Қазақстан Республикасы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 ж. 28 қаңтарда орнатылды.

1992-1998 жылдар аралығында Алматыда КХДР Елшілігі жұмыс істеді. 2000 ж. қараша айына дейін Корей Халық Демократиялық Республикасының Сауда миссиясы Алматы қаласында жұмыс жүргізді.

2008 ж. қазанда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ю.Цхай, Қазақстанның кәрістер қауымдастығының өкілдері және қазақстандық кәсіпкерлер кірген қазақстандық делегация Солтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барды. Делегация КХДР-ның басшылығымен келіссөздер жүргізіп, мәдени миссияны орындады.

2008 ж. қарашада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.-Ж.Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға КХДР Жоғарғы халық Ассамблеясының төрағасы Чой Тэ Бок жұмыс сапарымен келді. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.-Ж.Тоқаевпен кездесу барысында тараптар достық қарым-қатынастарды және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың болашағын талқылады. Алматыда Чой Тэ Бок Қазақстанның кәрістер қауымдастығы (АКК) және Республикалық Ұлттық корей музыкалық комедия театрына барды. АКК Президенті Р.Ким Қауымдастық ұстанымы қазіргі саяси ахуалға байланысты еместігін, екі Корея арасындағы айырмашылықты көрмейтіндігін және ол екі жағымен де жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

2015 ж. 10-11 сәуірде Пхеньянда Қазақстан-Солтүстік Корея арасындағы саяси консультациялардың 2-отырысы өтті. Қазақстан делегациясын ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры А.Тұматов, ал Солтүстік Корея тарапын КХДР Сыртқы істер министрлігінің Үшінші департаментінің директоры О Чол Сун басқарды. Консультациялар барысында ядролық қаруды таратпау және ядролық қарусыздану, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

КХДР Қазақстанның бірқатар сыртқы саяси бастамаларын, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан Республикасының кандидатурасын және «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді қолдады.


Қосылған : 24.01.2018, 17:25, Өзгертілген : 24.01.2018, 17:25