Сержан Әбдікәрімов. Чехия: туристік кластер жетістіктері және Қазақстан үшін тәжірибе

Сержан ӘБДІКӘРІМОВ, Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы және Словак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Чехия: туристік кластер жетістіктері және Қазақстан үшін тәжірибе

Туристік бизнесі жоғары деңгейде дамыған Чехия оң тәжірибені зерделеу, туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан алғанда Қазақстан үшін тартымды ел болып табылады.

Жыл сайын Чехияға он миллионнан астам турист келеді, оның 100 мыңдайы қазақстандық саяхатшы. Осыншама қонаққа қызмет көрсету үшін елде білікті кадрлар, шетелдік туристерді тарту тәжірибесі, дамыған туризм инфрақұрылымы бар. Чехиядағы туристік бизнесті дамытуда әлемнің көптеген елдерімен арада кең көлік желісінің, ең алдымен, тікелей рейстердің болуы зор рөл атқарады.

Чехияға демалуға, оқуға, серуендеуге, емделуге және т.б. мақсаттармен келетін қазақстандық азаматтардың ағымы жыл сайын арта түсуде. Қазіргі таңда Чехияның жоғары оқу орындарында 2000-нан астам қазақстандық студент оқиды және олардың саны жыл сайын артып келеді. Өзара іскерлік сапарлар саны да артуда. Чех туристері де Қазақстанның туристік көрнекті жерлеріне қызығушылық таныта бастауды.

Табиғаты әралуан болып келетін және тарихи-сәулет ескерткіштерінің бірегей кешендеріне ие Қазақстанда Еуразиядағы туризм орталықтарының біріне айналуы үшін барлық алғышарттар бар.

Бүгінде Қазақстан халықаралық аренадағы танымал елге айналды. Әрине, біздің еліміздің саяси, экономикалық және мәдени форумдарды өткізуі, халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруы имидждік әсерді жинақтаудың ажырамас құрамдас бөлігіне айналды. 2017 жылғы қуатты имидждік іс-шара Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінің өткізілуі болды, ол шетелдік туристерді тартуға және ғаламдық ақпараттық кеңістіктегі кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік берді.

Қазақстанды көп ұлтты және көп конфессиялы ел, саяси тұрақты және экономикасы орнықты мемлекет ретінде әлемге таныстыру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Осыған орай шетелдік туристерді Қазақстанға барынша тарту және біздің елімізді www.turizm.world, www.worldtravelguide.net, www.fodors.com және т.б. сияқты әлемдік жолсілтемелердегі ең танымал туристік маршруттар тізіміне қосу жолындағы күш-жігерді одан әрі жұмылдыру қажет. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭЫДҰ елдерінің азаматтары үшін енгізілген визалық жеңілдіктердің осы тұрғыда күшті әсері бар екені шүбәсіз.

2017 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының құрылуы өте уақтылы болды, оның негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін шетелде ілгерілету және осы салаға инвестициялар тарту. «Kazakh Tourism» компаниясының алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін Чех Республикасының өзіндік туристік кластерді дамытудағы тәжірибесін қолдану жетістіктерге апарары анық.

Екіжақты ынтымақтастықтың және озық тәжірибемен алмасудың басым бағыттарына медициналық туризмді, конгресс-туризмді, аңшылық және балықшылық туризм мен ішкі туризмді жатқызу қажет.

Медициналық туризм. Чехия медициналық туризмді белсенді түрде дамытып, жақсы жарнамалап келеді. Шетелдіктердің Чехияда емделуге қызығушылығы тұрақты түрде артуда. Лазерлік көз операциялары, пластикалық хирургия, стоматологиялық қызметтер, жасанды ұрықтандыру ең көп сұранысқа ие болып отыр. Жоғары сапа және батыс көршілерге қарағандағы едәуір төмен бағалар Еуропада айтарлықтай бәсекелестік тудырады.

Чехияның онкологиялық ауруларды емдеудегі жетістіктерін атап өтпеу мүмкін емес. Чех ғалымдары бас және мойын қатерлі ісігін емдеудің жаңа әдісіне патент алды. Зерттеулер сәтті жалғасуда және жаңа емдеу әдісі алдағы 10-15 жылда енгізіледі деп күтілуде. Бұл әдіс жараларды емдеу үшін де тиімді болады. Чех ғалымдарының тағы бір жетістігін онкологиядағы революция деп атауға болады. Жаңадан ойлап табылған адамның иммундық жүйесін белсенді ететін ДНҚ вакцинасының арқасында онкологиялық аурулардың қайталануын болдырмауға болады.

Чехия емдеудің жаңа әдістерін ашуда. Мысалы, чех кардиологтары миокард инфарктісін емдеуде ангиопластиканы қолданудың жаңа әдісін ойлап тапты. Чехияда әрбір кардиологиялық орталықта осы әдіспен инфарктты емдеуге арналған жабдықтар бар, бұл сауығып кеткен емделушілердің санын 5%-ға арттырды.

