Олжас Беркінбаев. Қазақ дипломатиясы туралы құнды еңбек

Олжас БЕРКІНБАЕВ

ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫ ТУРАЛЫ ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

Жалпы қазақ дипломатиясы туралы көлемді еңбектер аз. Ал, Кеңес кезіндегі және тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан дипломатиясы туралы жазылған еңбектер көп емес. Соның ішінде, қазақ тіліндегі әдебиет жоқтың қасы.Бұл өз кезегінде республиканың сыртқы саясаты секілді қыр-сыры мол саланы терең зерттеуге кедергі келтіретіні анық. Ал, осы олқылықтың орнын толтырып, дипломатия тақырыбында және Қазақстанның тәуелсіздік алуы жөніндегі еңбектердің қатарын арттырған сапалы туындылардың бірі – «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабы.

Шығарма – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, кәсіби дипломат Сайлау Батыршаұлының өмірі мен қызметі арқылы қазақ дипломатиясының тәуелсіздік алудағы қиын кезеңдерді және тәуелсіздіктен кейінгі сан алуан жағдайды баян етеді. Еске сала кетейік, бүгінде С.Батыршаұлы Қазақстан тарихындағы сыртқы саясаттың тезінен өткен, жасы жағынан да үлкен көзі тірі дипломатия ардагері. Ол кісі қызмет еткен 1965 жылдан бері жарты ғасырға жуық өмірін осы салаға арнапты. Олай болса, дипломатия абызының айтары да, арттағы жас ұрпақ пен жалпы көпке жеткізер мәнді, мазмұнды мұрасы да осы кітапқа жинақталған.

Кітаптың бірінші ұтымдылығын эссе-диалог түрінде жазылған жанрынан-ақ байқайсыз. Автор (Мұрат Алмасбекұлы) айтарын сұрақ-жауаппен жеткізіп, оқырманды жалықтырмай жетелеп отырады. Әрине, оның артықшылығы жанрында ғана емес, ең бастысы – қызықты да мәнді мазмұнында. Кітапты бастан-аяқ үзілмейтін бір өзек жалғап, ширатып оты­рады. Ол – кейіпкердің жасынан қалыптасқан қайсар ерік-жігері, алған бетінен қайтпайтын табандылығы және темірдей берік ұстанымы. Дипломатты бүгінгі биікке жеткізген де мінезіндегі осы бостандық сүйгіш қасиеттері екені анық.

Алғашқы сұрақ басталғанда-ақ, кейіпкердің аты-жөнін Б. Мо­мышұлынан кейін қазақы дәстүрлі үлгіде «Батыршаұлы» деп алғанын көресіз. Ол тек аты-жөнді бейнелеген әріп таңбасы ғана емес, Сайлау ағаның ішкі болмысы, жан-дүниесінің де айқын белгісі, өшпес ұлттық таңбасы еді. Міне, сол үшін кеңес заманында ол «ұлтшыл» деп талай қуғынға да түсті. Мектепте оқып жүрген қар­шадай бала коммунистік идео­логияның жасанды ұран-насихатына күмәнмен қарайды. «Неге орыс тілі әлем халықтары­ның тілі болуы керек? Әлемде кең таралған қытай, ағылшын, фран­цуз, түрік тілдері қайда қалад­ы? Неге біздің жерімізге «целина» деп орыстар көбейіп кетті? Бүйте берсе елде қазақтың үлесі азаяды ғой» деген алуан сұрақтар оның алғашқы азаматтық санасына сәуле түсірген еді.

Бұл туынды – Қазақстан дипломатиясының кешегісі мен бүгінгісі туралы жан-жақты ақпарат берген кемелді акаде­миялық еңбектен еш кем емес дер едім. Тағы да қайталап айтайын, егемендік жолындағы қазақ тілді кітаптар арасында – үздік еңбек. Дипломатия жағына келсек, қазақ дипломатиясының тари­хынан тартып, әлемдік дипло­матия, батыстық дипломатия туралы теориялары, кешегі кеңес­тік және Қазақ КСР дәуі­ріндегі дипломатия мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезіндегі дипломатия жайы жүйелі жазылып, толы­ғымен қамтылған.

