​Әнуар Аязбеков "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты: Кеше. Бүгін. Ертең."

Әнуар АЯЗБЕКОВ,

PhD, Дипломатия институтының директоры

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының

Дипломатия институты: Кеше. Бүгін. Ертең.

Серпінді өзгеріп отыратын геосаяси және геоэкономикалық жағдайларда Қазақстанның дипломатиялық қызметі көптеген жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге тап болуда. Оларға тиісті және уақытылы ден қою үшін дипломатиялық корпуста мемлекеттік саясат, экономика, дипломатия, PR, аналитика және халықаралық қатынастар салаларындағы білім мен дағдыларының көп салалы үйлесімі болуы керек.

Қазақстан сыртқы саясаттағы күн тәртібін белсенді түрде насихаттап келеді және алға жаңа міндеттер қоя отырып, сыртқы саясатта айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Осыған орай, Дипломатия институты қазақстандық дипломаттарды даярлау мен олардың біліктіліктерін арттырудағы негізгі элементтердің біріне айналуға тиіс.

Осы миссияны негізге ала отырып, қазіргі таңда Институт кәсіби дипломатиялық мектепке айналу кезеңінен өту үстінде. Осы жолда Институт ұжымы бір жағынан осы бірегей мекеменің сабақтастығы мен дәстүрлерін сақтап қалу және екінші жағынан, оқу процесіне халықаралық озық тәжірибені енгізу үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.

Тарихқа қысқаша экскурс. Дипломатия институтының тарихы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебі үкімет қаулысымен құрылған 1996 жылдың қыркүйегінен бастау алады. Кейіннен бұл мектеп ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы болып өзгертіліп, республиканың дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесіне енгізілді. 2000 жылғы қазанда Дипломатиялық Академия Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік (қазіргі Ұлттық) университетіне қосылды. Академияның бірінші ректоры Төтенше және Өкілетті Елші, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков болды.

Қайта ұйымдастырудың соңғы кезеңінде, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 31 мамырдағы Жарлығына сәйкес Дипломатиялық академия ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына Дипломатия институты ретінде қосылды.

2006-2012 жылдар аралығындағы кезеңде Дипломатия институтын Тәуелсіз Қазақстанның бірінші сыртқы істер министрі, Төтенше және Өкілетті Елші, саясат ғылымдарының докторы, академик Төлеутай Сүлейменов басқарды. Қазір академик Сүлейменов институттың профессоры лауазымында өзінің бай дипломатиялық тәжірибесін жаңа буынға беруді жалғастырып келеді.

Дипломатия институты қызмет ету кезеңі ішінде магистратура, докторантура және біліктілікті арттыру курстары бағдарламалары бойынша 559 адамды даярлады. А.С.Әбдрайымов, А.Ә.Әріпханов, М.Б.Атамқұлов, Е.Ө.Бектұрғанов, Р.Е.Бөлтіріков, Е.Қ.Егемберді, Н.Е.Жанәбілов, Б.О.Исабаев, А.О.Қырықбаев, А.Е.Мәдиев, Н.Т.Рүстемов, А.А.Рахметуллин, А.К.Тұрсынов, Қ.С.Уәлиев, Қ.А.Өскенбаев сияқты белгілі дипломаттар, саясаткерлер мен мемлекеттік қайраткерлер осы институттың alumni болып табылады.

Бүгінде Дипломатия институты – кәсіби дипломатиялық кадрлар мен халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды даярлайтын Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған мекеме.

Тыңдаушылар контингенті негізінен дипломатиялық қызмет персоналынан, шетелдік контр-әріптестерімен қызметке тартылған басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен, сондай-ақ шетелдік дипломаттардан – Тәжікстанның, Грузияның, Моңғолияның БҰҰДБ гранттары бойынша білім алып жатқан азаматтарынан тұрады.

Дипломатия институты әртүрлі отандық жоғары оқу орындарынан «6М020200-Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша оқып шыққан бакалаврларды кәсіби даярлаудағы кемшіліктердің орнын толтырады және сыртқы саясат ведомствосы мен басқа да мемлекеттік органдар тұрғысындағы тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес дипломаттарды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық саласында қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың өкілдерін кәсіби даярлау деңгейін арттырады.

Институт өз қызметінде дипломатиялық мектептердің ең танымал екі үлгісін біріктіреді.Бірінші үлгінің негізінде студенттерді магистратура мен докторантура академиялық бағдарламалары бойынша даярлауға бағытталған жоғары білім беру ұйымын (ЖОО факультеті немесе бөлімшесі) ұйымдастыру міндеті тұрады. Ал екінші үлгі дипломаттардың біліктілігін арттырудың практикалық-бағдарлық курстарына бағытталған сыртқы саясат ведомствоның жанындағы дипломатиялық академияға негізделеді. Бұл ретте,таяудағы уақытқа дейін Дипломатия институтында академиялық бағыттың пайдасына белгілі бір дисбаланс байқалды.