Сонымен қатар, чех дәрігерлері диабетті ерте диагностикалау мен емдеуде жетекші орындардың бірін алады. Чехияда бүкіл әлемде дерлік пациенттер ақы төлеуге міндеттелетін кейбір процедуралар (мысалы, инсулин сорғысын орнату) сақтандыру бойынша жүзеге асырылады.

Чехия статистикалық басқармасы құрастырған ең көп таралған аурулардың тізбесінде жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орынды иеленеді. Осыны ескере отырып, Чехия азаматтарын аталған ауруларды қазақстандық клиникаларда емделуге тарту мүмкіндігін медициналық туризм саласындағы әлеуетті бағыт ретінде қарастыруға болады.

Қазақстандық шипажайлар мен емханалар өкілдерінің бальнеологиялық емдеуді ұйымдастыру саласындағы чех тәжірибесін зерделеу мақсатындағы сапарлары жалғасып келеді. Чехиядағы курорттар туралы айтқанда, көпшілік Карловы Вары мен Марианске Лазне курорттарын еске түсіреді, бірақ жергілікті тұрғындар арасында Франтишковы Лазне (жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары), Бехине (тірек-қимыл жүйесі), Яхимов (тірек-қимыл жүйесі), Янске Лазне (ағзаны жалпы қалпына келтіру) және көптеген тағы да басқа курорттар танымал. Сарыағаш, Барлық-Арасан, Арасан-Қапал, Бурабай және т.б. сияқты бірегей бальнеологиялық курорттарда жұмыс істейтін ұйымдарымыздың үздік тәжірибелерді зерделеу және оларды Қазақстанда енгізу үшін өз мамандарын Чехияға жіберіп тұрғаны жөн болар еді.

Соңғы жылдары медициналық техника мен технологияларды өндіруші және жеткізуші чех компанияларының қазақстандық нарыққа қызығушылығы арта түсуде. Медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары кардиология, онкология және бальнеология, медициналық көрмелерге қатысу болып табылады.

Конгресс-туризм (іскерлік туризм). Біздің елімізде заманауи инфрақұрылымның (конгресс және конференц-залдар, бизнес-орталықтар, ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы және т.б.) бар екендігін ескеретін болсақ, Қазақстан үшін Чехияның конгресс-туризм саласындағы тәжірибесі белгілі бір қызығушылық тудыруы мүмкін.

Прагада жалпы сыйымдылығы 50 мың орынды құрайтын конгресс-залдар шоғырланған. Бір мезгілде осыншама қонақты 400-ге жуық прагалық қонақүй орналастыра алады. Праганың Конгресс-орталығында сыйымдылығы 12-2700 адамға арналған 20 зал және 50 аудитория бар. Прагадан басқа Чехияның көптеген өңірлік қалаларының (Брно, Острава) және танымал курорттарының (Карловы Вары, Теплице) конгрестер мен іскерлік кездесулер өткізуге үлкен мүмкіндіктері бар. Іскерлік туризмді дамытуда чех қорғандары мен сарайлары маңызды рөл атқарады (Добржиш, Кромержиж, Сихров). Чехияның конгресс және конференц-залдары қонақтарға халықаралық қызмет ұсынады. Чехия қонақүйлерінің қызметтері де халықаралық деңгейде.

Чехияның іскерлік және туристік әлеуетін жарнамалау кезінде көркем табиғат көріністеріне, әр клиентке жеке бағдарлама жасауға мүмкіндік беретін қосымша бағдарламалар мен ойын-сауықтарға ерекше көңіл бөлінеді. Ел аумағында әр түрлі тарихи сәулет өнері ескерткіштері бар, бұл жаңа трендтің, атап айтқанда, Чехиядағы танымдық туризмнің дамуына үлес қосты.

Іскерлік кездесулерді релаксациялық сапарлармен үйлестіру қарқынды дамып келе жатыр, қонақтарға жаяу серуендеу және велосипед жолдары ұсынылады, соңғы кезде Еуропада өте танымал болған агротуризм аясында отбасылық фермаларға сапарлар ұйымдастырылады. Қазақстанның көркем табиғаты жоғарыда аталған идеялар мен мүмкіндіктерді біздің еліміздің аумағында да жүзеге асыруға мүмкіндік берер еді.

Чехияда конгресс-туризмнің даму үстіндегі перспективалары жөніндегі түсінік орныққан. Бәсекелестікке қарамастан, үкіметтің мақсатты күш-жігерінің арқасында Конгресс орталығы 2002 жылғы қарашада НАТО саммитін өткізетін елді іріктеп алу мақсатында өткізілген конкурста жеңіске жетті. ЕО қорларынан түсетін қаражаттың белгілі бір бөлігін Чехия Үкіметі ел өңірлерінде бизнес туризмді дамытуға жұмсауды жоспарлап отыр.

Елдің іскерлік мүмкіндіктері туралы әлем елдерін хабардар ету үшін, келіссөздер жүргізуге, келісімшарттар жасасуға, конференцияларды ұйымдастыруға қолайлы орындардың мол дерекқоры бар Чех конгресс туризм қауымдастығы құрылды. Қауымдастық жыл сайын халықаралық туристік жәрмеңкелерде Чехияның туристік мүмкіндіктері туралы таныстырылымдар өткізеді.

