Қазақстан Республикасы мен Америка Құрамы Штаттары арасындағы қатынастар

USA

Жалпы мәлімет

1991 ж. 26 желтоқсанда – Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.

1992 ж. 7 қаңтарда – дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

1992 ж. 15 қыркүйекте – АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігі ашылды.

1992 ж. 30 қазанда - ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігі ашылды.

2009 ж. 14 желтоқсанда – Алматыда АҚШ Бас консулдығы ашылды.

2010 ж. 21 қаңтарда – Нью- Йорк қаласында ҚР Бас консулдығы ашылды.

2015 ж. 18 наурыздан бастап – Джордж Крол АҚШ-тың ҚР-дағы Елшісі болып табылады.

2017 ж. 15 ақпаннан бастап – Ержан Қазыханов ҚР-дың АҚШ-тағы Елшісі болып табылады.

Саяси ынтымақтастық

Америка Құрама Штаттарымен жан-жақты қамтылған әріптестікті дамыту біздің еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Барлық деңгейде, сонымен қатар биік деңгейде саяси диалог дәйекті түрде дамуда.

Мәселен, 2017 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ Президенті Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесуі болды, оның барысында екі жақты ынтымақтастықтың айтарлықтай маңызды мәселелері талқыланды.

2017 жылы 21 мамырда Эр - Риядта «АҚШ-Ислам әлемі» саммиті аясында Мемлекет басшысының АҚШ президенті Д.Трамппен арасында қысқаша сұхбаттасуы орын алды.

Қазіргі кезеңде қазақстандық-америкалық ынтымақтастық ҚР Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарының (2018 ж. 15-18 қаңтар) қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтармен айқындалады. Сапар барысында екі елдің көшбасшылары «Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік» бірлескен мәлімдемесін қабылдады.

Жалпы, Мемлекетіміз басшысының АҚШ-қа ресми сапары қазақстандық-америкалық стратегиялық әріптестікті дамытудың маңызды кезеңі болды және Астана мен Вашингтон арасындағы толық форматтық және көп аспектілі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға жаңа серпін берді. Атап айтқанда, екі елдің көшбасшылары ҚР мен АҚШ арасында кеңейтілген стратегиялық әріптестікті орнату туралы шешім қабылдады. Сапардың қорытындылары, келіссөздердің мазмұндық қамтылуымен мен тереңдігі, олардың сенімділік сипаты АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатты, стратегиялық әріптестіктің барлық салаларында екі елдің мүддесі үшін өзара іс-қимылды дәйекті түрде кеңейтуге деген жақын ұмытылысты айқын көрсетті.

2012 жылдан бастап сыртқы саяси ведомстволар басшыларының төрағалығымен Стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Комиссияның маңыздылығын ескере отырып, оның жұмыс топтары Комитеттер мәртебесіне ие болды және 2016 жылғы 8-9 наурызда Вашингтонда алғашқы отырыстары өткізілді. 2017 жылғы 30 қарашада Астана қаласында барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен Комисияның 5-ші шолу сессиясы өтті.

2015 жылғы 1 қарашада, Самарқанд қаласында басталған «C5 + 1» бастамасын институттандыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2016 жылғы 3 тамызыда Вашингтонда «C5 + 1» 2-ші министрлер кездесуі болды. Кездесу аясында бес жобаны іске қосу туралы уағдалыстыққа қол жеткізілді: Орталық Азия бизнесінің бәсекеге қабілеттілігі; көліктік дәліздерді дамыту; болашақ энергиясы; бейімделу шараларын және қауіпсіздік саласындағы жобаны ұлттық әрі өңірлік жоспарлауды қолдау.

2017 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте «C5 + 1» 4-ші министрлер отырысы өтті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Р. Тиллерсонның қатысуымен өткен іс-шараның басты қорытындысы АҚШ Әкімшілігінің осы өңірлік ынтымақтастық форматын қолдауды растауы болды. «C5 + 1» қатысушылары Ауғанстанның тұрақтануына жәрдем көрсету мақсатында осы елмен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің нұсқаларын зерделеу туралы шешім қабылдады.

