​Алжир Премьер-министрі Астанада өтетін ИЫҰ саммитіне қатысатынын қуаттап, ИАҚҰ-ға қосылуға дайындығын білдірді

22 мамырда Қазақстан Президентінің Арнайы уәкілі – сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов жұмыс сапарымен Алжирге барды. Сапар барысында Арнайы уәкіл Алжир Премьер-министрі Әбделмалік Селлальмен кездесіп, онымен саяси, экономикалық, инвестиция және мәдени салаларындағы екіжақты ынтымақтастыққа байланысты мәселелер жиынтығын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың келешегі талқылады.

А. Камалдинов Қазақстан мен Алжирдің Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы әріптестік деңгейінің өте жоғары екендігін атап өтіп, Алжирдің Солтүстік Африка аймағындағы тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқарып отырған ислам әлеміндегі ең ірі мемлекеттердің бірі ретінде 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша бірінші Саммитіне қатысуының маңызды екендігі туралы Қазақстан Президентінің жолдауын тапсырды. А. Селлаль Алжирдің бұл іс-шараға баса мән беріп отырғанына тоқтала келіп, Астана саммитіне жеке өзінің қатысатынын қуаттады.

Сонымен қатар, Президенттің Арнайы уәкілі Алжир Премьерінен АХДР-ге жаңа құрылымның белсенді мүшесіне айналуға, ислам қоғамындағы қазіргі проблемаларды шешуде үлес қосуына мүмкіндік беретін Елбасының Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына (ИАҚҰ) қатысты тағы бір бастамасына қолдауды өтінді. Осы орайда, Премьер-министр жуық арада Ұйымның жарғысына қол қоюға және оның толық құқықты мүшесі болуға дайындығын растады.

Арнайы уәкіл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына Алжир тарапының қатысатындығы үшін алғыс айтып, ол іс-шараның Алжир үшін өз жетістіктері мен балама энергетика саласындағы жаңалықтарын көрсететін платформаға айналатындығына сенім білдірді.

Сондай-ақ сапар барысында А. Камалдинов Алжир Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Хассан Рабехимен және министрліктің басты департаменттерінің директорларымен әртүрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты белсендіру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Жақын арада Қазақстан-Алжир үкіметаралық комиссиясын құру туралы, екіжақты негізгі құжаттарға қол қоюға және делегация алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.

Қосылған : 23.05.2017, 15:05, Өзгертілген : 23.05.2017, 15:05