Роман Василенко "Қазақстан және Еуропалық Одақ: дипломатиялық қатынастар орнатудан толыққанды әріптестікке 25 жыл"

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

Роман ВАСИЛЕНКО,

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

Қазақстан және Еуропалық Одақ: дипломатиялық қатынастар орнатудан толыққанды әріптестікке 25 жыл



Мемлекет басшысы Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесуі. Брюссель қ., 2016 ж. 30 наурыз. (Akorda.kz)

Қазақстан дамуының ерекше жолы туралы сөз болғанда, басқалармен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері дәйекті түрде іске асырып келе жатқан және біздің жас еліміздің сәтті қалыптасуының кепіліне айналған оның көп векторлы сыртқы саясаты ойға оралатыны даусыз. Мемлекет басшысының шетелдік әріптестермен қатынастар құрудағы салиқалы саясаты республиканың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан серпінді дамуына, оның қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде әлемдік қоғамдастықтың құрметті және қажетті әріптесіне айналуына ықпал ететін қолайлы сыртқы ортаны құруға мүмкіндік берді.

Осы мән-мәтінде Еуропа елдерімен және еуропалық интеграциялық құрылымдармен ынтымақтастық ерекше орын алады. Еуропа мен Азияның түйісінде орналаса отырып және Еуразияның еуропалық бөлігінде көлемі бойынша Германиямен салыстыруға болатын аумақты иелене отырып, Қазақстан Көне құрлықпен қатынастарын белсенді түрде дамыту арқылы өзін Еуропадан аулақ ұстамайды. Бұл ретте біз посткеңестік кеңістіктің басқа елдерімен салыстырғанда Еуропалық Одақпен өзара іс-қимыл құрудың бірегей тәжірибесіне ие болып отырмыз.

1993 жылғы 2 ақпанда Қазақстан мен Еуропалық Одақ өзара дипломатиялық қатынастар орнатты; сол жылғы желтоқсанда біздің еліміз Еуропалық Одақтың жанынан Брюссельде өз миссиясын ашты, ал бір жылға жетпейтін уақытта – 2014 жылғы қарашада – Еуропалық Комиссия Алматыда өз өкілдігін ашты.

1995 жылғы 23 қаңтарда Еуропалық Одақ пен оған мүше мемлекеттер алғашқы негіздемелік құжат – Қазақстан-Еуропа қатынастарын қалыптастыру және өрістету үшін берік іргетас қалаған Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстанның Орталық Азия өңірі елдерінің арасында бірінші болып Еуропалық Одақпен осындай келісімге қол қойғаны ерекше атап айтуға тұрарлық.

Сонымен бірге, Еуропамен қатынастарын дамытуды іс жүзінде бірдей жағдайларда бастаған Еуропаның, Кавказдың және Орталық Азияның посткеңестік елдерін қоса алғанда, барлық «жаңа тәуелсіз мемлекеттер» үшін 1995 жылғы Келісімнің көбіне-көп бір үлгіде болғанын атап өтуге болады.

Біздің еліміздің ілгерілемелі дамуының және оның әділ және алдын ала болжанған ішкі және сыртқы саясатты жүргізіп келе жатқан кемел мемлекет ретінде бекітілуінің өткен жылдары Қазақстан мен Еуропалық Одақтың мәселелердің барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге екі жақты ұмтылғанын дәлелдеді.

Бүгінгі таңда еуропалық әріптестер өздері үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы басым әріптесі болып табылатындығын, онымен ынтымақтасу Еуропа үшін стратегиялық сипатты иеленетінін мойындайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы баяндаған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының нақты тұжырымдалған міндеттері мен бағыттарының арқасында, Қазақстан Франция, Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания және Венгрия сияқты Еуропа елдерімен стратегиялық әріптестік қатынастарын орнатты.

Бұған қоса, еуроатлантикалық және еуроазиялық қоғамдастықтың сеніміне ие бола отырып, біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасады және осы Ұйымның ХХІ ғасырдағы алғашқы және әзірше жалғыз Саммитін өткізді.

Осындай беделді құрылымға сәтті төрағалық ету тәжірибесі біздің елімізге деген құрметті нығайтуға ықпал етті және Орталық Азияның мүдделерін әлемдік ауқымда ілгерілетуге жол ашты, ал оны Қазақстан өзінің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше болуы шеңберінде де ойдағыдай жалғастырды.

Қазақстан-Еуропа қатынастарының серпінді дамуы жаһандық бәсекелестік жағдайларында және күн сайын өзгеріп отырған геосаяси және экономикалық ахуалды ескере отырып, ынтымақтастықтың құқықтық базасын жаңартуды талап етті. Соның нәтижесінде 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақтың арасында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге (КӘЫК) қол қойылды.

КӘЫК-ке 1995 жылғы Келісімде болмаған жаңа элементтер енгізілді. Олардың арасында: ғарыш қауіпсіздігі, жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимыл, терроризмге қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық, климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржыны басқару, салық салу және басқалар бар.

