«Қазақстан Республикасының визаларын беру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидалары» жөнінде ақпарат

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының құзырлы органдарымен бірге «Қазақстан Республикасының визаларын беру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларын» (бұдан әрі - Қағидалар) әзірледі. Аталған Қағидалар Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне 2013 жылдың 10 сәуірінде № 8407 болып тіркелді.

Жаңа Қағидалар оны 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкестендіру, қолданыстағы визаларды беру ережелерін жетілдіру, сондай-ақ шет ел азаматтарының ҚР аумағына кіруін, ҚР аумағынан шығуын және ҚР аумағында болуын реттеу мақсатында қабылданды.
Қағидаларды әзірлеу кезінде әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің визалық саясаты саласындағы тәжірибелері ескерілді. Қағидаларға алғашқы рет визалардың «көшіп келуге жатпайтын» және «көшіп келуге» арналған визаларың түрлері енгізілді. Көшіп келуге жатпайтын визалардың қатарына келесі санаттағы визалар жатады: дипломатиялық, қызметтік, инвесторлық, іскерлік, миссионерлік, туристік, жеке және транзиттік, ал көшіп келу визаларына – тұрақты тұруға, отбасын біріктіруге, білім алуға, еңбек қызметін жүзеге асыруға, гуманитарлық және саяси уәждер бойынша Қазақстан Республикасында болуға арналған визалар. 
Сондай-ақ, жаңа Қағидаларда визалардың жаңа белгілеу жүйесі енгізілді. Мысалыға, дипломатиялық виза «А1», «А2» және «А3» санаттарына, қызметтік - «В1», «В2» және «В3», инвесторлық - «С1» және «С2», іскерлік - «D1», «D2», «D3», «D4», «D5», «D6», «D7» және «D8» және т.б. бөлінеді.
Айтып өтетін жәйт, жаңа Қағидаларды қабылдау бірінші кезекте шетелдік туристтердің, жеке және іскер тұлғалардың Қазақстанға келуіне қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Қағидаларда бір, екі және үш мәртелік туристік визаларды әр келгенде Қазақстан аумағында 30 тәулікке дейін болу құқығымен 90 тәулікке дейінгі мерзімге беру қарастырылған.
Сонымен бірге, ҚР аумағына кәсіпкерлік қызметімен айналысу мақсатымен келетін шетелдіктерге Қағидаларға сәйкес «бизнес - иммигранттар» санатындағы визалар бір жылға дейін беріледі. 
ҚР аумағында инвестиция құю қызметімен айналысатын шетелдіктерге бір мәртелік инвесторлық визалар 90 тәулікке дейін немесе ҚР-дың инвестиция жөніндегі уәкілетті органының қолдаухаты негізінде көп мәртелік инвесторлық визалар үш жылға дейін ресімделеді.
Әлемнің дамыған 48 елінің азаматтарына қазақстандық визаларды жеңілдетілген түрде беру тәртібі жаңа Қағидаларда да сақталды. Бұл тәртіп шетелдіктерге ҚР-дың қысқа мерзімді визаларын шақыру қағазынсыз (визалық қолдаусыз) алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қағидаларда халықаралық өзара түсіністік қағидатын негізінде екі елдің азаматтарына ортақ және тең жағдай орнату мақсатында виза берудің басқа режимін енгізуге мүмкіндік беретін нормалар көзделген.
ҚР аумағында заңсыз кәсіпкерлікпен, еңбекпен және басқа қаржы төленетін қызметтермен айналысатын шетелдіктердің санын азайту мақсатында жаңа Қағидаларда шет азаматтарының тиісті санаттағы визалармен Қазақстанда болуына шектеулер қойылған.
Атап айтқанда, ҚР-ға конференцияға, симпозиумге, форумдарға, көрмелерге, концерттерге, мәдени, ғылыми, спорттық және басқа да іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ қысқа мерзімдік лекцияларды оқу, жоғарғы оқу орындарында сабақ жүргізу мақсатымен бара жатқан шетелдіктерге «D1» беріледі. Бір, екі және үш мәртелік «D1» санатындағы визалар әр келгенде Қазақстан аумағында 30 тәулікке дейін болу құқығымен 90 тәулікке беріледі.
