Рауан Кенжеханұлы “Цифрлы дипломатия және виртуалдық әлемде Қазақстанның мүдделерін ілгерілету”

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТУРАЛЫ КӘСІБИ ТҰРҒЫДАН

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры

Цифрлы дипломатия және виртуалдық әлемде Қазақстанның мүдделерін ілгерілету


techzillafirefox.blogspot.com

WikiBilim Қоғамдық қоры (Ұлттық аударма бюросы) елдің абыройын асыруға айта қаларлықтай үлес қосатын әлемге танымал онлайын платформаларды қазақы мазмұнмен байытуды көздеген бірқатар маңызды бастамалардың ұйытқысы болып келеді. Қордың қоржынында қазақ Уикипедиясын дамыту, Google Translate машиналық аударма қызметіне қазақ тілін енгізу, TED конференцияларының таңдаулы баяндамаларын аудару, OpenU – Қазақстанның ашық университетін құру мен Kitap.kz – ашық кітапханасын жасау сияқты заманауи ірі жобалар бар.

Қор жетекшісі Рауан Кенжеханұлы цифрлық дипломатияға арналған бұл мақаласында қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияларды дипломатия ісінде пайдалану мүмкіндігі жөніндегі өз ойларымен бөліседі.

«Цифрлық дипломатия» ұғымы халықаралық іскерлік және академиялық лексикада толықтай орнықты. Әдетте, баспасөз бетінде Уикипедияға сілтеме жасамайды, дегенмен дәл осы тұста солай жасаудың реті келіп тұрған сыңайлы. «Уикипедияның» анықтамасы бойынша, «цифрлық дипломатия» (Digital diplomacy немесе eDiplomacy) дегеніміз – дипломатиялық мәселелерді шешу үшін интернет пен жаңа ақпараттық технологияларды қолдануды білдіреді.

«Цифрлық дипломатия» үшін арнайы қызмет құрған алғашқы сыртқы саяси ведомство – АҚШ Мемлекеттік департаменті. 2002 жылы Мемлекеттік департамент құрылымында «Цифрлық дипломатия жөніндегі топ» (Taskforce on eDiplomacy) құрылды, кейін оның атауы «Е-Дипломатия кеңсесі» (Office of eDiplomacy) болып өзгертілді. Бүгінде бұл бөлімше қызметкерлерінің штаты 150 адамға жетті, тағы 935 адам дүние жүзіндегі АҚШ дипломатиялық өкілдіктерінде отырып, онлайн-мониторингпен және әлеуметтік желілердегі ықпалды нығайтуға арналған күреспен айналысады. Ұлыбританияның Сыртқы істер және Достастық елдері ісі жөніндегі министрлігінде елдің сыртқы саяси мүддесін ілгерілетуге белсене қатысатын «Цифрлық дипломатия бюросы» жұмыс істейді. Басқа елдер де кейінгі жылдары цифрлық дипломатия мүмкіндігін барынша еркін қолданып келеді. Көп ел 21st Century Statecraft (США) немесе Open Policy (Канада) деген атау бере отырып, өз мүддесін бүкіләлемдік желі арқылы ілгерілету бағдарламалары мен стратегияларын қабылдап жатыр.

Сыртқы саяси ведомстволардың виртуалды кеңістіктегі жұмысына байланысты бірқатар неологизм сөздер пайда болды. Мәселен, «Твиттер дипломатия» (Twiplomacy), «Хэштэг дипломатия» және «Фейсбук дипломатия» ұғымдары кең қолданысқа енді. Фейсбук дипломатиясын саяси құбылыс ретінде бекітудің маңызды тұстарының бірі – осы әлеуметтік желінің танылмаған бірқатар өңірлерді тануы болды. Бұл нақты танылмаған саяси құрылымды өз елі ретінде таныстыратын өздерін «цифрлық дипломаттар» (digital diplomats) деп атаған мыңдаған қолданушылар тобының белсенді түрде қысым көрсетуі нәтижесінде орын алды. Онлайн платформалардың тануы немесе танымауы аумақтық даулардың барысына әсер ететін маңызды әлеуметтік факторға айналуы мүмкін. Сонымен қатар, 2011 жылғы «Араб көктемі» деп аталатын Таяу Шығыстағы оқиғалар барысында әлеуметтік желілердің толық күші байқалды.