Жоғарыда айтылған екі кезең – Кеңес Одағы мен тәуелсіз Қа­зақстанның дипломатия қызме­тін­де С.Батыршаұлы өзі жүрді. Ол кісі дипломатияға 1965 жылы ке­ліп, 1990 жылы Қазақ КСР Сырт­қы істер министрінің бірінші орынба­сары және министрдің міндетін атқарды. Оның өзгелерден ерекшелігі – бос­тан­дық үшін күрескендігі. Бұған кітапта айтқан мы­на сөзі дәлел: «Менің өмірден түй­генім, бостандық өз бетінше кел­мейді, ол үшін өмір бойы күре­су қажет. Сондықтан да дипломат бола жүріп, Кеңес Одағының құрамы­нан шығу жолын іздедім, сол үшін күрестім», – дейді. Шынын айт­сақ, ол КСРО-ның тарауы үшін еңбек етті, себебі, Мәскеу, Кремль басқарып тұр­ғанда одақтас респуб­ликалар бостан­дығын алу мүмкін еместігін түсінді. Сол күрестің қалай жүргенін білу үшін кітапты оқу керек.

Эссе-диалогтың тағы бір ерекшелігі – Кеңес Одағы ыды­рап, одақтас республикалар тәуелсіздік ала бастаған тұстағы Қазақстанның тағдырын ашып көрсетуі. Яғни, әлемдегі ірі социалистік жүйенің күйреген кезінде сол қайнаған саяси ортаның ішінде өзі қатысып жүрген Сәкеңнің аузымен айна-қатесіз баяндалуы. Кітап кейіп­кері ол ортада жай ғана жүрген жоқ, Қазақстан қалай тәуелсіз­дігін алады деген мәселеге тікелей атсалысып, жұмыс істеді. 1991 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясына Кеңес Одағы делегациясының мүшесі ретінде қатысты. Нью-Йоркте Бірік­кен Ұлттар Ұйымының қабырғасын­да Ол алғаш рет әлемге «Қазақстан БҰҰ-ға мүше бола алады» деп жасаған мәлімдемесі ерлік еді. Сол әрекеті үшін Қазақстан СІМ басшысының дипломатты кері шақырып алуы, жұмыстан шығаруға әрекет жасауы сияқты оқиға­лардың бәрі сол кездегі жағ­дайдың қаншама күрделі бол­ғанын, әрі соның бәріне кейіп­керіміздің қасқайып қарсы тұрғанын осы кітап арқылы танысуға болады. «Кеңес Одағы кезінде сыртқы саясат толық Мәскеудің қолында болды» дейді кейіпкер бір сөзінде. Сыртқы саясат Кремльдің қолында болды, респуб­ликадағы Сыртқы істер ми­нистрліктері мен дипломаттары да Мәскеудің айтқанымен жұмыс істеді. Дипломат Франция, Алжир, Конгодағы совет елшілігінде қызмет ете жүріп, өз кәсіби білігі мен еліне деген махаббатын аямай, Қазақстанды шетелдерге таныс­тырудан жалықпады.

Бұл бір ғана мысал, ал айта берсек, қазақ атын дәріптеп, елді, жерді әлемге танытуда қажырлы дипломаттың атқарған еңбегі зор. 1991 жылы қыркүйек айында Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сенегалда Ислам Конференция Ұйымының саммитіне қатысып, күллі ислам әлеміне Қазақстанды таныстырады. С.Батыршаұлы Кеңес делегациясы құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына барғанында арнайы Вашингтон қаласына барып, АҚШ Мемле­кеттік департаментіне және Аме­рика Конгресіне кіріп, Қазақстан тәуелсіздік алуға тиіс деген ойын жеткізеді және олардан қолдау табады.

«Дипломатия – ел мен елді табыстыратын даңқты әрі нәзік қызмет» дейді автор. Бұл пікірмен келісуге әбден болады. Осындай жауапты әрі биік деңгейлі жұ­мысты ол бірден табысты бас­таған. 25 жасында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде үшінші хатшы болып қызмет атқарып жүргенде, республикаға Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви және одан кейін шахтың інісі ханзада Абдул Реза Пехлеви келеді. Дипломат Сайлау Сыртқы істер министрі Б.Бөлтірікованың басшы­лығымен ресми сапарда шебер қызмет көрсетіп, Иран шахының ризалығын алады. Інісі Абдул Резаның Талдықорған өңірінен, Алатау сілемдерінен аң аулау оқиғасы да өте қызық. Көздеп келген бұғысын кезіктіре алмай, республика басшылығына өкпелеп қайтуға бет алған ханза­даны жас маман дипломатиялық шеберлікпен, ұтымды­лықпен риза етіп аттандырады. Іздеген аңын аулатып, көңілін көтереді. Сөйтіп, Кеңес Одағы мен Иран сынды екі ірі держава­ның арасындағы оңтайлы қарым-қатынасқа септігін тигізеді. Айта берсеңіз бұндай оқиғалар аз емес...

