Петер Буриан. Еуропалық одақ және Орталық Азия: жаңа әріптестік жалғасын табуда

Петер БУРИАН


Еуропалық одақ және Орталық Азия:

жаңа әріптестік жалғасын табуда

Еуропалық одақ 1990-шы жылдардың басында Орталық Азияның бес елі тәуелсіздік алған сәттен бастап олармен өзара іс-қимыл жасай бастады. Осы кезеңнің ішінде ЕО өңірдегі аса ірі донор ретінде Орталық Азиядағы әріптес елдерге жаңа әлеуметтік-экономикалық жүйені, заңнамалық базаны және даму бағдарламаларын, сондай-ақ тұрақты даму стратегияларын жасауға көмектесе отырып, олардың егемендігі мен тәуелсіздігін қолдауда маңызды рөл атқарды. Осы үлестің арқасында өңір тәуелді болған жүйеден мұраға қалған, сондай-ақ көптеген күрделі жаңа проблемаларға тап болған кездегі жағдайларда осы өңірдегі тұрақтылықты барынша сақтай алды деп айтсам артық болмас еді.

2007 жылы өңірге арналып қабылданған алғашқы кешенді стратегия қарым-қатынастарды маңызды әрі сапалық жағынан жаңартуды білдірді және ЕО-ның Орталық Азиядағы әріптес елдерді трансформациялау мен жаңғыртудың шешуші салаларына барынша дәйекті және барынша үйлесімді түрде қатысуына жол ашты, ол: ЕО-ның «Орталық Азияда заңның ұлықтылығы», ЕО-ның Орталық Азияға арналған білім беру бастамасы және Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау саласындағы ынтымақтастықтың өңірлік платформасы сияқты үш стратегиялық бастамаларда көрініс тапты. Осы үш бастама БОМКА және КАДАП/1/ сияқты өңірлік қауіпсіздік бағдарламаларымен бірге өңірдегі шешуші проблемаларды өңірлік өзара іс-қимыл арқылы шешу ісінде халықаралық және өңірішілік диалог пен ынтымақтастық үшін пайдалы алаң қызметін атқарды. Осыған байланысты ЕО-ның Орталық Азиядағы 2014-2020 жылдарға арналған көп жылдық индикативтік бағдарламасының шеңберіндегі әртүрлі өңірлікжәне екі жақты бағдарламаларды іске асыру 1 млрд. евродан асатын қаржылық ассигнованиялардың айтарлықтай ұлғайтылуымен нығайтылғанын атап өткен маңызды. Осы қаржы ресурстары Еуропалық одақ әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына тап келген кезде ұсынылды. Бұл, менің пікірімше, ЕО-ның Орталық Азияның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына және өркендеуіне берік бейілділігінің – біздің стратегиямыздың негізгі мақсаттарының айқын куәсі болып табылады.

Дей тұрғанмен, Еуропалық одақ стратегияны іске асыру арқылы Орталық Азияда қол жеткізуге ұмтылыс жасалған іс-шаралардың барлығы бірдей оңай және табысты орындалды деп айтуға болмас. Кейде ЕО-ның жәрдемдесуге қабілетсіз болуымен және ОА елдерінің ортақ құндылықтар мен халықаралық міндеттемелерді, атап айтқанда, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары саласындағыларын қабылдай алмауымен түсіндірілетін қиын сәттер мен сәтсіздіктер де болды.

Реформалар жүргізуде ауқымды прогресті күте отырып, біз Орталық Азия елдері және олардың жұртшылығы тап болатын проблемалардыңкүрделілігін толық түсінеміз. Осыған байланысты құқықтың ұлықтылығына, лайықты басқаруға, адам құқықтарына және азаматтық қоғамның қуатты рөліне жәрдемдесу «батыстың саясаты» болып табылмайтындығына деген түсіністіктің өңірде артып келе жатқанын мен қуанышпен атап өткім келеді. Бұл қағидаттар жалпыға бірдей мойындалған. Бұл элементтердің барлық елдер үшін әлемдік экономикада, әлемдік саудада және көлік саласында заңды орынды иеленетін шешуші маңызы бар.

Осы қағидаттардың біздің әріптестеріміздің ұлттық стратегияларында, оның ішінде Қазақстанның Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық жасаған «Жүз қадам» атты ауқымды реформалар бағдарламасында өз орнын тапқаны қуанарлық іс. Олар практикада іске асырылуға тиіс және біз оған көмектесуге дайынбыз.

