Астана процесінің шеңберінде Сирия жөнінде алтыншы Халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

Астана, 2017 ж. 15 қыркүйегі - Қазақстан Республикасы Президенті тарапынан Астана процесіне көрсетілген уақытылы қолдаудың арқасында Сирияға қатысты келіссөздерге қатысушылар көптеген қиындықтарды енсеріп, сол елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қалпына келтіруде елеулі нәтижелерге қол жеткізе алды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана процесі аясында 14-15 қыркүйекте өткен Сирия бойынша жоғары деңгейдегі алтыншы кездесудің пленарлы сессиясында мәлімдеді.

“Дағдарыс басталғаннан бері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәйекті түрде қарсылас тараптарды келіссөздер үстеліне отыруға және дипломатиялық шешімдерді іздестіруге шақырады, ал әскери құралдар тек жағдайды ушықтырады. Астанадағы келіссөздер келіспеушіліктер мен өзгешеліктерді тараптар арасында табысты және жемісті ынтымақтастықтың бастауына айналдыруға мүмкіндік берді», - деп мәлімдеді отандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы. Барлық есептер бойынша деэскалация аймақтарының тиімді жұмыс істеуі Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейі мен ауқымын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл Астана келіссөздерінің негізгі нәтижелерінің бірі. Соғыс қимылдарын тоқтатуды нығайту үшін Астанада басталған бұл үдеріс Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен алдағы Женевадағы келіссөздерге оң әсерін тигізетініне сенімдіміз», - деп атап көрсетті қазақстандық тарап.

Астана процесінің алтыншы раундына Сирия үкіметі мен Сириядағы қарулы оппозиция делегациялары, соғыс қимылдарының тоқтатылуына Кепілдік беруші елдер (Иран, Ресей және Түркия), сондай-ақ БҰҰ, Иордания және АҚШ-тың жоғары өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі жиналғандардың назарына Кепілдік беруші елдер - Иран, Ресей және Түркияның Бірлескен мәлімдемесінің мәтінін ұсынды. Құжатта 2017 жылғы 4 мамырдағы «Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы» Астана Меморандумының жузеге асыру барысына қанағаттанушылық білдіріледі. Астана процесінің алтыншы раунды аясында «Шығыс Гутада, Хомс провинциясының солтүстігіндегі кейбір бөліктерде, Идлиб провинциясында және көршілес провинциялардың (Латакия, Хама және Алеппо провинциялары) кейбір бөліктерінде, сондай-ақ Сирияның оңтүстігіндегі кейбір аудандарда деэскалация аймақтарын құру туралы» жарияланды. Сонымен қатар, деэскалация аймақтарын және қауіпсіздік аймақтарын құру уақытша шара болып табылады, оның ұзақтығы кепілдік берушілердің мәмілесінің негізінде автоматты түрде ұзартумен бастапқыда 6 ай болады. «Аталған деэскалация аймақтарын құру ешқандай жағдайда да Сирия Араб Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығын бұзбайды», - делінген құжатта.

Жанжалдағы тараптар арасындағы келеңсіз оқиғалар мен қақтығыстардың алдын алу үшін Иран, Ресей және Түркия 8 қыркүйекте Анкарада келісілген карталар негізінде және деэскалация бойынша Бірлескен жұмыс тобы әзірлеген мандатқа сәйкес Идлиб провинциясында және көршілес провинциялардың кейбір бөліктерінде (Латакия, Хама және Алеппо) уақытша бақылау күштерін орналастыруда.

Құжатқа сәйкес Деэскалацияны бақылау күштерінің әрекеттерін келісу үшін Иран-Ресей- Түркия бірлескен үйлестіру орталығы құрылуда. Кепілдік беруші елдер “жоғарыда аталған деэскалация аймақтардың қызметі басталғанының нәтижесінде терроризмге қарсы күресте және ДАЕШ, “Джабхат ан-Нуср” және “Әл-Қаида” немесе ДАЕШ-пен одақтас барлық басқа да тұлғалар, топтар, кәсіпорындар мен ұйымдарды жоюда ілгерілеу болғанын” атап өтті және “олармен деэскалация аймақтардың ішінде де, олардан тыс аймақтарда да күресу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға бейілділіктерін растады”. Мәлімдемеде саяси үдерістер мен атысты бекем тоқтату мақсатында қарсылас тараптардан өзара сенімді нығайту, соның ішінде ұсталғандарды және тұтқындарды босату, қаза болғандардың денелерін беру және жоғалған адамдарды іздестіру бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі атап өтілді.

Кепілдік беруші елдер Астана процесінің байқаушыларын және халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүдделі тараптарын жергілікті халыққа қосымша көмек көрсету, тарихи мұраларды сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру арқылы Сириядағы деэскалация және жағдайды тұрақтандыру үдерісіне қолдау көрсетуге шақырды.

Мәлімдемеде қарсылас тараптарды, сириялық оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдерін “сирияаралық үнқатысуға итермелеуші күш беру және Женевадағы БҰҰ қамқорлығымен саяси үдерісті мен басқа да бастамаларды ілгерілету мақсатында қалыптасқан қолайлы жағдайларды қолдану жөнінде түбегейлі үндеу келтірілді.

Кепілдік беруші елдер «Қазақстан Республикасының Президенті, Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан билігіне жоғары деңгейде Сирия бойынша 6-шы халықаралық кездесу Астанада өткені үшін алғысын білдіреді».

Астана процесі аясындағы келесі кездесуді ағымдағы жылдың қазан айының соңында өткізу туралы шешім қабылданды.

Қосылған : 1.11.2017, 09:20, Өзгертілген : 1.11.2017, 09:20