Астана қаласындағы Сирия бойынша халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесі, 2018 жылғы 14-15 мамыр

Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы Сирия Араб Республикасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтату режимін сақтаудың кепіл мемлекеттері ретінде:

1. Сирияның егемендігі, тəуелсіздігі, бірлігі жəне аумақтық тұтастығына берік айнымастығын растады. Аталған қағидаттардың жалпыға ортақ екендігін және оларды бұзатын және Астана форматындағы жетістіктерге нұқсан келтіретін кез-келген әрекеттерге жол бермеу керектігіне назар аударды.

2. 2017 жылғы 4 мамырдағы Сирия Араб Республикасында деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумды және Астана форматында қол жеткізілген басқа да уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Меморандумға қол қойылған уақыттан кейінгі бір жыл ішіндегі «жердегі» жағдайды қорытындылады.

3. Деэскалация аймақтарының Әскери іс-қимылдарды тоқтату режимін қолдау, зомбылық деңгейін төмендету және жалпы Сириядағы ахуалды тұрақтандыру жолындағы негізгі рөлін атап көрсетті, сондай-ақ аталған аймақтарды құру уақытша шара болып табылатындығын және ешбір жағдайда Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмейтіндігін атап өтті.

4. Сирия халқына қалыпты, бейбіт өмірді қалпына келтіруге көмек көрсету бойынша күштерді күшейту қажеттілігін атап өтті және осы мақсатта аз уақыт арлығында қауіпсіз және кедергісіз гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету, қажетті медициналық және гуманитарлық көмек көрсету және босқындардың қауіпсіз, ерікті қайта оралуына және тұлғалардың ел ішінде тұрғылықты жеріне оралуына сондай-ақ халықтың еркін орын ауыстыруына жағдай жасау қажеттілігін атап өтті.

5. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Әл-Қағида» немесе ДАИШ-пен байланысты деп таныған ДАИШ, «Джабхат ан-Нусры» және басқа да тұлғалар, топтар, мекемелер мен ұйымдарды түпкілікті жою мақсатында Сириядағы терроризмге қарсы күресті жалғастыру туралы шешімін растады.

6. Кепіл мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен ұсталғандарды/кепіл тұтқындарды босату, қаза тапқандардың мәйіттерін беру және хабарсыз кеткен адамдарды іздеу бойынша жұмыс тобының екінші отырысын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ХҚКК сарапшыларының қатысуымен өткізуді мақұлдады. Жұмыс тобының атқарылған жұмыс туралы есебін назарға алды және Сириядағы жанжалға қатысушы тараптар арасындағы сенімді нығайту мақсатында бірлескен күштерді жалғастыру қажеттігін растады. 2018 жылғы маусымда Жұмыс тобының кезекті отырысын Анкара қаласында өткізу туралы келісті.

7. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарының ережелерін басшылыққа ала отырып, Сочидегі Сирия ұлттық диалогы конгресінің ұсынымдарын жүзеге асыруға жәрдемдесу арқылы саяси реттеу процесін ілгерілету бойынша бірлескен күштерді жалғастыру туралы шешімін растады. Осыған орай, Женевада конституциялық комитеттің жұмысын жақын арада бастауға мүмкіндік беретін жағдайларды жасау мақсатында тұрақты түрде өз мемлекеттерінің жоғары өкілдері мен БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі және Сирия тарапымен бірлескен консультацияларды өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

8. Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан басшылығына Астанада Сирия бойынша 9-шы халықаралық жоғары деңгейдегі кездесуді өткізгені үшін алғыс білдірді.

9. 2018 жылғы шілдеде Сирия бойынша жоғары деңгейдегі кезекті халықаралық кездесуді Сочи қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.

Астана, 2018 жылғы 15 мамыр.

Қосылған : 15.05.2018, 19:30, Өзгертілген : 15.05.2018, 19:30