Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қатынастар

Жалпы мәліметтер

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының (ИИР) дипломатиялық қатынасы 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады.

Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі 1993 жылы, Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулдығы 2007 жылғы қазан айында ашылды. ҚР-дың Ирандағы Елшісі Б.Әміреев (2011 жылғы ақпаннан бастап).

Иранның Қазақстандағы Елшілігі 1992 жылы ашылды. ИИР-дың Ақтаудағы Бас консулдығы 2009 жылы қазан айында, Алматыдағы Бас консулдығы 2012 жылы тамыз айында ашылды. Иранның Қазақстандағы Елшісі – Можтаба Дамирчилу (2014 жылғы тамыздан бастап).

Саяси ынтымақтастық

Қазақстан мен Иран бірнеше рет достық және тату көршілік қатынастарын дамытуға деген саяси еріктері мен әзірліктерін жариялады. Тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар (БҰҰ, АӨСШК, ИЫҰ, ШЫҰ ЭЫҰ) аясында тығыз ынтымақтастыққа ие. Иран Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру, АӨСШК пен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізу, штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі исламдық ұйымын құру және т.б. бастамаларын қолдады.

Екі ел қатынастарының шарттық-құқықтық базасы 60 астам келісімдер мен құжаттарды қамтиды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

ҚР мен ИИР арасындағы сауда айналымы 2015 жылы 635 млн. долларды (экспорт – 565,5 млн. долл., импорт 69,1 млн. доллар), 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында 537,4 млн. долларды (экспорт - 496.8 млн., импорт – 40.6 млн. долларды) құрады.

Қазақстан-Иран Үкіметаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық комиссиясы тұрақты жұмыс істеуде. Аталған комиссияның 15-ші отырысы 2016 жылғы 11-12 желтоқсанда Тегеранда өтті.

2015 жылдың 9 айында Ираннан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 245,5 млн. долларды құрады.

Екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылатын Өзен (Қазақстан) – Кызылгая – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) темір жол желісін пайдалану оң ықпалын тигізуде.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері үшін Иран бағыты ерекше маңызға ие. 2015 жылы Иранға қазақстандық астық экспорты 758,2 мың тоннаны, оның ішінде бидай 186,6 мың тоннаны, арпа – 571,2 мың тоннаны құрады. Ал, 2016 жылдың 1 қаңтары мен 22 ақпаны аралығында Иранға 272,0 тонна Қазақстан астығы тиелді.

Қосылған : 4.12.2013, 11:07, Өзгертілген : 2.09.2015, 12:00