Қазақстан Республикасы мен Канада арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 ж. 10 сәуірде орнатылды.

1995 ж. бастап Қазақстанда Канада Елшілігі жұмыс жасайды. Қазақстанның Канададағы Елшілігі 2008 жылы ашылды.

Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі К. Жигалов (2012 ж. қаңтардан бастап).

Қазақстан Республикасындағы Канада Елшісі Н. Бруссо (2017 ж. қазаннан бастап).

Қазақстан Канадамен саяси диалогты, үкіметаралық байланыстарды, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дәйекті түрде нығайтып келеді. Ауыл шаруашылғы және уран өндірісін қамтитын дәстүрлі салалардағы әріптестікті нығайтумен қатар, Қазақстан және Канада екіжақты ынтымақтастықты әртараптандыруға талпынып келеді. Кәсіптік-техникалық білім беру, бюджеттік басқару және мемлекеттік қызмет секілді салаларда Канадамен тәжірибе алмасу және зерттеу диалогтың маңызды бағыты болып табылады.

Қазақстан мен Канаданың ынтымақтастығы халықаралық аренада табысты дамып келеді. Ядролық қаруды таратпау, халықаралық терроризммен күрес, сондай-ақ Ауғанстанды тұрақтандыру және қайта қалпына келтіру саласындағы шараларды қабылдаумен байланысты көптеген өзекті мәселелерде ҚР мен Канаданың көзқарастары бір-біріне сәйкес келеді.

2003 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Канададағы ресми сапары өтті, ол екіжақты қарым-қатынастардың дамуына маңызды серпін берді. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі кездесулер ірі халықаралық іс-шаралардың алаңдарында да өткізіледі. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Канаданың Премьер-министрі
С. Харпермен 2010 ж. Лиссабонда НАТО Саммитіне қатысу барысында және 2013 ж. Санкт-Петербургте «G20» Саммитінің, 2015 ж. Нью-Йоркте зорлық экстремизмге қарсы Саммитінің, сондай-ақ Канаданың Премьер-министрі Дж. Трюдомен 2016 ж. Ханчжоуда «G20» Саммитінің алаңдарында кездестті.

2013 ж. Канаданың Сыртқы істер министрі Дж. Бэрд Қазақстанға сапармен келді. ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов Канаданың Сыртқы істер министрі С. Дионмен 2015 ж. Белградта ЕҚЫҰ Министрлік отырысының және 2016 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында кездесті.

Парламентаралық ынтымақтастық Қазақстандық-канадалық қарым-қатынастардың маңызын құрайды. Оның дамуына екі елдің парламенттеріндегі парламентаралық «достас топтардың» жұмысы және парламенттік делегациялардың сапар алмасулары ықпал етеді. ҚР Парламентінің делегациясы Парламент Мәжілісінің Төрағасы
Н. Нығматуллинның басшылығымен 2012 ж. Парламентаралық одақтың
127-ші Ассамблеясына қатысу барысында Канадаға сапармен барды. Канада Парламентінің делегациясы 2014 және 2016 жж. сапарлармен Қазақстанға келді.

Қазақстандық-канадалық ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасы экономикалық ынтымақтастық және өзара қарым-қатынастардың қағидалары туралы декларациядан, өзара сауда жөніндегі Келісім, қосарланған салуды болдырмау туралы Шарт, атом энергиясын бейбіт қолдану саласындағы Келісім, сондай-ақ бірқатар ведомствааралық меморандумдардан тұрады.

Іскер әріптестік ҚР мен Канада арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңызды қозғалтқышы болып табылады. Канада Үкіметінің «шетелдік нарықтардағы жаһандық іс-қимыл жоспарында» Қазақстан басым елдердің тізіміне енгізілген. ҚР мен Канада арасындағы тауар айналымы 2017 ж. қаңтар-қарашада 340,1 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 220 млн. АҚШ доллары, импорт – 120 млн. АҚШ долларын құрады. ҚР Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, 2017 ж. тоғыз ай ішіндегі Канададан 69,5 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Екіжақты іскер әріптестікті нығайту үшін 2016 ж. Қазақстан-канадалық іскер кеңесі құрылды.

Қосылған : 27.05.2015, 12:39, Өзгертілген : 20.02.2018, 13:35