Оның үстіне, «сауда блогы» деп аталатын сала айтарлықтай кеңейтілді, оған бәсекелестікті дамытуға, зияткерлік меншікке, мемлекеттік сатып алуға және сауда кедергілерін жоюға жәрдемдесуге қатысты аса маңызды ережелер енгізілді.

КӘЫК бойынша келіссөздер процесінің төрт жылға жуық уақытқа созылғанын және мүлде оңай болмағанын еске салу қажет, өйткені Келісімнің ережелері біздің ДСҰ және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі міндеттемелерімізді толық ескеруге тиіс болды. Қағидаттық маңызы бар мәселелерді Еуропалық Одақ басшылығымен жеке шеше отырып, осы процесті ерекше бақылауында ұстаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің сәтті өтуінде негізгі рөлді атқарды.

Қазақстан тағы да Еуропа Одағы енді онымен «екінші буындағы» келісімге қол қойған өңірдегі алғашқы және әзірше жалғыз елге айналды.

2016 жылғы 1 наурыздан бастап КӘЫК ішінара қолданылу режимінде әрекет етеді, бұл оның Еуропалық Одақтың ерекше құзыретіне жататын ережелерін іске асыру мүмкіндігін білдіреді. Ал ол «сауда блогын» қоса алғанда, Келісімнің ауқымды бөлігі.

Сонымен бірге, КӘЫК-тің толық күшіне енуі және оның қалған нормаларын, оның ішінде жоғарыда санамаланған жаңа ережелерді имплементациялауды бастау үшін ЕО мүше мемлекеттердің ұлттық парламенттерінің және Еуропалық Парламенттің КӘЫК-ті ратификациялау талап етіледі. Бұл процестің жедел қарқынмен жүріп жатқанын айта кету керек. Мәселен, оған қол қойылғаннан бергі екі жыл ішінде Келісімді 23 мемлекет ратификациялады, ал өткен жылғы 12 желтоқсанда оны басым дауыспен Еуропалық Парламент мақұлдады.

1995 жылғы Әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім күшіне ену үшін төрт жылдан астам уақыт талап етілгенін және сол кезде Еуропалық Одаққа 15 мемлекеттің ғана кіргенін атап өткім келеді.

Бұл жағдай да Еуроодақ елдерінің Қазақстанмен жаңа салалар бойынша өзара іс-қимылды дамытуға айтарлықтай мүдделі екендігін куәландырады.

КӘЫК-қа қол қойылуы және оны уақытша қолданудың басталуы ҚР-ның Еуроодақпен және оған мүше мемлекеттермен саяси және экономикалық ынтымақтастығына қуатты серпін берді.

Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен әріптестік адам айтқысыз ауқымға ие болды, ал оның барлық тараптар үшін Еуропа мен Азияның арасындағы көлік-логистикалық салада және «Белдеу және Жол» бастамасын іске асыруда байқалып отырған «серпіліс» жағдайында стратегиялық маңызы бар.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ үшін таяудағы жылдардың негізгі міндеті сауданы өркендету және ең бастысы, оны жан-жақты әртараптандыру болып табылады.

2017 жылы өзара тауар айналымының іс жүзінде 6 млрд. АҚШ долларына ұлғаюы (2016 жылы – 24,4 млрд. долл., 2017 жылы – 30 млрд. доллар) оң бетбұрыс болып табылады. Сол арқылы, Еуропалық Одақ біздің тауар айналымымыздың жалпы көлемінде 49,8% үлеспен Қазақстанның сауда әріптестерінің арасында көшбасшылықты сақтайды.

Сол уақытта, өзара сауданың алтыдан бес бөлігін құрайтын Еуропаға қазақстандық экспорттың құрылымындағы негізгі позицияларды әлі де болса көмірсутегі ресурстары мен бағалары елеулі өзгерістерге жиі ұшырайтын басқа да шикізат алады.

Осылайша, қазақстандық және еуропалық дипломаттардың алдында Қазақстаннан Еуропа елдеріне шикізаттық емес экспортты кеңейту және тұтастай біздің өзара саудамызды әртараптандыру жолдарын іздестіру жөніндегі міндет тұр.

Осы мән-мәтінде Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты қаңтардағы Жолдауы еуропалық инвесторлар үшін қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуда барынша кең перспективалар ашады.

Экономиканы жаңғырту, цифрлау, инновациялық технологияларды енгізу және бизнес-ахуалды жақсарту есебінен – Еуропалық Одақ елдерінің айтарлықтай тәжірибесі және перспективалық атқарымдары бар салаларда – Қазақстан экономиканың өсу қарқынын арттыруды және басым салаларға қосымша инвестициялар тартуды жалғастыратын болады.

