С. Әміров «Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызметінің қазіргі жағдайдағы жайы мен ерекшеліктері туралы»

Серік Әміров,
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі  
Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры,  
Іскерлік әкімшілік жүргізу докторы (DBA)   

Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызметінің қазіргі жағдайдағы жайы мен ерекшеліктері туралы

2012 жылдың шілдесінде Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 20 жыл толады. Бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастық еліміздің экономикалық жетістіктерін, демократиялық реформаларын, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуын, өмір сапа жақсарту шараларын жоғары бағалап отыр. Мемлекетіміздің өсіп келе жатқан мәртебесі көптеген сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға, ИЫҰ мен ЕҚЫҰ-ға төрағалықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Отандық экономиканың жылдан жылға қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өткен жөн.«Ernst and Young» және «Oxford Economics» компанияларының деректері бойынша еліміз 2000-2010 жж. ІЖӨ жылдық орташа 8% өсіммен жылдам өсіп келе жатқан рыноктардың алғашқы үштігіне кіріп отыр. 2011 жылы ІЖӨ 11,3 мың АҚШдолларына жуықтады (салыстырсақ: 2002 жылы - 1,7 мың АҚШ доллары). Британдық сарапшылардың пікірінше Қазақстан (ҚХР және Катармен қатар) әлемнің жылдам өсіп келе жатқан экономикаларының бірі. Экономикадағы оңды үдерістер, сақталып отырған макроэкономикалық тұрақтылық 2011 жылы Standard & Poor’s және Fitch агенттіктерінің еліміздің егеменді рейтингілерін «BBB» және «BBB+» деңгейіне дейін нығайтуына мүмкіндік берді.
Инвесторлар сенімінің маңызды факторы ретінде Қазақстандағы саяси тұрақтылық отандық экономикаға ауқымды тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға себеп болды. Бүкіләлемдік Банктің бағалауы бойынша республикамыз әлемнің инвестицияға барынша тартымды жиырма елдің қатарына кіріп отыр. Қазақстандық экономикаға тартылған ТШИ көлемі шамамен 150 миллиард АҚШ долларын құрады. Doing Business бизнеске қолайлы жағдай жасау Бүкіләлемдік рейтингісінде Словакия (48 орын), Мажарстан (51), Чех Республикасы (64), Италия (87),ҚХР (91), Грекия (100) сияқты елдерден озып, Қазақстан 47-ші орын алып отыр.
Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің жолдауында елдің экономикасы мен әлеуметтік саласын жүйелік жаңғырту міндетін алға қойды. Бұл тұрғыда шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолдау қажеттілігіне басты назар аударылады, ал заңнаманың алдын ала болжануы және ашықтылығы Қазақстанда іскерлік инвестициялық ахуалға негіз болуы тиіс.
Мемлекет басшысының ү.ж. сәуірінде ҚР СІМ Алқасында сыртқы саяси мекеменің алдына бірқатар аса маңызды міндеттерді анықтап бергені кездейсоқтық емес. Олардың арасында – әлемнің индустриалды дамыған елдерінің қатарына тезірек кіру, экономикаға озық технологияларды, инновацияларды тарту жұмысын жандандыру, шет елде отандық бизнесті саяси-дипломатиялық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, экспортты кеңейту бар.
Экономикалық дипломатияны дамытудың негізгі қозғаушы күші халықаралық бәсекелесуге көмектесетін және әлем нарығында өзінің ұлттық мүдделерін ілгерілету мен қорғауға итермелейтін ғаламдану болып табылады. Бұл тұрғыда жаңа энергия, ресурстарды үнемдейтін технологияларды тарту арқылы ұлттық өндірушілердің бәсекеге түсе алу қабілетін жоғарылату ерекше мәнге ие болуда. Бұл түпкі өнімді арзандатады, сыртқы нарықтарға оның шығуын қамтамасыз етеді, шетелдік инвесторларды тартады. Шетелдік инвестицияларды тарту - экономикалық дипломатияның негізгі мақсаттарының бірі.
