Үсен Сүлеймен. Орталық Азия және АСЕАН: «Белдеу және жол» бастамасы арқылы жақындасу

Үсен СҮЛЕЙМЕН, Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Орталық Азия және АСЕАН: «Белдеу және жол» бастамасы арқылы жақындасу

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Бейжің қ., 15 мамыр 2017 ж. (Akorda.kz)

Осы заманғы халықаралық қатынастар трендтерінің бірі негізгі екпінді саяси тұрғыдан экономикалық тұрғыға ауыстыру болып табылады. Бұл әлемдік державалардың интеграциялық процестерді жетілдіру, өңірлік сауда-экономикалық платформалар мен сауда маршруттарын құру арқылы экономикалық ықпал үшін жанталасу әрекеттерінде көрініс табады. Дамушы елдердегі назарды «төртінші өнеркәсіптік революция» мақсаттарын іске асыру жағына қарай ауыстыруды уақыт ағыны талап ететін процесс ретінде сипаттауға болады.

Бүгінгі таңда Азия мен Еуропаның арасында құрлықаралық саудадағы жүк тасымалдарының 90%-ынан астамы теңіз жолымен жүзеге асырылады. Алайда сарапшылардың болжамдары бойынша орта мерзімді перспективада соншалықты қомақты көлемнің белгілі бір үлесін құрлықтағы жол қамтуға тиіс, ондағы Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның көлік-транзиттік потенциалы елеулі рөл атқаруға тиіс. Бұл ретте, осы заманғы геосаяси жағдай кезінде Орталық Азияның Еуропа мен Қытайдың арасында маңызды транзиттік дәлізге айналуына айтарлықтай әлеуеті мен мүмкіндіктері бар.

«Жібек жолының экономикалық белдеуін» (ЖЖЭБ) құру туралы бастаманы алғаш рет ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің 2013 жылғы қыркүйекте Астанаға сапары барысында айтқаны белгілі. Бір айдан кейін Қытай басшысы өзінің Джакартаға сапарының барысында Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) мүше елдерге «ХХІ ғасырдың Теңіз жібек жолын» бірлесіп салу идеясын ұсынды. Одан әрі, осы екі бастама Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атауындағы ортақ стратегиялық тұжырымдамасына біріктірілді, кейіннен ол «Белдеу және жол» бастамасы деп қайта аталды.

ЖЖЭБ құру туралы бастаманың Астанада алдын ала құлақтандырылуы Қазақстанның осы мегажобаны іске асыруда аса маңызды рөлдердің бірін атқаратынын білдіретіндігі қуантарлық. Бұл, өз кезегінде, Еуропа мен Азияны біріктіретін жолды түбегейлі жаңғырту және оны өңірлік көлік-логистикалық хабқа айналдыру жөніндегі Қазақстанның стратегиялық міндеттерімен толық үйлеседі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық жасаған «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың және оның ЖЖЭБ-пен үйлесімінің зор әлеуеті бар және Қазақстанның экономикалық және инфрақұрылымдық дамуында айқындаушы рөл атқарады. «Нұрлы жол» және ЖЖЭБ жобаларының стратегиялық мақсаттары өздерінің мазмұны бойынша аса ұқсас. Екі бағдарламаның негізгі міндеттері көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағдарланған. «Нұрлы жол» бағдарламасына бастамашылық жасау барысында Мемлекет басшысының көлік-инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға инвестицияларды ұлғайтудың маңыздылығына назар аударғаны кездейсоқтық емес, ол өз кезегінде, «Белдеу және жол» бүкіл маршруты бойындағы көліктік инфрақұрылым қызметін жандандыру және оны қаржыландыру жөніндегі Қытайдың жоспарларына сәйкес келеді.

Қазақстанды өңірлік транзиттік хабқа айналдыру бүкіл өңірдің Еуразия құрлығының аумағындағы аса маңызды көлік-логистикалық тораптардың шоғырына енуі үшін елеулі мүмкіндіктер ашады. Оның үстіне, бұл бүкіл өңірге Оңтүстік-Шығыс Азияны қоса алғанда, барлық бағыттар бойынша сауда маршруттарын әртараптандыру мүмкіндігін береді.

