Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 23 қарашада орнатылды.

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Өтембаев Ерик Мылтықбайұлы (2016 жылғы сәурден).

Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Икром Уктамович Назаров (2016 жылғы қаңтардан).

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық Мәңгілік достық туралы шарт (31.10.1998ж.) және Стратегиялық әріптестік туралы шартқа (14.06.2013 ж.) сәйкес дамып келеді.

2013 жылғы 13-14 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

2014 жылғы 24-25 қарашада Өзбекстан Республикасының Президенті И.Кәрімовтың Қазақстанға ресми сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

2016 жылғы 21-22 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А.Маминнің Өзбекстан Республикасына сапары, ал Өзбекстан Республикасының Вице-Премьері У.Розукуловтың ҚР 2016 жылы 7-8 қазанда өтті.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, 2014 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2,10 млрд. АҚШ долл. құрап (экспорт - 1,12 млрд., импорт - 962 млн.), 2012 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға төмендеді.

2015 жылғы қаңтар-мамыр айларында өзара қазақстан-өзбек сауда айналымы 8,8% төмендеп, 659,9 млн. АҚШ долл. (экспорт – 377,4 млн. АҚШ долл., импорт – 282,5 млн. АҚШ долл.).

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мақсатында, екі ел арасында ҚР мен ӨР Үкімет басшыларының бірінші орынбасарлары деңгейінде Екіжақты ынтымақтастық бойынша бірлескен үкіметаралық комиссия қызмет атқаруда. Аталмыш комиссияның 15-ші отырысы 2016 жылғы 11 наурызда Астана қаласында өткізілді.

Шығармашылық ұжымдар, мәдениет және өнер өкілдерінің өзара сапарлары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Ташкентке 2013 жылғы маусымдағы ресми сапары барысында қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішін ашу салтанаты өтті.

2012 жылғы мамыр айында Өзбекстанда «Біз - бір халықпыз» атты Достық фестивалі аясында Әйтеке бидің 370-жылдығын тойлауға арналған мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді.


Қосылған : 14.10.2014, 13:46, Өзгертілген : 29.01.2017, 22:53