Қазақстан Республикасы мен Ирак Республикасының арасындағы қатынастар

 

Дипломатиялық қатынастар 1995 жылдың 14 қыркүйегінде Хаттамаға қол қою арқылы орнатылған. 2015 жылғы 17 қыркүйектен бастап А.Бердібай Аммандағы резиденциясы арқылы (Иордания) еліміздің Ирактағы Елшісі қызметін қоса атқарады.

Ирактың Қазақстандағы Елшілігі 2008 ж. 12 қазанынан бастап жұмыс істейді. Үстіміздегі жылғы 20 тамыздан бастап Юнис Салим Сархан Қазақстандағы Ирактың Уақытша сенімді өкілі болып тағайындалды. ҚР-ның Ирактағы құрметті консулы Тариқ әл-Абдалла (патентінің мерзімі 2016 жылғы 28 мамырға дейін).

Ирак пен Қазақстан арасындағы саяси қатынастарды нығайтудыңкелешегі зор болмақ. Соңғы жылдарда Иракпен арадағы байланыстарды өз деңгейінде орнатуға негізінен Ирактағы саяси ахуалдың тұрақсыздығы кедергі болды. Аймақ елдерімен қатынасының күрделілігі мен ішкі биліктің алауыздығы елімізбен арадағы байланыстарды нығайтуға кері әсерін тигізіп келеді. Ирактағы көп жылдардан бері созылып келе жатқан саяси дағдарыс бұған дейін Қазақстанмен тиісті деңгейде байланыс орнатуға мүмкіндік бермеді.

Дегенмен, Ирак басшылығы елімізбен көптарапты ынтымақтастықты құруға аса мән беретінін атап өту керек. Олар бұл тұрғыда еліміздің халықаралық аренадағы бастамаларына толыққанды қолдау танытып келеді. Ирак Вице-президенті Тареқ әл-Хашими қатысқан 2010 ж. 8 маусымында Ыстанбұл қаласында өткен Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесінің Үшінші саммитінде Ирак аталған ұйымға толыққанды мүше мәртебесіне ие болды.

Ирак Ислам Ынтымақтастығы ұйымы шеңберінде де еліміз өткізген іс-шаралар мен бастамаларға жоғарғы деңгейде атсалысуда. Атап айтсақ, 2011 ж. 28-30 маусым аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясына Ирактың Сыртқы істер министрі Х.Зибари бастаған делегация қатысты. Ол осы сессия шеңберінде ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовпен және ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановпен келіссөздер жүргізді. Олардың барысында екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай Индонезия (2011ж. 26 мамыр) мен Египетте (2012 ж. 9 мамыр) өткен «Қосылмау қозғалысы» министрлер  конференцияларының шеңберінде Ирактың Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен екі рет кездесті. Бұл кездесулерде халықаралық және екі жақты саясаттағы ықпалдастық жолдары қарастырылды.

Ал, 2011 ж. 7-9 маусым аралығында 7-ші Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Форумының жұмысына Ирак Премьер-министрінің орынбасары Р.Н.Шауис қатысты. Аталған іс-шара шеңберінде ел Премьер-Министрі К.Мәсімовпен кездесіп, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

2012 ж. 27 тамызында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың Ирак Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен телефон сұхбаты болды.

2012 ж. 30 тамызында Тегеран қаласында өткен «Қосылмау қозғалысының» 16-шы саммитіне ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов қатысып, аталған шара шеңберінде ол Ирак Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен кездесті. Кездесу барысында тараптар арасындағы байланыстарды одан әрі жандандыру мәселелері талқыланды.

2012 ж. 11-12 қыркүйекте Астана қаласында өткен АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуіне Ирак Республикасының Жоспарлау Министрі Әли Юсеф әл-Шүкри бастаған делегация қатысты. Делегация құрамында ИР Сыртқы істер министрлігі Азия және Австралия департаментінің директоры Мұхаммад Сабыр Исмаил,ИР Жоспарлау министрлігінің департамент директоры Нада Әбдүлраззақ Әбдүлуахаб жәнеИР Жоспарлау министрінің ассистентіСухайб Джихад Садық болды.