Ресми Ташкенттің сыртқы экономикалық бағытын өңірлік интеграцияны нығайту жағына қарай ауыстыру айтарлықтай маңызды фактор болып табылады, бұл Орталық Азияның бәсекеге қабілеттілігін және бірлігін нығайтуға ықпал етеді.

Ұйымшыл және қуатты Орталық Азия барлық «стейкхолдерлерге» тиімді. Бұл өңірді инвесторлар үшін тартымды және ЖЖЭБ іске асыру шеңберінде бәсекеге қабілетті етеді.

ОА мен АСЕАН-ның экономикалық өсу әлеуеті орасан зор. Орталық Азияға «Белдеу және жол» құрлықтағы тармағын, Оңтүстік-Шығыс Азияға – теңіздегі тармағын іске асыру шеңберіндегі аса маңызды рөл бөлінеді. Өңірлердің арасындағы өзара іс-қимыл ұзақ уақыт бойына төмен деңгейде болды. Алайда қазіргі кезде «Белдеу және жол» бастамасын және технологиялық революцияны іске асыру үшін екі өңір де бір-бірімен жақындасу үшін елеулі мүмкіндікке ие болады.

Орталық Азияның ЖЖЭБ-ны іске асыруға белсенді түрде тартылуы ЖІӨ-нің жиынтық көлемі 2,4 трлн. АҚШ долларын құрайтын, экономикасының көлемі бойынша әлемде алтыншы болып табылатын АСЕАН-мен өзара іс-қимылды жолға қою үшін өңір алдында перспективалық мүмкіндіктер ашады. Сарапшылардың болжамдарына сәйкес 2050 жылға қарай АСЕАН осы көрсеткіш бойынша төртінші орынға шығады.

АСЕАН-ның құрамына Брунейдің, Камбоджаның, Индонезияның, Лаостың, Малайзияның, Мьянманың, Филиппиннің, Сингапурдың, Таиландтың және Вьетнамның кіретіні белгілі. Олардың экономикалық көрсеткіштері мен даму деңгейлері бір-бірінен елеулі түрде ерекшеленеді. Мәселен, ХВҚ-ның деректеріне сәйкес АСЕАН-ның аса ірі экономикасы – Индонезияның ЖІӨ – 2017 жылдың қорытындылары бойынша бір триллионнан астам АҚШ долларын құрады. Одан көп кейін қалумен Тайланд келеді – 483 млрд. АҚШ доллары. Үшінші орында Малайзия – 364 млрд. АҚШ доллары. Төртінші орында Сингапур келеді – 349 млрд. АҚШ доллары. Бұл ретте, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша мемлекет-қаланың – 57,7 мың АҚШ долларымен бірінші орын алатындығы есте қаларлық. Бесінші орында Филиппин – 332 млрд. АҚШ доллары. Алтыншы орында – Вьетнамның жедел өсіп келе жатқан экономикасы – 240 млрд. Одан әрі айтарлықтай артта қалумен Мьянма, Камбоджа, Лаос және Бруней келеді, тиісінше – 70 млрд. АҚШ доллары, 24 млрд. АҚШ доллары, 18 млрд. АҚШ доллары және 14 млрд. АҚШ доллары. Цифрлардан көрініп тұрғандай, айырмашылықтар едәуір.

Осы сияқты айырмашылықтар бір-бірінен әртүрлі деңгейлердегі экономикаларымен ерекшеленетін Орталық Азия елдерінде де бар екендігін көруге болады. Бұл тұрғыдан алғанда, Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны нығайту өңірдің алдыңғы қатарлы елдерінің де, артта қалғандарының да одан әрі дамуына ықпал ететін болады.

Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияның арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың төмен болуының негізгі факторы олардың бір-бірінен географиялық шалғайлығы болып табылады. АСЕАН елдерінің басты әріптестері Азия-Тынық мұхиты өңірінің елдері болып табылады, және дәстүрлі түрде өңірге тікелей ықпал ететін аса ірі ойыншылар АҚШ пен Қытай болып табылады. Вашингтонның рөлі көп дәрежеде әскери-саяси, ал Пекиннің рөлі – сауда-экономикалық өлшемге бағытталады. Алайда АСЕАН елдері мен Қытайдың географиялық жағынан жақындығына, сондай-ақ Шығыс Азия халықтарының көпшілігінің мәдениеттерінің ұқсастығына байланысты өңірде Күншығыс елінің ықпалы басым.

