Руслан Жемков. Еуразияның жыл сайынғы іскерлік оқиғасы – XII АЭФ

Руслан ЖЕМКОВ

Еуразияның жыл сайынғы іскерлік оқиғасы – XII АЭФ

- Руслан Сергеевич, Астана экономикалық форумы (АЭФ) – бұл біздің еліміздің шегінен әлдеқайда тысқары жерлерде танымал болған Қазақстанның брендтік жобасы. Форумға әлемнің әртүрлі елдерінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, бизнес тарландары, белгілі саясаткерлер, дипломаттар мен экономистер қатысады, ал форумды өткізу жылдары ішінде қатысушылардың саны әлемнің 150 елінен келген 50 мың адамнан асты.

АЭФ-тің неліктен осындай сәтті халықаралық экономикалық оқиғаға айналуының негізгі себебін атап бере аласыз ба?

- Шын мәнінде, табыстың іргетасы Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің бастамасы бойынша АЭФ құрылған 2008 жылы қаланған болатын. Сонда Елбасының көрегендігі тағы бір рет дәлелденді, оны форумның қазіргі жетістігі растайды.

Мен бұл жерде бірнеше себепті бөліп көрсетуге болады деп ойлаймын. Олар өзектілік, құзыреттілік және практикалық құндылық – бұлардың бірі екіншісінен туындайды. Біздің форумдағы спикерлер – жай ғана баяндамашылар емес, олар қызу талқылаулар мен өткір пікірталастардың қатысушылары, солардың негізінде практикалық ұсынымдар туындайды. Біз монологтарды диалогқа айналдыра отырып, осыны мақсат еттік.

Бізге Халықаралық валюта қорының директор-басқарушысы Кристин Лагард, экономика бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, Дүниежүзілік банктің бас экономисі (2016-2018) Пол Ромер, Сбербанк ЖАҚ басқармасының Президенті және төрағасы Герман Греф, АҚШ Федералдық резерві төрағасының орынбасары (2014-2017) Стэнли Фишер, 2007 жылғы әлемдік бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты, Инчхон (Корея Республикасы) мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Рае Квон Чунг және тағы басқалар сияқты әлемдік аты бар сарапшылар үлкен ықыласпен келеді. Бұл АЭФ-тың тәжірибе алмасуға, мемлекеттердің арасындағы қатынастарды дамытуға арналған жоғары дәрежелі алаңға айналғанын білдіреді.

АЭФ – адамдар әлдене туралы әңгімелесіп, жан-жаққа тарайтын жай ғана орын емес. Бұл жерде практикалық шешімдер қабылданады, тұрақты дамуға арналған, одан арғы өзгерістердің негізіне айналатын идеялар сөз болады.

- ХІІ АЭФ-тің тақырыбы – «Шабыттандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». Оның өзектілігі мен атауын артық бағалау мүмкін емес. Бүгінде әлем халықтарының жартысынан астамы қалаларда тұрады. Форумға қатысушылар айтқандай, болжамдар бойынша, 2030 жылға қарай қалада тұратын халықтың үлесі 60% жетеді. Және осы жағдайда жоғары адами капитал қалалар мен экономикалардың, яғни мемлекеттердің өсу сапасының негізгі көрсеткішіне айналады.

Форумдардың әрқашан уақыт ағынымен үйлесетін тақырыбы мен тұжырымдамасын кім және қалай айқындайтыны туралы айтып бересіз бе? Идеялар қайдан алынады? Және кезекті іс-шараға дайындық іс-шараға дейінгі қандай кезең ішінде басталады?

- Иә, өткен Форум биылғы жылы таңдап алынған тақырыптың әлемдік қоғамдастық үшін өзекті екенін көрсетті – онда одан әрі дамудың, халықаралық аренадағы экономикалық және саяси сын-тегеуріндерге ден қоюдың жолы қамтылған.

XII Астана экономикалық форум.

Нұр-Сұлтан қ., 2019 жылғы 16 мамыр

EXPO-2017 ұлттық компаниясының командасы биылғы жылы форумды ұйымдастырумен алғаш рет айналысты. Біз Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін барлық ең көкейтесті деген мәселелерді ашатын тақырыпты таңдап алуға тырыстық. Бұл тұрғыда бізге өз әріптестеріміз – «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ үлкен қолдау көрсетті. Әріптестер арнайы АЭФ үшін «Қазақстан және жаһандық әлем: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» атты талдамалық шолу дайындады. Осы зерттеуде АЭФ-тың қазіргі тақырыбының заманауи әлемдегі маңыздылығы ашылады. Сөз ірі державалар сауда соғыстарын жүргізіп жатқан, климаттың өзгеруі проблемасы барған сайын кең ауқымға ие болып жатқан, төртінші өнеркәсіптік революция еңбек нарықтарын және адами капиталдың дамуын өзгертіп жатқан кезеңде өмір сүріп жатқандығымыз туралы болып отыр. Осындай жағдайларда даму нүктесін тапқан маңызды. Форумның мақсаты да осында жатыр.

