін білу үшін онымен әңгімелескен еді, сол сұқбатты жариялап отырмыз.

- Де Мистура мырза, сіз – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және оның Сирия, Ауғанстан, Ирак және Ливан жөніндегі Арнайы уәкілі лауазымын атқарған тәжірибелі дипломатсыз және бітімгершілік саласында көп жыл еңбек еттіңіз.

Сіздің қақтығысушы тараптардың арасындағы араағайындық жасау ісінде де мол тәжірибе жинақтадыңыз. Дей тұрғанмен, бітімгер болу кейде оңай да болмайтын болар, өйткені ондай жұмыстың нәтижелері уақыт өткеннен кейін ғана көрінеді емес пе. Сізге осындай күрделі кәсіпті таңдауға не түрткі болды?

- Халықаралық қақтығыстардағы араағайындық қызмет өте күрделі, өйткені көбінесе қарсы күресуші тараптар, сөз жүзінде саяси шешім табуға тырысқанымен, іс жүзінде өзінің күн тәртібіне сәйкес мәселені әскери тәсілмен шешкісі келіп тұрады. Көптеген қақтығыстар жағдайында бітімгер тұрақты саяси шешім табу ұмтылысын болдырмауға да күш салатыны жасырын емес.

Бала кезімде мен әуелі өрт сөндіруші, кейіннен дәрігер болғым келді... Ақырында «елдер емшісі» болуға келістім.

Дәрігерлер кей кезде ауруға ем болатын дәрі жоқ екен деп шарасыздыққа бой алдырмайды емес пе. Мұндай жағдайлар араағайындық қызметте де жиі кездеседі. Соған қарамастан, ол да дәрігер сияқты пациенттің өмірін сақтап қалуға күш салуды, ауруын бәсеңдетуді және қолда бар дәріні қолдану тәсілдерін іздестірудің стандартты емес әдістерін қолдана отырып, науқастыүміттендіруді жалғастырады.

- Бітімгер орындап шығуға тиіс болатын бірқатар проблемалар бар. Кейбір негізгі проблемалар туралы және оларды шешуге қалай қол жеткізгеніңіз туралы айтып бере аласыз ба?

- Бүгінде халықаралық бітімгердің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1. соғысушы тараптардың арасында бір-біріне деген сенімнің мүлде болмауы;

2. ағымдағы қақтығыстардың көп полярлық күрделілігі, ол Сириядағы сияқты жағдайларда 15 дейінгі елдер мен құрылымдарды қамтуы мүмкін;

3. Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің арасындағы келіспеушілік. Демек, осындай барлық сын-тегеуріндерді жеңіп шығуға ұмтылу үшін ең дұрысы әрқашан да басты басымдықтың бейбіт халықтың өмірін құтқару болып табылатындығын естен шығармай, шыдамдылық, табандылық білдіру және сындарлы шешім табу болмақ.

- Сириядағы қақтығыс 21-ғасырда халықаралық қоғамдастық үшін ең қантөгісті және ең қатал қақтығыс болып табылады. Сіз өзіңіздің қызметтегі мұрагеріңіз Гейр О.Педерсенге эстафетаны бере отырып, оған қандай ақыл-кеңес бердіңіз?

- Иә, шынында да, 500 000 жуық адам құрбан болған, бес миллион адам босқынға айналып, алты миллион адам шекара асқан және қала орталықтары, ауруханалар мен мектептер жаппай қираған Сирия қақтығысын бақылаушылардың көпшілігі 21-ғасырдағы еңқатыгез соғыс ретінде айқындады. Бұдан басқа, мыңдаған адам ұсталып, қолды болды және хабарсыз кетті. Сондықтан осындай аса ауыр жағдайда бітімгер қандай да бір таңғажайып шешімді тез таба алады деп күту қиын.

Сириядағы азаматтық соғысы

Әрбір халықаралық бітімгердің Сириядағы жағдай сияқты аса құбылмалы қақтығыстардың аумалы-төкпелі мән-жайларына тәуелді шешімді іздестіруде өзіндік стилі мен тәсілдемесі болады. Сондықтан қақтығыстың бүлдіргіш салдарларын бәсеңдету үшін жүргізілген жұмыстар мен саяси жағынан тұрақты және жалпыны қамтитын шешімді табу үшін қабылдау қажет болатын әрекеттер туралы егжей-тегжейлі брифинг өткізуді қоспағанда, менің аса тәжірибелі мұрагеріме беретін жалғыз кеңесім – ол шыдамды, табанды және мейілінше тапқыр бола білу дер едім.

