​Норвегияда Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері таныстырылды

ОСЛО, 18 маусым 2019 жыл – Ослода «Қазақстан: жаңа экономикалық мүмкіндіктер» тақырыбы бойынша бизнес семинар өтті. Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі ұйымдастырған ісшараға норвегиялық бизнес пен салалық институттардың транспорт пен логистика, ауыл шаруашылығы, сауда, телекоммуникациялар, энергетика, құрылыс, тамақ өнеркәсібі және басқа салалардың отыздан астам өкілдері қатысты.

Негізгі баяндама жасаған Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындылары және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айқындаған он басымдығы туралы ақпараттандырды.

«Мемлекет басшысының қағидалары – «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Президент Қазақстанның әлемге, жаңа жетістіктерге және технологияларға ашық екенің анық көрсетті. Біздің еліміз іскер адамдарды бұдан былай да қолдап, инвестицияларды тарту мен қорғау, іскерлік белсенділікті ынталандыру, орта тапты нығайту саясатын жүргізетін болады», - деді Министрдің орынбасары.

Қазақстан мен Норвегия арасындағы сауда айналымы 2018 жылы 60 млн. долларын құрады. Р. Василенконың айтуынша, бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетін айғақтайды. Бизнес семинар кезінде өзара іс-қимылдың үш негізгі бағыты айқындалды. Олар транспорт пен логистика, ауыл шаруашылығы (Қазақстаннан бидай, Норвегиядан балық пен теңіз өнімдерін тасымалдау, аквамәдениетті бірлесіп дамыту) және қаржы қызметтері.

Р. Василенко Норвегия бизнесі үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырып, «AstanaHub» Халықаралық IT стартаптар орталығы және Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының норвегиялық даму институттарымен ынтымақтасу әлеуеті туралы айтып берді.

Бизнес семинар кезінде Қазақстандағы шетелдік инвесторлар үшін жасалған мүмкіндіктер туралы «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының өңірлік өкілі Жандос Нұрланов баяндап берді.

Қосылған : 19.06.2019, 09:45, Өзгертілген : 19.06.2019, 09:45