«D2» санатындағы визалар қысқа мерзімді іссапарға, жабдықты монтаждау және жөндеу қызметін көрсетуге, Қазақстан Республикасының білім беру мекемелеріндегі оқуды қоспағанда, жастар, студенттік және мектептік алмасу бағдарламасына қатысу мақсатымен бара жатқан шетелдіктерге беріледі. Мұндай визалар 180 тәуліктің ішінде әр келгенде Қазақстан аумағында 60 тәулікке дейін болу құқығымен бір жылға дейінгі мерзімге ресімделеді.
«D3» санатындағы визалар ҚР-ға гуманитарлық көмекті алып жүруге, келіссөздер жүргізу, келісімшарттар жасау, консультациялық немесе аудиторлық қызметтер көрсету мақсатымен бара жатқан шетелдіктерге беріледі. Мұндай визалар әр келгенде Қазақстан аумағында 30 тәулікке дейін болу құқығымен үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бірақ, аталған санаттағы визамен шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімі 180 тәуліктің ішінде 60 тәуліктен аспауы қажет. 
Қағидаларға сәйкес заңды тұлғалардың шақыруымен ресімделетін іскерлік, жеке, туристік және транзиттік визалардың мерзімдері ұзартылмайды.
Қолданысқа енгізілген Қағидалардың басты ерекшеліктерінің бірі – бұдан былай визалық қолдау көрсету мен виза беру жөнінде шешім қабылдау барысында шетелдік азаматының немесе оның тұрақты тұратын елдегі саяси және миграциялық жағдайы ескерілетін болады. 
Жаңа Қағидаларға отбасымен бірігу үшін Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктерге берілетін «отбасын біріктіру» санатындағы виза енгізілді. Осындай виза 1 жылға беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтары, этникалық қазақтар, Қазақстанда уақытша тұратын бұрынғы отандастар, Қазақстанда тұрақты тұратын иммигранттар және «бизнес-эммигранттар» шақырушы тарап бола алады.
Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы/қызды асырап алу үшін Қазақстанға келетін шетелдіктерге 180 тәуліктің ішінде 120 тәулік ҚР аумағында болуға рұқсат берілетін жеке визалар беріледі. Сонымен қатар, этникалық қазақтарға жеке визалар 1 жылға ресімделеді.
Жаңа Қағидаларға сәйкес миссионерлік санатындағы визаларды 180 күнге дейін алуға және, қажет болған жағдайда, оны ҚР көші-қон полициясы органдарында аталған мерзімге дейін Қазақстанда ұзартуға мүмкіндік туғызады. Бұрынғы Ережелерде миссионерлік санаттарындағы визаларды тек 180 күнге дейін алуы қарастырылған және оны Қазақстанда ұзарту мүмкін емес болатын. Сонымен қатар, жаңа Қағидаларда Қазақстанда миссионерлік қызметпен айналысатын шетелдіктердің отбасы мүшелеріне виза рәсімдеу белгіленген. 
Қағидаларда Қазақстанға гуманитарлық мақсатта келетін шетелдіктерге «гуманитарлық және саяси уәждер» санатындағы виза берілуі көзделген. Осындай визалар Қазақстанға білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек көрсету салаларда ақысыз негізде көмек көрсету, сондай-ақ қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсету және грант беру мақсатында Қазақстан Республикасына келетін волонтерлерге беріледі.
Қағидаларға ҚР СІМ-гі беретін тіркеу картасының негізінде шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің, консулдық мекемесінің, сондай-ақ, халықаралық ұйымның қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында визасыз бола алады. Яғни, Қазақстандағы қызметтік (дипломатиялық) жұмысын атқару кезінде аталған қызметкерлер ҚР визасының орнына тіркеу картасын қолдануына болады.

Аталған Қағидалар үстіміздегі жылдың 1 маусымында қолданысқа енді.
 

 
«Қазақстан Республикасының визаларын беру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларының» толық мәтіні

Қосылған : 25.12.2013, 11:40, Өзгертілген : 5.10.2016, 09:14