«Шетелдердегі Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар ресімдеуге құжаттарды қабылдау және олардың паспорттарына қажетті белгілер қою»

 Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы «11» қаңтардағы
№ 6 қаулысымен
бекітілген

«Шетелдердегі Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар ресімдеуге құжаттарды қабылдау және олардың паспорттарына қажетті белгілер қою» мемлекеттік қызмет стандарты
 
1. Жалпы ережелер

1. «Шетелдердегі Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар ресімдеуге құжаттарды қабылдау және олардың паспорттарына қажетті белгілер қою» мемлекеттiк қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер) ұсынады.
2. Ұсынылатын мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулысына; «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру мен тіркеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 
28 қарашадағы № 631 бұйрығына сәйкес ұсынылады. 
4. Мемлекеттiк қызмет және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру бланкілерінің үлгілері осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес шетелдердегі мекемелердің интернет-ресурстарында және ақпараттық стенділерінде орналастырылады.
5. Шетелдердегі Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарын (бұдан әрі – паспорт) ресімдеу және паспорттарға паспорттың қолдану мерзімін ұзарту немесе ата-анасының біреуінің паспортына 16 жасқа толмаған бала туралы жазуды енгізу немесе мемлекеттік қызметті ұсынудан бас тарту туралы дәлелді жауап ұсынылатын мемлекеттік қызметтің нәтижесі болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет шетелде тұратын Қазақстан Республикасының мынадай санаттағы азаматтарына (бұдан әрі - мемлекеттік қызметті алушы) ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратындарға;
2) шетелдердің аумақтарында орналасқан оқу орындарында күндізгі нысан бойынша білім алушыларға;
3) шет мемлекеттерде бір жылдан кем емес мерзімге еңбек шартымен жұмыс істеушілерге;
4) жоғарыда аталған тұлғалармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дипломаттық немесе қызметтік паспорт алуға құқықтары жоқ және дипломатиялық қызмет персоналымен шетелде бірге тұратын дипломатиялық қызмет персоналының туыстарына ұсынылады.
7. Мемлекеттік қызметті ұсынудың мерзімдері:
1) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды мемлекеттік қызметті алушының тапсырған сәтінен бастап:
паспорт ресімдеу –күнтізбелік отыз күннен артық емес, қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін;
паспорттың қолдану мерзімін ұзарту – үш жұмыс күнінен артық емес; 
ата-анасының біреуінің паспортына 16 жасқа толмаған бала туралы жазуды енгізу – үш жұмыс күнінен артық емес;
2) мемлекеттік қызметті ұсыну үшін қажетті құжаттарды өткізу кезінде мемлекеттік қызметті алушының кезек күтуінің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – бір сағаттан артық емес;
3) мемлекеттік қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – он минуттан артық емес;
4) құжаттарды дипломатиялық пошта арналары арқылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне және кері қарай шетелдегі мекемеге жолдау –күнтізбелік алпыс күннен артық емес.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде паспорт дайындау мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
8. Мемлекеттiк қызмет ақылы негізде көрсетіледі және оны көрсету үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексімен белгіленген тәртіппен консулдық алым алынады.
9. Мемлекеттiк қызмет аптаның төрт жұмыс күнінде (сәрсенбі, демалыс және мереке күндерін қоспағанда) ұсынылады. Құжаттарды қабылдау сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін, ал құжаттарды беру сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет ұсынылатын үй-жай шетелдегі мекеменің ғимаратында немесе бөлек тұрған ғимаратта орналасады.
Күту залы, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгiлерi бар стендiлермен жарақталады.