Өз тәжірибемізді басшылыққа ала отырып жасаған маңызды қорытындылардың бірі ол – өңірдің тұрақты болып қалуы және өзінің стратегиялық жағдайы мен әлеуетінен тиімділіктерді толығымен алуы үшін оған қазіргі бар проблемаларды кейінге қалдырмай шешу, реформалау мен жаңғыртуды жалғастыру, азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін жақсы жағдайлар жасау, қағидалар жүйесі негізінде іскерлік ортаны және қолайлы инвестициялық ахуалды жақсарту қажет.


ЕО мен Орталық Азияның арасындағы ынтымақтастыққа жаңа импульс және динамизм қосылуда

Өткен жылдар ішінде біздің әріптестігіміздің неғұрлым кемелдене түскенін қуана атап өткім келеді, атап айтқанда, соңғы жылдары ол біздің әріптестеріміздің өңіраралық және өңірішілік ынтымақтастығы жөніндегі белсенді позициямыздың арқасында жаңа мазмұн мен динамизмге ие болды.

Іс жүзінде біз өңірлік ынтымақтастық пен ниеттестіктің осы жаңа рухын 2017 жылы Самарқандта өткен Өңірлік даму және қауіпсіздік жөніндегі конференция кезінде сезіндік/2/. Біз өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін Орталық Азиядағы осы жаңа әрі жағымды үрдістерді қолдаймыз. Өңірлік ынтымақтастық тұрақтылық пен орнықты дамудың факторы ретінде ЕО құрылымына тереңдеп енді. Міне сондықтан да ЕО осы бағытты шын жүректен қуаттайды әрі қолдайды және осы жағымды рухтың нақты іс-қимылға айналуына үлес қосуға көмек көрсеткісі келеді.

Бұл ретте ЕО-ның өңірлік интеграция мен ынтымақтастықтың қандай да бір моделін тықпалау немесе соған мажбүрлеу немесе біздің әріптестерімізді екінің бірін таңдауға зорлау ниетінде еместігін атап өткім келеді. Орталық Азия елдері ынтымақтастықты қандай түрде құрғысы келетіндігі туралы берік шешімді өздері қабылдауға тиіс. Сонымен бірге ЕО тәжірибесі, оның ішінде ол бейбіт жоба ретінде негіз етіп алған құндылықтар мен қағидаттар біздің әріптестеріміз үшін шабыттандыру көзі және пайдалы практика қызметін атқаруы мүмкін.

Қазақстанның елордасында – Астанада (қазір Нұр-Сұлтан) – Орталық Азия елдері көшбасшыларының бірінші консультативтік тарихи саммиті болып өтті, онда шекаралар қауіпсіздігін, зорлау экстремизмінің алдын алуды, климаттың өзгеруін, сондай-ақ өңірлік сауда мен өзара тәуелділікті қоса алғанда, ескі жүйеден мұраға қалған және өңірдің алдында тұрған көптеген жаңа міндеттерді бірлесіп шешуге бағытталған өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Өте қысқа уақыт кезеңі ішінде көршілердің арасындағы көптеген реттелмеген мәселелерді сындарлы диалог арқылы шешуге бағытталған осы бастамалар мен жақындасу мәселелері басқалармен қатар трансшекаралық сауданың қарқынды түрде өсуіне және өңірлік ынтымақтастықтың нығая түсуіне әкелді.


ЕО мен Орталық Азияның жаңа Стратегиясы:

Тұрақтылық пен өркендеу жолындағы әріптестік

2017 жылы ЕО-ға мүше мемлекеттер ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі Стратегиясы туралы ЕО Кеңесінің 19 маусымдағы қорытындыларында Орталық Азияның Еуропалық одақтың маңызды әріптестеріне айналғанын мойындады және ЕО-ның барлық бес елдің әрқайсысымен, сондай-ақ тұтастай Орталық Азия өңірімен қатынастарды дамытуында қол жеткізілген прогреске қолдау білдірді. ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі Стратегиясының негізгі мақсаттары мен басым салалары және Кеңестің жаңа Стратегия туралы 2015 жылғы 22 маусымдағы қорытындысы бір-бірімен үндеседі. Сонымен бір мезгілде ЕО Кеңесі жаңа геосаяси ақиқаттар мен өзгермелі қажеттіліктерді және біздің Орталық Азиядағы әріптестеріміздің мүмкіндіктерін назарға ала отырып, Еуроодақтың қатынастарын қайта қарайтын және жаңартатын уақыттың келгенін де мойындады. Осыған байланысты Кеңес Жоғарғы өкілге және ЕО Комиссиясына 2019 жылдың аяғына қарай жаңа стратегия бойынша ұсыныс беруді ұсынды.

