ТМЫК

2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін (ТМЫК немесе Түркі кеңесі) құру туралы келісімге қол қойылды.

Қазіргі кезде Түркі кеңесінің мүше мемлекеттері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып табылады. Мажарстан бақылаушы мәртебеге ие мемлекет болады. Кеңестің саммиттері барысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын зерделеу, жоғары деңгейдегі кездесулер мен сарапшылар отырыстарын дайындау және басқа міндеттер штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан Түркі кеңесінің Хатшылығына жүктелді.

Түркі кеңесінің Бас хатшысы болып Қазақстан өкілі Елші Б.Әміреев (2018 жылғы 3 қыркүйектен) тағайындалған.

Түркі кеңесінің аясында жыл сайын Мемлекет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Аға лауазымды тұлғалар комитеті, Ақсақалдар кеңесі, сондай-ақ экономика, инвестиция, кеден, көлік, білім, туризм, ақпарат және басқа салалардағы мемлекеттік органдары басшылары мен сарапшыларының кездесулері өткізіледі. Қазіргі кезде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.А. Назарбаев бастамасымен Түркі кеңесі ынтымақтастық ұйымдарының қызметін жетелдіру, функционалдық икемділігін күшейту және заманауи талаптарға бейімдеу мақсатында Түркі кеңесі мүше мемлекеттері түркі ұйымдарын реформалау бойынша мәселені талқылауда.

Түркі кеңесінің І Саммиті 2011 жылғы 21 қазанда Алматы қаласында (Қазақстан) «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің ІІ Саммиті 2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында (Қырғызстан) «Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің ІІІ Саммиті 2013 жылғы 16 тамызда Габала қаласында (Әзербайжан) «Көлік және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің IV Саммиті 2014 жылғы 5 маусымда Бодрум қаласында (Түркия) «Туризм саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің V Саммиті 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында (Қазақстан) «Ақпарат саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің VІ Саммиті 2018 жылғы 3 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында «Ұлттық спорт түрлері және жастар арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында өтті.

Түркі кеңесінің VIІ Саммиті 2019 жылғы қазан айында Әзербайжанда «Кіші және орта бизнесті дамыту» тақырыбында өтуі жоспарлануда.

Түркі кеңесі аясында келесі ұйымдар қызмет етеді:

Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) штаб-пәтері Анкара қаласында (Түркия) орналасқан. Бұл Ұйым 1993 жылғы 12 шілдеде түркітілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жаңғырту мақсатында құрылған болатын.

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) штаб-пәтері Баку қаласында (Әзербайжан) орналасқан. Ассамблея ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылғы 21 қарашада Түркітілдес елдердің арасындағы парламентаралық байланыстарды дамыту үшін құрылған.

Халықаралық Түркі академиясы штаб-пәтері Астана қаласында (Қазақстан) орналасқан. Академия ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылғы 25 мамырда Түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталығын құру мақсатында құрылған.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры штаб-пәтері Баку қаласында (Әзербайжан) орналасқан. Қор 2012 жылғы 23 тамызда Түркі халықтарының мәдениеті мен тарихи мұрасын жаңғырту, дамыту және насихаттау жолындағы жобаларды қаржыланыру мақсатында Әзербайжан Президенті бастамасымен құрылған.

Түркі кеңесі шеңберінде 2011 жылы ҚР Президентінің бастамасымен құрылған Ақсақалдар кеңесі ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Кеңестің басты мақсаттары мен функциялары ТМЫК-ке мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарын жасақтау, сондай-ақ мәдени-тарихи мұраны, тілдерді, салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарды сақтау және дамыту болып табылады. Кеңес құрамына Қазақстаннан ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Ә.Ахметов кіреді.

Қосылған : 10.12.2018, 19:00, Өзгертілген : 10.06.2019, 14:45