Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 11 қаңтарында орнатылды.

Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі елшісі-Алмас Абдраманов.

Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшісі - Тарек Абдулла Аль-Фарадж(2015 жылдан бастап).

Екі ел арасындағы ынтымақтастық негіздері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Кувейтке жасаған ресми сапары кезінде қаланды.
Cапар нәтижесінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдерге, сондай-ақ екі ел Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар туралы меморандумға қол қойылды.
Кувейт Мемлекетіне ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың (1997 ж.), Астана қаласы әкімі Ө.Шүкеевтің (2005 ж.), Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Ермекбаевтың (2008 ж.), Энергетика және минералдық ресурстар министрі С.Мыңбаевтың (2008 ж.), Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтің (2008 ж.), Туризм және спорт министрі Т.Досмұхамбетовтің (2009 және 2011 жж.), Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.Коржованың (2010 ж.) сапарлары болды.
Қазақстанға Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Н.Родан (1992 ж.), Ұлттық Ассамблеяның (Парламент) делегациялары (1998, 2002 және 2010 ж.), Кувейт Әмірі Әкімшілігінің басшысы шейх Насер Ас-Сабах (2008 ж.), Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхаммед Ас-Сабах (2008 ж.), Азия Олипиялық Кеңесінің Президенті шейх Ахмед Ас-Сабах (2007, 2010 және 2011 жж.) сапар жасады.
Кувейт Астана қаласы әкімдігі жаңа ғиматарының құрылысына (10 млн. долл.), Астананың сол жағалуы инфрақұрылымының және Арал теңізі аймағын сумен қамтамасыз ету жобасының техника-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге (2,3 млн. долл.) гранттар бөлді. Кувейттік кредиттер есебінен (11,5 млн. долл.) Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарындағы сумен қамтамасыз ету, санитария және денсаулық сақтауды жақсарту жобалары жүзеге асырылды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-кувейт үкіметаралық комиссиясының екі отырысы өтті – 2008 ж. Астана қаласында, 2010 ж. әл-Кувейт қаласында.
Қазақстан мен Кувейт арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 290,1 мың долл. құрады.
Қазақстан-кувейт қарым-қатынастарының шарттық-құқықтық базасы 9 құжатқа негізделген.

Қосылған : 4.12.2013, 11:14, Өзгертілген : 12.02.2019, 17:10