Мемлекеттік қызметтердің, соның ішінде сыртқы саяси ведомстволардың жұмыс әдісін цифрландыруды жеделдетудегі маңызды фактор – демография. «Миллениум буыны» немесе «миллениттер» деп аталатын Ү буынның өкілдері бүкіл әлемде қоғамның ең әлеуметтік белсенді бөлігіне айналып барады. 2000 жылы дүниеге келген жастар 2018 жылы өз елдерінің толық құқығы бар азаматтары болады. Олар – цифрлық технологияға тереңдеп бой ұрған «Digital natives» деп аталатын әлеуметтік топтың нағыз өкілдері. Миллениеттер санасына ықпал ету үшін күрес негізінен цифрлық платформалар арқылы жүреді. Сондықтан технологияларға жаппай басымдық беру – қатарғады реформаторлық қалау емес, уақыттың шынайы талабы.

Цифрлық дипломатия туралы айтқанда, сайт мониторингі, жеке және ресми аккаунттар арқылы әлеуметтік желілердегі белсенді әрекет, кейбір мәселелер бойынша ресми ұстанымды ілгерілету үшін жүргізілетін онлайн науқандар көз алдымызға келетіні рас. Біздің көпшілік назарында жүретін тұлғаларымыз, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық және коммерциялық ұйымдар, сондай-ақ баспасөз және PR қызметтері бұл тәсілдерді қазірдің өзінде жақсы меңгеріп алды. Бірақ осының бәрі жалпы алғанда жеке немесе шағын ведомстволық мүдделерді жедел арада қорғауға және ілгерілетуге қызмет жасайды.

Ал жаңа медианың қазіргі қоғамға ықпал ету күші мен тереңдігі оларды қолдану үшін әлдеқайда күрделі әдістерді талап етеді. Жаһандық онлайн платформалар жаңа әлемнің – геосаяси шекараларды мойындамайтын, бірақ тілдік ерекшеліктерді танитын және құрметтейтін, мемлекеттің экономикалық және саяси салмағынан халық мәдениетінің, аумақ тарихының және рухани мұрасының мазмұны маңыздырақ көретін әлемнің ерекше пішіні өрнектелетін алаңы болып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұндай платформаларда елдің және оның рухани және материалдық мәдениетінің қалыс қалуы немесе жұтаң көрініс табуы – қоғамның артта қалғандығының белгісі, мемлекеттің шынайы негіздерінің әлсіздігінің индикаторы.

Осындай платформалардың бірі – «Уикипедия» жаһандық онлайн энциклопедиясы. Ол, адам ең көп кіретін ресурстың бірі бола отырып, қатардағы энциклопедиялық анықтамалықтан әлдеқайда зор нәрсеге айналды. Ол – миллиондаған қолданушылардың жеке жәрдемімен өмір сүретін коммерциялық емес ресурс. Мақалаларды сол ерікті қолданушылардың өзі жазады және редакциялайды. Қоғамдық мәртебесі мен бейтараптығының арқасында, «Уикипедия» академиялық болмаса да, бүкіл әлемде ерекше танымал. Бүгінде бұл ресурсқа ай сайын 500 миллионнан астам бірегей қолданушы кіреді. Қандай да болмасын іздеу сервисі «Уикипедия» мақаласын кез келген ақпараттық және ресми ресурстардың алдынан және жоғары сатыға шығарып ұсынады. Ыңғайлылық пен қолжетімділік параметрлері бойынша дәстүрлі медиа мұндай платформамен бәсекелесуге қазірдің өзінде қауқарсыз. Сондықтан онлайн энциклопедияның парақшалары барлық қолданушы үшін саяси, ақпараттық және имидждік жұмыстардың маңызды құралына айналды.