ТШИ тарту үшін тартымды жағдайлар жасау мақсатында бизнесті және инвестицияларды жүргізуге тартымды ел ретінде Қазақстанның келбетін қалыптастыру, соның ішінде ЕЭА арқылы инвесторларға жеңілдіктер мен преференцияларды қамтамасыз ету, фискалдық, қаржылық және қаржылық емес тетіктер арқылы ТҰК-қа айрықша жағдайлар жасау сияқты ынтыландыру шараларының үш пакеті көзделіп отыр. Салық жеңілдіктері ЕЭА аумақтарында, сондай-ақ жеке инвестициялық келісімдердің шеңберінде беріледі. Шетелдік инвесторларға Қазақстандық үлес жөніндегі комиссия арқылы ең төменгі кепілдік берілген ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыс және ұлттық компаниялардың тапсырысы беріледі. Инвесторларға «Бизнес-2020» Жол картасы шеңберінде аймақтық деңгейде сыртқы инфрақұрылыммен, пайыздық үстемемен жәрдем берумен, ішінара кредиттерге кепілдік берумен қамтамасыз ету түрінде қолдау көрсетілуі мүмкін.
«KazNexInvest» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі және ҚР ИЖТМ Инвестициялар жөніндегі комитетімен, ҚР Сыртқы істер министрлігімен өзара әрекеттесудің тиімділігін жоғарылату мақсатында жұмыс тобы шеңберінде функциялар мен өкілеттіктер айқын бөлініп, «бір терезе қағидасы», яғни One stop shop біртіндеп іске асырылуда.
Бұл бағытта Мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға жәрдемдесу басымдық болып табылады. Бағдарлама аясында 2014 жылға қарата төмендегідей негізгі нысаналы индикаторларға жету көзделіп отыр:
- 2008 жылдың деңгейімен салыстырғанда ІЖӨ 50% өсіру;
- ІЖӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін 12,5% дейін ұлғайту;
- өңдеуші секторда еңбек өнімділігін 50% және экономиканың кейбір секторларында 100% жоғарылату;
- шикізаттық емес экспорттың үлесін 40% дейін жеткізу;
- 2008 жылдың деңгейімен салыстырғанда ІЖӨ энергияны көп керек ететін бөлігін 10% төмендету;
- инновациялық кәсіпорындардың үлесін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 10% дейін ұлғайту.
Бағдарламамен7 басым бағыт (АӨК дамыту, металлургия, мұнайды қайта өңдеу, энергетика, химия және фармацевтика, құрылыс индустриясы, көлік және ақпарат коммуникациялары) анықталып отыр.Мемлекет басым салаларда жаңа тәсілдерге: жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға(критерийі – өнімділікті ұлғайту), жаңа жоғары өнімді кәсіпорындарды құруға (өнімділіктің 80-100%),кәсіпорындардыіріктеп қолдауға «келешектің экономикасы» (IT, баламалы энергетика және т.б) сәйкес келетін кәсіпорындарды қолдайды.
Мұнымен бірге, 2011 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысымен Инвестициялар тарту бойынша Ұлттық жоспар бекітілді, оған сәйкес ЭЫДҰ елдерімен визасыз режим бойынша пилоттық жобаны енгізу, шетелдік инвестордың Қазақстан аумағында болу мерзімін ұлғайту, визаны алуға қажетті құжаттардың тізбесін қысқарту және т.б. жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы жоспармен барлық деңгейлердегі барлық мемлекеттік органдар: әлеуетті инвесторлары бар елдерде Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері, үкіметаралық комиссияларға және іскерлік кеңестерге кіретін орталық атқарушы органдар мен бизнес қоғамдастықтардың өкілдері, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыратын жергілікті жерлердегі әкімдіктер тартылып, шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу көзделіп отыр. Ұлттық жоспарға сәйкес Қазақстанда алғаш рет тікелей шетелдік инвестициялар және өңделген өнімнің экспорты бойынша нысаналы индикаторлар енгізіліп отыр. Стратегиялық маңызды, жоғары технологиялық немесе ірі жобаларға, сондай-ақ әлеуметтік - экономикалық даму деңгейі бойынша артта қалған өңірлердегі жобаларға ерекше жағдайлар көзделетін болады.
Сыртқы экономикалық қызметтің маңызды элементі – Мемлекет басшымыздың жаһандық экономикалық дамыту және халықаралық дамудың өрлеуіне жәрдемдесу мәселелері бойынша бастамаларын ілгерілетуге барынша септігін тигізу. 2009 жылы «Российская газета» газетінде оның«Дағдарыстың кілті» мақаласы жарияланды, онда экономикалық дағдарыстың терең себептері және одан шығу жайында көзқарасы баяндалған. Бұл идеяларды әрі қарай дамыту «Известия» газетінде «Бесінші жол» мақаласындажарияланды. Мақалаларда баяндалған тәсілдер барлық елдердiң мүдделері ескерілетін шешімдер әзір етіліп, көп жақты диалогты талап етеді.