2015 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Ирактың Сыртқы істер министрі И.әл-Жафаримен кездесті.

 Кездесу барысында Ирак Үкіметі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсететіндігін қайта растады. Сонымен қатар Ирак тарапы өз дауыстарын аталған ұйымдағы өздерінің 2034-2035 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне еліміздің қолдау көрсетуімен алмасуға ниетті екендігін жеткізді.

2015 жылғы 17 қыркүйекте ҚР Аммандағы Елшісі А.Бердібай жұмыс сапармен Бағдат қаласына барып, Ирак Президенті Ф.Маасумға сенім грамоталарын табыс етті. Сапар барысында Ирактың Сыртқы істер министрі Ибрахим әл-Джафаримен және Мұнай министрі  Адел Абделмахдимен кездесті.

Ирак Президенті Ф.Масуммен кездесу барысында Елші өзінің Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы Елшісі болып тағайындалуына байланысты сенім грамоталарын табыс етті. Сонымен қатар, екіжақты және халықаралық деңгейдегі көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы талқыланды.

Ирактың Сыртқы істер министрі И.Жаафаримен кездесуде, Ирак араб елдері арасындағы Қазақстанға географиялық тұрғыдан жақын орналасқан мемлекет болып табылатынын ескере отырып, алдағы уақытта Бағдадпен қалыптасқан түрлі салалардағы байланыстарды одан әрі нығайтуға толық негіз бар екендігін атап өтті.

Ирак дипломаты екі ел арасында орнаған достық қарым-қатынастарды жандандыру мақсатында барынша өз үлесін қосуға ынталы екенін білдірді. Қазіргі таңда терроризм бүкіл әлемнің негізгі мәселелердің бірі болып табылатынына назар аудара, бұл зұлымға қарсы күрес барша елдер тарапынан жүргізілу қажеттілігіне тоқталды. Бұл контекстте екі ел арасындағы ақпаратпен өзара алмасу үдерісін орнатуды және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми өкілінің Бағдадқа сапарын ұйымдастыру мүмкін екендігін айтты.

Елші сұхбат аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға жаңа серпін беру маңыздылығына тоқталды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан-Иран-Түрікменстан аумақтары арқылы өтетін темір жол желісінқолдану мүмкіндігін алға тартты.

И.Жаафари өз кезегінде Ирак инфрақұрылымын салу үшін қазақстандық инвестицияларды тартуды шақырды. Одан бөлек, министр Бағдад қаласында ҚР Елшілігін ашу мәселесін қарастыруды сұрады. Осыған байланысты, паритет негізінде елдеріміздің елшіліктерін салуға арналған жер телімдерімен алмасуды ұсынып, бұған қатысты тиісті келісімге қол қою қажеттілігіне назар аударды.

Елші Ирактың Мұнай министрі А.Абделмахдимен болған кездесу шеңберінде, Астана мен Бағдад арасындағы қазіргі даму үдерісі екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтінін хабарлап, бұл саланы ынталандыру үшін барша тетіктерді қолдану маңыздылығына тоқталды.

2015 ж. 29 қыркүйек – 1 қазан кезеңінде Астана қаласында өткізілуі жоспарланып отырған Х-KAZENERGY Еуразиялық форумына ҚР Энергетика министрі В.Школьниктің жолдаған шақыру хатының көшірмесін табыс етілді.