Үкіметтердің, азаматтық қоғамның, жеке меншік сектордың және өңірлер мен ЕО-ға мүше елдер сарапшыларының қатысуымен Орталық Азия әріптестерімен өткен консультациялардың кең және жалпыны қамтитын процесі Орталық Азияда жүріп жатқан елеулі өзгерістердің оларға Еуродақтың қатысуын жандандыру үшін жақсы мүмкіндіктер жасайтынын растады. Еуропалық одақтың «барынша ауқымды» түрде кірісуі және қатысуы туралы тікелей білдірілген талап Орталық Азия бойынша жаңа Стратегия дайындауды әсіресе уақтылы етті.

ЕО-ның негізгі мақсаты – бүкіл өңірге, сондай-ақ өңірдің жекелеген мемлекеттеріне бұрыннан бар және жаңа бастамалар мен платформалар арқылы көмек көрсету, өйткені тұрақты мемлекеттер мен қоғамдар ғана қазір орын алып отырған өзекті проблемалар мен қысымды тиімді жеңе алуы мүмкін.

Осы жерде Бірінші Президент Назарбаевтың Қазақстанның Үшінші жаңғыруы туралы сөйлеген сөзінен тамаша дәйексөзді келтіргім келеді: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді». ЕО барлық Орталық Азия елдерінің жеңіске жетуіне мүдделі және алда да ешқандай жасырын геосаяси мақсаттарды алдына қоймай, өңірлік және жергілікті жауапкершілік пен көшбасшылықтың негізінде өңірді жаңғыртуды және тұрақты дамытуды қамтамасыз ету үшін сенімді әрі айнымас әріптес болып қалғысы келеді. ЕО-да жалғыз мүдделілік пен мақсат қана бар – ол Орталық Азияның бейбіт, орнықты және мейлінше өзара байланысқан экономикалық және саяси кеңістік ретінде дамуы.

2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы Күн тәртібі бір жағынан ЕО мен біздің Орталық Азиядағы әріптестеріміздің арасындағы және екінші жағынан ЕО мен басқа да халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда БҰҰ мен ЕЫҚҰ-ның және ұлттық ортақтастықтың, бірлескен жауапкершіліктің және есеп берушіліктің негізінде тұрақты даму саласындағы бірқатар ауқымды мақсаттарды бірлесіп іске асыруда бірдей құндылықтары мен тәсілдемелері бар басқа да қатысушылардың арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады деп есептеймін.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының қабылдануы қарсаңында ЕО Арнайы өкілінің Қазақстанға сапары.

Астана, 2019 жылғы 22 ақпан

ЕО жекелеген мүше мемлекеттердің тәжірибесімен бөлісе отырып, біздің әріптестерге жаңғырту, өзгерістер жасау және реформалар жүргізу процестерімен байланысты көптеген ұсыныстар ұсына алады деп санаймын. Осыған байланысты дамуға кешенді тәсілдемені пайдалана отырып, әлеуетті арттыруды, білім беруді, ауылдық аудандарды дамытуды, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды және т.б. қоса алғанда, біздердің арамыздағы диалог пен ынтымақтастық механизмдерінің елеулі дәрежеде орнықты дамудың аса маңызды аспектілеріне жұмылдырылғанын қанағаттанғандық сезіммен атап өткім келеді.

Біз өңірдегі климаттың өзгеруіне тез артып отырған әсерді жеңу үшін өңіраралық және өңірішілік ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігін көріп отырмыз. Таяуда Ташкентте өткен ЕО мен Орталық Азияның қоршаған орта мен су ресурстарын басқару/3/ саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция жеке меншік сектор мен еуропалық қаржы институттарының жасыл экономиканы қолдайтын жобаларға неғұрлым кеңінен қатысуын қоса алғанда, ЕО-мен барынша тығыз өзара іс-қимыл жасауға арналған негізгі салаларды айқындады. Қазіргі кезде біз Арал маңы өңірі үшін осы экологиялық апаттың салдарларын жеңілдету мақсатындағы адам қауіпсіздігі жөніндегі көп әріптестіктің сенімгерлік қорына қосатынөз үлесімізді де қарастырып жатырмыз. Ең ақырында, ЕҚДБ-мен және Орталық Азиядағыәріптестерімізбен бірлесіп ЕО өңірде уран өндірудің қайғылы мұрасы проблемаларын (баяу әсер ететін экологиялық бомба) шешуге арналған экологиялық оңалту шотын ашты.

