Сирия бойынша Астана процесі шеңберіндегі халықаралық бесінші кездесудің қорытындылары туралы

4-5 шілдеде Қазақстанның елордасында Сирия бойынша Астана процесінің шеңберінде жоғары деңгейдегі бесінші халықаралық кездесу өтті. Келіссөздерге Сирия үкіметінің, Сирия қарулы оппозициясының, ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режимінің кепілгерлері – Ресей Федерациясы, Түркия Республикасы мен Иран Ислам Республикасының делегациялары және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Сирия жөніндегі Арнайы өкілі Стаффан де Мистура, байқаушылар ретіндегі Иордан Хашимит Корольдігі мен Америка Құрама Штаттарының өкілдері қатысты.

Екікүндік кездесу барлық тараптардың қатысуымен өткен пленарлық отырыста қорытылды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осы жылдың басында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен және тікелей қатысуымен басталған Астана процесінің нәтижелігігін атап өтті. Министрдің пікірінше, кездесу ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режимін күшейту бағытында анық оң нәтижелер әкелді.

«Қазақстан сириялық жанжалдың әскери жолмен шешілмейтіндігіне сенімді. Диалог - бейбітшілікке бастайтын жалғыз жол. Ахуалды оңалту үшін әлі көп жұмыс атқарылуы тиіс екені сөзсіз. Дегенмен, Астана процесіне қатысушылардың мақсатты әрекеттері бірте-бірте маңызды прогреске жол ашуда. Қазақстан елордасындағы келіссөздердің әр раунды жүздеген мың сириялықтардың өмірлеріндегі игі өзгерістермен ұштасатын нақты нәтижелер беріп жатқаны даусыз», - деді Қ. Әбдірахманов. Отандық дипломаттың айтуынша, жанжалдың ауқымы мен қарқыны едәуір азайды, Сириядағы қажет еткен жандардың барлығына гуманитарлық жәрдем жеткізу үшін жағдайлар жасалуда.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы пленарлық сессияға қатысушылардың назарына Сирия жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындылары бойынша Иран, Ресей мен Түркияның бірлескен мәлімдемесінің мәтінін (қоса берілген) ұсынды. Кепілгер мемлекеттер ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режимін бірлесе күшейту мен сириялық жанжалдағы тараптар арасында өзара сенім орнату бойынша іс-қимыл жасауға бел байлағандарын білдірді.

Құжатта «Сирия Араб Республикасындағы деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумға 2017 жылғы 4 мамырда қол қою нәтижесінде Сирия аумағындағы зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендегені» айтылған. Кепілгер мемлекеттер ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режимінің бұзылмауын талап етуде. Кепілгер мемлекеттер меморандумға сәйкес деэскалация аймақтары бойынша Бірлескен жұмыс тобының (БЖТ) құрылуын қолдап, оның Ережесін қабылдады. Деэскалация аймақтарының шекараларын айқындаудағы ілгерілеушілік атап өтілді. Сонымен бірге, БЖТ-ға деэскалация аумақтары жұмыс етуінің операциялық және техникалық шарттарын жасауды аяқтау тапсырылды. БЖТ-ның келесі отырысын ағымдағы жылғы 1-2 тамызда Иранда өткізу жоспарланған.

Құжатта жанжалды реттеу бойынша негізгі қағидаларды ұстану мен жанжал аумағындағы гуманитарлық ахуалды дереу жақсартуға бейілдік расталды.

Кепілгер мемлекеттер Женевадағы бейбіт келіссөздердің, соның ішінде олардың басталуы 10 шілдеде жоспарланған кезекті раундының өткізілуіне ықпал ететін Астана процесінің түбегейлі маңызды рөлін атап көрсетті. Астанадағы кезекті кездесуді өткізгені үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның билік органдарына алғыс білдірілді. Астана процесі шеңберінде болатын жоғары деңгейдегі келесі отырысты 2017 жылғы тамыз айының соңғы аптасында өткізу ұйғарылды.

Қосылған : 6.07.2017, 16:55, Өзгертілген : 6.07.2017, 16:55