2018 жылғы 19 қаңтарда Нью-Йоркте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Дж. Салливанның қатысуымен «C5 + 1» министрлер кездесуі өтті, кездесу барысында «C5 + 1» тетігін одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.

АҚШ Конгресімен ынтымақтастық мемлекетаралық қарым-қатынастардың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Негізгі жұмыс «Қазақстан достары тобының» және халықаралық қатынастар жөніндегі бейіндік комитеттердің аясында жүргізіледі. ҚР Парламенті Мәжілісі мен АҚШ Конгресі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі топтың құрамына 29 ҚР депутаты кірді. АҚШ Конгресінің өкілдер палатасындағы «Қазақстан достары кокусы» 11 адамнан тұрады. Топтың төрағасы - Алабама штатының конгрессмені (республикалық) Р.Адерхолт, тең төрағасы - Техас штатының конгрессвуман (демократ) Ш. Джексон-Ли.

Әскери ынтымақтастық саласында бітімгершілік желісі бойынша өзара іс-қимыл күшейуде. Осылайша, американдық тараптың көмегімен Қазақстанда «Қазбриг» бітімгершілік бөлімі құрылды. Бұл бөлімді бітімгершілік миссияларға қатыстыру үшін жұмыстар жалғасуда.

Америкалық тарап біздің елімізді басқа мемлекеттерге үлгі етіп, Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Америкалық «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту жөніндегі бағдарлама» шеңберінде бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылды.

АҚШ Қазақстанда Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ХТБУБ) құру жобасына жәрдем көрсетті. 2017 жылғы 29 тамызда АЭХА жанында ХТБУ Банкінің салтанаты ашылу рәсіміне АҚШ-тың Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқармасының Ядролық қаруды қорғаныстық таратпау жөніндегі басшысының орынбасарының м.а. Д.Хайзенга қатысты.

Экономикалық ынтымақтастық

Қазақстандық кеден органдарының мәлімдеуінше, 2017 жылы Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен сауда көлемі 1,636 миллиард АҚШ долларды құрады, оның ішінде АҚШ-қа Қазақстан Республикасынан экспорты - 392,3 миллион, АҚШ-тан Қазақстан Республикасына импорты - 1,244 миллиард.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің деректері бойынша, 2005 жылдан бастап 2017 жылғы 31 қыркүйекке дейін Құрама Штаттардан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы 30,6 млрд. АҚШ долларын құрады. АҚШ инвестицияларының негізгі бағыттары - тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, кәсіпорындарға жалға алу және қызмет көрсетулер, қаржы қызметі, ұйымдардың, қауымдастықтардың және бірлестіктердің кәсіптік қызметі.

АҚШ Нидерландтан кейінгі Қазақстандағы екінші ең ірі инвестор. Сонымен қатар, 2016 ж. шілдесіндегі «ТШО» БК-нің «Теңіз» кен орнындағы «Future Growth» және «Wellhead Pressure Management Project» жобаларына 36,8 млрд. АҚШ долларын қайта инвестициялау туралы хабарландыру АҚШ пен халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімдерін ұлғайтты.

Қазақстанда АҚШ капиталы бар 500-ге жуық, оның ішінде 443 шағын, 23 орташа және 30 ірі компания жұмыс істеп келеді. 141 компания бірлескен кәсіпорындар болып табылады, 41 компания тауарларды өндірумен айналысады және 37 компания басқа елдерге өнімдерді экспорттайды.

Әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, америкалық компаниялар қазақстандық нарыққа қызығушылық танытуда. Соңғы жылдары Қазақстан нарығына Primus Power, Spancrete, Uber, Starbucks, McDonalds және Netflix сияқты компаниялар кірді.

2017 жылғы 10-13 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаев АҚШ-тың Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаттары Елбасының «Үшінші жаңғыру толқыны: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жөніндегі Жолдауын іске асыру және Қазақстан Республикасының цифрлы экономикаға көшуі контекстінде іскерлік байланыстарды тереңдету, ірі корпорациялармен және «Кремний алқабының» стартаптарымен серіктестік қатынастарды дамыту болды.

2017 жылғы 10 маусымда ЭКСПО-2017 және АҚШ Ұлттық павильонының ашылу салтанатына АҚШ делегациясы қатысты. Делагация басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Д.Розенблум мен ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев екіжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша келіссөздер жүргізді.