Энциклопедияның кейбір кикілжіңдерге немесе пікірталастарға арналған мақалалары мүдделі тараптар мәтіндегі әрбір үтірді қорғап қалуға тырысатын редакциялық майдандардың алаңына айналды. Мысалы, Қарабақ қақтығысына арналған мақала төңірегіндегі «редакциялық майданға» қоғамдастық әкімшісі араласуға мәжбүр болды. Мәтіннің бейтарап редакцияланған нұсқасы ұсынылып, мақаланы одан ары редакциялауға тиым салынды.

Сондықтан қандай да болмасын қазіргі саяси науқан да, PR іс-шара да Уикипедияда сауатты жазылып, мұқият тексерілген мақаласыз жүзеге аспайды.

Wikipedia-ны жасауға негіз болған Wiki-платформаны АҚШ Мемлекеттік департаменті Diplopedia жобасында кәдеге асырып отыр. Бұл – мемлекеттік департамент қызметкерлері ішкі мақсаттар үшін ақпарат жинау және білімді ұйымдастыру мақсатында пайдаланып отырған жабық ақпараттық жүйе.

Сонымен қатар «Уикипедия» әрбір тілдік қауымдастықтың жай-күйі мен әлеуетін дәл сипаттай алатын ең ілгері дамыған лингвистикалық платформа деуге болады. Бұл ресурстағы бүгінгі тілдер рейтингі 0-ден 5,5 миллионға дейінгі мақаласы бар 298 тілі қамтиды. 5,5 миллионнан астам мақаласы бар ең ірі тарау – ағылшын тілінде. Ағылшын Уикипедияның ерікті редакторларының жартысына жуығы Phd ғылыми дәрежесінің иегерлері болғандықтан, мақалаларының сапасы да, деңгейі де өте жоғары. Тұтастай алғанда, мұндай жаһандық электронды платформаның тілдік тарауларының жай-күйінен қандай да бір тілді алып жүрген қауымның (қоғамның) ахуалы мен сапасы туралы көп нәрсені байқауға болады. Сондықтан Уикипедияның қазақша тарауының дамуы – шет тілдеріндегі тараулардағы Қазақстанға қатысты мақалаларды редакциялаумен қатар, елдің ақпарат-имидж бағытындағы жұмысының маңызды құрамдас бөлігі. Электронды энциклопедияның парақтары – саяхатшылардың, инвесторлар мен іскер серіктестердің еліміз жайлы дерек алатын негізгі ақпарат көзі.

Электронды қызметтің көптеген түрлерін қамтитын Google да – дәл осындай платформа. Мемлекеттер өздеріне туристер тарту, қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін Google компаниясына арнайы жүгініп жатады. Елдің электронды географиялық карталарын дамытудың, қала көшелерінің 3D суреттерін интерактивті карталар мен гидтерге енгізудің арнайы жобалары осылай пайда болған. Өз тілдерін Google-дың автоматты аударма қызметіне енгізу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық мұражайлар, галереялар, кітапханалар мен архивтер Google Art Project жобасына тарих, мәдениет пен сәулет өнерінің ескерткіштерін енгізу үшін, сондай-ақ ұлттық кітапхана қорларын Google Books қызметіне орналастыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі – еліміз бен мәдениетімізді жаһандық ақпарат алмасуға қосудың ең тиімді құралы. Бұл Google компаниясына емес, цифрлық өркениеттен тыс қалғысы келмейтін елге қажет нәрсе.

