Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 28 мамырда орнатылды.

Екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды оқиға ретінде Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы Бахрейнге ресми сапарын атауға болады. Сапар барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық пен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды.
2002 ж. Бахрейн Корольдігіне ҚР Ұлттық банк делегациясы сапар жасады. Қазақстанда Бахрейн Корольдігі Сауда-өнеркәсіп палатасының (1998 ж.) және бахрейн компанияларының делегациялары (1999 ж.) сапармен болды.
2008 ж. 16-17 қазанда Астанада өткен Азиядағы ынтымақтастық диалогының Сыртқы істер министрлерінің 7-отырысы мен «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» сыртқы істер министрлерінің конференциясына Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік министрі Низар әл Бахарна бастаған бахрейндік делегация қатысты.
ҚР Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев Манамаға 2009 ж. қазан және желтоқсан айларында сапар шекті. Бахрейннің жоғары лауазымды тұлғаларымен өткен кездесулер барысында Қазақстанда ислам банкингі жүйесін дамытуда техникалық көмек көрсету мен осы салада тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды әзірлеу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
2010 ж. 15-16 наурызда Астанада өткен «Kazakhstan Islamic Finance Conference» атты форумға Бахрейн Премьер-министрінің арнайы өкілі мен кеңесшісі, Азия Ислам Банкінің басшысы Абдалла Хасан Сейф қатысты.
Қазақстан мен Бахрейн арасындағы тауар айналымының көлемі 2011 жылы 1 млн. долл. құрады.
Қазақстан-бахрейн қарым-қатынастарының шарт-құқықтық базасы Дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникемен шектелген.

Қосылған : 4.12.2013, 10:54, Өзгертілген : 2.09.2015, 11:27