2. Мемлекеттiк қызметтi ұсыну тәртiбi

11. Мемлекеттік қызметті алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет (пошта арқылы құжаттар қабылдау жүзеге асырылмайды);
1) паспорт ресімдеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
туу туралы куәлік (16 жасқа толмаған балаға паспорт алған кезде);
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (паспортты айырбастау кезінде);
өлшемі 3,5х4,5 см екі түрлі түсті фотосурет (фотосурет мемлекеттік қызметті алушының құжаттарын ресімдеу уақытындағы жасына сәйкес болуы және қатаң түрде жарық жерде түсірілген болуы тиіс, бейтарап бет көрінісі мен ауызы жабық болу қажет, әрі адамның беті фотосуреттің жалпы ауданының 75%-ға жуығын алуы тиіс. Фотосурет фотобаспа әдісімен қалың фотоқағазға бір негативтен бастырылады. Компьютерлік сканер арқылы басып шығару, модельдеу мен ксерокөшірмеден өткізу әдісімен дайындалған суреттерді пайдалануға рұқсат етілмейді);
тұру, оқу, жұмыс істеу фактісін, отбасы жағдайын растайтын құжат (түпнұсқасы мен көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы).
Паспортты ресімдеу үшін консулдық лауазымды тұлға осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша формуляр толтырады. Бұл ретте мемлекеттік қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру және қолын қою үшін оның жеке өзінің болуы міндетті.
Мемлекеттік қызмет алушыдан барлық қажетті құжаттарды қабылдағаннан кейін, шетелдердегі мекемелер ресімделген құжаттарды паспорт дайындау үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне жолдайды.
Паспорт қолданылу мерзімі он жылға беріледі. Қазақстан Республикасы азаматының өтініші бойынша паспорттың қолданылу мерзімі тағы бір жылға ұзартылады;
2) паспорттың қолданылу мерзімін ұзарту үшін:
еркін нысандағы өтініш;
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы).
Шетелдердегі мекемелермен паспортқа қойылатын белгілер, осы стандартқа 3-қосымшадағы нысанға сәйкес мөртабан түрінде ресімделеді; 
3) ата-анасының біреуінің паспортына 16 жасқа толмаған бала туралы жазуды енгізу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
баланың туу туралы куәлігі (түпнұсқа мен көшірме);
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (ата-анасының біреуінің);
өлшемі 3х4 см баланың екі түрлі түсті фотосуреті; 
консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы).
12. Мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылуы қажет бланкілерді (өтініштерді) шетелдердегі мекеменің консулдық лауазымды тұлғасы береді. 
13. Осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерге өткізіледі.
14. Мемлекеттік қызметті алушыға осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген барлық қажетті құжаттарды консулдық лауазымды тұлғаға өткізгенін растайтын, осы стандартқа 4-қосымшаға сәйкес талон беріледі. Егер мемлекеттік қызметті алушыға паспорт берілетін болса, оған құжат беруге арналған өтініштің үзбелі түбіртегі беріледі.
15. Шетелдердегі Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорт беру және олардың паспорттарына қажетті белгілер қою мәселелері бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызметті алушы телефон арқылы немесе жеке қабылдауда хабардар етіледі. 
16. Мемлекеттік қызметті алушыға мемлекеттік қызметті ұсыну мына жағдайларда:
1) құжаттарды өткізу кезінде толық емес және/немесе анық емес мәліметтер ұсынылса;
2) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес пакеті ұсынылса;
3) консулдық алым төленбесе бас тартылады.

3. Жұмыс қағидаттары

17. Шетелдердегі мекемелердің қызметі сыпайылық, толық ақпарат беру, құжаттардың сақталуын, мемлекеттік қызметті алушы туралы ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.

4. Жұмыс нәтижелері

18. Шетелдердегі мекемелердің жұмыс нәтижелері осы стандартқа 5-қосымшаға сәйкес сапа және тиімділік көрсеткiштерiмен өлшенедi.
19. Шетелдердегі мекемелердің жұмысы бағаланатын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы және тиімділігі көрсеткiштерiнiң нысаналы мәндерi Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) бекiтіледi.

5. Шағымдану тәртібі

20. Мемлекеттiк қызмет ұсынудың нәтижелеріне шағымдану тәртібін түсіндіру бойынша ақпаратты мемлекеттік қызметті алушы осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерде ала алады.
21. Ұсынылған мемлекеттiк қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметті алушы шағымды жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері мен мереке күндерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің атына мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 31-ғимарат, телефон (7172) 72-05-18, факс: 8 (7172) 72-05-16, электрондық пошта: midrk@mfa.kz береді.
22. Дөрекі қызмет көрсетілген жағдайларда шағым осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша мемлекеттік қызметті ұсынған шетелдегі мекеме басшысының атына жазылады.
23. Ұсынылған мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайларда мемлекеттік қызметті алушының заңнамада белгіленген тәртіппен сот органдарына жүгінуге құқығы бар. 
24. Шағым еркін нысанда жасалған жазбаша түрде пошта не Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.
Шағымда мемлекеттік қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы және қолы қойылады. Шағымды беру кезінде іс-әрекеті шағымдалатын шетелдегі мекеменің атауы немесе лауазымды тұлға, шағымдану себептері мен талаптар көрсетіледі. 
25. Қабылданған шағым Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесінде тіркеледі. Өтініштің/арыздың күні мен уақыты, қабылдаған адамның тегі, аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға алынатын жауаптың мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды тұлғалардың байланыс деректері көрсетілген осы стандартқа 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген талон шағымның қабылданғанын растайтын құжат болып табылады. 
Шағым «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қаралады.
26. Мемлекеттiк қызмет туралы қосымша ақпаратты осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден алуға болады.

1-қосымша

2-қосымша

3-қосымша

4-қосымша

5-қосымша

6-қосымша

Қосылған : 25.12.2013, 12:00, Өзгертілген : 3.05.2014, 20:12