Түркия Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

2 қазан айында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Республикасының экономика министрі Нихат Зейбекчимен кездесіп, екі елдің сауда-экономикалық саласы бойынша жуырдағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Реджеп Ердоған арасында Астанада жеткізілген уағдаластықтар төңірегінде келіссөздер өткізді.

А. Сапарбекұлы Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторындағы тұтыну тауарлары экспортының жыл сайын шекаралас елдерге өсіп жатқанына байланысты, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту перспективаларының артып отырғандығын атап өтті. Осы орайда, А. Сапарбекұлы Қазақстанның аумағында жиналған бидай астығының мөлшері туралы хабарлай отырып, бидай дақылдылар мен өнімінің Түркияға экспортталуының мүмкіндіктеріне тоқталды. Елші сондай-ақ Қазақстанның ет өндірісі саласындағы әлеуеттілігі, оның ішінде еліміздің ет өндіру әл-ауқаты мен экспорттау бағытындағы мүмкіндіктер туралы баяндады.

Н. Зейбекчи Қазақстан мен Түркия Президенттері арасындағы уағдаластықтардың маңыздылығын ескере отырып, екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығында көптеген мүмкіндіктердің бар екендігіне назар аударды.

Н. Зейбекчи Қазақстанда өндірілген ет өнімдерінің сапалылығынан хабардар екендігін тілге тиек ете отырып, Түркияның қазақстандық ет өнімдерін импорттауға әзір екендігін атап өтті. «Түркия Қазақстанның аумағында өсірілген малдың сапалылығын жоғары бағалай отырып, одан шығатын ет өнімдерінің дәмділігімен бейтаныс емес. Түркияға әкелінетін қазақстандық ет өнімдері сұранысқа ие болатыны – еш күмәнсіз», - министр өз пікірін білдірді.

Тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде мал шаруашылығына түрік инвесторларын тарту және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Түркияға экспортталуы мәселелерін пысықтауға келісе отырып, мүмкіндігінше жақын арада екі елдің тиісті мекемелері өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуін ұйымдастыруды келісті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуы төңірегінде тығыз байланыста болуға, және экономика саласындағы ведомствоаралық жұмыс топтарының жұмысын жандандыруға келісті.

Қосылған : 3.10.2017, 09:05, Өзгертілген : 3.10.2017, 09:05