Румынияның Констанца қаласында қазақстандық киноның фестивалі және «Астана – Ұлы даланың елордасы» фотокөрмесі өтті

Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі мен ҚР Құрметті консулдығының ұйымдастыруымен Румынияның ірі қалаларының бірі Констанцада қазақстандық киноның екінші фестивалі өтті.

Фестиваль «Рухани жаңғыру» - «Жаһандық әлемдегі замануи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде өткізіліп, оның бағдарламасына келесі фильмдер енгізілді: «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», «Сталинге сыйлық», «Біржан Сал» және «Жат».

Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев баса айтып өткендей, румын аудиториясы үшін Қазақстандағы кино өнерінің дамуымен танысуға мүмкіндік беретін Румынияның ірі қалалары Бухарест, Клуж-Напока және Констанцада жыл сайынғы Қазақстандық киноның фестивальдерін өткізу жақсы дәстүрге айналды.

Өз тарапынан Констанца муниципалитетінің және облыстық әкімшіліктің жоғары өкілдері, екі елдің халықтарын жақындастыру үшін мұндай мәдени іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Румын мәдениет қайраткерлерінен Қазақстан мен Румыния әртістерінің қатысуымен бірлескен қойылымдар өткізу туралы көптеген ұсыныстар айтылды.

Шараға руымндық іскерлік орта, бұқаралық ақпарат құралдары, қазақ диаспорасы өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Отандық фильмдермен шабыттанған румын көрермендері қазақстандық режиссерлердің жұмысының жоғары деңгейін баса айтып, ерекше «қазақстандық кино мектебін» бағалады.

Елордамыздың 20-жылдық мерейтойына орай, фестиваль қонақтары үшін «Астана – Ұлы даланың елордасы» фотокөрмесі ұсынылып, келушілер Астананың заманауи сәулетіне деген қызығушылықтарын білдірді.

Констанца қаласындағы Қазақстандық киноның бірінші фестивалі 2017 жылы 10-11 қарашада өткізіліп, Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25-жылдық мерейтойына орайластырылған болатын.

Қосылған : 3.11.2018, 15:10, Өзгертілген : 3.11.2018, 15:10