2015 жылғы 15 наурызда ҚР Иорданиядағы Елшісі А.Бердібай Ирактың Аммандағы Елшісі Жауад Аббаспен кездесті. Кездесу шеңберінде екі ел арасында қалыптасқан түрлі қарым-қатынастарды нығайту және халықаралық, аймақтық өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Қазақстан мен Ирак арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың әлеуеті зор екендігіне мән береміз. Ирактықтар экономикалық ықпалдастықты арттыруға мүдделілік танытып келеді. Тараптар арасындағы орын алған сапарлар шеңберінде Бағдад билігі Қазақстандық инвестицияның Ирак нарығына кіруін құптайтындықтарын жеткізуде. Олар осы тұрғыда, соғыстан кейінгі қираған инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруде Қазақстандық компанияларға қолдау танытуға әзір екендіктерін білдіруде және Ирак Сыртқы істер министрлігі Ирактың Астанада Елшіліктері бар екенін алға тарта отырып, екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатында, Қазақстан тарапынан Бағдадта Дипломатиялық миссиясын ашуды жеделдетуді өтінуде.

Қазақстандық компаниялардың ирак нарығына келуі туралы 2009 ж. 16 мамырында Амман қаласында Бүкіләлемдік Экономикалық Форум шеңберінде ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі А.Мағауов Ирактың Мұнай министрі Х.әл-Шахристанимен кездесуі барысында да талқыланды. Кездесуде тараптар Ирактағы мұнай мен газ өндіру жобаларын бірлесе игеру мүмкіндіктерін қарастырды.

Ал, 2010 ж. 20 қазанда «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Ирактың батыс аймағындағы Анбар ауданында 158 млрд. куб.м. құрайтын «Аккас» табиғи газ кен орнын өңдеу бойынша тендерден іріктелді. Бірақ, 2011 ж. мамырында «ҚазМұнайГаз» ҰК директорлар Кеңесі жобадан шығу туралы шешім қабылдады. Ал бұл Ирак басшылығы тарапының жағымсыз реакциясын туғызды.

2013 ж. 22-24 мамыр аралығында өткен VI Астана Экономикалық Форумы және «Дағдарысқа қарсы Бүкіләлемдік 1 конференция» жұмыстарына ирак тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Роуш Нұри Шауис бастаған 24 адамнан тұратын делегация қатысты. Оның құрамында Сауда министрі Хайрұлла Хасан Бабакр, Индустрия және табиғи қазбалар министрі Ахмед Насер Дели Әл-Карболи сияқты жоғары лауазымды тұлғалар болды.

Ирак Премьер-министрінің орынбасары Р.Шауисті аталған форум шеңберінде ҚР Премьер-министрі С.Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы орынбасары Қ.Ишановтар қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан-Ирак қарым-қатынастарының қазіргі ахуалы мен оны дамытудың болашақ перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, аталған шара барысында Ирак Сауда министрі Хайрұлла Хасан Бабакр еліміздің азық-түлік корпорациясы басшылығымен кездесіп, қазақстандық бидайды Ирак рыногіне жеткізу мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда, аталған жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыру мақсатында, Ирак Сауда министрлігі еліміздің «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясын» Бағдадқа сапармен келуге шақырды.

Ирак Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Р.Шауис       2014 ж. өткен VIІ-ші Астана Экономикалық Форумы және «Дағдарысқа қарсы Бүкіләлемдік ІІ-ші конференциясы» жұмыстарына екінші рет қатысып, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовпен ҚР Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалинмен кездесті. Кездесулер барысында екі жақты қарым-қатынастардың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мәселелері, оның ішінде, Қазақстан-Ирак Үкіметаралық комиссиясын құру мен оның алғашқы отырысын өткізу мен ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Бағдадқа сапарының мерзімдері талқыланды.

Р.Шауистің бұл сапарында онымен бірге Қазақстанға делегация құрамында  Ирак Сауда министрі Х.Бабакр, Қаржы министрі С.әл-Сафи, Ирак Ұлттық инвестиция ұйымының Басшысы С.әл-Әражи сияқты жоғары лауазымды тұлғалары бар 34 адамнан тұратын делегация ілесіп барды.