Біздің Орталық Азиядағы әріптестеріміздің ЕО-ның неғұрлым ауқымды экономикалық қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі сұраныстарын негізге алып, экономиканы әртараптандыруды ілгерілете отырып, бизнес-ортаны жақсартудың және ашық қағидалар жүйесінің негізінде инвестициялар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін кеңістік құрудықолдай отырып, өңірде жүріп жатқан жаңғырту мен реформалар процестеріне көрсетілетін қолдауымызды арттыра түсетін боламыз. Біз өңірде ЕИБ және ЕҚДБ сияқты еуропалық қаржы институттарының қатысуын және олардың қызметін күшейтеміз.

Ақырында, біз Орталық Азияда тұрақты байланыстардың ілгерілеуінің зор маңыздылығын көріп отырмыз. ЕО жақында қабылданған Еуропа мен Азияның өзара іс-қимылы жөніндегі ЕО Стратегиясының негізінде біздің әріптестерімізбен бірге осы процеске қатысуға дайын. Бұл стратегия Орталық Азия үшін өте маңызды салдарларды иеленетін болады. Біз көлік, энергетика және цифрлы секторлардағы жақсартылған, бірлескен байланыстар арқылы жасалатын еуро-азиялық өзара іс-қимыл Еуропа мен Азияда дамуды, жұмыс орындарының құрылуын және инвестицияларды ынталандыратынын және сауданың теңгерімделген құрылымына ықпал ететінін айқын сезіндік. ЕО мен Еуразияның өзара іс-қимыл стратегиясы Қытайдың «Белдеулер және жолдар» бастамасына ішінара жауап болып табылатындығына қарамастан, ол осы бастамаға тікелей қолдау да көрсетпейді, қайшы да келмейді. Стартегияның өзінің Еуродақтың стандарттары мен құндылықтарын өңірге әкелуге деген мақсаты басым. Басқаша айтқанда, ЕО-Еуразия өзара іс-қимыл стратегиясының жолдарға ғана емес, қағидаларға қатысты, өйткені қағидалар мен тәртіп болмаса, ең жақсы деген автомагистральдардың өзі бос болып қалар еді.


Қазақстанның жаңа стратегиядағы рөлі

Еуропалық одақ Үкіметті, Парламентті, азаматтық қоғамды, сарапшылар мен жеке меншік секторды қоса алғанда, барлық деңгейлердегі қазақстандық әріптестердің жаңа стратегияны қалыптастыруға қосқан үлесіне шын жүректен ризашылығын білдіреді. Қазақстанның жаңа стратегияға қатысты 2018 жылғы маусымда ұсынылған ұстанымы туралы СІМ құжатында өңірлік және екі жақты тәсілдемелер синергиясының маңыздылығы атап көрсетіледі.

Жаңа стратегия біздің әріптестеріміздің жеке өр мақсаттары мен ерекшеліктерін көрсету үшін жеткілікті кеңістікті қамтамасыз етеді. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімдердің (КӘЫК) жаңа ұрпағы реформаларды қолдау және біздің барлық салалардағыекі жақты ынтымақтастығымызды сапалық жағынан жаңа деңгейгешығару үшін аса берікқұқықтық негіз ұсынады. Біз Қазақстанмен алғашқы КӘЫК-ны 2015 жылы жасастық, биылғы жылы Қырғызстанмен келіссөздерді аяқтаймыз және осы жылғы ақпанда Өзбекстанмен келіссөздер басталды.

Ауғанстанды қалпына келтіруге және тұрақтандыруға жәрдемдесуді қоса алғанда, білім беру, құқықтың ұлықтылығын ілгерілету, жеке кәсіпкерлікті дамыту, жаңа технологиялар, өзара байланыстылық, жасыл экономика, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық арқылы адами әлеуетті дамытуды қоса алғанда, біздің қазақстандық әріптестер айқындаған сегіз басымдық жаңа стратегияда лайықты көрініс тапты. Алда тұрған Бішкекте шілдеде өтетін ЕО – Орталық Азияның 15-ші Министрлер кездесуінде осы идеялар мен бастамаларды іске асырудың нақты тәсілдері талқыланатын болады.