Екі модельді теңдестіру және академиялық бағдарламалар мен қысқа мерзімді курстарды кадрлық және ұйымдық ресурстармен өзара байытуды қамтамасыз ету үшін 2017 жылы дипломатиялық академиялар мен мектептерді ұйымдастыру мен олардың жұмыс істеуінің әлемдік озық тәжірибелер ескеріле отырып, Институттың оқу бағдарламалары қайта жасалды. Осы мақсатта Вена дипломатиялық академиясының, Эстония дипломатиялық мектебінің, Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық академиясының, Ұлыбритания саяси және дипломатиялық зерттеулер орталығының, Бразилия, Британия, Қырғызстан және Украина Сыртқы істер министрліктерінің жанындағы дипломатиялық академиялардың бағдарламалары мен жұмысты ұйымдастыру әдістері зерделенді.

Магистратура бағдарламасының ұзақтығы екі жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Осылайша, барлық бағдарламалар мен силлабустар бір жылдық оқуға бейімделген, бұл материалды қысқа мерзім ішінде кеңінен қамтуды білдіреді. Осы тапсырмаға сәйкес «Сыртқы саяси талдау», «Қазақстан Республикасының географиялық және функционалдық басымдықтары», «Дипломатиялық, консулдық қызмет, мемлекеттік протокол», «Әлемдік экономика және ҚР сыртқы экономикалық басымдықтары», «Зерттеулердің әдістері мен дизайны», «Заманауи халықаралық қатынастар және әлемдік саясат», «Дипломатия және БАҚ» пәндерін оқыту көзделген.

Институттың негізгі клиенті ретіндегі Сыртқы саясат ведомствосының мүдделерін ескеру мақсатында оқу бағдарламалары, магистратура мен докторлық диссертациялардың тақырыптары, емтихандардың, оқуға түсі емтихандарының бағдарламалары қарау және келісу үшін Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі.

Сонымен қатар, дипломатиялық қызметке жаңадан қабылданған және ұзақ мерзімді шетелдік іссапарларға алғаш рет жіберілетін мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарлау курстарының бағдарламалары әзірленуде. Аталған курстар дипломатиялық қызмет персоналы қатарындағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру жөніндегі қолданыстағы тәжірибеге қосымша, кейбір жағдайларда балама болып табылады.

Институтта шетелдік тағылымдамаға қатысты тәсілдемелер қайта қаралды. Егер бұрын магистратура бағдарламасының тыңдаушылары тағылымдама өту шеңберінде шетелдік дипломатиялық академияларға жіберілген болса, бүгінгі күні тағылымдаманы Қазақстан Республикасының елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктерінің базасында өтеді. Сыртқы саясат ведомствосы бұл тұрғыда Институтқа баға жетпес көмек көрсетіп отыр.

Оқу процесінің ерекшелігі дипломатия мамандарын мемлекеттік тілде даярлау, оқытуды дараландыру, яғни, тыңдаушылардың шағын топтарын ағылшын, француз және испан тілдерінде мақсатты түрде оқыту болып табылады.

Дипломатия институтының профессорлық-оқытушылар құрамы халықаралық пәндерді оқыту бойынша мол тәжірибесі бар халықаралық қатынастар мамандарынан тұрады. Арнайы курстарды ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілері және құрылымдық бөлімшелердің басшылары, ғылыми-зерттеу ұйымдарынан келген жетекші сарапшылар мен саясат және экономика саласындағы тәжірибелі мамандар оқиды. Қазіргі уақытта Институтта 21 адам сабақ береді, олардың ішінде 3 ғылым докторы, 2 PhD докторы, 7 ғылым кандидаты бар. Институттың 7 қызметкері дипломатиялық дәрежелерге ие, соның ішінде бір Төтенше және Өкілетті Елші дәрежесі бар.

Елшілік сағаты шеңберінде отандық, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың дәрістері тұрақты түрде өткізіледі.

Институттың ұжымы мен тыңдаушылары шетелдік әріптестермен ынтымақтастықта дипломатия және халықаралық қатынастар саласындағы түрлі тақырыптар бойынша конференцияларды, семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысады.

Қорыта келгенде, Институттың басым міндеті Қазақстанның сыртқы саясаты мен сыртқы экономикалық мүдделерін ілгерілететін мемлекеттік қызметшілерді даярлау мен олардың біліктілігін тұрақты түрде арттыру болып қала береді. Дипломатия институты қазақстандық дипломатиялық қызметті дамытуға, қазақстандық дипломатияны білікті кадрлармен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.

Дипломатия институтының келешегі мен одан әрі дамуы туралы айтатын болсақ, Институтты бүгінгі күннің барлық талаптарына сәйкес келетін және өзінің бағдарламаларын Қазақстанның сыртқы саясаттағы өзекті күн тәртібіне және еліміздің халықаралық аренадағы белсенді ұстанымына тез бейімдей алатын заманауи және беделді кәсіптік дипломатиялық мектепке айналдыру жолы қисынды әрі дипломатиялық білім беруді дамытудың әлемдік үрдістерімен үйлесетін жол болып табылады.



Қосылған : 12.04.2018, 20:00, Өзгертілген : 12.04.2018, 20:00