- Журналистер мен сарапшылар АЭФ-ты «Азия Давосы» деп атауда. Шынында да, Азия – ол әлем картасындағы дамудың аса ірі нүктелері, олардың тәжірибесі Қазақстан үшін мейлінше жаңа және жақын, алайда ол батыстық стандарттарға теңесуге дағдыланған біздің қоғамда әлі де толық бағалана қойған жоқ. Сіздерде АЭФ-ты азиялық дәстүрлерменкүшейту жоспарлары бар ма?

- Экономиканы дамытудың азиялық тұжырымдамасы бізге жақынырақ деп сіз дұрыс айттыңыз. АЭФ Давоста өткізілетін Дүниежүзілік экономикалық форумның лайықты мирасқоры болып табылады. Ал одан әрі ол оның өзіндік бір бәсекелесіне де айналуы мүмкін – әрине жақсы мағынасында. Дүниенің бізге жақын бөлігінде кезінде Азия барыстары деген атауымен әлемге нағыз экономикалық ғажайыптар ретінде танылған – Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань және Гонконг «тіршілік етуде».

Біз Қазақстан осындай жетістікті қайталайды деп сенеміз, ең күшті экономикасы бар елдердің 30-дығына кіру бойынша қабылданған бағдарлама соны куәландырады. Біз өз аумағымызда осындай форумды өткізе отырып, Нұр-Сұлтанға әлемдік аса ірі сарапшылар әкелетін «білім мен тәжірибенің қайнар көзіне» тікелей қол жетімділік аламыз. Біз сонымен бірге елімізге мол инвестициялар тартамыз – сөз ондаған миллиард доллар туралы болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда біздің азиялық әріптестер болашақта форумға өз қатысуын ұлғайтатын болады.

- «Азия Давосы» тақырыбын жалғастырсақ... АЭФ ұйымдастыру комитеті Дүниежүзілік экономикалық форуммен ынтымақтастықты жолға қойды ма? Осы екі алаңның үйлесімін Сіз неден көресіз, ал айырмашылықтары қандай?

- Әлбетте, біз ДЭФ ұйымдастырушыларымен тұрақты байланыста боламыз. Бұл қисынды да, өйткені біздің тұжырымдамаларымыз барынша ұқсас, көптеген тақырыптар бір-бірімен байланысып жатады. Бұл спикерлерге де қатысты – мысалы, Лагард ханым Давоста да, Нұр-Сұлтанда да сөз сөйледі.

Егер айырмашылықтары туралы айтар болсақ, олар географиялық тұрғыдан ғана болуы мүмкін. АЭФ – бұл Еуразияның аса ірі диалог алаңдарының бірі. Біз еуразиялық интеграцияның трендін ұстанып, өз тауашамыздан орын алдық. Шын мәнінде бұл бізді ешқандай да шектемейді. Талқыланатын тақырыптарды қараңыз – олардың барлығы жаһандық тақырыптар болып табылады. Ал АЭФ алаңында әзірленген ұсынымдар мейлі ол Еуразия болсын немесе Батыс болсын – бүкіл әлем үшін әмбебап мәселелер.

- Сіздің пікіріңізше, ЭКСПО кешені және Нұр-Сұлтанның басқа да инфрақұрылымы әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізуге сәйкес келе ме, егер Давостағы Конгресс-орталықпен салыстырар болсақ?

- Бұл алаң осындай конференцияларды өткізу үшін өте қолайлы. Біріншіден, Нұр-Сұлтан және ЭКСПО кешені біздің еліміздің визит карточкасы болып табылады. Олардың тұжырымдамасы Қазақстанның қандай бағытта – инновациялар, заманауи жасыл технологиялар бағытында дамып келе жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Дегенмен, ЭКСПО аумағы осындай ауқымды іс-шараларды қабылдауға іс жүзінде толық дайын болғанына қарамастан, атқарылған жұмыс көлемі де аз болған жоқ.

Біз дизайнға, эстетикаға және эргономикаға ерекше назар аударуға тырыстық. Сіз де байқаған шығарсыз, биылғы жылы дизайн ашық әрі әсерлі болды. Бұдан басқа, қатысушылардың көптігін ескере отырып, қолайлы навигация жасау қажет болды. Форум бір мезгілде 6 локацияда – Конгресс Орталықта, Hilton, АХҚО, Astana Hub, St. Regis Astana, Rixos President Astana ғимараттарында қатар жүргізілді. Қонақүйлердің арасында шаттлдар тұрақты қозғалыста болды. Біздің мақсатымыз қатысушыларды ешқандай ұсақ-түйектер негізгі мәселеден алаңдатпау үшін оларға барынша қолайлы жағдайлар жасау болды. Айтпақшы, сессиялар аяқталғанға дейін залдардан шығып кетушілер болған жоқ. Бұл біздің бәрін дұрыс ұйымдастырғандығымыздың дәлелі.