Екі өңірдің түйісуі процесінде Орталық Азия елдері мен АСЕАН-ның Қытаймен ынтымақтастығының тығыз стратегиялық сипаты барлық тараптарға тиімді. Бұл жерде «Белдеу және жол» бастамасының маңыздылығы айқындаушы рөл атқарады.

Орталық Азия тұрғысында, негізгі рөл Қазақстанға бөлінеді, өйткені елдің неғұрлым дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы, Қытаймен шекарадағы «Қорғас» көлік-логистикалық хабы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автомагистралы, сондай-ақ Ақтау теңіз порты бар. Әрине, бүгінгі таңда Қазақстан орта мерзімді перспективада Азия мен Еуропаның сауда маршруттарын Орталық Азия арқылы тығыз ұштастыруға ықпал ететін қажетті инфрақұрылымдық жағдайлар жасады. Қазақстанның осы артықшылықтарды пайдалана отырып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен өзара іс-қимыл процесінде өңірдің қалған мемлекеттері арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге қабілеті бар.

Осы тұрғыдан алғанда, «Белдеу және жол» (Теңіз Жібек жолы) теңіздік тармағын іске асыру шеңберіндегі негізгі теңіз хабтарының бірі болып табылатын және АСЕАН-да көшбасшылық позицияны иеленетін Сингапур ЖЖЭБ-ға тартылуға айтарлықтай қызығушылық білдіреді және Қытайдың мегажобасын экспорттық желілерді кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға арналған қосымша дәліз ретінде қарастырады.

Сингапурдың дамыған инфрақұрылымын ескеретін болсақ, аралдық мемлекет ЖЖЭБ-тағы қазақстандық бөлік шеңберінде мынадай үш бағытқа: инфрақұрылымдық байланысқа, көліктік байланысқа және қаржы қызметтеріне үлес қосуы мүмкін.

Инфрақұрылымдық байланыс бағытында сингапурлықтар Қазақстан мен Қытайдың арасындағы шекара маңы экономикалық ынтымақтастығының бір бөлігі болып табылатын Нұркент қаласының құрылысын салу шеңберінде пайдалы болуы мүмкін қаланы, индустриялық парктерді және «Smart City» жүйелерін жоспарлауда қызметтер көрсетуге бағдарланады.

Көлік-логистикалық байланыста темір жолмен және теңіз жолдарымен жүк тасымалдауда, жобалық бағалау мен жобалық қаржыландыру саласында қызметтер көрсетуде, сондай-ақ саудада үлкен мүмкіндіктер бар.

Қаржылық қызметтер көрсету бөлігі бойынша перспективада ЖЖЭБ аясында қаржы орталығы ретіндегі позицияны иеленуі мүмкін «Астана» халықаралық қаржы орталығының» қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін Үкіметтің алдына транзиттік жүк ағындары көлемін 2020 жылға қарай 2 млн. контейнерге дейін арттыру, 2021 жылға қарай азық-түлік тауарлары экспортын 40%-ға, сондай-ақ 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты екі еседен астамға ұлғайту жөнінде міндет қойылды. «Нұрлы жолдың» ЖЖЭБ-пен үйлесімі Орталық Азияның көлік-логистикалық жүйелерінің Қытаймен және АСЕАН елдерімен байланысын қамтамасыз етуі, сол арқылы трансқұрлықтық дәліздердің жаңа архитектурасын қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

Атап айтқанда, Қытайдың Ляньюньганындағы қазақстандық логистикалық терминал екі өңірдің экспорттаушыларының арасындағы сауда-экономикалық байланыс үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады, ол арқылы теңіз жолымен екі бағытта да тауарлар жеткізуге болады. Әлемнің аса ірі 25 портының қатарына кіретін осы порттың Қазақстан үшін геостратегиялық маңызы бар және ол бүкіл Орталық Азия үшін артықшылық болып табылады. Мысалы, Сингапурдың теңіз портынан теңіз жолымен Ляньюньган портына дейін жүк жеткізу орта есеппен 12-ден 14 күнге дейінгі уақытты алады, ал одан әрі темір жолмен Қазақстан арқылы батыс Еуропаға жеткізу 14-тен 18 күнге дейінгі уақытты алады. Бұл маршрут Үнді мұхиты арқылы жүк тасымалдауға қарағанда кемінде екі есеге жылдам. Орта мерзімді перспективада Ляньюньган порты Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан Орталық Азия елдеріне, одан әрі Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтары бағытында жүк ағындарын шоғырландыру тұрғысынан маңызды байланыстырушы хабқа айналуы мүмкін.

