Шанхай ынтымақтастық ұйымы

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды.

Ұйымның негізгі мақсаттары – 2002 ж. 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саясат, сауда-экономика, ғылым және техника, мәдениет, білім беру, энергетика, көлік, экология және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер – Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.

ШЫҰ-ға байқаушы мемлекеттер – Ауғанстан, Беларусь, Иран және Монғолия.

ШЫҰ-ның диалог бойынша әріптестері – Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка және Түркия.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол - кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған, құрамы кеңейтілуге ашық ұйым.

Қазіргі кезде ШЫҰ (байқаушы және диалог бойынша әріптес мемлекеттермен бірге) – бұл тұрғын саны 3 млрд. асатын елдер (әлемдегі халық санының 50%-ға жуығы). Ұйымның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесі (Қытай және Ресей), әлемдегі халық санының ең көп екі мемлекеті (Үндістан және Қытай), БРИКС тобының бес мемлекетінің үшеуі және G-20 тобының жиырма үш мемлекетінің үшеуі (Үндістан, Қытай және Ресей), сондай-ақ дүние жүзінде энергияны ең көп тұтынушы мемлекеттер (Үндістан және Қытай) кіреді.

ШЫҰ-ның қазіргі кездегі негізгі мақсаттары – өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.

ШЫҰ жоғарғы органы - Мемлекет басшыларының кеңесі. Кеңес негізгі басымдықтарды белгілеп, Ұйым қызметінің басым бағыттарын айқындайды, оның ішкі құрылымы мен жұмысының негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарын реттейді, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады.

Үкімет басшыларының (премьер-министрлер) кеңесі – Ұйым шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі мәселелерін қарастырады және шешеді, Ұйым бюджетін қабылдайды.

Сыртқы істер министрлерінің кеңесі – Ұйымның ағымдағы қызметінің, Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық, халықаралық мәселелер бойынша Ұйым шеңберінде консультациялар өткізу мәселелерін қарайды. Қажет болған жағдайда Кеңес ШЫҰ атынан мәлімдеме жасайды.

Ұлттық үйлестірушілер кеңесі – Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіреді және басқаруды жүзеге асырады. Кеңес Мемлекет басшылары, Үкімет басшылары және Сыртқы істер министрлері кеңестеріне дайындық жұмыстарын жүргізеді.

ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдары – Бейжіңдегі Ұйым Хатшылығы және Ташкенттегі Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (АТҚҚ) Атқарушы комитеті – Ұйым алдындағы негізгі міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады.

ШЫҰ Бас хатшысы мен АТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры мүше мемлекеттердің азаматтары қатарынан ротация негізінде мемлекеттің атауы бойынша орыс әліпбиінің тәртібі бойынша қайта ұзарту құқығынсыз 3 жылға сайланады.

Рашид Алимов (Тәжікстан өкілі) 2016 ж. Қаңтарынан бастап ШЫҰ Бас хатшысы, ал Евгений Сысоев (Ресей өкілі) - АТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры болып табылады.

Қалыптасқан тәжірибе бойынша, Ұйымға төрағалық бір жылдық кезең ішінде жүзеге асырылады - кезекті саммит аяқталғаннан кейін басталып, төрағалық етуші мемлекеттің аумағында ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының отырысын өткізумен аяқталады. 2018 ж. маусымнан бастап Ұйымға Қырғыз Республикасы төрағалық етеді.

ШЫҰ-ның негізгі құжаттары:

- ШЫҰ Хартиясы;

- ШЫҰ-ны құру туралы декларация;

- Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы;

- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт;

- ШЫҰ Рәсімдер ережелері;

- ШЫҰ Хатшылығы туралы Ереже;

- Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің Регламенті;

- ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесі туралы Ереже;

- ШЫҰ-ның сұхбат бойынша серіктес мәртебесі туралы Ереже.

Қосылған : 25.09.2018, 19:40, Өзгертілген : 30.11.2018, 15:15