Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Ослода өткен ядролық қауіпсіздік және қарусыздану мәселесі бойынша халықаралық семинарға қатысты

8-10 маусымда Осло қаласында халықаралық ұйымдар басшыларының, жетекші саясаттанушылардың және ядролық мәселелер жөніндегі мамандар – халықаралық сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Норвегиялық Нобель институты және Норвегиялық Атлантика комитеті аясында ядролық қауіпсіздік және қарусыздану мәселесі бойынша халықаралық семинар өтті.

Форумның күн тәртібі ядролық қаруды өндіруге арналған радиоактивті заттардың заңсыз айналымы және халықаралық институттар мен форумдардың аталған процестерді бақылауын күшейтуден бастап, Қазақстандағы Төмен байытылған уран банкінің (МАГАТЭ ТБУБ) халықаралық қауіпсіздіктің бірқатар проблемаларын шешуге жағдай жасайтын ерекше мүмкіндіктеріне дейінгі мәселелерді қамтыды.

Конференцияның ресми ашылуы аясында өткен жоғары деңгейдегі Алқалы жиынның құрметті қонақтары ретінде Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бас директоры Юкио Амано, Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Қазақстанның Ұлыбританиядағы қазіргі Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо сөз сөйледі.

Іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Ю. Амано халықаралық ұйымның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған қызметі туралы баяндады. МАГАТЭ басшысы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) пайда болуымен Агенттіктің жұмысы ЯҚТШ-қа қатысушы мемлекеттің әрқайсысының МАГАТЭ-мен кепілдіктер туралы міндетті түрде келісім жасасуына байланысты ерекше мағынаға ие болғанын атап өтті.

Кибер қатерлер, компьютерлік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері, ядролық технология және радиоактивті материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерді қамтитын заманауи қауіп-қатерлерге сілтеме жасай отырып, МАГАТЭ басшысы аумағында ТБУБ орналасатын Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы үлесін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, ТБУБ – қалыптасқан жағдайдағы соңғы құрал, себебі ол ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау салаларындағы проблемаларды шешуге жағдай жасайды.

Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жоғары деңгейдегі сессия барысында «Қазақстанда төмен байытылғын уран банкін (МАГАТЭ ТБУБ) құру бастамасының сабақтары» атты тақырыпта кеңейтілген баяндама жасап, сарапшылар қауымдастығына Банктің құрылу тарихы, оның мақсаттары мен міндеттері туралы айтып қана қоймай, Қазақстан Көшбасшысының Тәуелсіздік алған жылдардан бері іске асырылып келе жатқан осы саладағы бейбіт бастамаларының әрқайсысына жан-жақты шолу жасады.

Норвегиялық Нобель институтына жиналған алқалы аудитория Семей қаласындағы ядролық полигонның жабылуы, Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық қарудан бас тартуы, сондай-ақ ҚР жаһандық қауіпсіздік саласындағы Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақ құру, Жаһандық Стратегиялық Бастама Жоспары – 2045 және «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі сияқты маңызды бастамалар жөнінде хабардар болды.

Е. Ыдырысов ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жоғарыда аталған жобаларды жасау және оларды ілгерілетудегі айрықша рөлін атап өтті. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанның халықаралық беделін көтеріп, елімізді әлемдік қауымдастықтың бейбітсүйгіш және жауапты мүшесі ретінде жан-жақты тануға жағдай жасап қана қоймай, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің (2017-2018 жылдар аралығында) беделді мүшелерінің арасынан орын алуға мүмкіндік берді.

Форум барысында құрамында халықаралық институттардың басшылары мен дипломаттар, жетекші сарапшылар және ядролық қауіпсіздік саласындағы сараптамалық орталықтардың өкілдері бар бірқатар спикерлер Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі позитивті тәжірибесі мен жауапты ісіне бірнеше рет сілтеме жасап, оның ерекшелігін және жан-жақты қолдауға лайық тәжірибе екендігін атап өтті.

Нобель бейбітшілік институтының алаңы мамандандырылған сарапшылар қауымын Қазақстан Республикасының іске асырылған және орындалу кезеңіндегі бейбіт мақсаттағы бастамаларымен таныстырудағы пайдалы және ықпалды платформаға айналды.
Қосылған : 15.06.2017, 13:20, Өзгертілген : 16.06.2017, 13:20