Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасы арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылғы 20 сәуірде ноталармен алмасу арқылы орнатылды.

Қазақстанның Бейруттегі Дипломатиялық миссиясы 2003 жылғы маусымнан бастап жұмыс істейді.

2015 жылдан бастап Азамат Бердыбай Қазақстанның Ливан Республикасындағы Елшісі.

Қазақстандағы Ливанның Елшісі – Жискар Аль-Хури(2018 жылдан бастап)

1997 жылғы қыркүйекте Ливандық «Әл-Мабани» компаниясының өкілдері және өнеркәсіпшілер қауымдастығы делегациясы Қазақстанға келді.

1998 жылғы маусымда Ливандық бизнесмендер, Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетте, Энергетика, Индустрия және сауда, Көлік және коммуникация, Ауыл шаруашылығы министрліктерінде, сонымен қатар «Казахойл» Ұлттық мұнай компаниясында, Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау агенттігінде, Астана және Алматы әкімдіктерінде, Сауда-өнеркәсіптік палатасында және ҚР Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағында кездесулер өткізді.

2003 жылғы 27-28 тамызда Ливан Республикасының Премьер-министрі Р.әл-Хариридің Қазақстанға ресми сапары болды. Ол ҚР Президенті Н.Назарбаетың қабылдауында болып, сондай-ақ ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасы, Премьер-Министрі және Сыртқы істер министрімен келіссөздер өткізді.

Осы сапар нәтижесінде екі елдің премьер-министрлері Қазақстан мен Ливан арасындағы өзара түсіністік Декларациясына қол қойды. Аталмыш құжат тараптардың екі жақты саяси қатынастарды, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту ниеттерін бекітті. Сондай-ақ Декларацияда, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-ливан бірлескен Үкіметаралық комиссиясын құру, білім саласындағы байланыстарды нығайту, студенттер және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен алмасу жолымен кеңейту қарастырылған.

2004 жылғы маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы бастаған делегация Ливанда болды. Сапар барысында Мәжіліс спикері Ливан Президенті Э.Лахудпен, Премьер-министрі Р.әл-Хариримен, Парламент Төрағасы Н.Берримен және Сыртқы істер министрі Ж.Обейдпен кездесулер өткізді.
2010 жылғы 5-6 сәуірде ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Бейрутке жұмыс сапары болып өтті. К.Мәсімов сапар барысында Ливан Президенті М.Сүлейманмен, Парламент Төрағасы Н.Берримен, Премьер-министр С. әл-Хариримен, Сыртқы істер және эмигранттар министрі А.әш-Шамимен кездесулер өткізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен халықаралық сахнадағы бірлесіп әрекет ету мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда бірнеше Ливандық компаниялар сәтті жұмыс атқаруда.
2010 ж. Қазақстан мен Ливан арасындағы тауар айналымы 6 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт – 4,9 млн., импорт – 1,1 млн. долл.). 2011 ж. екі жақты сауда мөлшері 3,730 млн. АҚШ долл. жетті (экспорт – 2,78 млн. АҚШ долл., импорт – 950 мың АҚШ долл.).

Қосылған : 4.12.2013, 11:19, Өзгертілген : 12.02.2019, 17:25