«Қорғас» – Ляньюньган порты маршруты бойынша, одан әрі теңіз жолымен АСЕАН елдеріне жүк тасымалдау қаражатты және уақытты үнемдеу тұрғысынан алғанда қолайлы, өйткені ол тауарлар жеткізу мерзімін қысқартады, ол Орталық Азиядан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарықтарына азық-түлік тауарларын және мерзімге сезімтал басқа да тауарларды тасымалдау кезінде артықшылық болып табылады.

Егер бұған дейін АСЕАН елдерінде Бендер-Аббастағы Иранның сауда портын қоспағанда, өз өнімдерінің Орталық Азия нарықтарына экспорты үшін нақты маршрут болмаған болса, енді Қазақстанда «Қорғас» көлік-логистикалық хабының, сондай-ақ Ляньюньганда жүк терминалының пайда болуына байланысты сауданы жандандыру және маршруттық желілерді кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады, ал бұның бүкіл Орталық Азияның транзиттік әлеуетінің даму қарқынына оң әсер ететіні даусыз.

Сондай-ақ Орталық Азияның АСЕАН-мен байланысының перспективалық мүмкіндігін ЕО мен Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық кеңістіктерінің байланысын білдіретін «Үлкен Еуразия» тұжырымдамасын зерттеу арқылы қарастыруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Белдеу және жол» бастамасын іске асыру шеңберінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бүкіл Еуразия құрлығының дамуы үшін айтарлықтай әлеует беруі мүмкін. «Үлкен Еуразияның» шекараларын, АСЕАН елдерін қоса алғанда, шығысқа қарай кеңейту жөніндегі идеясы аса көрегендік болып табылады.

2017 жылғы мамырда Пекинде өткен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі «Бір белдеу және бір жол» форумының шеңберінде ҚР Президенті Н.Назарбаев айтқан бірқатар ұсыныстарды орындаудың ерекше маңызы бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы сервис деңгейін арттыру және әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағындарының өтуін дәйекті түрде жеңілдетудің; өңірлердің арасындағы өзара іс-қимылды сөзсіз нығайтуы мүмкін жаңа ЖЖЭБ бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытудың; инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың, сондай-ақ жобаларды бірлесіп қаржыландырудың, ҒЗТКЖ және технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компаниялар, венчурлық қорлар құрудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге, Қазақстанға өзінің позицияларын нығайту үшін орта мерзімді перспективада Чунцинде, Гуанчжоуда немесе Гонконгта қосымша жүк терминалдарын ашу жолымен Қытайдың орталық және оңтүстік шығыс өңірлерінде сауда маршруттарының географиясын кеңейту қажет. Баламалы маршруттардың Орталық Азияның АСЕАН елдерімен байланысын күшейтетіні сөзсіз.

Оның үстіне, Қытайдың Еуропа Одағы елдерімен белсенді саудасына қарамастан, Еуропадан кері қарай Қытайға бағытталатын жүк поездары толық жүктемемен жүрмейді. Өз кезегінде, Еуропадан Азияға кері бағыттағы төмен жүктеменің болуы Орталық Азияның экспорттаушыларына «қосымша жүк тиеуге» және сол арқылы өз тауарларын Шығыс Азия елдеріне тасымалдауға жұмсалатын шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Осы маршрутты пайдаланғанда АСЕАН импорттаушыларында ұқсас мүмкіндіктер пайда болады.

Осылайша, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін тиісті түрде арттырған, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны одан әрі нығайтқан жағдайда Орталық Азия елдері орта мерзімді перспективада АСЕАН-ның жедел даму үстіндегі нарығымен өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, сонымен бірге халықаралық сауданың жаһандық желісіне кірігу мүмкіндігін де алады.

Қосылған : 7.06.2018, 16:05, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:05