2018 жылғы 16 қаңтардағы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында АҚШ Сауда палатасында Елбасының және АҚШ бизнес-қауымдастығының қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Іс-шара нәтижесінде шамамен 7 млрд. АҚШ доллары сомасында 24 келісім-шартқа қол қойылды, ал инвестициялық келісімдердің көлемі 4,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Қол қойылған келісімдер - «Chevron Overseas», «W. R. Grace & Co», «GE Transportation», «Pfizer», «John Deere», «Amity Technology», «Global Beef Investments LLP» сияқты америкалық жетекші компанияларымен ғарыш және авиация, ауыл шаруашылығы, көлік сияқты салалардағы технологиялардың трансфертін қамтиды.

Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы Сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісімнің кеңесі аясында АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселесі тұрақты негізде талқыланып жатыр. Кезекті кездесу Алматы қаласында 2017 жылғы 11-13 желтоқсанда өтті.

Энергетикалық ынтымақтастық саласындағы негізгі механизмі Қазақстан-Америка Бірлескен энергетикалық әріптестік комиссиясы болып табылады. 2017 жылғы 28 тамызда АҚШ Президенттік делегациясының ЭКСПО-2017 көрмесіне сапары аясында делегация басшысы АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Д. Бруйеттің ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаевпен кездесуі өтті. Кездесу нәтижесінде энергетикалық әріптестік жөніндегі бірлескен комиссияның тең төрағаларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды. Құжатқа сәйкес, тараптар өзара іс-қимыл деңгейін Стратегиялық энергия диалогына дейін көтеруге келісті және жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты ынтымақтастықтың нақты бағыттарын белгіледі.

Ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Қазақстан-АҚШ Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы жұмыс істеп келеді.

Білім беру саласында ынтымақтастық жалғасуда. Оқушылар мен оқытушылардың екіжақты алмасу, қазақстандық және американдық университеттердің, соның ішінде Гарвард, MIT және т.б. бірлескен ғылыми жобалары практикалық арналарға аударылды.

Шарттық-құқықтық база

25 жыл ішінде 70-тен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық шарттарға қол қойылды.

Құқықтық базаны одан әрі кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. 2016 жылғы 6 желтоқсанда Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шарт күшіне енді. Осылайша, Қазақстан АҚШ-пен осындай келісім жасасқан Орталық Азиядағы бірінші және ТМД-дағы үшінші (Ресей Федерациясы мен Украинадан кейін) мемлекет болды. 2017 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімге (FATCA) қол қойылды. 2017 жылғы 21 қыркүйекте АИР-ды тұрақтандыру мен қалпына келтіруге Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. 2017 жылғы 10 қарашада Қазақстан 1933 жылғы Экстрадициялау туралы америкааралық конвенцияны ратификациялады. 2018 жылғы 12 қаңтарда Мемлекеттік әуе кемелерінен аэронавигация қызметтері үшін төлемақы алу туралы келісімге қол қойылды, бұл ресми америкалық делегациялардың, соның ішінде АҚШ Конгресінің желісі бойынша, Қазақстанға сапарларын жандандыруға мүмкіндік береді.

Демократия және адам құқықтары

Қазақстан мен АҚШ арасындағы демократия және адам құқықтары саласындағы диалог стратегиялық әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 2017 жылғы 9-10 мамырда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаевтың Вашингтонға сапары өтті. АҚШ Әкімшілігінің өкілдерімен өткізілген кездесулер аясында біздің еліміздегі құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мәселелері талқыланды.

Консулдық саладағы ынтымақтастық

2017 жылдың басынан америкалық азаматтар үшін 30 күнге дейін визасыз режим енгізу Қазақстандағы туризмді ілгерілетуде оң рөл атқарды. Сондай-ақ, 2016 ж. 29 желтоқсанда туристтік және іскерлік визаларды он жылға дейінгі мерзімге өзара беру туралы келісім күшіне енді (бұрын, 2013 жылдан бастап бес жылдық мерзімге визаларды өзара беру режимі жұмыс істеген).

Қосылған : 6.02.2017, 11:55, Өзгертілген : 6.02.2018, 11:30