​Санат Көшкімбаев "Қазақстанның БҰҰ ҚК Төрағалығы: Орталық Азия мен Ауғанстанға аударылған назар"

Санат КӨШКІМБАЕВ,

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Директорының орынбасары, саясат ғылымдарының докторы

Қазақстанның БҰҰ ҚК Төрағалығы: Орталық Азия мен Ауғанстанға аударылған назар

БҰҰ ҚК өткізілген Министрлік пікірталас. Нью-Йорк қ., 2018 ж. 19 қаңтар.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген басқа да тұрақты емес мүшелері сияқты осы әлемдік беделді алаңдағы өзінің төрағалығы кезінде күн тәртібіне біз және біздің көршілер үшін маңызы бар өңірлік мән-мәтінді қосты, ол ағымдағы жылғы 19 қаңтардағы «Ауғанстан мен Орталық Азиядағы (ОА) қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығының үлгісі ретінде өңірлік әріптестік құру» атты министрлер пікірталастарын өткізуден көрініс тапты.

Біздің өңір ешқашан да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы назарында болған емес, өйткені ОА кеңістігінде жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болып келді және солай болып қала береді. Нақ сондықтан да Орталық Азия Қазақстанның көрсетуі арқылы проблемаларды біршама басқа тәртіпте қараудың үлгісі болады. Өңірлік даму тұрғысында қауіпсіздік мәселелерін шешу, экономикалық игіліктерге қол жеткізу үшін өзара қарым-қатынастардың тұрақты жүйесін құру – осының барлығы қазір бар тәуекелдер мен қауіптерді азайтуға ықпал етуге тиіс.

Соңғы жылдарда Ауғанстанда халықаралық күштер әскерлерінің болуы, ішкі тұрақсыздық пен провинцияларда бақылаудың жоқтығы шешілмеген проблемалы жағдайды одан әрі қиындатты және елдің қауіпсіздік саласында қалыптасқан жағдайды тұрақсыздандырды, сонымен бірге бүкіл өңір үшін қауіпті күшейтті. Осыған байланысты Қазақстанның Ауғанстан мен Орталық Азияны бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгі аймағына айналдыру жөніндегі бастамасы қауіпсіз, әділ және гүлденген аймақ құруға арналған жаһандық әріптестікті орнықтыру шеңберіндегі әлемдік қоғамдастықтың басым бағыттарының бірі болуға тиіс.

Өткізілген пікірталастардың барысында Қазақстан ауған мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл уақтылы, дұрыс шешім болып табылады және халықаралық қоғамдастықты ұзақ мерзімді перспективада өңірлік ынтымақтастықты кеңейту арқылы Ауғанстанға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырады. Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген өкілдері өзара іс-қимылды кеңейтуге және инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көлік салаларындағы өңірлік жобаларды іске асыруға арналған нақты шараларды іске асыруға бейілділіктерін растады. Осындай тәсілдеме Қазақстанның Ауғанстанды өңірдегі айтарлықтай әлеуетке ие маңызды әріптес ретінде бағалайтын ұстанымын айқын көрсетеді.

Астана Ауғанстанда табысқа қол жеткізудің үш аспектісін ұсынды, оларды қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығы тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі бағыттаушы схема ретінде қарастыру қажет:

1. Қауіпсіздіксіз даму болмайды, сондай-ақ дамусыз қауіпсіздік те болмайды.

2. Бір елге бағдар алғаннан гөрі өңірлік ерекшелікке көбірек дәрежеде бағыт алған артық.

3. БҰҰ-ның барлық жұмыс істеп тұрған органдарының интеграцияланған өңірлік стратегия әзірлеуін көтермелеу.

Халықаралық қоғамдастық, оның ішінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қазақстанның және диалогқа белсенді түрде қатысқан Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің бастамаларын жоғары бағалағаны белгілі. Өңірлік елдердің өкілдері АИР-мен ұзақ мерзімді диалогты, атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және транзит-көлік салаларындағы өңірлік жобаларды іске асыру арқылы тереңдетуге бейілділігін тағы да растады.

Пікірталасқа қатысушылар «Стамбул процесіне» – Ауғанстанда және тұтастай өңірде қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі саяси диалогты кеңейтуге арналған алаңға бейілділігін растады, олар бұл ретте, «Стамбул процесі» жұмысының практикалық нәтижелілігін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Стамбул процесінің» 2011 жылдан бері жұмыс істейтіні және оның өңірлік ынтымақтастыққа арналған маңызды тұғырнама қызметін атқаратыны белгілі. Форумға 14 мемлекет, оның ішінде Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Пәкістан, Түркия, Сауд Аравиясы және Біріккен Араб Әмірліктері қатысады.

Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуін Орталық Азия өңірі елдерінің бастамаларын көтеруге арналған бірегей мүмкіндік ретінде қарастыру қажет. Атап айтқанда, Астана инфрақұрылымдық, сауда-инвестициялық және транзит-көлік жобаларын іске асыру арқылы Ауғанстанның Орталық Азия елдерімен экономикалық кооперациясын жан-жақты тереңдетуге байланысты бастамаларды қолдайды. Мәселен, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-ауған үкіметаралық комиссиясының шеңберінде қазақстандық компаниялардың Ауғанстандағы донорлық және инвестициялық жобаларды іске асыруға және пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге қатысуы бойынша бірқатар мәселелер көтерілді. Гуманитарлық көмек ҚР-ның жоғары оқу орындарында 1000 астам ауған студенттерін оқыту көзделетін Қазақстан-Ауғанстан білім беру мемлекеттік бағдарламасын қамтиды.

Өзбекстанның БҰҰ алаңындағы министрлер пікірталастары кезіндегі аса белсенді позицияны ұстанғаны маңызды қадам болды. Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов ағымдағы жылғы наурыз айының соңында Ташкентте Ауғанстан бойынша халықаралық министрлер конференциясын өткізу туралы ауған тарапымен уағдаластықты белгіледі, оның қорытындылары бойынша АИР-да бейбітшілікті қалпына келтірудің негізгі қағидаттарын және өңірлік елдер мен басқа да донорлардың үлесін әзірлеу жоспарлануда.

Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев пікірталастар барысында бейбіт келіссөздерге қол жеткізуде көрініп тұрған прогрестің жоқтығын айта келіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің арасында Ауғанстандағы жағдайды реттеу бойынша келісімге қол жеткізудің маңыздылығын атап көрсетті. Жанжалдасушы жақтар келіссөздерді бастау үшін алдын ала шарттар қою тактикасын ұстанатыны белгілі, ал бұл олардың жүргізілуін күмәнді етеді. Осыған байланысты қырғыз дипломаты Өзбекстанның бастамасын және Ташкентте өтетін конференцияның алдына қойылып отырған міндеттерді қолдайтынын білдірді.

Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Аслов өз елінің тәжік-ауған шекарасындағы жағдайға алаңдаушылығын білдірді және террорлық топтар мен есірткі трафигінің екі ел аумағына кіруінің алдын алу мақсатында шекараның қауіпсіздігі мен оны басқарудың сенімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

Түркменстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Аксолтан Атаева өңірлік проблемаларды шешуде БҰҰ-ның Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы орталығына Ашхабадтың ерекше маңыз беретінін, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды саяси-дипломатиялық құралдармен ғана реттеуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын атап өтті.

Ауғанстан сыртқы істер министрінің орынбасары Хикмат Карзай жүріп жатқан пікірталастардың өзектілігін және өз еліндегі жағдайды реттеуде өңір елдері мен халықаралық қоғамдастықтың біріккен күш-жігері жұмылдырылған жағдайда ғана реттеудің мүмкін болатындығына тоқталды.

АҚШ-тың, Ресейдің, Қытайдың, Францияның, Ұлыбританияның, Түркияның, Нидерландының, Кувейттің, Экваторлық Гвинеяның, Эфиопияның және басқа да елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары сияқты пікірталасқа басқа да қатысушылар Ауғанстанда ұлттық татуласудың және осы елдегі жағдайды реттеуде бірлескен күш-жігердің қажеттігін мойындауда бірауызды болды.

Осылайша, ауған мәселесін шешу жөніндегі саяси күш-жігер жаңа күшке ие болды. Орталық Азия елдері қабылдап отырған күш-жігер Ауғанстанға оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан алғанда маңызды әріптес ретінде қалыптасуына жәрдемдесуге бағытталады. Осы мән-мәтінде Қазақстан мен Өзбекстанның осы бағытта неғұрлым өзара тығыз іс-қимылға ұмтылуы оң фактор болып табылады. Бұл күш-жігер, ең алдымен, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қолайлы экономикалық және саяси орта жасау қажеттілігімен түсіндіріледі.

Сайып келгенде, өңірлік ынтымақтастықты орнықтыру, өңірдегі экономикалық байланыстарды жандандыру, бірлескен көлік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру – трансөңірлік деңгейдегі тұрақты дамудың маңызды шарты. Егер бұған дейін осы процесс, негізінен, екіжақты өзара іс-қимыл форматында жүзеге асырылып келсе, енді осы кезеңде көпжақты тәсілдемелердің күшейіп отырғаны анық.