- Сіздің ойыңызша, негізгі Женева платформасын қолдау мақсатында өткізілген Астана процесі өз миссиясын орындай алды ма?

- Астана бастамасы деэскалацияның маңызды аймақтарын құру және сол арқылы азаматтық халықтың қайғы-қасыретін азайту үшін тараптардың және оларды қолдайтындардың арасындағы диалог құруға жәрдемдесуге бағытталған болатын.

Деэскалация аймақтарын құру жөніндегі шараның ұзақтығы шамамен алғанда алты айды құрады және осы кезеңнің ішінде осындай аймақтар адамдар шеккен зардаптарды жеңілдетуге көмектесті. Сол арқылы Астана процесі шын мәнінде де БҰҰ басшылығымен 2254 қарарды жүзеге асыруға бағытталған Женеваның саяси процесіне жақсы демеу болды.

- Астана процесі сіздің көз алдыңызда басталып, қатысуыңызбен өтті. Осы диалог алаңының ұйымдастырылу деңгейі туралы не айтар едіңіз?

- Астана процесі жоғары халықаралық ұйымдастыру деңгейімен ерекшеленеді десем қателеспеген болар едім. Ықтимал келісімдерге қол жеткізуге ықпал ететін атмосферада деэскалациялардың құтқару аймақтарының тұрақтылығы және ұсталған адамдар мен хабарсыз кеткен адамдардың тағдыры сияқты түйінді мәселелерді бірлесіп нақты талқылау мақсатында үш кепілгер елдермен және бірнеше бақылаушылармен бірге үкіметті және қарулы оппозицияны жинау тұрғысынан алғанда бұл оқиға өте маңызды.

- Қазақстанның Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана процесіне қосқан үлесін қалай бағалайсыз?

- Шындығында, саяси көшбасшылардың рөлі және көзқарасы әлемдегі қауіпсіздікке аса қатты әсер етеді. Осыған байланысты, Қазақстанның Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың деэскалация жөніндегі Астана бастамасын іске асыруы өте маңызды және шынында жоғары дәрежеде тиімді болды.

Мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев та аса тәжірибелі дипломат әрі саясаткер ретінде елдің бітімгершілік процесіне және бүкіл әлемде бейбітшілікті қолдауға үлес қосу ниетін сақтайды деп сенім білдіргім келеді.

- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Гүлсана Төлепбергенова

_________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Стаффан де Мистура – Швецияда туып-өскен италиялық дипломат, БҰҰ Бас хатшысының Сирия, Ауғанстан, Ирак және Ливан жөніндегі бұрынғы Арнайы уәкілі.

2014 жылғы шілдеде БҰҰ-ның Сирия жөніндегі Арнайы уәкілі болып тағайындалды (2018 жылғы қарашаға дейін). Оның алдында 2010-2011 жылдары БҰҰ-да БҰҰ-ның Ауғанстандағы және 2007-2009 жылдары Ирактағы уәкілі болып жұмыс істеді. Бұдан басқа, 2001-2004 жылдары Ливанның оңтүстігінде БҰҰ Бас хатшысының Жеке өкілі болды.

Де Мистура өз қызметін 1971 жылы Судандағы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы жобасының қызметкері ретінде бастады. Көптеген жылдар бойы Дубровникте, Сараевода, Суданда, Эфиопияда, Вьетнамда және Руандада арнайы гуманитарлық миссияларға қатысты. Бұдан басқа, БҰҰ-ның Римдегі Ақпараттық орталығының директоры, БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Үйлестіру Басқармасының Қаражатты жұмылдыру және сыртқы қатынастар жөніндегі бөлімшесінің директоры лауазымдарын, сондай-ақ ЮНИСЕФ-те әртүрлі басшы қызметтерді атқарды.

Қосылған : 13.06.2019, 11:35, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:35