G-Global деп аталатын үнқатысудың жаңа пішіні Мемлекет басшымыздың бастамасы бойынша алғаш рет V Астана экономикалық форумында ресми түрде сынақтан өтті. Бұл идея саяси, сарапшылар, іскерлер топтары тарабынан кең қолдау тапты. Жоғарыда айтылған пішіннің шеңберінде инновациялық дамудың, ядролық және экологиялық қауіпсіздіктің, этносаралық және дінаралық төзімділіктің кең ауқымды проблемаларын талқылауға болады. Форумда сөз сөйлей отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев G-Global бес қағидасын анықтады, олардың негізінде адами өркениетті дамытудың сындарлылығы қамтамасыз етіледі. Олардың арасында - революция емес, эволюция; әділдік, теңдік, консенсус; жаһандық толеранттылық және сындарлы көпқырлылық бар. Президент сонымен бірге V АЭФ қатысушыларды БҰҰ-ға Жаһандық дағдарыс, дағдарысқа қарсы жоспарды әзірлеу үшін Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы мәселелер жөніндегі конференцияны өткізу туралы Үндеуді қабылдауға шақырды.
V АЭФ қатысушыларының және G-Global порталын пайдаланушылардың ұсыныстарының негізінде (Мексика) Лос Кабос қаласында ү.ж. маусымында G-20 басқосуында талқылау үшін мемлекеттердің жетекшілеріне кепілдемелер әзір етілді. Олардың арасында - мүлде жаңа әлемдік валюталық-қаржылық жүйені құру, әлемдік резервтегі валюталардың эмитенттеріне талаптарды қаталдандыру, әділ өкілдік және шешімдерді пәтуалық қабылдау қағидаларымен халықаралық қаржы институттарын реформалау, әлемдік валюталық реттеудің тұрақты жұмыс істейтін органын құру бар. Алыпсатарлық капиталдың лектері шектелуі, көлеңкеленген банк секторын реттеу және қадағалау үдетілуі, рейтингілік агенттіктердің рейтингісі мен қызметін анықтаудың халықаралық стандарттары белгіленуі тиіс. Халықаралық инвестициялар, сауда және инновациялар саласында дамушы елдердің технологиялық көшбасшылармен - дамыған елдермен ынтымақтасуын ұйымдастыруға, әлемдік кеңістікте ғылыми-технологиялық және өндірістік кешендерді барынша ықпалдастыруға және т.б. жағдайлар жасау ұсынылып отыр.
ҚР сыртқы экономикалық қызметінің басқа бір маңызды саласы - халықаралық қаржылық-экономикалық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту. Биыл Қазақстанның ДСҰ-ға өзара тиімді шарттармен қосылу үдерісі аяқталады. Қазақстан - ХВҚ, ББ, ЕДҚБ, ИДБ, АДБ сияқты жетекші қаржы институттарының сенімді де толық құқықты әріптесі. Қазақстан ЭЫДҰ Еуразиялық бәсекеге түсу қабілеті бағдарламасының белсенді мүшесі болып табылады. Қазіргі уақытта ЭЫДҰ 4 маңызды комитетінде Қазақстанға тұрақты бақылаушы мәртебесін беру туралы мәселе шешілуде. ЭЫҰ және ЭСКАТО-мен ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді.
Бүгінгі таңда күллі әлем ықпалдасуға ұмтылып отыр. Мәселен, Шығыс Азияда 2 млрд. адам халқы бар ҚХР және АСЕАН елдерінің қатысуымен әлемде ең ірі еркін сауда аймағы құрылып жатыр. Қаржылық-экономикалық тұрғыда Парсы шығанағы өңірі өздігінен ұйымдастырылуда. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мемлекеттерінің ықпалдасуы дамып келеді.