Орталық Азия елдері өзара іс-қимылдың неғұрлым тұрақты нысандарын іздестіруді жалғастыруда, және БҰҰ алаңында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары деңгейіндегі кездесулер осының дәлелі болып отыр. Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігінің бірінші жылы ішінде осындай үш кездесу болып үлгірді. Орталық Азия мемлекет басшыларының Астанада өтетін консультативтік кездесуі өңірлік кооперацияның тиімділігі үшін зор маңызға ие болатыны даусыз.

Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің мақұлдауымен Төрағаның мәлімдемесінің қабылдануы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі пікірталасқа қатысушылар ашық диалогының қорытындысына айналды. Бұл құжат ОА мен Ауғанстанда бейбітшіліктің, ынтымақтастықтың және қауіпсіздіктің үлгі аймағын қалыптастыру мақсатында саясат, қауіпсіздік, даму және адам құқықтары секторларында кешенді тәсілдеме қолдана отырып, өңірлік байланыстар мен тиімді алдын алу дипломатиясын күшейту жолымен әлемдік қоғамдастықты Ауғанстанға жәрдем көрсетуге шақырады.



БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының мәлімдемесі

Қауіпсіздік Кеңесінің 2018 жылғы 19 қаңтарда өткен 8162 отырысында Кеңестің «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау» тақырыбындағы тармақты қарауына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Кеңестің атынан мынадай мәлімдеме жасады:

«Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанның және Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігіне, тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына өзінің бейілділігін растайды.

Қауіпсіздік Кеңесі Бас хатшының Ауғанстан мен Орталық Азиядағы қауіптерді жоюға бағытталған іс-қимылдарға шақыруын өзінің әрқашан қолдайтыны туралы мәлімдейді және алдын алу дипломатиясының, оның ішінде ұзақ мерзімді тұрақтылықты, қауіпсіздікті және дамуды қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттермен сындарлы өзара іс-қимылдың маңызын бір мезгілде атап көрсете отырып, қақтығыстардың алдын алуды және оларды реттеуді Біріккен Ұлттар Ұйымы жұмысының орталық элементі етуді ұсынады.

Қауіпсіздік Кеңесі өзінің 2344 (2017) қарарына сілтеме жасайды және Ауғанстан проблемаларын әскери құралдармен ғана шешудің мүмкін еместігін мойындайды, Ауғанстанның ұзақ мерзімді өркендеуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауғандардың өздері және олардың басшылығымен жүзеге асырылатын инклюзивтік процестің маңыздылығын ерекше атап өтеді және бейбітшілік пен бітімгершілікке қол жеткізу үшін, оның ішінде, Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, өңірдің басқа елдерімен бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерінде ынтымақтастық негізінде қол жеткізу үшін үкімет жұмсап отырған күш-жігерді өзінің толық қолдайтыны туралы мәлімдейді.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылыққа қарай ілгерілеу үшін жұмсалып отырған халықаралық күш-жігерді атап өтеді және өңірдің барлық елдерін және халықаралық қоғамдастықты бейбітшілікке және бітімгершілікке қол жеткізуге бағытталған адал күш-жігерді жандандыруға шақырады.

Қауіпсіздік Кеңесі сайлау жүйесін реформалаудағы және 2018 жылғы сенім туғызатын және инклюзивтік парламент сайлауында және 2019 жылғы президент сайлауында одан әрі прогреске қол жеткізудің маңыздылығын атап көрсетеді. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі Миссиясы (МООНСА) мен БҰҰДБ сол үшін жұмсап жатқан күш-жігерді жоғары бағалайды және оларды сайлауды ұйымдастыруға жауап беретін ауған органдарына қолдау көрсетуді жандандыруға шақырады.

Қауіпсіздік Кеңесі «Хаккани желісін», сондай-ақ «Әл-Каиданы, ИГИЛ-мен (ДАИШ) байланысты топтарды және басқа да террористік топтарды қоса алғанда, «Талибанның», соғысқұмар және экстремистік топтардың, заңсыз қарулы топтардың, қылмыс элементтерінің және заңсыз есірткілер өндіру мен оның айналымына немесе оларды сатуға қатысы бар адамдардың тарапынан болатын Ауғанстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына сақталып отырған қауіпке орай алаңдаушылығын білдіреді; осыған байланысты өңір,оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері үшін ықтимал қауіптерді атап өтеді; және осыған байланысты терроризмге қарсы әрекет етуге қатысты қарарды қоса алғанда, Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тиісті қарарларын барлық мемлекеттердің тиімді жүзеге асыруына және қайта оралған шетелдік жауынгер лаңкестердің тарапынан болатын қауіпті қоса алғанда, қауіптерге барынша тиімді қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ақпарат алмасуды, шекаралық бақылауды және құқық қорғау органдары мен қылмыстық сот төрелігі жүйесін жақсарту үшін қауіпсіздік мәселелерінде халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға шақырады.