Дәл осындай қызметті өз бетімізше жасай аламыз дейтіндер – аңғалдыққа бой алдырғандар. Бұл жерде әңгіме мемлекеттік құпия немесе азаматтардың жеке мәліметтері жайлы болып отырмағаны түсінікті. Ондағы мақсат – азаматтарымыз үшін туған тіліміздегі озық электронды қызметтің толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасағымыз келетінінде. Жаһандық платформаны өз қажетімізге икемдеп пайдалану – өз бетімізше, жеке платформа жасаудан қашан да арзанырақ және тиімдірек болады.

2011 жылы қазақ Уикипедиясын дамыту жобасын бастаған кезімізде қай аудиториядан болмасын «өз контентімізді бөтен компанияға бергеніміз дұрыс емес, өзіміздің электронды энциклопедиямызды жасауымыз керек» дегенді еститінмін. Содан бері 7 жыл өтсе де, бір де бір қазақстандық онлайн энциклопедия шықпады, есесіне Уикипедияның қазақ тіліндегі бөлімі ай сайын 12-15 млн-ға дейін қаралады.

Машиналық аударма жүйесінде де дәл осындай жағдай қалыптасты. Google-мен бірігіп жұмыс істеуіміздің арқасында 2014 жылы қазақ тілін Google Translate жүйесіндегі тілдер тобының қатарына енгізуге қол жеткіздік. Ол кезде отандық электронды аударма жүйесін жасап шығаруға бірнеше рет талпынсақ та, одан ештеңе шықпады. Google Translate жүйесіне енуіміздің арқасында пайдаланушыларымыз қазақ тіліндегі мәтіндерді әлемнің 100-ден аса тіліне тікелей аударуға мүмкіндік алды. Бұл автоматты аударманың сапасы әр мәтін енгізген сайын өсіп отыр, яғни оны неғұрлым жиірек пайдалансақ, жұмысының сапасы да соғұрлым жақсара түспек. Бүгінде Beeline компаниясының қолдауымен Google-да қазақша аударманы «text to text» режимінен «speech to speech» режиміне дейін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, яғни жақын келешекте қазақша дыбысталған мәтінді әп сәтте аударуға мүмкіндік беретін қосымшалар іске қосылады. Сол кезде қазақ тілін заманауи электронды жүйелерде (ақылды үйлер, қондырғыны дауыспен басқару, т.б.) кеңінен қолдануға жол ашылады.

Бұл – қазіргі саяси және дипломатиялық жұмыста пайдалануда маңызды элемент болып саналатын жаһандық электронды платформалардың кейбір мысалдары ғана.

Озық электронды қызметтер мен жаһандық онлайн платформаны қажетімізге дер кезінде және сапалы локализациялау – мемлекет тарапынан тиісті назар аударуды талап ететін стратегиялық маңызды міндет.

Технологиялық тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің графикалық жүйесін кирилл жазу жүйесінен латынға ауыстыру да әлемдегі ең кең қолданылатын әліпби платформасын өзіміз үшін локализациялау. Қоғамымыздағы жаңа әліпби нұсқаларының тиімділігі жайлы пікірталастар – латын графикасы негізіндегі қазақы мазмұн мен әлемдік мазмұнның етене араласуын жеңілдететін ең оңтайлы пішіндердің айқындалу процесі.

Қазақ әліпбиін латын платформасына ауыстыру «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды жобасы екені бәрімізге белгілі. Менің ойымша, осы бағдарламаның маңызы жағынан кем түспейтін келесі бір бағыты – «Жаһанданған әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» – әлемдік деңгейдегі орнымызды ілгерілету үшін заманауи электронды платформаны пайдалануымыз қажет екенін меңзеп тұр. Мәселен, шет тілдеріне аударылған кітаптарды ең алдымен онлайн дүкендер мен онлайн кітапханалар арқылы таратуымыз қажет. Қазақстанның киносын, музыкасын, бейнелеу өнері мен басқа да контентін танытуды электронды платформаларға сүйеніп жасауға тиіспіз.