Қазақстан еуразиялық ықпалдасудың авторларының бірі, Еуразиялық экономикалық одақты құрудың көшбасшысы болып отыр. 2012 жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру басталды, оның аумағында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдар мен еңбектік шекарааралық еркін қозғалысы, біріздендірілген заңнама біртіндеп қамтамасыз етілмек. Қазақстанның, Ресейдің, Белоруссияның жиынтықты ІЖӨ шамамен 2 трлн. долларды құрап отыр, өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд долл., ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі – шамамен 112 млрд. доллар болып бағаланып отыр, ал жалпы тұтыну нарығы - 170 млн.адамға жуық. БЭК құру жаңа өндірістер, бір-бірін өзара толықтыратын кәсіпорындарды кооперациялау және көлік шығындарын қысқарту мен бәсекеге түсу қабілетін жоғарылату есебінен тікелей ықпалдастырылған корпорацияларды құру үшін қуатты ынталандырушы күш болып табылады. Біздің елдеріміз инновацияларды және қуатты технологиялық ілгерілеуді алға бастыру мақсатында жаңғырту мен инновациялық дамытудың ортақ алгоритмін әзірлеуі тиіс. Бұл үшін Мемлекет басшымыздың келешектегі 10-15 жылға арналған Еуразиялық инновациялық-технологиялық кооперациялау бағдарламасын әзірлеу жөніндегі бастамасы жүзеге асырылуы қажет. 1970 жылы Airbus ең ірі халықаралық авиақұрылыс консорциумын құрған үш елдің - Франция, ГФР, Ұлыбританияның ынтымақтастығы бұған мысал болып табылады.
Астананың ЕХРО-2017 өткізуге өтінімін ілгерілету - сыртқы экономикалық қызметтің тағы бір бағыты. Көрмені көруге әлемнің 100 елінен 5 млн астам қонақ келеді деп жобалануда. Біз ұсынған тақырып «Болашақтың энергиясы» күллі әлемдік қоғамдастық үшін көкейкесті мәселе. Астана қаласындағы ЕХРО-2017 ж. Орталық Азия және ТМД өңірінде өткізілетін тұңғыш халықаралық көрме болмақ және Қазақстанның жаһандық энергетикалық саясаттағы жетекші рөлін тағы да қуаттамақ. Халықаралық көрме жобасы көрме нысандарын және елорданың инфрақұрылымын салуға инвестициялардың түбегейлі көлемдерін тартуға мүмкіндік береді, ішкі туризмді дамытуға жағдайлар жасайды, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын жұмылдырады. ЕХРО-2017 нысандары бас қаланың визит карточкасына айналады және Астананы ірі халықаралық, көрме және ақпараттық алаң ретінде паш етеді.
ҚР СІМ жоғарыда айтылған бағыттарды іске асыру үшін сыртқы экономикалық қызметтің төмендегідей тетіктерін жетілдіру бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда:
ҚР СІМ, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, дамыту институттарының, басқа ұйымдардың ТШИ тарту жұмысын жүйелеу;
шет елдердегі мекемелердің ССП және іскерлер топтарымен жұмысын жандандыру;
экономикалық мәселелер бойынша кәсіби мамандарды даярлау;
ақпараттық технологияларды енгізу;
үкіметаралық комиссиялардың және іскерлер кеңестерінің жұмысының тиімділігін жоғарылату;
Құрметті консулдар институтын жандандыру;
кепілдемелер әзірлеп, әлемдегі экономикалық жағдайдың дамуын қадағалау мен болжауды жүзеге асыру бойынша жетекші әлемдік зерттеуші институттармен өзара әрекеттесуде Outsourcing дамыту.
Әлемдік экономиканың құлдырауына, Еуроаймақтағы борыштық дағдарыс пен геосаяси катаклизмдерге қарамастан Қазақстан тұрақты экономикалық өсуді сақтап отыр. Бұл орайда қытай тіліндегі «Вэй» - «қауіпті уақыт», «Цзи» екіншісі – «мүмкіндіктердің уақыты» дегенекі иероглифтен тұратын дағдарыс сөзінің мәні еске түседі. Бүгінгі таңда еліміз инвестициялар мен жаңа технологиялар үшін тартымды болып отыр, сондай-ақ елімізге шет елдерде перспективалы технологиялық кәсіпорындардың активтерін сатып алу, «emerging markets» рыногтарымен сауда және экономикалық ынтымақтастықтығын кеңейту мүмкіндіктері ашылып отыр және бұл бүгінгі жағдайларда индустрияландыру және қазақстандық азаматтардың әл-ауқатын жоғарылату бойынша экономикалық дипломатияның міндеттерін іске асыруда маңызды фактор болып табылады.
Қосылған : 20.11.2013, 11:50, Өзгертілген : 9.05.2014, 00:28