Елдеріміздің арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық та даму үстінде. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, сондай-ақ Қазақстан тарапының Иракты бейбіт қалпына келтіру ынтымақтастығы аясында халықаралық міндеттемені орындау мақсатында 2003-2008 жылдары Иракта коалицияның Тұрақтандыру күштері құрамында Қазақстан ҚК Инженерлік-саперлік жасағы (Казбат құрамынан) қызмет етті. Қазақстан контингенті Ирактағы соғыстан кейінгі қалған миналар мен снарядтарды залалсыздандыру міндетін атқарды. Қазақстан әскерилері Иракта болған мерзімде 4 млн. астам жарылғыш құралдарды жойып, Ирактың Армия Академиясының курсында 500-ден астам ирактық мамандарды оқытты және 2500 бейбіт тұрғын мен коалицияның әскери қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетті.

Дегенмен, Иракпен арадағы әскери және әскери-техникалықынтымақтастықтың әлеуетін көтерудің мүмкіндігі жоғары. Ирак бюджетінен әскери салаға жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін назарға алсақ, болашақта қазақстандық әскери өнеркәсіп өнімдерін ирак нарығына шығарудың тиімділігін алға тартамыз.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Ирактағы орын алып жатқан күрделі ахуалға орай аса жоғары деңгейде дамымауда. Қазіргі таңда, Иракпен бұл салада тығыз байланыстар орнату әзірше мүмкін емес. Алайда, екі елдің білім, денсаулық мәдениет және тағы басқа салаларындағы ықпалдастықтарды дамытуға мүдделілік жоғары. Атап айтсақ, тараптар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету ғылыми тәжірибелермен алмасуға және ирактық студенттерді екі жақты келісімге сәйкес, еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқытуға жол ашар еді.

2011 ж. 29 қыркүйек – 2 қазан аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші Ислам Конференциясына Ирактың Денсаулық министрінің орынбасары Х.Хусейн Али басшылығымен ирак делегациясы қатысып, ҚР Денсаулық министрі С.Қайырбековамен болған кездесуде екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.

Ирак тарапы сонымен қатар, 2012 ж. 17-18 мамырында Астана қаласында ИСЕСКО қамқорлығымен өткен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші Ислам конференциясына Ирак экология министрі Саргон Слиуа бастаған ирак делегациясы қатысты.

2015 ж. 10-11 маусымында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-съезі отырысына ирак тарапынан Бағдад қаласындағы Әбу-Ханифа мешітінің имамы, Мұсылман құқығы бойынша Ирак ғұламалар тобының Төрағасы А.Таха бастаған делегация қатысты.

Ирактағы саяси дағдарыс тұрақтанатын болса онда Иракқа тұтыну астығын, құрылыс материалдарын, металл және дайын конструкцияларды, электр су насостарын, мұнай және энергетика жабдықтарының бірқатар түрлерін жеткізу мүмкіндіктері бар. Ирактың денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын қалпына келтіруге, ауылшаруашылығы, оның ішінде сумен қамтамасыз ету мен суландыру жүйесін жетілдіруге Қазақстанның мемлекеттік және жеке компаниялары қатыса алады. Ирактың инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін осы елге еліміздің түрлі салалардағы мамандарын жіберудің қисындылығына тоқталамыз.

Ирак араб әлеміндегі Қазақстанға ең жақын орналасқан мемлекет. Сондықтан бұл фактор екі ел арасындағы қатынастарды әрі қарай дамытуға жағымды ықпал жасайды.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Ирак арасындағы сауда айналымы  2013 жылдың қорытындысы бойынша 34 млн. долл. (экспорт) құраса 2014 жылы аталған көрсеткіш 5,9 млн. долл. төмендеген. 2015 жылғы 10 айы ішінде екі ел арасындағы сауда айналымы 9,1 млн. АҚШ долл. құрап отыр.

 

 

Қосылған : 15.03.2016, 17:15, Өзгертілген : 15.03.2016, 17:15