Бүгінгі күні мемлекеттік мүддені ілгерілету мен қорғау жүйесіндегі халықаралық қарым-қатынастарды заманауи ақпараттық коммуникациялық технологиясыз елестету мүмкін емес. Бұл міндет, әсіресе «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдау кезеңінде зор маңызға ие болып отыр. Ол мемлекеттік институттарды өз жұмыстарын виртуалды кеңістікке көшіруді басым бағыт ретінде қарастыруды міндеттеп қана қоймай, қызметті түбірінен қайта құрудың алтын арқауына айналдыруды талап етеді.

Біздің Сыртқы істер министрлігінің осы үлкен өзгерістердің алдыңғы қатарынан табылып, дипломатияны қалың көпшілікке онлайн платформа арқылы таратуда ерекше белсенділік көрсетуі көңіл қуантады. Күні кеше ғана Сыртқы істер министрлігінің жұмысы мен дипломатиялық қызмет жаңалықтарын қалың жұртшылық газет басылымдары мен теледидардың ведомстволық ресми қатаң сүзгіден өткен қасаң материалдарынан ғана ала алатын. Әлеуметтік желілердің арқасында мұндай қатып-семіп қалған ресмиліктер енді дипломатиялық кездесулердің, келіссөздер мен іс-сапарлардың қатысушысы болған дипломаттардың жеке хабарламаларынан (постар) жанды, танымдық маңызы зор, қызғылықты, ең бастысы, шынайы ақпаратқа қанығатын болды. Ресмиліктен ада, достық көңілдегі бұл хабарламалар адамның жүрегін баурайды, көңіліне сенім ұялатады. Оларға қойылған «лайктар» мен «репостар» оқырман мен көрермендерді сол оқиғаларға етене араластырып жібереді. Демек, сол арқылы елдік мүдде мен ведомстволық міндеттер қолданушылармен (азаматтар) бір арнаға тоғысып жатыр. Цифрлық дипломатияның мақсаты да дәл осындай ел ісіне бірге қуанып, бірге жұбанатындай ахуалға бүкіл қоғамды тарту болып табылады.

WikiBilim қорының қызметін, біздің бастамаларымызды Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестер алғашқы күннен бастап-ақ ерекше қызығушылықпен қолдады. Оған айқын мысал ретінде біздің Wikipedia-ның қазақша бөлімін дамытуға байланысты жұмыстың Wikimedia қорымен алғашқы қадамы Қазақстанның АҚШ-тағы сол кезінде болған елшісі Ерлан Ыдырысовтың Wikipedia-ның негізін қалаушы Джимми Уейлспен (Jimmy Wales) кездесуінен бастау алғанын айтсақ та жеткілікті. Қазақ тілін Google Translate аударма жүйесін қосуға байланысты жоба Министрліктің қолдауымен өткізілген Turkic Wikimedia конференциясының арқасында ғана мүмкін болды. Біздің халықаралық әріптестерімізбен өткізетін сол сервистер мен контентті алу немесе аудару жөніндегі келіссөздеріміздің барлығы дерлік әлем елдерінің астаналарында орналасқан елшілік қызметкерлерінің араласуынсыз өткен емес. ҚР СІМ-нің Халықаралық ақпараттар комитетімен бірлесе отырып қазір біз «Қазіргі қазақ мәдениеті ғаламдық әлемде», OpenU – Қазақстанның ашық университеті жобалары бойынша жұмыс істеудеміз, Мемлекеттік басқару академиясының дипломатия мектебінде бірлескен семинарлар өткіземіз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ҚР СІМ-мен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде қол жеткізген сервистерді пайдаланалушылар қауымдастығының атынан осы шаруаға барынша үлес қосқан барлық дипломаттарға ризашылық білдіреміз. Көзқарастар ортақтастығы, мақсаттар мен міндеттер бірлігі келешекте де ынтымақтасқан нәтижелі жұмыстардың берік тұғыры болып қала береді деп сенеміз.



Қосылған : 12.04.2018, 19:55, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:55