Тағдыр жазып, Сайлау аға – Бауыржан атамен Алматыда бір үйде тұрып, көп араласқан адам. Батыл, ештеңеден тайсалмай, тура айтатын мінезі Б.Мо­мышұлы­на ұқсайды. Жас дип­ло­мат қазақтың көрнекті жа­зушысы Сәбит Мұқанов басқарған «Қазақ-араб достық қоғамында» ол кісімен қыз­меттес болады. Сол кезде оның және басқа да қазақ қаламгер­лерінің балалары орыс мектебінде оқи­тынын бетіне тіке айтады. С.Мұ­қанов қазақ тілі, мәдениет үшін Мәскеуден көрген қиыншылықтарын айтып, бұдан былай немерелерін қазақ мек­тебіне беруге уәде береді. Кейін ақсақал сол сөзінде тұрады. Жас дипло­маттың бұрынғы денсаулық министрі, СССР Медицина ғылымдарының академигі Ишан­бай Қарақұлов, Шығыс Қазақстан облысының басшысы, Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ғабдолла Қаржаубаев, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Дүйсен Есенов және көптеген белгілі тұлғалармен сыйластығы да бөлек әңгіме. Жасынан үлкендермен жақын жүрген Сайлау да сали­қалы, салмақты ойларға сусын­дап, олардан көп тәлім, тәрбие алады.

Кітаптан 90-жылдары Кеңес Одағындағы қайта құру, демокра­тияның басталғаны туралы мәліметті оқи аласыздар. Кеңес Одағы дейтін империя өз құрамын­дағы республикаларды күшпен тұншықтырып ұстады. Ал, Голощекин Ф.И. деген жауыз республикада қолдан ашаршылық жасап, қазақтардың біразын қырды. Алайда еркіндікке ұмтылған респуб­ликалар бөлініп шығуға деген ұмтылысын тоқтатпады. Солар­дың ішінде батыл қимылда­ғандары Балтық жағалауындағы Литва, Латвия және Эстония елдері еді. Солармен бірге, Қазақ КСР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарған С.Батыршаұлы да өз ұстанымында тұрып, Кеңес үкіметін сынап, тәуелсіздік алу дейтін түпкі мақсатын шынайы әрекетімен дәлелдеді. Мәскеудегі жиында КСРО Сыртқы істер министрі Александр Бессмерт­ныхтың алдында Қазақстанның құқын қорғап, ашық үн қатуы – соған дәлел. Қиыр Шығыста, Владивосток қаласында өткен конференцияда сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі, СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Эдуард Шевернадземен жеке кездесіп, сыртқы саясатта одақтас ре­с­публикаларға еркіндік берілуін және Қазақстанмен қатар, өзге де республикалардың дипломат­тарына шетелдегі совет елшілік­теріне квота беру мәселесін төтесінен қояды. Кейін Э.Шевернадзе айтқанын орындап, барлық одақтас республикаларға шет елдегі елшіліктерге бес-бестен орын береді. Кітапта Э.Шевер­надзе туралы оң пікірлер айты­лады.

Эссе-диалогта үлкен бір тарихи дәуірді сипаттайтын құнды мәліметтер көп келтірілген. Солардың қатарында, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі құрыл­ғаннан бері қызмет еткен ми­нистр­лерге де жеке-жеке тоқ­талып, атқарған қызметтеріне жақсы талдау жасалған. Сонымен қатар дипломатия тарихы, сыртқы саясатта көрнекті рөл атқарған Нәзір Төреқұлұлы сынды айтулы тұлғалар жайлы да жақсы баяндалған. Бұл – дипло­матия саласындағы тұл­ғаларға ізет және жас дипло­маттарға үлгі. Сайлау Батыршаұлының қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысқандығын осы кітаптан табасыз. Ол Желтоқсан көтерілісі туралы, Шығыстану инсти­тутын құру, Алматыда қазақ мектептерін аштыру, мемлекеттік тіл, шетелдегі қан­дас­тарды шақыру жайын, Ресейдің арандатушылық саясатына қарсы сан алуан тақырыпта үн көтеріп, тікелей еңбек еткен және қазір де сол бағытта үлес қосып жүрген азамат. Қандай істе де өз ұстанымына берік. 1991 жылы Сыртқы істер министрі міндетін атқарып жүрген кезінде Алматыға келген АҚШ-тың Мәскеудегі елшісіне қазақ тілінде сәлем бергізіп, баяндама жасатқаны бар. Егемендіктің алғашқы жылдары осындай батыл қадамға барған тұлғаның ұлттық мүддені қорғау, тәуелсіздік үшін аянбай еңбек етуде талай игі істері кітапта келісті ашып көрсетілген.