- Іс-шараны негізгі ұйымдастырушы ретінде Сіз ХІІ АЭФ қорытындыларын қалай бағалайсыз? Форумға қатысушылардың ойға алғандары ақталды ма? Іс-шарадан кейін Сіз қандай да бір өлшемдер жасайсыз ба?

- Мен осы уақытқа дейін қатысушылардан көптеген сүйінішті пікірлер аламын. Көптеген адамдар келесі жылы да форумға келгісі келеді – тіпті біз қонақтардың тізімін де жасай бастадық. Біз ұйымдастырушылар ретінде дайындау процесінде қандай жұмыс көлемінің болғанын жақсы білеміз. Менің өзіме-өзім баға бергенім дұрыс болмас, алайда АЭФ қонақтары Форумның жоғары деңгейде өткенін атап өтуде.

Биылғы жылы АЭФ-қа қандай да бір жаңашылдықтар кіргізе алғандығымыз әсіресе қуантады. Біз Форумның форматын мұқият пысықтадық және екі күннің ішінде 50 астам сессия өткізе алдық. Алғаш рет one on one пікірталастар, сондай-ақ жастар мен студанттер үшін AEF Talks өткізілді. Және ең бастысы, тағы да қайталайын – біз монологтар мен баяндамалардан гөрі тірі пікірталастарға басымдық беруге қол жеткіздік. Осындай пікір алмасудың құндылығы Форум табысының басты факторы болып табылады деп ойлаймын.

- Форумның практикалық нәтижелері біздің Үкімет, азаматтар, бизнес үшін қаншалықты пайдалы? Сіз полисимейкерлерге беру үшін барлық беделді бағаларды, ұсынымдарды жинақтайсыз ба?

- «Барынша практикалық» нәтижелерге келетін болсақ – ол қол қойылған меморандумдардың санымен және осы уағдаластықтардың сомасымен өлшенеді. Жалпы сомасы 8,7 млрд. доллар болатын 43 келісімге қол қойылды.

Ал егер полисимейкерлермен ынтымақтастық туралы айтар болсақ – әзірленген ұсынымдар тек Қазақстанда ғана пайдаланылмайды. Олар БҰҰ Бас Ассамблеясы сияқтыең биік мінберлерде айтылады. АЭФ күн тәртібін кем дегенде бір жылға – келесі Форумға дейін береді. Барлық қатысушылардың пікірі жаңа трендтерді уақтылы меңгеріп, оны пайдалана алмаған, жаңа сын-тегеуріндерге бейімделе алмаған елдер дамымаған мемлекеттер тізімінде біржола қалып қою қаупіне ұшырайды дегенге саяды.

- Келесі Форум үшін идеялар бар ма?

- Шындығында, идеялар өте көп. Оларды бір-екі күнде іске асыру қиын – біз барынша толық, мазмұнды бағдарлама жасаймыз. Спикерлер жөнінде де ойлар бар – біз әр жылы қонақтарды аттары мәлім тұлғалармен таң қалдыруға тырысамыз және 2020 жыл да одан тыс қалмайды. Сондай-ақ біз міндетті түрде жаңа форматтар енгізетін, Форумның деңгейі мен мәртебесін тұрақты арттыратын боламыз. Сондықтан келесі форум да ешкімді бей-жай қалдырмайды деп үміттендіргім келеді.

- Сіз осындай халықаралық деңгейдегі жауапты және ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру үшін энергия мен ішкі ресурстық әлеуетті қайдан аласыз?

- Мұны оңай түсіндіруге болады. Мен АЭФ деңгейіндегі іс-шаралардың Қазақстанның және тұтастай әлемнің болашағы екендігіне сенімдімін. Олар уақыттан озады және жаңа ұрпақ үшін берік іргетас қалайды. Осы сияқты орасан да күрделі процеске қатысты болу мен үшін – шабыт көзі. Одан да маңыздысы – ол менің балаларым болуы мүмкін. Мен олардың өсу, даму сатыларын қадағалап отырамын, олардың және барлық жас ұрпақтың болашағының анағұрлым жарқын болуын, ойға алған істерін іске асыру мүмкіндіктерінің болуын, олар үшін бүкіл әлемнің ашық болуын қалаймын. Осындай өзгерістер үшін елдердің көшбасшылары мен әртүрлі саланың сарапшылары жиналатын және бар күш-жігерін жұмсап, осы мақсат жолында жұмыс істейтін АЭФ сияқты алаңдар қажет.

- Қызғылықты және мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен Гүлсана Төлепбергенова.

_______________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Руслан Жемков – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры. Big Idea Group жарнама агенттігінде клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлім директорының орынбасары (2004-2005 жылдар), Big Idea Group жарнама агенттігінде медиа директор (2005-2006 жылдар), «КТК» АҚ Атқарушы директоры (2006-2007 жылдар), «Еуразиялық Медиа Форум» халықаралық қоры» КҚ Бас директоры (2007 – 2019 жылғы ақпан) болып жұмыс істеген.

Қосылған : 13.06.2019, 11:55, Өзгертілген : 6.06.2019, 11:55