​Мауритания Президенті қыркүйек айында Астанаға ресми сапармен келеді

30 мамырда Мауритания Президенті Мохаммед Ульд Әбдел Әзиз Нуакшот қаласындағы өзінің ресми резиденциясында Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы уәкілі – сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдиновты қабылдады. Кездесу барысында Мауритания лидеріне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитіне қатысуға арналған шақыруы табыс етілді. М. У. Әбдел Әзиз шақыруды ризашылықпен қабыл алып, қыркүйек айында Астанаға ресми сапармен бару және саммитке қатысу жөніндегі ниетін қуаттады.

Арнайы уәкіл Мауританияға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына, оның ішінде БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігі шеңберіндегі жұмысы, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымын құруы және Астанада «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, А. Камалдинов Мауританияның халықаралық терроризммен күресудегі және аймақтық тұрақтылықты сақтаудағы рөлін жоғары бағалады. ҚР Президентінің Арнайы уәкілі өзінің Нуакшотқа жасаған жұмыс сапары аясында Мауританияның Сыртқы істер министрі Исселку Ульд Ахмад Изид Бихпен және сол ел Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі Кеңесшісі Мустафа Ахмад Дауммен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың түрлі салаларын дамыту жолдарын талқылады. Мауританияның ерекше дамыған салалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы, балық аулау өнеркәсібі, сондай-ақ елдің тау-кен және мұнай өндіруші секторлары қызығушылық туғызды.

Тараптар келіссөздер барысында халықаралық және аймақтық проблемалар төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті. Мауританиялық тарап Астананың Сириядағы дағдарысты реттеудегі дипломатиялық күш-жігеріне қолдау білдірді.

А. Камалдинов Нуакшотқа жасаған сапарының қорытындысы бойынша Мауританияның орталық бұқаралық ақпараттық құралдары журналистерінің алдында сөз сөйледі.

Қосылған : 31.05.2017, 19:25, Өзгертілген : 31.05.2017, 19:25