Дипломаттың Өзбекстан, Египет, Таяу Шығыстағы Израиль, Палестина секілді елдерде қызмет атқарған қызықты да машақатты жылдары оқырманды бей-жай қалдырмайды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген суретшісі Абдумалік Бұхарбаев бастаған біраз зиялы қазақтарды Өзбекстаннан үгіттеп, ҚР азаматтығын беріп, елге әкелгені де үлкен хикая …. Оны да кітаптан оқуға болады. Соңғы жылдары Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры ретінде қызметін жал­ғастыруда. С.Батыршаұлының «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты көлемді еңбегі бар. Бұл – жай ғана кітап емес, дипломатия, ха­лықаралық қатынас саласында қазақ тілінде тұңғыш шыққан толыққанды оқулық. Оған қазіргі Республика Парламенті Сена­тының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғысөз жазған. Себебі, ол аталған еңбектің болашақ ұрпақтар үшін, жалпы оқыр­мандарға қанша­лықты маңызды дүние екенін білген еді. С.Батыршаұлының бұдан өзге еңбектері де көп. Осылардың қатарына енді Сәкеңнің әріптес дипломат­тар туралы жазылған «Тәуелсіздік жолындағы дипло­матия» кітабы қосылды. Бұл ең­бекті Сыртқы істер министр­лі­гі­нің қызмет­керлері, саясат­керлер, универси­теттердің студенттері, магис­транттары мен оқыту­шылары пайдалануда.

Онда кейіпкердің өмірі, сыртқы саясат, экономика, тарих, тұлғатану, дипломатияның қыр-сыры, бүгінгі қоғамды толғандырған өзекті тақырыптар қамтылған. Оқыған адам жан-жақты ке­мелденіп, бұрын-соңды жазылмаған дүниемен танысады. Құнды тарихи дерекке бай, кейбір сыры ашылмаған оқиғалар баяндалған, танымал тұлғалардың алуан қыры айшықталған, ел ішіндегі және әлемдік жағ­дай сипатталған. Сондай-ақ, Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевпен кездеуі және Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары, сыртқы істер министрлері Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікова, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қ-Ж. Тоқаев жайлы қызықты әңгімелер айтылады.

Дипломат С. Батыршаұлының тәуелсіздік үшін еңбегін жоғары бағалап Президент Н. Ә. Назарбаев оны «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапаттады. Қазірге дейін бұл кітап оқырмандардың сұрауы бойында екінші рет басылып шықты. Сондай-ақ, еліміздегі түрлі оқу орындары мен кітапханаларға, мәдени орталықтарға жеткізілді. Қазақстандағы өзге елдің дипломатиялық корпус өкілдері де қызығушылық танытып, кітаппен танысты. Кітап туралы түрлі БАҚ-тарда талқыланып, рецензиялар жазылды. Кітаптың үзінділері газет-журналдарда, сайттарда жарияланды. Қазақстан дипломатиясы үшін құнды еңбек саналған кітаптың әрі қарай да өміршеңдігі артып, мәні мен мазмұны бағалана беретініне сенім мол.

Ең басты­сы – ұлт үшін, тәуелсіздік үшін рухты биік ұстап, қалай күресу керектігі айтылған «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабы мемлекетті нығайту, мәңгілік ел болу үшін игілікті іс екені анық. Өйткені бұл – тәуелсіздікті нығайту үшін жазылған кітап. Бұл шығарма күрделі, деректі, тарихи туынды болғандықтан оны ҚР Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болады.

_________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Олжас Беркінбаев – саясаттанушы, журналист. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының мүшесі.

2016-2018 жылдары – «National Digital History of Kazakstan» интернет жобасының жетекшісі болған.

Қосылған : 29.03.2019, 18:55, Өзгертілген : 29.03.2019, 18:55