Қауіпсіздік кеңесі Контртеррористік комитеттің (Қауіпсіздік Кеңесінің 1373 қарарымен құрылған) және оның Атқарушы директоратының 1373, 1624, 2178 және 2396 қарарларын, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес туралы басқа да тиісті қарарларын Ауғанстанның және өңір елдерінің жүзеге асыруын бағалау және қадағалау жөніндегі күш-жігерін назарға алады және техникалық көмек көрсетуге қатысты ұсынымдарды қоса алғанда, Комитеттің ұсынымдарын назарына алады.

Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстанда және Орталық Азияда ұзақ мерзімді бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап көрсетеді және өңір елдерінің бейбітшілік, ынтымақтастық және өркендеу аймағын кеңейту жөніндегі бірлескен күш-жігерін, оның ішінде ынтымақтастықтың әртүрлі платформалары шеңберінде сол үшін жұмсалатын күш-жігерді қолдайтынын мәлімдейді.

Қауіпсіздік Кеңесі әртүрлі бірлескен платформалар мен форумдарды пайдалану арқылы, оның ішінде жоғары деңгейде өңірлік кеңестер өткізу жолымен Ауғанстанның тұрақтылығы мен дамуын және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты, олардың арасындағы талқылаулар мен үйлестіруді жандандыруды қамтамасыз етудегі Орталық Азия елдерінің қосқан үлесін құптайды.

Қауіпсіздік Кеңесі әйелдердің жан-жақты және тиімді қатысуын кеңейтудің және шешімдер қабылдаудағы, оның ішінде қақтығыстардың алдын алу және реттеудің ұлттық, өңірлік және халықаралық институттары механизмдері шеңберіндегі басшылық рөлін күшейтудің, сондай-ақ терроризмнің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығы және Ауғанстанда және Орталық Азия өңірінде бейбітшілікті қолдауға қатысы бар кез келген мәселелерді талқылау кезінде гендерлік проблемаларды жүйелі түрде есепке алудың маңыздылығы туралы тағы да мәлімдейді және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 қарарын және әйелдер, өңірдегі бейбітшілік және қауіпсіздік туралы келесі қарарларды жүзеге асыруға қатысты міндеттемелерді өзінің қолдайтыны туралы мәлімдейді.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанда саяси және экономикалық салаларда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің стратегиялары мен механизмдерін нығайту, әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін жағдайларда қауіпсіздік күштерінің құрамында әйелдердің санын ұлғайту және сексуалдық және гендерлік зорлық құрбандарына қызметтер көрсету есебінен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық салдарларын жеңілдету қажеттігін атап көрсетеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанда бейбітшілікті және татулықты қамтамасыз ету үшін күш жұмсай отырып, балаларды қорғау мәселелеріне лайықты назар аударуды ерекше атап өтеді және барлық жақтарды сол үшін қажетті шаралар қабылдауға шақырады.

Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының (АККМ) мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының, сондай-ақ оларға басшылық жасайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілдерінің Қауіпсіздік Кеңесінің 2344 (2017) қарарына және тиісінше S/2007/279 және S/2007/280 құжаттарына сәйкес өздерінің мандаттарын орындаудағы және Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанмен екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылына жәрдемдесу үшін тығыз байланыстар ұстаудағы рөлін жоғары бағалайды.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанның терроризмге қарсы іс-қимылдағы Орталық Азия өңірлік ынтымақтастық механизмдеріне, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық контртеррористік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға қатысуын құптайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Контртеррористік басқармасының және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясының өңірлік орталығының (ОААДӨО) осы бірлескен іс-қимыл жоспарын және 2017 жылғы 13 маусымдағы Ашхабад декларациясын практикалық іске асыруға жәрдемдесудегі рөлін өзінің қолдайтыны туралы мәлімдейді.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) 2017 жылғы 15 қарашада жариялаған Ауғанстандағы апиын өндірісін шолу деректері бойынша ауқымы айтарлықтай кеңейген және өңірдегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа бұрынғысынша қауіп төндіріп отырған заңсыз есірткі құралдарын өсіруге және өндіруге, олармен сауда жасауға және олардың айналымына қарсы күрес жөніндегі күш-жігерін тығыз үйлестірудің маңыздылығын атап көрсетеді және Ауғанстанның есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында көрсетілетін өңірлік және халықаралық қолдауды күшейту қажеттігін ерекше атайды.

Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ ЕҚБ жұмысын жоғары бағалайды, мемлекеттерді «Талибан» мен оның сыбайластарының қаржылық ресурстарын толықтыруға елеулі түрде ықпал ететін Ауғанстандағы заңсыз есірткі құралдарын өсіру, өндіру, олардың айналымы және оларды тұтыну халықаралық қоғамдастық үшін тудыратын қауіпке қарсы іс-қимыл жасау ісіндегі халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және Ауғанстандағы есірткі проблемасын шешу үшін жалпы және бірлескен жауапкершілік қағидатына сәйкес, оның ішінде заңсыз есірткілер мен прекурсор-химикаттардың заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтаса отырып әрекет етуге шақырады және Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің тиісті өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бастамалармен ынтымақтастығын құптайды.

Қауіпсіздік Кеңесі Орталық Азия мемлекеттеріне және Ауғанстанға есірткі проблемасын шешуде көмек көрсету үшін БҰҰ ЕҚБ-мен, сондай-ақ тиісті өңірлік ұйымдармен және форумдармен ынтымақтастықта АККМ және ОААДӨО жұмсап отырған күш-жігерді жоғары бағалайды.

Қауіпсіздік Кеңесі Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның шекаралық бақылау және шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріндегі ынтымақтастықты жалғастыру жолындағы тұрлаулы ниетін құптайды, олардың осы саладағы мүмкіндіктерін кеңейту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының мекемелері жұмсап отырған күш-жігерді жоғары бағалайды және донор елдерді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдарды әлеуетті нығайтуға бағытталған күштерді жандандыруға шақырады.

Қауіпсіздік Кеңесі Орталық Азия мемлекеттерінің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты жүзеге асыруды қоса алғанда, ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесін құптайды және оларды ядролық және басқа да радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымы жағдайларының алдын алу және анықтау және ондай жағдайларға ден қою ісіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға шақырады.

Қауіпсіздік Кеңесі диалогты және ынтымақтастықты кеңейту және өңірдегі барлық жерлерде экономикалық даму мен өркендеудің жалпы мақсаттарына қол жеткізу үшін өңірде жұмсалып жатқан күш-жігерді құптайды және стратегиялардың өзара байланыстылығын, инфрақұрылымдық, сауда және қаржылық өзара байланысты және Ауғанстан мен Орталық Азиядағы, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлердегі адамдардың арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған ұлттық, субөңірлік және өңірлік бастамаларды атап өтеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанға қақтығыстан кейін оның тұрақты қалпына келуіне қолдау көрсету үшін саясат, қауіпсіздік, даму және адам құқықтары секторларын қоса алғанда, барлық секторлардың арасындағы қалыптасқан өзара іс-қимылды көздейтін және осындай өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бәрін қамтитын және кешенді тәсілдемені қолдану қажеттігін атап көрсетеді, қазіргі күш-жігерді осы бағытта, оның ішінде заңның ұлықтылығын нығайту мақсатында жалғастыруды ұсынады және қақтығыстарды азайту және қабылданатын шаралардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін тиісті жағдайларда өңірлік тәсілдемені қолданудың маңыздылығын атап көрсетеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің тиісті құрылымдарына қақтығыстардың алдын алу бағытында жұмыс істеуді ұсынады және осыған байланысты Ауғанстанның өзінде және бүкіл өңірде берік бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізу үшін алдын алу дипломатиясының құралдарын пайдалануды қамтитындай құралдармен Ауғанстандағы қақтығысты жалпы реттеудің маңыздылығын атап өтеді.

Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесі біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы және Орталық Азиядағы жұмысының барынша тиімділігі мен нәтижелілігін, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіл жүйесі шеңберіндегі іс-қимылдарды күшейту есебінен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті мекемелерінің өңірлік деңгейде тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайды, трансшекаралық экономикалық диалогқа арналған платформалар ретінде Ауғанстан да қосылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасын (ОАЭАБ) және Ауғанстан бойынша өңірлік экономикалық конференцияны (АӨЭК) өзінің қолдайтыны туралы мәлімдейді және Орталық Азия мемлекеттерінің рөлін жандандыруға және үлесін арттыруға шақырады».



Қосылған : 12.04.2018, 19:40, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:40