Аңшылық және балықшылық туризмі. Чехияда аң аулауға қойылған шамадан тыс заңнамалық шектеулері жоқ Еуропаның аздаған елдерінің бірі болып табылады. Чехияда аң аулауға бүкіл әлемнің ең талғампаз аңшылары қатысады және оның сапасына қанағаттанушылығын білдіріп жатады.

Чехия орта ғасырларда өзінің табиғат жағдайларымен және аңға бай алқаптарымен танымал болды. Елдегі бай аңшылық дәстүрлерді тек ақсүйектер ғана емес (атап айтқанда, әйгілі эрцгерцог Франц Фердинанд д'Эсте), жергілікті аңшылық қоғамдар да дамытып, қолдап отырған. Аңшылық чех мәдениетіне: кескіндеме, сәулетшілік, музыка, сәулет және кино өнеріне айтарлықтай әсер етті. Бұл елде аң аулау салт-дәстүрлері ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа беріледі, ежелгі аңшылық салт-жоралары бүгінге дейін сақталып келеді. Бұл жыл сайын бүкіл әлемнен мыңдаған аңшыларды тартатын Чехияның өзіндік визит карточкасына айналды. Чехия аңшылық олжаның жоғары сапасымен де танымал.

Балықшылық туризмге келетін болсақ, Чехияда көптеген балық түрлері өсіріледі және оларды аулауға болатын көптеген су объектілері бар. Олардың ішіндегі ең танымалдары: Сушицедегі Отава, Липно көлі, Влтава у Чешских Будеевиц, Стршела, Каменице-над-Дечином, Изера у Гаррахова, Врхни Орлице, Морава, Гневковице су қоймасы, Орлик және Липно өзендерінің бассейндері, шекара бойындағы Эльба, Мушов су қоймасы, Грахолуски, Слезска Харта, Нехранице, Скалка-у-Хеба. Чехиядағы балық аулауды сөз етер болсақ, бүгін осы елде өтетін халықаралық балық аулау жарыстарының саны артып келе жатқанын еске түсірмеу мүмкін емес.

Қазақстанның аңшылық және балықшылық туризмді дамыту үшін зор табиғи әлеуеті бар. Осыған байланысты, қазақстандық тарап үшін Чехияның аң аулау қауымдастықтары мен аймақтық одақтарының шаруашылық жүргізу тәжірибесін зерттеген пайдалы көрінеді. 2016 жылы «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық-шаруашылығы субъектілері республи­калық қауым­­дастығы мен Чехия жабайы табиғат және аңшылық қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Чехияның аңшылықпен және балықшылықпен айналысатын әуесқойларына: құс, қасқыр, аю, түлкі аулау, тау ішінде аң аулау, тазы және құс салу, тағы да басқалар сияқты экзотикалық туристік өнімдерді ұсына алады.

Ішкі туризм. Чехия Үкіметі жұмысының маңызды бағыттарының бірі ұлттық ішкі туризмді дамыту болып қалуда. Елде Ішкі туризмді дамыту бағдарламасы бар, ол негізгі бес тарауға бөлінген: 1) «CzechTourism»-нің өңірлермен ынтымақтастығын нығайту және бірлестікте жаңа туристік өнімдерді әзірлеу және ілгерілету; 2) ішкі туризмді халық арасында насихаттау; 3) Transborder incoming – шекаралас мемлекеттермен (Германия, Польша, Австрия, Словакия) бірлесіп шекараға шектес өңірлер үшін туристік өнімдер әзірлеу және елдердің шекараға шектес өңірлері арасындағы туристік ағындардың өзара ұлғаюы үшін жағдай жасау; 4) бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалық науқандар, соның ішінде әлеуметтік желілер мен блогтар арқылы ақпарат тарату; 5) өңірлік туристік жобалардың иелерімен жұмысты үйлестіру.

Негізгі міндет туристік бизнестің кіші салаларын әртараптандыру және оған өңірлер мен халық топтарының барынша көп санын тарту болып табылатынын атап өтуге болады.

Қазақстанның туристік және рекреациялық әлеуетін ескергенде, ішкі туризмді дамытудың келешегі зор. 18-миллиондық отандық нарық, каньондардан ну орманға дейінгі көркем табиғи ландшафтардың әртүрлілігі сияқты қолда бар алғышарттармен қатар, мынадай жаңалары да жасалуда: мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымы дамып келеді, бизнесті жүргізу шарттары жеңілдетілуде, микро, шағын және орта кәсіпорындарды бақылау-қадағалаулар қысқаруда және т.б. Бәсекеге қабілетті бағаларға және қызмет көрсетудің жоғары деңгейіне негізделген дамыған ішкі туризм нарығы тұрақты табысқа жетуді көздей алады. Отандық тұтынушы ұлттық туризм индустриясының негізгі инвесторына айналуы тиіс. Кейбір қызық идеяларды чехиялық әріптестерден алуға болады.

Қосылған : 7.06.2018, 16:30, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:30