Су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану саласындағы Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық

 

Бүгінгі таңда су ресурстарын бірлесе пайдалану мәселесі маңызды экономикалық және экологиялық мәнге ие болумен қатар, салиқалы саяси сипат алуда. Бұл үрдіс Орталық Азия елдерінің экономикаларындағы су ресурстарының рөлін анықтап отыр.

Су энергетикасы, суармалы егіншілік және экологияның арасындағы ымыра теңдіктің жоқтығы, аймақтың су шаруашылығы саласындағы негізгі түйткілді мәселе болып қалуда. Халықтың өсуі және өңір елдерінің экономикаларын өндірістендіру үрдісімен күшейген су ресурстарын қосымша игеру қажеттілігі, экологиялық жағдайға ауыртпалығын күшейтіп, аталған мәселені жоғарғы және төменгі ағыс елдерінің тұстарынан керағар қос түсінік қалыптастыруда.

Біздің пікірімізше, қазіргі кезеңде су шаруашылық қатынастарда жаңа құқықтық негіз бен тиімді ынтымақтастық тетігін қалыптастыру қажет. Ол, аймақ елдері тарабынан су бөлу және су пайдалану мәселелерін жаңаша шешуді, сондай-ақ, су саласындағы мемлекетаралық келісімдер мен Орталық Азияның трансшекаралық су ағымдарындағы гидротехникалық құрылыс жобаларының халықаралық құқық нормаларына қатаң сәйкес болуын талап етеді.

1992 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалану туралы келісімін жасасу арқылы, Орталық Азия елдері трансшекаралық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың келісім-шарттық негізін қалады.

Нарын-Сардария су қоймалар тізбегін келісе және өзара тиімді пайдалану мақсатында, 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы келісім қабылданды және оған кейінірек Тәжікстан да қосылды.

2000 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының үкіметтері арасында Шу мен Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжаттың шеңберінде және Қазақстан мен Қырғызстанның көршілес аумақтарындағы диқандар мен экожүйелерді сумен қамтамасыз ету мақсатында, екі елдің сарапшылары Шу мен Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын үздіксіз және қауіпсіз пайдалану бойынша бірлескен шараларды әзірлеу мен іске асыру мәселелерін қарастырып отырады. Жоғарыда көрсетілген екі өзеннің су әлеуетін пайдалану, отырыстары жылына екі реттен кем өтпейтін, тұрақты түрде жұмыс жасайтын комиссиямен реттеліп отырады.

Халықаралық Аралды құтқару Қоры (ХАҚҚ) және оның құрылымдары – Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы (МҮСШК) және Мемлекетаралық орнықты даму комиссиясы (МОДК) аясындағы Қазақстанның аймақ елдерімен байланыстары серпінді дамуда.

ХАҚҚ – Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайға ұжымдық әсер ету құралы болып табылады. 20 жыл ішінде Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету бойынша үш бағдарлама (АТББ) шеңберінде Орталық Азия елдерінің үкіметтері Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын бірлесе басқару тетігін қалыптастыру, экологиялық апат әсеріне шалдыққан аумақтарды қалпына келтіру, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету және денсаулығын жақсарту, кедейшілік пен жұмыссыздықтың деңгейін азайту жөніндегі көптеген жобаларды іске асыру үшін бірнеше миллиард АҚШ долларын жұмсады.

Қазақстанның ХАҚҚ-қа төрағалығы кезеңінде (2008-2013 жж.) өзіне әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және гуманитарлық бағыттағы 44 жобаны қосатын АТББ-3 бағдарламасы әзірленіп, бекітілді.

Аталған Бағдарлама ең алғаш рет БҰҰ-ның Еуропаның экономикалық комиссиясы, Еуропалық Одақ, Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (GIZ), Дүниежүзілік банк, Еуразиялық даму банкі, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID), БҰҰ-ның Алдын алу дипломатиясы жөніндегі Аймақтық орталығы және Швейцарияның даму және ынтымақтастық бойынша агенттігі тәрізді халықаралық донорлар және ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта әзірленді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Дүниежүзілік Банкпен бірлесе отырып Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС-1) бағдарламасының 1-кезеңін жүзеге асыруы, Қазақстандық Арал маңында әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды біршама жақсартты. Оның жалғасы 2015-2020 жж. арналған САРАТС бағдарламасының 2-кезеңінде қамтылмақ.

2008 жылы ХАҚҚ-тың БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесіне ие болуы, Арал мәселесінің ғаламдық деңгейде мойындалып отырғанын айғақтап отыр.

Қазақстан, Орталық Азия елдерінің арасында тығыз ықпалдастық және мемлекетаралық көздердің су ресурстарын кепілді пайдалану, қорғау және бөлудің негізгі принциптерін келіскен жағдайда ғана аймақтың су-энергетикалық мәселелерін шешу мүмкін болатынына кәміл сенеді.

 

 

Қосылған : 10.12.2013, 15:32, Өзгертілген : 25.03.2016, 14:52