Қазақстан Республикасының Елшісі британдық университеттерде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жыл сайынғы кездесу өткізді

ЛОНДОН, 2018 жылғы 1 қараша – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов британдық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жас отандастармен жыл сайынғы кездесуін өткізді. Іс-шараны ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігі Лондон университеті колледжінің «UCL Kazakh Society» қазақстандық студенттер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен 100-ге жуық студент келіп қатысты.

Кездесу барысында Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер үшін өзекті мәселелер талқыланды. Е. Ыдырысов студенттерге мәдениет, білім және ғылым салаларында Елшілік ұйымдастыратын алдағы іс-шаралар, сондай-ақ Елшіліктің көмегімен ұйымдастырыла алатын британдық компаниялардағы тағылымдама бағдарламалары туралы хабардар етті.

Студенттер бір бірімен және Елшіліктің жауапты қызметкерлерімен танысып, байланыс орнатты және сұрақтар қойып, бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Кездесуге қатысушылар Президент ННазарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылады.

Жолдаудың басты түйіні – елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың, әсіресе адам капиталының сапасына ерекше назар аудару қажеттігі екенін қазақстандық дипломат атап өтті. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан саяси және экономикалық өсу тұрғысынан көп нәтижелерге қол жеткізді. Осы орайда, Е. Ыдырысовтың айтуынша, қазіргі ең басты мақсат атқарылып жатқан жұмыстың сапасын арттыру болып табылады, ал студенттер үшін бұл оқу нәтижелерінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету.

Кездесу барысында Британ-қазақстан қоғамының өкілі Жантуар Жұманалин студенттерді қоғамның мақсаттары мен қызметімен таныстырды.

Қосылған : 2.11.2018, 16:00, Өзгертілген : 2.11.2018, 16:00