Қазірдің өзінде біздің елімізде Еуропа елдері қатысатын 6000 жуық компания жұмыс істейді. Alstom, Orano (бұрынғы Areva), Danone, Gedeon Richter, Knauf, Metro, Peugeot, Polpharma, Renault, Siemens, Talgo, Thyssen Krupp, Vicat және т.б. сияқты еуропалық ірі әріптестермен ынтымақтастықтың аса табысты мысалдары жеткілікті.

Осы кезеңдегі Еуропалық Одақпен арадағы қатынастардағы тағы бір басым мақсат визалық режимді жеңілдету болып табылады, ол қазақстандық және еуропалық бизнесмендердің арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қуатты серпін беруге тиіс. Қазақстанның ЕЫДҰ мен ЕО-ға мүше мемлекеттерінің азаматтары үшін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап визасыз режим енгізуі еуропалық кәсіпкерлерге өз бизнесін ашу үшін біздің аумағымызға еркін қол жетімділік беру және одан да маңыздысы, оны тұрақты және кедергісіз бақылау мүмкіндігін беру есебінен Қазақстанға ЕО елдерінен келетін инвестициялардың елеулі түрде ұлғаюына ықпал етті.

Қазақстан өз кезегінде, Еуропаға бірінші кезеңде біздің азаматтар үшін визалық талаптарды оңайлатуды ұсына отырып, Еуропа тарапының жауап қадамдарын күтеді. Сыртқы істер министрлігі осы бағытта еуропалық әріптестерімен дәйекті жұмыс жүргізіп отыруда, ол белгілі бір нәтижелерді де бере бастады, және жақын уақытта оның Еуропалық Комиссияның нақты іс-әрекеттерінде көрініс табатындығына үміттенемін.

Қазақстан мен Еуропалық Одақтың арасындағы қатынастарды кешенді түрде қарау неғұрлым кең өңірлік мән-мәтінге лайықты назар аудармай мүмкін болмайды. Қазақстан Орталық Азия өңірінің бір бөлігі бола отырып, 2007 жылы қабылданған Еуроодақтың Орталық Азия жөніндегі Стратегиясында белгіленген Еуропалық Одақтың мүдделері аймағына кіреді.

Еуропалық Одақ осы Стратегияның шеңберінде құқықтың ұлықтылығы, шекаралардың қауіпсіздігі, есірткі трафигіне қарсы күрес, білім беру, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару мен ауылдық аумақтарды дамыту сияқты салаларда өңір елдерін қолдауды жүзеге асырады.

Өзінің он жыл қолданылуы уақытында Стратегия өзін өңіраралық өзара іс-қимылдың кешенді құралы ретінде көрсетті, ал оның шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалар біздің өңірімізді дамытуға және Орталық Азия мемлекеттерінің қолда бар әлеуетін іске асыруға ықпал етті.

Оның үстіне, Стратегияны имплементациялау біздің еуропалық әріптестерімізге Орталық Азия өңірі және оған кіретін елдер, олардың қажеттіліктері және болашақта ЕО-мен қатынастарды дамыту жөніндегі жоспарлары туралы неғұрлым нақты ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Еуропа тарапының 2019 жылдың соңына қарай Стратегияны ауқымды түрде қайта қарау және мүлде жаңа құжат дайындау туралы шешімі Еуроодақтың біздің өңірмен жаңа қатынастар орнатуға басым назар аударып отырғандығын тағы да растайды.

Шынында да, Орталық Азия елдерінің бір-бірімен өзара іс-қимылға барған сайын зор маңыз беріп отырғандығы фактісін ескеретін болсақ, жаңартылған Стратегия дайындау үшін бүгінгі күн мейілінше сәтті кезең болып отыр; және бұл ЕО-мен өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан негізгі ретінде мынадай басымдықтарды: Орталық Азия елдерінде жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті (ШОБ), көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды, энергия тиімділігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты, қоршаған ортаны қорғауды, климаттың өзгеруін және су ресурстарын ұтымды пайдалануды, білім беру саласындағы өзара іс-қимылды жалғастыруды бөліп көрсете отырып, Стратегияны жаңарту процесіне белсенді түрде қосылды.

Өткен жылғы қарашада Самарқандта өткен ЕО-ОА Министрлер конференциясына Орталық Азия мемлекеттерінің барлық бес министрінің қатысуы өңірдің ЕО-мен өзара іс-қимылға жоғары мүдделілігін растады. ЕО-ның шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини оны қорытындылай келіп, осы кездесуді «ЕО-ОА қатынастарындағы тарихи оқиға» деп атады.

Қазақстан, өз кезегінде, өңірдегі жаһандық әріптестердің мүдделерінің үйлесуі және олардың өзара мүдделілікті білдіретін салалардағы қызметінің синергиясы барлық қатысушылар үшін және бірінші кезекте, өңір елдерінің өздері үшін тиімді болатынына сенімді.



Қосылған : 12.04.2018, 19:10, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:10