​Қазақ әдебиеті мен өнерінің туындылары Лондонда ұсынылды

ЛОНДОН, 2018 жылғы 7 қараша – «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстандық мәдениет және әдебиет форумы аясында заманауи қазақстандық ақындар, жазушылар және суретшілердің шығармалары британдық қоғамға ұсынылды.

Форум Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан жазушылар одағы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Кембридж университетінің Профессоры және Британдық парсы зерттеулер институтының Вице-приезиденті Чарльз Мелвилл, Кембридж университетінің Профессоры Фируза Мелвилл, британдық журналист және жазушы Ник Филдинг, «Open Central Asia» журналының редакторы Марк Ахмед, британдық зерттеуші Джилл Браун, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Басшысы Үмітхан Мұңалбаева, жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Ғарифолла Есім, ақын Бақытжан Тобаяқов және тағы басқа танымал тұлғалар қатысты.

Форумды ашқан Е.Ыдырысов заманауи қазақстандық мәдениетті шет елдерде танымал етуге бағытталған әрекеттері үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қатысушыларды Ұлыбританиядағы ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында Елшілік жоспарлаған іс-шаралармен таныстырды.

Форумға қатысушылар қазақстандық әдебиеттің дамуы, заманауи Қазақстанның зияткерлік ресурстары, отандық кинематографтағы жаһандану және ұлттық сәйкестікті сақтау проблемалары, сондай-ақ мәдениет саласындағы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықтың тарихы мен перспективалары туралы пікір алмасты.

Жазушы Н.Филдинг қатысушыларға XVIII ғасырдан бері қазақ жері және қазақ халқы туралы жазған британдық авторлар туралы бірегей зерттеу баяндамасын ұсынды. Оның айтуынша, 20-дан астам британдық авторлар қазақтардың мәдениеті мен өмірін, сондай-ақ Қазақстанның ерекше табиғатын зерттеген. Олардың туындылары бүгінгі күнге дейін сақталған. Н.Филдингтің ойынша, бұл – Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтар әлдеқайда көп екеніндігінің айқын дәлелі.

Форум аясында Қазақстандық авторлар Б.Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр» мен «Шыңғысхан Іле өңірінің ұланы» және Б.Тобаяковтың «Звуки кобыза» кітаптарының тұсаукесері өтті. Танымал қазақстандық кинорежиссер Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығының қалыптасуы туралы «Алмас қылыш» атты көп сериялы тарихи теледидарлық фильмін қатысушыларға ұсынды. Сонымен қатар форум қонақтары қазақстандық суретші және скульптор Руслан Ақанаевтың «Жыл мезгілдері» көрмесімен және «Қазақстанның өнері мен мәдениеті» фотокөрмесімен танысты.

Форумды қорытындылай келе, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Басшысы Ү.Мұңалбаева қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай іс-шаралардың қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау үшін маңыздылығын атап өтті.

Қосылған : 9.11.2018, 10:00, Өзгертілген : 9.11.2018, 10:00