БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ҮШІНШІ ҚҰРЛЫҚ АРАЛЫҚ ЗЫМЫРАН ҰШЫРУЫН АЙЫПТАДЫ

2017 жылғы 29 қараша, Нью-Йорк – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяның құрлық аралық баллистикалық зымыран (КБЗ) ұшыруына байланысты төтенше кездесу өткізді. Отырыстың барлық қатысушылары соңғы алты айда үшінші рет орын алып отырған континент аралық баллистикалық зымыран сынағын табанды түрде айыптады.

БҰҰ Бас xатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Джефри Фельтман өз баяндамасында ү.ж. 29 қарашасына қараған түні ұшырылған солтүстік кореялық «Хвасонг-15» зымыранын 13 мың шақырымға дейінгі әрекет ету және АҚШ аумағына жету қабілетіне ие, ҚБЗ-ныңең жетілдірілген моделі ретінде мойындады.

Сонымен бірге Дж. Фельтман Пхеньянның соңғы екі жыл бойғы ядролық сынақтары мен зымыран ұшырулары Корей түбегінде және одан тыс жерлерде елеулі шиеленістерге әкеп соққанын атап өтті. «Әскери қақтығыстың мүмкін салдары мен қауіп-қатерлерін есепке ала отырып, Қауіпсіздік Кеңесі өзінің басты жауапкершілік міндеттемелерін жүзеге асыру аясында дағдарыстың ушығуына жол бермеуі қажет және Кеңес арасындағы бірлік айрықша маңызға ие», - деп ескертті Фельтман.

Қазақстан Пхеньянның кезекті провокациялық әрекетіне зор алаңдаушылығын білдіре отырып, оны халықаралық қоғамдастықтың талаптарына қайшы келетін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тиісті қарарларын өрескел бұзатын теріс амал ретінде таныды. Қазақстандық делегацияның пікірінше, мұндай арандатулар одан да үлкен қақтығыстар тудырып, шиеленістің жаңа толқынына алып келеді. Осы ретте, Қазақстанның Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров Солтүстік Корея дағдарысын бейбіт жолмен шешудің өзге баламасы жоқ екеніне сенімін білдіре отырып, ол тек келіссөздер, диалог және тараптардың ерікті ниеті арқылы ғана мүмкін болатынын айтты.

«Біз әскери әрекеттерге дейін барудан аулақ болып, күш-жігерімізді негізінен саяси-дипломатиялық амалдарды іздестіруге жұмылдыруымыз қажет. Сондықтан проблеманы жан-жақты және ұжымдық негізде шешу үшін Астана жаңа саяси және дипломатиялық әрекеттерді қолдайды. Сенiмдi нығайту шаралары негізінде және сындарлы өзара iс-қимыл мен бiрлескен талқылаулар арқылы ғана бұл күрмеуі қиын жағдайдан шығуға болады », - деп отандық дипломат өз ойымен бөлісті.

Отырыс соңында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Корей түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте мойындай отырып, Пхеньянға қарсы барлық санкциялық шаралардың тиімді орындалуымен бірге, саяси және дипломатиялық жолдарды іздестіруге бейілділігін растап өтті.

Қосылған : 29.11.2017, 18:50, Өзгертілген : 29.11.2017, 18:50