Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы қатынастар

Жалпы мәліметтер

1992 жылғы 5 маусым – Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы хаттмамаға қол қойылды.

1994 жылғы қаңтар – Қазақстан Республикасында Болгария Елшідігінің ашылуы.

2004 жылғы желтоқсан – Қазақстан Республикасының Болгариядағы Дипломатиялық миссиясы өз қызметіне кірісті.

2009 жылғы тамыздан бері Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Дипломатиялық миссиясының басшысы – Теміртай Ізбастин.

2015 жылғы ақпаннан бері Қазақстан Республикасындағы Болгария Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – Васил Петков.

Саяси қатынастар

Болгария Президенті Ж.Желевтің 1993 жылғы шілдеде орын алған Қазақстанға ресми сапары қазақстан-болгар қатынастарының дамуына алғашқы серпін берді. 1999 жылғы қыркүйекте Президент Н.Назарбаевтың Софияға жауапты мемлекеттік сапары өтті. Болгария Президенті
Г.Пырванов 2003 жылғы 25-27 қыркүйекте ресми сапармен Қазақстанға келді, 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты.

ҚР Премьер-Министрі Д.Ахметовтың Болгарияға ресми сапары
2006 жылғы 23-24 шілдеде өтті.

2015 жылғы 7-10 қарашада Болгария Республикасы Халықтық Жиналысының төрағасы Ц.Цачеваның Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті, оның барысында Премьер-Министр К.Мәсімовпен,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевпен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповпен, ҚР Сыртқы істер министрі
Е.Ыдырысовпен, ҚХА Төрағасының орынбасары Е.Тоғжановпен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы А.Есімовпен кездесулер өтті. Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен Болгарияның Халықтық Жиналысының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Сауда-экономикалық қатынастар

Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда айналымы 2016 ж. (қаңтар-желтоқсан) 69,4 млн. долл (экспорт – 47,3 млн. долл, импорт – 22,1 млн. долл), 2015 ж. 112,8 млн. долл (экспорт – 80 млн. долл, импорт – 32,8 млн. долл) құрады.

Қазақстанда болгар тарапының қатысуымен 80-ге жуық компания тіркелген. Болгарияда қазақстан тарапының қатысуымен 35-ке жуық компания тіркелген. Оның ішіндегі ең ірі – «Ромпетрол Болгария», оның ел бойынша жанар-жағармай кұйю станциялар желісі бар.

2015 жылғы сәуірден бері Софияда Болгар-Қазақстандық сауда палатасы (БҚСП) жұмыс жасайды, сол жылғы қараша айынан бері Астанада Қазақстандағы БҚСП кенсесі ашылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Қазақстанда 4,5 мыға жуық этникалық болгарлар тұрады. Болгарлардың ұлттық тілін, мәдениеті мен халықтық дәстүрлерін жаңғырту мақсатында 1995 жылы Қазақстанда мәдени іс-шараларға белсенді қатысатын Болгар этномәдение орталығы құрылды.

2015 жылғы 18 наурызда София университетінің Шығыс тілдері мен мәдениетін зерделеу орталығында Қазақ тілі және Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерделеу орталығы ашылды.


Қосылған : 8.09.2014, 12:04, Өзгертілген : 5.04.2016, 10:28