Елдердің өңірлік рөлі мен көшбасшылығына қайта оралатын болсақ, өңірлік ұйымшылдық пен ынтымақтастық үшін қозғаушы күш ретінде әрекет ету мәселесінде Қазақстан Орталық Азияда бірегей позицияны иеленеді деп есептейміз. Біз Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде өңірлік қауіпсіздік бойынша алғашқы пікірталастар ұйымдастыружөніндегі бастамасын, сондай-ақ Өзбекстанның Ауғанстан бойынша халықаралық конференция ұйымдастыру жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Осындай өзара іс-қимыл әлемдегі бар проблемаларды шешудің мейлінше пәрменді құралы ретіндегі тиімді көп жақты тәсілдемені қоса алғанда, жалпы құндылықтар мен халықаралық міндеттемелердің негізінде өңірлік және жаһандық міндеттерді шешу ісінде ЕО-мен екі жақты және көп жақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге арналған өте берік негізді қамтамасыз етеді деп есептеймін.

Қазақстанның жылдам өркендеуінің және ортадан жоғары кірісі бар ел мәртебесіне қол жеткізуінің арқасында, Ауғанстанды қоса алғанда, өңірге көмек көрсету бойынша назарды бүкіл аумақты тиянақты дамытуға шоғырландыру арқылы тұрақтылыққа ықпал ететін бірлескен жұмыстың әлеуеті де артып отыр.


Қорытынды

Қорытындылай келгенде, біз ЕО мен Орталық Азияның мейілінше тығыз өзара іс-қимылы үшін қолайлы уақыт туды және жақсы мүмкіндік беріліп отыр деп есептейміз. Еуроодақ осы жаңа бағытты толығымен қолдайды және Орталық Азиядағы оң серпіннің нақты іс-қимылға айналуына жәрдем көрсетуді қалайды.

Біздің Орталық Азиядағы әріптестеремізбен және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп әзірленген Орталық Азия жөніндегі жаңа стратегия одан арғы неғұрлым тығыз ынтымақтастық жасауға және Орталық Азияны Еуропа мен Азияны біріктіретін Азияның өркендеген және қауіпсіз орталығына айналдыру жөніндегі күш-жігерді нығайтуға арналған екі жақты және өңірлік деңгейлердегі нақты механизмдерді қамтамасыз ететіндігіне сенімім мол.


Пайдаланылған көздердің тізімі:

1. Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы (БОМКА); Орталық Азияда есірткілердің таралуының алдын алу бағдарламасы (КАДАП).

2. «Орталық Азия: бір тарих және ортақ болашақ, орнықты даму және өзара өркендеу жолындағы ынтымақтастық» халықаралық конференциясы, Самарқанд, 2017 жылғы 10 қараша.

3. Жоғары деңгейдегі ЕО-Орталық Азия алтыншы конференциясы, Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ЕО-Орталық Азия платформасы, Ташкент, 2019 жылғы 24-25 қаңтар.

______________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Елші Петер Буриан – ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі (2015 жылғы 15 сәуірден бастап). Оның міндетіне Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің арасында қолайлы және тығыз қатынастар орнатуға жәрдемдесу кіреді.

Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде шығыстану бойынша дәреже алды. Каир университетінде, Братиславадағы Коменск университетінде және Мәскеудегі Дипломатия академиясында өзінің дипломатиялық және халықаралық білімін жалғастырды.

Елші Буриан 1999 – 2003 жылдары Брюссельде НАТО-дағы Словакия Миссиясының басшысы қызметін атқарды. 2004 – 2008 жылдары Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Словак Республикасының Тұрақты өкілі болды, осы кезең ішінде Словакия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелердің бірі болды. 2008 – 2012 жылдар аралығында Вашингтонда Словакияның Құрама Штаттардағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымында болды. Осы тағайындауға дейін Елші Буриан 2012 жылдан бастап Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды және халықаралық ұйымдармен және ЕО, Африканың, Азияның және Тынық мұхит пен АмериканыңШығыс әріптестігі аумақтарымен ынтымақтастықты дамыту мақсатында қауіпсіздік, экономикалық дипломатия, көмек саясаты мәселелеріне жауап берді.

Қосылған : 13.06.2019, 11:25, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:25