БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін заманауи сын-қатерлерді талқылап өтті

2017 жылғы 20 желтоқсанда Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібінің «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау» тармағы бойынша «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін заманауи сын-қатерлер» атты ашық пікірталастар өткізілді.

Отырыста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш арнайы баяндама жасап, онда әлемдегі қауіп-қатерлер санының өсіп қана қоймай, сонымен қатар олардың сипатының өзгергені айтылды. Климаттың өзгеруі, тұщы судың жетіспеушілігі, теңсіздік, жекелеген халық топтарын оқшаулату мен маргиналдандыру, киберқауіпсіздік және басқа да мәселелер кеңінен таралғаны сөз етілді.

Бас хатшының айтуынша, бүгінгі күннің шиеленістері де «күрделене түсіп», ондағы бақталасушы қарулы топтар аумақтар мен үкіметтерді бағындыру, табиғи ресурстарға бақылау орнату мақсатында күрестерін үдете түскен. Жалғыз Сирияның өзінде жүздеген қарулы топтар заңсыз әрекеттерін іске асыруда. Сонымен қатар, шиеленістердің көбісі трансшекаралық сипат алып, терроризм оларды бір-бірімен сабақтастыра түскен. Сырттан келетін әскери және қаржылық қолдау да қақтығыстардың созылуына алып келуде.

БҰҰ басшысы аталған мәселелерді шешудің тәсілдемелері кешенді әрі тиімді үйлестірілген болуы қажеттігін атап өтті. Мұндай күш-жігерлер адам құқықтары мен тең құқықтықты дамытуға және қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Оның пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың қазіргі уақыттағы басты міндеті планета тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай, А.Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін бірлікке шақырды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде БҰҰ басшысының бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау саласында, сондай-ақ аталған халықаралық ұйымның әкімшілігін реформалау жолындағы жасап жатқан қадамдарын жоғары бағалап өтті. Осы ретте Қазақстан алдын алу дипломатиясы мен делдалдық халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін заманауи қауіп-қатерлерді шешу бағытындағы жүйелі стратегияның өзара тәуелді және бірін-бірі толықтырушы компоненттері екендігі туралы ой-ұстанымын білдірді.

Осы орайда, Қазақстан 1991 жылғы тәуелсіздік алған сәтінен бастап жанжалдарды болдырмау үшін алдын алу дипломатиясының рөлін күшейтуді қолдап келеді және бұл еліміздің сыртқы саясатының басты қағидаттарының бірінен табылады. Осы ұстанымның жарқын мысалы ретінде осы айда өзінің 10-жылдық мерейтойын атап жатқан Қазақстан бастамасымен құрылған БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясының аймақтық орталығын келтіруге болады. Бұл Орталық БҰҰ жүйесіндегі алдын алу дипломатиясы тетігінің тиімді үлгісі ретінде танылып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің негізін қалаушысы болып, 26 мүше-мемлекеттен тұратын осы ұйым Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үнемі жәрдемдесуде.

Сонымен қатар пікірталастарда 2017 жылдың қаңтарында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен таныстырылып өткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси жолдауына назар аударылды. Атап айтқанда, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі басты міндеттерінің бірі жаһандық және өңірлік деңгейлердегі әскери текетірес деңгейін төмендету арқылы жаһандық соғыс қаупін болдырмау және оны түбегейлі жою үшін жағдай жасау болып табылады. Осы ретте Сириядағы де-эскалация аймақтарын құруға, әскери белсенділікті бәсеңдетуге және гуманитарлық жағдайды жақсартуға жәрдемдескен Астана келіссөздері аясындағы күш-жігерер оң тұрғыда атап өтілді.

Қазақстан делегациясының мәлімдемесінде: «Бейбітшілікке қол жеткізу және мемлекетаралық проблемаларды реттеу кезінде соғыс амалдарынан бас тарту адамзаттың ХХІ ғасырда аман қалуының ең өзекті мәселесі екендігіне сенімдіміз. Осы тұрғыда Қазақстан жанжалдар мен зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша бірлескен іс-қимылдар алгоритмін қамтыған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестін жүзеге асырып келеді» - делінген.

Қосылған : 21.12.2017, 16:25, Өзгертілген : 21.12.2017, 16:25